№1-2 тәжірибелік сабақтың тақырыбы: Тәрбие жұмысы: мақсаты, міндеті, қағидалары, заңдылықтары



бет1/2
Дата31.12.2021
өлшемі21,7 Kb.
#23360
түріСабақ
  1   2
Байланысты:
Тәрбие жұмысының теориясы мен әдістемесі

№1-2 тәжірибелік сабақтың тақырыбы: Тәрбие жұмысы: мақсаты, міндеті, қағидалары, заңдылықтары



Тәжірибелік сабақтың тапсырмасы:

  1. Тәрбие жұмысының мақсаты мен міндеттерін сипаттау, тұжырымдамалық құжаттармен жұмыс-талдау

Тәрбиенің тұжырымдамалық негіздері білім беру саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру шеңберінде қазақстандық қоғамдағы заманауи әлеуметтік мәдени трансформация ескеріле отырып әзірленді.

Тәрбиенің тұжырымдамалық негіздері жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтар, адам өмірі мен денсаулығы, тұлғаның еркін дамуының басымдықтарын, патриотизмді, еңбексүйгіштікті, адам құқықтары мен бостандығын құрметтеуге тәрбиелеуді көздейді.

Тәрбиенің тұжырымдамалық негіздері «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясы аясында, отбасылық тәрбие құндылықтары, сондай-ақ оқу және тәрбие процестерінің өзара кірігуі негізінде білім беру процесінің тәрбиелік әлеуетін арттыруға, оқыту мен тәрбиені кіріктіруге, тәрбие әдіснамасын, мазмұны мен құрылымын жаңартуға бағдарланған.

Тұжырымдамалық негіздер Қазақстан Республикасының білім беру жүйесінде тәрбиенің даму перспективасын, басым бағыттарын, тәрбие мақсаттарын, міндеттерін, бағалау өлшемдерін және тетіктерін анықтайды.

Тұжырымдамалық негіздер жаһандану дәуірінде қазіргі адамда қоршаған әлемге технократтық және тұтынушылық көзқарас үстем болатын заманауи қоғам дамуының ерекшеліктерін ескереді.

Осыған байланысты адамзатты ұлттың тұрақты дамуының, рухани әлеуетінің артуына кепіл болатын прогрестің рухани-адамгершілік құндылықтарына, ана тілі мен ұлттық менталитеттің маңыздылығын нығайтуға қайта бағдарлау қажет.

Ұлттың ерекшеліктерін, психологиясын, менталитетін ескермеу, ұлттық-мәдени құндылықтар бастауынан алыстау немесе оларды космополитизм мен жалған мәдениет түрлерімен алмастыру – адамның моральдық азуына, қоршаған әлемге агрессиясының артуына, рухани-адамгершілік әлеуетінің құлдырауына әкеліп соқтырады.

Жалпыәлемдік тәрбие жүйесін зерттеу және талдау елімізде біртұтас кешенді тәрбие жүйесін, оның мақсаты мен мазмұнын ұлттық мақсаттар, мәдени құндылықтар мен дәстүрлер, діл ерекшеліктерін ескере отырып, әлемдік озық тәжірибе, заманауи прогрессивті ағымдар, инновациялар үйлесімінде құрудың маңыздылығын көрсетіп отыр.

Туған жерін, халқын сүю және құрметтеу, отбасылық құндылықтарды қастерлеу, үлкенді сыйлау, кең пейілділік, бауырмалдық, ашықтық, қонақжайлылық, толеранттылық – қазақ халқының діл ерекшелігі болып табылады.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: «Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Қазақстан халқына Жолдауында атап көрсетілгендей, егеменді даму жылдарында барша қазақстандықтарды біріктіретін және ел болашағының іргетасын қалаған басты құндылықтар жасалды. Жолдауда бұл құндылықтар атап көрсетілген: Қазақстанның тәуелсіздігі және Астанасы; қоғамымыздағы ұлттық бірлік, бейбітшілік пен келісім; зайырлы қоғам және жоғары руханият; индустрияландыру мен инновацияларға негізделген экономикалық өсім; Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы; тарихтың, мәдениет пен тілдің ортақтығы; еліміздің ұлттық қауіпсіздігі және бүкіләлемдік, өңірлік мәселелерді шешуге жаһандық тұрғыдан қатысуы. Президент сонымен қатар, жалпықазақстандық мәдениетті дамытуға жаңаша серпін беретін белсенді, білімді және дені сау азамат қалыптастыру міндетін қойды.

Патриот, білімді, дені сау, жауапты және жігерлі, инновациялық экономика жағдайында табысты қызмет ететін, қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгерген, қазақ халқының жалпыадамзаттық құндылықтар мен мәдениетті бойына сіңірген, толерантты, дүниежүзіне танымал және мәртебелі – 2020 жылғы қазақстандық жастар осындай болады.

Қазақстан Тәуелсіздікке қол жеткізген аз уақыт ішінде әлемдік қоғамдастыққа толық құқылы және беделді мүше болды, әлемдік экономикалық және мәдени кеңістікке белсенді түрде кіріге бастады. Қазақстандық жастар жаһандану процесіне кірігуі аясында қарқынды білім беру, ақпараттық және мәдени өзара алмасудың белсенді қатысушысы болды.

Қазіргі қазақстандық балалар мен жастарда сапалы білім алу уәжінің өсуі, әлеуметтік белсенділігінің артуы, жаңа кәсіптерді және ақпараттық-коммуникативтік технологияларды меңгеруге ұмтылысы, коммуникативтілік, мәдениетаралық қарым-қатынасты жандандыру сияқты жаңа позитивті трендтер пайда болды. Өз елінің тарихына, мәдениетіне және дәстүрлеріне, халқының мәдени мұрасына қызығушылықтарының артуы негізінде ұлттық өзіндік сананың өсуі байқалады. Жаңа қазақстандық патриотизм, азаматтық, ізгілікке бағдарланған дүниетаным қалыптасу процесі жүріп жатыр. Елдегі оң өзгерістер білім беру ұйымдарының тәрбие процесінде көрініс тапты. Тәрбие практикасында жалпықазақстандық менталитет, мәдени, ұлттық-тарихи дәстүрлер ескерілген ұлттың зияткерлік, рухани және шығармашылық әлеуетін жаңғырту үшін жағдайлар жасалуда.

Қазақстанның білім беру жүйесінде оң метапәндік және тәрбиелік әлеуеті бар «Өзін-өзі тану» адамгершілік-рухани білім беру бағдарламасы (Бағдарлама идеясының авторы – С.А. Назарбаева) іске асырылуда. Бағдарлама білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмысының барлық салаларын қамтиды және тиісінше іске асырылған жағдайда қоғамда ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды жаңғырту механизмдерінің мықты катализаторы рөлін атқарады.

Халықтық педагогиканың көпғасырлық тәжірибесіне негізделген, заманауи тәрбие теорияларының шабыттандыратын идеялары қолданылған «Өзін-өзі тану» адамгершілік-рухани білім беру бағдарламасының (бұдан әрі – АРБ) әлемдік білім беру кеңістігінде теңдесі жоқ. Ол балалар мен оқушы жастардың адамгершілік-рухани тәрбиесінде білім берудің барлық деңгейлерінің үздіксіздігін және сабақтастығын қамтамасыз етеді. Жалпыадамзаттық мәңгілік құндылықтарға бағдарланған «Өзін-өзі тану» адамгершілік-рухани білім беру бағдарламасы ізгі ниетті, адамгершілік қасиеттері бар лайықты азамат тәрбиелеуге ықпал етеді, және Тәрбиенің тұжырымдамалық негіздерін іске асыруда басты механизм болып табылады.

Мұғалімдердің кәсіби қызметінде жастардың функционалдық сауаттылығы, көпмәдениетті тәрбие, үштілді білім беру, ақпараттық технологияларды пайдалану процесі артып отырғаны байқалады. Республикадағы балалар мен оқушы жастарға қосымша білім беру жүйесі, үкіметтік емес және басқа да қоғамдық ұйымдар үлкен мүмкіндіктерге ие болып отыр. Сонымен бірге, балалар мен жастардың бойында ұлттық тәрбие қажеттілігін сезіну мен азаматтық ұстаным, патриоттық сезім, ұлттық намысты қалыптастыру деңгейі арасында қарама-қайшылық байқалады.

Жастардың бір бөлігінде әлеуметтік-оң бастамашылық мүлдем жойылып, оның орнын мақсатсыз уақыт өткізу алмастырып отыр. Өмірлік жетістікке, жоғары әлеуметтік мәртебеге қол жеткізу табанды және нәтижелі еңбек етумен, қойылған мақсатқа дәйекті түрде жету білігімен байланыстырылмайды. Тәрбие жұмысында жастардың бос уақытын ұйымдастыру көңіл көтеру сипатындағы бір реттік шоу-шараларға ұқсас.

Тәрбие жүйесінде жаһандану процесіндегі шиеленіспен байланысты бірқатар проблемалар байқалады:

​- балалар мен оқушы жастардың бұқаралық мәдениет құндылықтарына, сапасы төмен бұқаралық ақпарат құралдары ақпаратына және интернет-сайттарға бағдарлануы;

​- қатыгездікті насихаттау, балалар мен жасөспірімдердің темекі шегуге, алкоголь және есірткі қолдануға әуестенуі, оқушылар арасындағы жезөкшелік;

​- еңбек тәрбиесі рөлінің төмендеуі;

​- отбасылық құндылықтар мен отбасылық тәрбие дәстүрлері рөлінің төмендеуі;

​- әлеуметтік жетімдік, балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицид, нашақорлық, бүлдіргіш секталарға қатысу және т.б.

ЮНИСЕФ және ДДҰ 2012 және 2013 жылдардағы деректері бойынша Қазақстан суицид себебінен болған өлім-жітім көрсеткіші жағынан жасөспірімдер арасында екінші орында, ал қыздар арасында бірінші орында. Қазақстан 10-14 жасар жасөспірімдер мен қыздар арасындағы өлім коэффициентінің деңгейі бойынша бірінші орында тұр.

Балаларға қосымша білім беру жағдайы жақсартуды қажет етеді. Көптеген қызмет түрлері ақылы болғандықтан балалардың барлығына бірдей қолжетімді емес.

Мұндай жағдайдың бірден бір себебі тәрбиені әлеуметтік құбылыс және мақсатты процесс ретінде жете бағаламаушылық болып табылады. Тәрбие жастардың тұлға ретінде қалыптасуына негіз болатын рухани-адамгершілік құндылықтар мен қасиеттерді қалайды.

Сонымен, қазіргі жағдайда тәрбиенің үйреншікті үлгісі тиімсіз болып қалды және жалпыадамзаттық әрі ұлттық құндылықтарға тәрбиеленген Қазақстан азаматын қалыптастырудың жаңа жағдайлары мен талаптарына жауап беретін Тәрбиенің тұжырымдамалық негіздерін дайындаудың объективті алғышарттары қалыптасты.

Тәрбиенің тұжырымдамалық негіздерінің мақсаты, міндеттері, нысаны және іске асыру механизмдері

Мақсаты: Білім мазмұнын жаңарту жағдайында балалар мен оқушы жастарды тәрбиелеудің идеологиясы мен стратегиясын анықтау.

Міндеттері:

– білім беру ұйымдары, отбасы және басқа әлеуметтік институттар-

дың күшін біріктіру;

– қоғамның тәрбиенің басым рөлін түсінуіне көмектесу;

– білім беру жүйесінің барлық деңгейлерінде тәрбиенің үздіксіздігі

мен сабақтастығын қамтамасыз ету.

Нысаны: білім беру жүйесінің барлық деңгейлерінің біртұтас педагогикалық процесі.

Іске асыру тетіктері: Білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламаларын, Тәрбиенің кешенді бағдарламасын, Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарын, барлық үлгідегі, деңгейдегі және меншік түріндегі білім беру ұйымдарында оқу бағдарламалары мен оқулықтарды, тәрбие бағдарламаларын әзірлеуде Тәрбиенің тұжырымдамалық негіздері негіз болады.
Тәрбиенің мақсаты мен міндеттері

Мақсаты: Жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтар негізінде жан-жақты және үйлесімді дамыған тұлға тәрбиелеу.

Міндеттері:

1. Жаңа демократиялық қоғамда өмір сүруге қабілетті азамат пен патриоттың қалыптасуына; тұлғаның саяси, құқықтық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетін қалыптастыруға; балалар мен жастардың құқықтық санасының өсуіне, оның балалар мен жастар ортасындағы қатыгездік пен зорлық-зомбылық көріністеріне қарсы тұруға дайын болуына ықпал ету.

2. Тұлғаның рухани-адамгершілік және этикалық принциптерін, оның қазақстандық қоғам өмірінің нормалары және дәстүрлерімен келісілген моральдық қасиеттері мен мақсаттарын қалыптастыруға ықпал ету.

3. Тұлғаның жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарға бағдарлануына, ана тілі мен қазақ халқының, Қазақстан Республикасында тұратын этностар мен этникалық топтардың мәдениетін құрметтеуіне ықпал ету.

4. Бала тұлғасын қалыптастыруда ата-аналардың ағарту жұмысын, психологиялық-педагогикалық құзыреттіліктерін күшейтуге, бала тәрбиесі үшін олардың жауапкершілігін арттыруға ықпал ету.

5. Тұлғаның еңбек дағдыларын, экономикалық ойлауы мен кәсіби қалыптасуы мен өзін-өзі іске асыруына саналы қарым-қатынас қалыптастыру, экологиялық мәдениетін дамыту, сондай-ақ коэволюция идеяларын қабылдау қабілетіне және оны күнделікті өмірде басщылыққа алуына ықпал ету.

6. Әрбір тұлғаның зияткерлік мүмкіндіктерін, көшбасшылық қасиеттерін және дарындылығын дамытуды қамтамасыз ететін уәждемелік кеңістік қалыптастыру, оның ақпараттық мәдениетін қалыптастыруға ықпал ету.

7. Білім беру ұйымдарында көпмәдениетті орта құруға ықпал ету, жалпымәдени мінез-құлық дағдыларын қалыптастыру, тұлғаның өнерде және болмыста эстетикалық нысандарды қабылдау, меңгеру және бағалау әзірлігін дамыту.

8. Салауатты өмір салты дағдыларын тиімді меңгеру, дене дамуы мен психологиялық денсаулықты сақтау, денсаулыққа зиян келтіретін факторларды анықтау біліктілігін ойдағыдай қалыптастыру үшін кеңістік орнату.




  1. Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет