وَعِبَادُ الرَّحْمَنِ الَّذِينَ يَمْشُونَ عَلَى الأَرْضِ هَوْنًا
«Рахманның құлдары жер бетінде кішіпейілдікпен жүреді», – деп айтқан. Аяттағы «һәунун» сөзіне ғалымдарымыз: жұмсақтық, кішіпейілділік, тыныштық деген мағыналар берген. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
إنَّ اللَّهَ أَوْحَى إلَيَّ أَنْ تَوَاضَعُوا حَتَّى لا يَفْخَرَ أَحَدٌ عَلَى أَحَدٍ ، وَلا يَبْغِي أَحَدٌ عَلَى أَحَدٍ
«Расында Алла Тағала: «Кішіпейіл болыңдар. Тіпті, ешбіреуің екінші біреуге мақтанбасын әрі ешкім ешкімге жәбір көрсетпесін», – деп маған уахи етті», – деген (имам Мүслим).
Ата-бабаларымыз да: «Ұлық болсаң – кішік бол» немесе «Кішіпейіл болғанмен, кішірейіп кетпейсің, өркөкірек болғанмен, ұлылыққа жетпейсің» деп, кішіпейілдіктің маңыздылығы турасында айтқан. Махмұд Қашқари бабамыз «Кісілік пен кішілік – ұлылықтың белгісі», – деген екен.
Ыбырай Алтынсарин бабамыз өзінің «Мұсылманшылықтың тұтқасы» атты еңбегінде кішіпейілдікті былай деп түсіндірген: «Әркімге лайық өзін-өзі жоғары тұтпай бәлки жамиғ жұрттан төменмін деп білмек. Бұл сөздің түсінікті мағынасы сол, хаким болсаң өзіңді зор тұтып, бөтенді қор тұтпай әділ болмақ һәм әр бейшараны аяп, рахыммен сөздерін тыңдамақ. Оқымысты болсаң білімсіп басыңды жоғары көтермей, бәлки надан ағайыныңды аяп, білмегенін үйретіп тура жолға салуға тырыспақ. Бай болсаң баймын деп менменсінбей, бай еместерді аяшуы болмақ. Осы мінездерді тауадуғ деп атайды». Осылайша Ыбырай Алтынсарин бабамыз кішіпейілдікті жан-жақты мысалдар келтіре отыра түсіндіріп, оның хадисте келген атауы «әт-тәуәдуғу» екендігін айтқан.
Осы айтылғандай мұсылман адам әрдайым кішіпейіл болып жүруге өзін тәрбиелеуі қажет. Ол үшін әрбір мұсылман кішіпейіл адамның бойындағы негізгі сипаттарды білуіміз қажет. Олар мынадай:
Достарыңызбен бөлісу: |