17
1.2 Мұстафа Шоқай зиялылық және ұлт зиялысы хақында
Мұстафа Шоқайұлының белсенді қоғамдық қызметі XX ғасыр-
дың алғашқы жартысына, яғни Түркістан халықтарының Ресей
империясының отаршыл саясатына қарсы өздерінің мемлекеттік
тәуелсіздігі үшін күреске шығып, осы жолда жеңіліс тапқан тарихи
кезеңге тұс келді. Сондықтан да оның зиялылық пен ұлт зиялы-
сына қатысты ұстанымы мен тұжырымдарын осы тарихи кезеңдегі
қоғамдық процестер арнасында ғана тура түсініп, бағалауға бола-
ды. Бұған қосымша М. Шоқай бұл тақырыпқа Түркістан ұлт-азаттық
қозғалысының эмиграциядағы жетекшісі тұрғысынан да келеді,
яғни ол зиялылық туралы мәселені ұлт-азаттық қозғалыстың
практикалық және стратегиялық міндеттері тұрғысынан да қарас-
тырғанын ескерген жөн.
М. Шоқай бұл тақырыпқа өз еңбектерінде ылғи да қайырылып
отырған. Дегенмен, мәселеге қатысты М. Шоқай ұстанымын тура
түсіну үшін оның «Ұлттық зиялы», «Ұлттық зиялы жөнінде», «Юсуб Ак-
чора» /3/, «1917 жыл жөнінде естеліктерден» /4/ сияқты еңбектерінің
теориялық және методологиялық мәнін бөліп атаған жөн.
М. Шоқай өз еңбектерінде орыс тіліндегі «интеллигенция»
сөзінің қазақша баламасы ретінде «зиялы», «зиялылар» сөзін жиі
келтіреді. «Зиялы» бұл араб сөзі /5/. Оқыған, білімді азамат деген
ойды білдіреді. Яғни ол мағынасы жағынан орыс тіліндегі «интел-
лигент» сөзіне жақын. Ал орыс тіліндегі «интеллигенция» сөзінің
әлеуметтік жүгі бар. Ол басым түрде қоғамдық өмірде өз орны
мен ұстанымы арқылы танылған әлеуметтік күшті еске салады.
Түп-төркіні еуропалық бұл сөзге ХІХ-ХХ ғасырлардағы орыс
шындығы дербес мазмұн және сипат берді. Ресейлік зерттеушілер-
дің пікірінше қоғамдық күш ретінде орыс интеллигенциясының шы-
найы қызметі XIX ғасырдың 60-шы жылдары мен XX ғасырдың 20-
шы жылдары аралығында тұс келеді /6/. Осы тарихи кезеңде ол өсу,
жіктелу және дағдарыс сатыларынан өтіп, социалистік қоғам тұсында
өзінің бұрынғы белсенді қоғамдық қызметінен ығыстырылды.
Белсенді қызметінің өрлеу тұсында ол қоғамдағы «үштіктің»
(халық -билік – интеллигенция) ретінде мойындалды.
Қоғамдық көзқарасы ресейлік шындық жағдайында қалып-
тасқан М. Шоқай тұжырымдарынан зиялылыққа байланысты Ресей
қогамындағы ұстаным және пікірлердің ықпалын байқамау, әрине,
мүмкін емес. Сонымен бірге, зиялылар қызметіне қатысты оның
талдауларына негіз ретінде сол тарихи кезеңдегі түркістандық өмір
алынғандығы да даусыз.
18
«М. Шоқай түсінігінде «зиялылық» бұл нақты тарихи құбылыс.
Басқаша айтқанда, ұлт зиялысының қызметі ол өмір сүрген тари-
хи кезеңдегі елінің мүддесімен өзектес, өзара үйлесімді болғанда
ғана белгілі бір мәнге ие болмақ. Сол сияқты «зиялыларсыз ұлтқа
айналған саяси, әлеуметтік халық бұқарасы бірлігі ешқашан
болған емес» /3, 176 б./. Яғни ұлт пен зиялы өзара органикалық
байланыстағы бірінсіз-бірі жоқ қоғамдық құбылыстар.
Міне осы арада мынадай жағдайды ескерген жөн. Ресей
империясында болып өткен 1917 жылғы тарихи өзгерістер және
оның ізін ала 20-30-шы жылдары жүргізілген түбегейлі кеңестік
реформалық шаралардан соң осы мезгілде зиялылар жүріп өткен
жолды, олардың іс тәжірибесін еркін талдауға алған бірден-бір
зерттеуші тұлға М. Шоқай болды. Сондай-ақ оның бұл міндетін
жоғары дәрежеде әрі адал орындап шыққанын атап айтқан жөн.
М. Шоқай өзінің «Ұлттық зиялы» аталатын мақаласында «зия-
лы» деген ұғымға мынадай анықтама береді: «Ұлттық зиялы деп
кімдерді айтамыз. Бір қарағанда жеңіл көрінгенімен, шын мәнінде
бұл сұрауға дұрыс жауап қайыру оңай емес. Оқыған, тәрбие көрген
адамның бәрін зиялы деп атап, оны сол адам өзі тән болған ұлттың
«ұлттық зиялысы» қатарына қоса беруге болады деп ойласақ, сөзсіз
қателесеміз. Біздіңше, белгілі бір мұрат-мақсаттардың соңында
жүрген және сол белгілі мұрат-мақсаттары төңірегіне жиналған
оқымыстыларды ғана зиялы деп айтуға болады. Ұлттық зиялылар
қатарына тек өз халқының саяси, экономикалық және әлеуметтік
дамуына қалтқысыз қызмет ете алатын адамдар ғана кіре алады
/3, 174-175 бб./.
М. Шоқай берген анықтамадан анық байқалып отырғандай, бұл
әлеуметтік топқа жатқызуға болады деген кісінің білім дәрежесі неме-
се алған тәрбиесі зиялылықтың басты өлшемі немесе көрінісі бола
алмайды. М. Шоқай түсінігінше зиялылықтың басты өлшемі оның
қызметінің ұлт өмірінің негізгі сұраныстарына сәйкес болуында, олар-
мен үйлесімді жүруінде.
М. Шоқай осы аталған мақаласында «халық» және «ұлт»
ұғымдарының өзара айырмашылығына тоқталып, «халық бірін-
бірі және өзін-өзі басқара алмайтын, басқалардың басқаруында
ғана болатын тобырлар», ал «ұлт-басқаларға тәуелді болмаған,
өзінің мекемелеріне ие және өзінің бірыңғай мүддесі бар халықтар
жиын-тығы. Философияның тұжырымдауынша, халық – обьект
(object), ұлт – субьект (subject) /3, 176 б./, деген ойды білдіреді.
Міне осы халықтық сападан ұлттық сапаға өтуде аса зор міндет
зиялылар үлесіне тимек. «Халықты ұлт деңгейіне көтеру, яғни жері,
суы, қазынасы тілі мен діні бір болған халық бұқарасын бірлестіріп,
19
олардың санасын біртұтас саяси, әлеуметтік, ұлттық санаға жеткізуде
ұлы тарихи міндеттің маңызды бір бөлігі зиялы-лардың үстіне
жүктеледі, /3, 175-176 бб./ – деп көрсетеді ол.
Әлихан Бөкейханов бастап, оның қызметін эмиграция жағда-
йында М. Шоқай одан ары жалғастырған бұл бұрынғы тиеселі
мынадай бір мәселені жан-жақты арнайы зерттеу тақырыбына
айналдырған мезгіл осыдан біраз уақыт-ақ жеткен еді. Түрлі се-
бептерге байланысты оны біз кейінгі уақытқа қалдырып келе
жатқандаймыз. Сөз Ресеймен қазақ қоғамы арасындағы өзара
идеологиялық күрес жөнінде болып отыр. Отарлау ісінде батыс-
тың түрлі әдіс-айласын әбден меңгеріп алған Ресей билігі қазақ
қоғамын түрлі идеологиялық құралдар арқылы билеу ісін ХІХ
ғасырда-ақ бастап кеткен болатын. Мұндай илеуге алдымен
ұлттық билеуші топ, әсіресе, орысша білім алған алғашқы қазақ
оқығандары түсті. Отарлаушы әкімшілік енді ғана қалыптаса
бастаған қазақ оқығандары мен шенеуніктер тобынан орыс би-
лігіне шексіз берілгендікті талап етіп қана қойған жоқ, сондай-
ақ ол берілгендігін күнделікті ісімен бекітіп отыруларын да та-
лап етті. Бұл талапқа сәйкес келмеген қазақ оқығандары бірден
қызметінен шектетілді, немесе қызмет сатысымен жоғары өсу
мүмкіндігінен айрылды. Сондай күйді ең алғашқылардан болып
өз басынан кешіргендердің бірі Шоқан Уәлиханов еді. Алған
еуропалық білімін ол өз отандастарының тұрмыс жағдайы мен
өмір сүру салтын түзетуге жұмсамақ болған, ол Атбасар округы
бойынша аға сұлтандық қызметке сайлауға түсіп, екі жақтың да
(ресейлік әкімшілік және қазақ сайлаушылары) қолдауын ала
алмаған күйде сайланбай қалады. Осы оқиғадан кейінгі өзінің
көңіл күйін ол досы Ф.М. Достоевскийге жазған хатында мынадай
сөздермен білдірген еді: «Сен біздің (мен Ресейде тәрбие алған
қазақтар жөнінде айтып отырмын) жағдайымызды көз алдыңа
келтіріп көрші. Жерлестеріміз бізді жолынан жаңылған кәпір деп
біледі, өйткені, өзің де келісерсің, іштей сенім болмаған соң тек
саясат үшін ғана күніне бес мәрте Аллаға мадақ айту қиын, ал ге-
нералдар болса шығысқа тән мәймөңкелігім кемшіл болғандықтан
да жақтырмайды. Шайтан алғыр, осыдан соң құла-дүзге қаңғып
кеткің келеді /7/.
Бұл хатты 1862 жылы жазған жиырма жетідегі Шоқанның ал-
дында бұдан да үлкен сын күтіп тұрған еді.
1864 жыл орыс әскерінің Бас Штабы Шоқан Уәлихановты
Орталық Азияны Ресей құрамына қосу ісін біржола аяқтауға тиіс
болған полковник Черняев отрядына жергілікті халықпен ара
қатынасты «жұмсартушы» міндетін атқаруға тиіс офицер ретінде
20
енгізеді. Тапсырылған міндетті адал орындап келе жатқан Шоқан
полковник Черняевтан Әулие-Ата қаласын бейбіт жолмен алуды
ұсынып, қаланы зеңбірекпен атуды тоқтатуды талап етеді. Полков-
никтен дөрекі жауап естіп қорланған Шоқан отрядты тастап, Алтын
Емелдегі (Жетісу) Тезек төре ауылына жетіп, сонда 1865 жылы
бақилық болады. Сөйтіп зор ақыл иесі Шоқан да өмірінің соңына
қарай туған елінің отаршылдықтың ауыр қамытын кигелі тұрғанын
көзімен көріп, жанымен сезінеді /8/.
Біздің тақырыбымызға байланысты бұл арада көңіл аударуға
лайық нәрсе интеллигент Шоқанның отарлаушы орыс әкімшілігі мен
оның илеуіне түсуден үрейленетін қазақ қоғамы арасындағы жағдайы
еді. Ш. Уәлиханов енді ғана басталған осы екі қоғам арасындағы
қатынастың бастапқы кезеңінде толық табиғи да негізді белсенділік
танытып, бұл екеуара қатынастан халқының алар үлесінің молырақ
болғанын қалап, осы мақсатқа құлшына қызмет те жасады. Бұл рет-
те Шоқан қазақ халқының демократиялық орыс мәдениетіне деген
ұмтылысы мен сенімінің жинақы көрінісі десе де болғандай еді. Со-
нымен бірге Шоқан феномені осы кіршіксіз ұмтылыстың алғашқы
жемісі болумен бірге, оның алғашқы опық жеуі, яғни бұл процестің
дертті, ауыр салдары боларын анық сезінуі де еді.
Жоғарыда аталған «Ұлттық зиялы» аталатын мақаласында
М. Шоқай Шоқан тәжірибесіне тоқталып «Шоқан орыс (Батыс) хал-
қының рухымен өз халқын бақытты ету мүмкіндігін іздеді. Шоқан өзі
басынан кешірген ащы сабақтардан, қайғылы оқиғалардан кейін
барып, өз халқына өгей болып бара жатқандығын сезінді /3, 177
б./, – деп жазды.
М. Шоқайдың Шоқан тұлғасына байланысты ой толғаулары
негізінде тарихилық (историзм) қатынас жатты, яғни ол Шоқан өмір
сүрген тарихи мезгіл мен өзі өмір сүрген уақыттың өзара байланы-
сымен бірге айырмашылықтарын да ескерусіз қалдырған жоқ еді.
Осы ретте М. Шоқай «Орыс миссионерлігі» атты мақаласында
Шоқан тұлғасына тағы да оралып, Г. Потаниннің естеліктеріне сү-
йеніп Пішпек пен Әулиеатаны алу кезінде орыс әскерінің қазақ пен
қырғызға, жергілікті халыққа жасаған қиянатының Шоқанды терең
күйзеліске, рухани дағдарысқа әкеліп тірегендігін айта келіп «Шоқан
Уәлиханов шынында орыс мәдениеті мен орыс билігінің миссионері
еді. Бірақ ол орыстардың өз халқына істеген хайуандығын көргенде
оларға қарсы шығуға батылдық ете алды. Шоқан Уәлихановты сы-
науға тек біздің ғана құқымыз бар. Ал өздері орыс большевизмі
мен орыс диктатурасының миссионері болып отырғандардың құқы
жоқ» /3, 186 б./, – деп большевиктердің ұлт саясатымен ымыраға
келуге мәжбүр болған қазақ партия және кеңес қызметкерлерін
21
сынға алады. «Біздің ғасырымыз, – деп жазды ол, – Шоқан дәуіріне
қарағанда мүлде басқа. Шоқан ол кезде жалғыз еді. Және оның ал-
дында халқын ұлт деңгейіне көтеру міндеті де тұрған жоқ болатын.
Бұл мәселені ойдан шығарып алған жоқпыз. Тарих пен өмір қажеті,
оянған халықтың мағыналы – түйсінулері осы бір маңызды міндетті
біздің алдымыздан шығарып отыр /3, 178 б./.
Сонымен М. Шоқайдың бұл жасаған тұжырымынан айқын аңға-
рылып тұрғандай жаңа заманда зиялылардың алдында тұрған негізгі
міндет -«халқын ұлт деңгейіне көтеру». Бұл ретте оның алдында
тұрған бастапқы міндет, әрине, өз елін «жат үстемдіктің тепкісінен
құтқарып өз мекемелеріне ие, тәуелсіз бір жеке тұлғаға айналдыру»,
ал бұл мұратқа жетер жолда «ұлттық зиялы қауым мен ол өзі тән бо-
лып отырған халық бұқарасы арасында бір ортақ сана болуы тиіс»
екендігінде айтады.
Өз ұлтын қалыптастыру жолында тұрған зиялылардың қыз-
меті осы заман сұранысына сай жалпыұлттық мақсат-міндеттерді
ай-қындау, «халықтың тілегін дұрыс және анық бір формаға кел-
тіру, аталған мақсатқа жету үшін іс пен әрекет бағдарламасын жа-
сау» болмақ.
Көріп отырғанымыздай, М. Шоқайдың зиялылық пен зиялылар
қызметіне байланысты жасаған талдаулары мен тұжырымдарының
негізінде ұлтшылдық идеясы жатты.
XX ғасырдың басында қалыптасқан қазақ және Түркістан ұлт-
шылдығы осы тарихи мезгілде жалпы шығыс елдерінде көрініс
тапқан ұлтшылдықтың идеологиясымен тамырлас және өзектес,
толық табиғи, өмірлік негізі бар қуатты құбылыс болатын /9/. Қазақ
ұлтшылдығының жинақы көрінісі болған Қарқаралы петициясын-
да, (1905) мәселен, мынадай талаптар қойылды: ішкі ресейлік
губерниялардан қазақ жеріне жаппай қоныс аударушылық тиыл-
сын, жергілікті халық орналасқан жерлер олардың Заңды мен-
шігі екені мойындалсын, діни сенімдерді атқаруда, оқу-ағарту
жүйесін жүргізуде халықтың мүддесіне қайшы келетін шектеулер
жойылсын, қажет көлем және деңгейде қазақ мектептерін ашуға
қарсы кедергілер болмасын, қазақ халқының мұң-мұқтажын еркін
талқылауға мүмкіндік туғызатын құрал-цензурасыз газет шығаруға
және баспахана ашуға рұқсат берілсін...
Қазақ ұлтшылдығы, кейінірек кеңестік идеологтар дақпыртқа
айналдырғандай, өмірде болмаған қазақ «буржуазиясының» мүддесін
қорғайтын, агрессияшыл ұлтшылдық емес-тін. Қазақ ұлтшылдығының
өзекті жібі, діңгекті ойы «менің ұлтым өзгеден ерекше, артық сияқты
мазмұндағы ұран болған жоқ. Ол елім деген қазақтың окыған азама-
тының надандық пен отарлық езгінің құрсауында тұншыққан жұртын
22
азаттыққа шығару, өзгемен тең ету жолындағы қызметке әзірлігін
білдіретін шешімі және осы мақсат үшін күреске шақырған үндеуі
болатын. Қазақ ұлтшылдығының концептуалдық деңгейде және
жалпыадамзаттық құндылықтар арнасында қалыптасып, оны ұлт
зиялыларының сенім және күрес қаруы дәрежесіне жеткізу ісінде
Әлихан Бөкейханов жетекші рөл атқарды. Оның бұл қызметін тіп-
тен қарсыластары да мойындады. Сондай оппоненттерінің бірі
Бақытжан Қаратаев Бөкейхановқа 1910 жылы 3 қыркүйекте жолда-
ған хатында: «Меніңше, жалғыз сен ғана халықтың ықыласына
лайықсың. Жалғыз сен ғана халқым үшін қызмет жасадым деп
айтуға хақылысың» /10/ – деп жазды.
Сонымен бірге, мәселеге байланысты біржақтылыққа ұрынбау
үшін Б. Қаратаев білдірген пікірге мынадай мазмұндағы кішкене
анықтау енгізген де артық бола қоймас. Қазақ ұлтшылдығының жал-
пы қазақ оқығандарының сеніміне айналып, нақты күш дәрежесіне
көтерілуіне 1909 жылы жарық көріп, үлкен бедел және ықпалға ие
болған мынадай үш бірдей кітаптың маңызын бөліп атаған жөн. Олар
Петербургте жарық көрген Абайдың өлеңдер жинағы мен Ахмет
Байтұрсынұлының «Қырық мысалы» (Крылов шығармаларының ау-
дармасы) және Уфа қаласында жарық көрген Міржақып Дулатұлы-
ның «Оян, қазағы!» еді. Бұл аталған кітаптардың жаңа мазмұндағы
қазақ қоғамдық ойының қалыптасуына жасаған ықпалын асыра
бағалау мүмкін емес еді. Олардың артын ала өмірге келіп, бірден
жалпыұлттық деңгейге көтерілген «Айқап» журналы (1911-1914) мен
«Қазақ» газеті (1913-1918) қазақ ұлтшылдығының көзқарас және
ұстаным ретінде біржола қалыптасуын қамтамасыз етті.
Қорыта айтқанда, XX ғасырдың басында, яғни М. Шоқай
белсенді қоғамдық қызметке араласып, Ресей мемлекеттік дума-
сы жанындағы мұсылмандар фракциясына хатшылық қызметке
тұрғанда (1914) қазақ зиялылары арасында қазақ ұлтшылдығы
көзқарас және ұстаным ретінде біржола қалыптасып қалған еді.
Міржақып Дулатұлының 1921 жылы «Шынын айтқанда, күні кеше
бәріміз де ұлтшыл емес пе едік? Қазақ оқығандарының ең әуелгі
тобы ұлтшылдар емес пе еді?... «Мен әлімсақтан бері коммунист
едім... мен 1905 жылдан бері партияда едім...» деушілердің ертегісі
біздің құлағымызға кіріп те шықпайды. Ат сыры иесіне мәлім. Біз
білмейтін қазақтың сыры жоқ! Ал ұлтшылдарымыз қанша еді? Шын
ұлтшылдың өзі аз еді. Ұлтшыл еместердің көбі өзімшіл, дәреже
құмар, парашыл, шағымшыл, зорлықшыл еді» /11/, деген сөзі тура
осы мезгілге тән болатын.
М. Дулатұлының бұл пікірінің жалпы түркістандық шындыққа да
сәйкес келетіндігі Мұхамеджан Тынышбайұлы да қуаттайды. Ол 1932
23
жылы ОГПУ тергеушілеріне берген жауабында кеңестік биліктің ал-
ғашқы жылдарына байланысты «Түркістан коммунистері осы сөздің
мазмұнына лайық дәрежеде коммунистер болған жоқ еді, ол кезде
коммунистердің бізден (яғни ұлтшылдардан, авт.) айырмашылығы да
тым аз-тын, сондай-ақ олардың идеологиясы да біздің идеологиямыз-
дан көп өзгеше емес-тін /12/, деген ойды айтады.
Дегенмен, кеңестік билік біржола орныққаннан кейінгі уақытта
ұлтшылдық идеологиясының ықпалы да мүлдем тарыла түскендігі
мәлім. Қазақстандағы және басқа Түркістан республикаларындағы
социалистік құрылыс тәжірибесі көрсетіп бергендей, кеңестік
билік өзінің алғашқы күндерінен-ақ ұлт зиялыларын «халықты ұлт
деңгейіне көтеру» ісіне біржола ығыстырып тастаған болатын. Ұлт
зиялылары жөніндегі өзінің еңбектерін 30-шы жылдары жазған М.
Шоқай отанындағы мұндай жағдайдан хабардар ма еді? Деген
сауалдың тууы әбден мүмкін.
М. Шоқай, әрине, кеңестік Түркістандағы жергілікті ұлт зиялыла-
рына қарсы жүргізіліп жатқан репрессиялық шараларды білді және
ондай саясатқа қарсы өзінің шексіз наразылығын тез арада жария-
лап отырды. 1931 жылы ол өзінің басшылығымен Берлинде шығып
тұрған «Яш Түркістан» журналының 15 санында «Ақ-Қызыл» деген
мақаласын беріп, онда «большевиктер Түркістанда орыс үстемдігінің
екінші бір дәуірін» бастап кетті, ендігі уақытта «біздің ана тіліміз ұлы
орыстың рухани мәдениетін таратушы техникалық құралдың» рөлін
ғана атқаратын болады» деген тұжырым жасайды.
Міне осы мақаласында М. Шоқай кеңестік биліктің, мәдениет
саласындағы саясатын бірнеше бағытта сынға алып, жергілікті
мәдениеттің ірі тұлғалары – зиялылардың жағдайына тоқталады.
Бұл ретте ең алдымен М. Шоқай сынына ұшыраған «түрі – ұлттық,
мазмұны – пролетарлық» аталатын социалистік мәдениеттің іргелі
принципі еді. Ол бұл қағиданы орыс емес халықтарды орыстанды-
ру ісінде қолданылатын қулық-сұмдықтардың «жаңа формуласы»
ретінде бағалады. «Асылында, – деп жазды ол, – халықтың рухани
дүниесі (мәдениеті) біртұтас нәрсе. Оны «мазмұнға» және «формаға»
бөлуге болмайды. Кез келген рухани мәдениет өзінің мазмұнымен
айқындалады. Пушкин, Тургенев, Толстойлар жасаған «ұлы орыс
тіліне» большевиктер өздері ғана табынып қалмастан, барлық им-
перия халықтарын да бас июге үндеп отырғандықтарын айта келіп,
ол «Пушкин дворяндар тобына жатады. Тургенев те қыруар мүлікке
ие жоғарғы жікке тән болатын. Толстой болса асқан бай «граф»
еді. Орыстың осы аттарын аталған ақын-жазушылары жасаған ұлы
әдебиеттің іші де, сырты да ұлттық болды. Онда пролетариаттың иісі
де жоқ...» /3, 152-153 бб./, – деп жазды ол.
24
М. Шоқай сыны, уақыт көрсетіп бергендей кеңестік биліктің
мәдениет саласындағы саясатының дәл жүрегіне атылған оқтай
болатын. Ол осы мақаласында өзінен бұрын да, сондай-ақ кейін
де ешкім терең бойлап аша алмаған кеңестік ұлт саясатының ең
басты қайшылығын көрсетіп береді.
«Ленин бір кезде, – деп жазды ол – кейбір коммунистерді шал-
ғамға теңеп, «сырты ғана қызыл, іші – аппақ деген болатын. Енді,
міне, ұлт мәселесінің шешілуінде лениндік жүйенің өзі шалғамта
ұқсап қалды. Ол сырттай қарағанда «төңкерісшіл», – «интернацио-
налистшіл», ал іші бүкілдей аппақ.
Бұрын орыс патшасы ақ патшаға теңелгені бәріміздің есімізде
болса керек.
Орыс патшасының «ақтығы» оның қара саясатымен оралған
болатын. Ал бүгінгі большевик орыстардың «ақтығы» қызыл бояу-
мен боялған... Өзгешелігі осы ғана» /3, 154-155 бб./.
М. Шоқай сыны толық негіздері әрі әділ сын болатын. Ке-
ңестік Түркістан мен Қазақстанда жаңа билік орнай салысымен-
ақ ұлт-азаттық идеологиясы ұстанымындағы зиялылар саясат
кеңістігінен ғана ығыстырылған жоқ, сонымен бірге олардың еркін
шығармашылық қызметіне де шектеу қойылды. Қазақстанда би-
лікке Ф.И. Голощекин келген сәттен бастап алаштық зиялылар
ашықтан-ашық саяси қудалауға алына бастады.
Міне осы саяси жағдайдан жақсы хабардар М. Шоқай «Яш
Түркістан» арқылы кеңестік биліктің бұл саясатын әшкерелеп, өз
мақалаларын үзіліссіз жариялаумен болды. Бұл ретте М. Шоқай үні
сол тарихи кезеңде әділдікке ашық түрде араша түскен жалғыз үн
болатын.
Кеңестік биліктің рухани мәдениет саласында Түркістанда
орыс мәдениеті құндылықтарын орнықтыру ісіне алаңсыз кірісіп
кеткендігін, сондай-ақ бұл саясатқа қарсы тұра алатын жалғыз
күш жергілікті ұлт зиялыларының жағдайына тоқталып, ол «Ал
біздің Түркістанда ұлттық тілімізді байытуға, дамытуға қабілетті
ақын-жазушыларымыздың қол-аяғын байлап-матап, ауыздарын
аша алмас етіп қойды. Оларды Мәскеудің «түрі-ұлттық, мазмұны-
пролетарлық» тұжырымдамасымен келіспегені үшін солай етті.
Мәселен, Ахмет Байтұрсын мен Шолпан
*
– ұлттық әдебиетіміз-
дің ең үздік тұлғалары. Олардың шығармаларынан біз орыс тепкі-
сінде қысым көрген тіліміз бен мәдениетіміздің өлмес, өшпес
өміршең қуатын көреміз», – деген тұжырым жасай отырып, оның ар-
* Шолпан, толық аты-жөні Абдулхамид Сүлейменұлы (1897-1837) өзбек халқының
ұлы ақыны, Түркістан (Қоқан) автономды мемлекетінің әнұранының авторы
25
тын ала «Қазір Ахмет пен Шолпандар қайда жүр? , Олар неге қуғын-
сүргінге ұшырады? Орыс әдебиеті мен рухани мәдениетіне қатысты
дүниелердің бәрі Пушкин, Тургенев, Толстойсыз шығарылмайды.
Ал біздің халқымыз өзінің Байтұрсыны мен Шолпандарын неге оқи
алмай отыр? – деген сауал тастап, оған «Оның себептері Мәскеу
«социализмі мен кеңестік интернационализмнің» талаптарында
жатыр» /3, 154 б./, -деген өз жауабын берді.
Бүл ретте де М. Шоқай ешнәрсені асыра айтқан жоқ, орыс
отаршылдығына қарсылық көрсетіп, ұлт-азаттық идеологиясына
ұстанған түркістандық зиялылар мұрасы кеңестік билік тарих сах-
насынан біржола кеткенге дейін өз халқының қолына берілген жоқ.
Түркістандағы жергілікті ұлт тілдеріндегі мектеп бағдарламасы
мен орыс тілді мектеп бағдарламасының айырмашылығы да осы
арада байқалатын. Орыс тілді мектептерде жоғарыда аталған ұлы
орыс классиктерінің шығармалары еркін әрі тереңдетілген түрде
оқытылатын болса, қазақ, өзбек және басқа жергілікті ұлт тіліндегі
мектептерде А. Байтұрсынұлы, Шолпан және басқа ұлтшыл ақын-
жазушылардың шығармалары мүлдем ауызға алынбады. Егер
ауызға алынса, тек жағымсыз мағынада ғана айтылуға тиіс болды.
«Сырттай қызыл, іштей ақ» шалғам түсті кеңестік билік қазақ
және басқа Түркістан халықтарын орыстандыру саясатына осы-
лайшы жол ашуға тырысты.
М. Шоқай орыс емес ұлттарды орыстандыру ұстанымында
тұрған кеңестік билік жағдайында ұлт зиялыларын, әрине, «көзсіз
ерлік» жасауға шақырмағандығы түсінікті. Өмірінің соңына қарай ол
кеңестік биліктің тез арада күрес алаңынан кете қоймайтындығын
жақсы білген де еді. Сондықтан да ол отандастарын тәуелсіздік үшін
ауыр да ұзақ күреске даяр болуға үндеуімен болды және бұл мақ-
сатқа жетуді жас ұрпаққа қажет мазмұнда тәрбие беру ісімен байла-
ныстырды.
Міне осы арада кезінде М. Шоқай еңбектерінде айтылған
мынадай бір мәселеге назар аударған жөн. Ол аталған «Ұлттық
зиялы» атты мақаласында зиялылар қатарының ұлғайып келе
жатқанын және зиялыларды даярлау ісінің үш ортада жүріп
жатқандығына тоқталып, ұлттың болашағын осы түрлі ортада
даярланып жатқан жастардың ұстанымының ортақ ұлттық мүдде
төңірегіне тоғысуымен байланыстырды. Ол қандай орталар еді?
Бірінші орта – атамекен. М. Шоқай мұнда тәрбие жұмысында
басымдылық «ұлттық рухқа» емес, «таптық» және «интернацио-
налдық» көзқарасқа беріліп отырғандығына көңіл аударады. Соған
қарамастан, оның пікірінше, атамекенде жастарды ұлттық рухта
тәрбиелеу ісіне зор мән беретін зиялылар да аз емес. Олай бол-
26
са, осы ұстанымдағы зиялылар ісіне саналы әрі мақсатты түрде
қолдау көрсетіп отыру ләзім.
Екінші орта – бұл Түркия. М. Шоқай Мұстафа Кемал реформа-
ларының нәтижелі болуын «батыс білімін» «шығыс рухымен»
сәтті ұштастыра алу әрекетімен байланыстырды. Сондықтан да
М. Шоқай Түркияда даярлықтан өтіп жатқан болашақ түркістандық
зиялыларды осы тәжірибені өз елінде үйлесімді қолдану жолда-
рын қарастыруға үндеді.
Үшінші орта – бұл батыс елдері, солардың бірі Алмания (Гер-
мания). М. Шоқай пікірінше батыс елдерінде білім алып жатқан
жастардың бәрі бірдей орыстанып кеткендер емес, олардың ба-
сым бөлігі ұлттық рухпен сусындаған қабілетті жастар. Олар ұлттық
мұратқа қызмет ету жолында тұр. Олай болса осы ұстанымдағы жа-
тармен мақсатты жұмыс жүргізу, сөйтіп олардың батыстық білімін
ұлт мүддесін қызметке қою күн тәртібінде тұрған іске айналуға тиіс.
М. Шоқай пікірінше, осы үш ортада білім алып жүрген жастар-
дың «бәрі де «ұлттық зиялы» санатына әбден лайық». Ұлт оларға
үміт артуға тиіс, сондай-ақ ол үміттің мән-маңызын ең алдымен
ұлттың өзі терең сезініп, түсінуге тиіс, ондай болмаған күнде «өмі-
ріміз бен қызметіміздің мағынасы қалмаған болар еді» деп жазды
ол.
Сонымен, Мұстафа Шоқай мұрасында «зиялылық» немесе
«ұлт зиялысы» тақырыбының алатын орны ерекше. Қайраткердің
зиялылардың басты міндеті «халқын ұлт деңгейіне көтеру» де-
ген тұжырымы бүгінгі уақытта да өз өзектілігін жойған жоқ. Өткен
ғасырдың 30-шы жылдары жасалған бұл тұжырымды біз бүгін қан-
дай тұрғыдан түсінгеніміз жөн? Біз XX ғасырда ұлы державалық
күштермен идеологиялық күресте бір емес, бірнеше мәрте жеңіліс
таптық. Мұны жасырудың қажеті бола қоймас. Сол жеңілістердің
ең зоры, әрине, 1917 жылғы желтоқсандағы Алаш автономиясы
аталған ұлттық мемлекеттік үшін күресте Алаш зиялыларына тие-
сілі қолдау көрсете алмағандығымыз.
М. Шоқайдың «халқын ұлт деңгейіне көтеру» зиялылардың
міндеті деген тұжырымы мемлекеттік тәуелсіздікке қол жеткен
уақытта жаңа сипат алған идеологиялық күрес жағдайында өз күшін
жойған жоқ. Ұлт зиялысы үшін мемлекеттік тәуелсіздікті жақтаушы
әрі оны нығайта түсу жолында тұрған күштерді қолдау негізгі міндет
болып қала береді.
Достарыңызбен бөлісу: |