Мемлекет саяси биліктің субъектісі: мемлекеттің негізгі міндеттері мен институттары, мемлекеттік билікті жүзеге асыру механизмі
Саяси билік таптық, топтық жеке адамның саясатта тұжырымдалған өз еркін жүргізу мүмкіндігін білдіреді. Мелекеттік билік барлық адамдарға міндетті заңдарды шығаруға жеке-дара құқығы бар заңдар мен ұйымдарды сақтау үшін ерекше күштеу аппаратына сүйенетін саяси биліктің түрі жатады. Мемлекеттік билік саяси биліктің ішіндегі билік. Саяси билік тек мемлекет аппараты арқылы ғана емес сонымен бірге партиялар, кәсіподақтар, халықаралық ұйымдар (БҰҰ, НАТО т.б.) сияқты саяси жүйенің басқа элементтері арқылы да билігін жүргізеді. Мелекет саяси биліктің субъектісі. Себебі, 1) Кез-келген адам жанама түрде болсада мемлекеттің саяси өміріне қатысады. 2) Мемлекет басқару, қысым көрсету құралдарының заңгерлік жиынтығы. 3) мемлекеттік өндіріс қорлары мен құрал жабдықтарының негізгі меншіктеушілерінің бірі.
Мемлекеттің негізгі міндеті — саяси басқару, елді сыртқы жаулардан қорғау, экономикалық және әлеуметтік тұрақтылықты қолдау.
Джон Локк осы тұрғыда былай деп жазды: «Барлық индивидтер меншікке ие болғандықтан, мемлекет осы меншіктіц қоргаушысы ретінде көрінуі тиіс. Мемлекет — тұлға қауіпсіздігінің кепілі». Алқашқы қауымдық қоғамда меншік ұжымдық сипатта болғандықтан, ол кезде дүниесі мен мал-мүлкі өзіне ғана тиесілі жеке меншік иесін қорғауға қажеттілік болмады. Джон Локк тұлға ұғымының қалыптасуын адамның жеке меншігінің пайда болуымен өзара байланыста қарастырады.
Мемлекеттік билік ел аумағындағы барлық азаматтарға, кәсіпорыңдар мен мекемелерге таралады. Билік функцияларын атқару мақсатында арнайы құрылымдар — сот, әскер, полиция, әкімшілік аппарат құрылады. Мемлекет билігі елдің барлық аумағында үстем және/немесе егеменді болып табылады.
Мемлекет егемендігі — оның билігінің ішкі және сыртқы саяси қызметтегі үстемдігі. Мемлекет аумағында тек оның заңдары жүреді. Егемендік қағидаты бір мемлекеттердің басқа мемлекеттердің ішкі істеріне араласуына жол бермейді. Заманауи әлемдегі халықаралық құқық негізіне егеменділікке құрмет көрсету принципі қойылған.
Мемлекеттік биліктің үстемдігі келесіні білдіреді: — ол мемлекеттің барлық аумағында әрекет етеді, — ол әрбір азаматқа және қоғамның барлық құрылымына таралады, — заңда көрсетілген жағдайларда мемлекет ғана күш көрсете алады, — мемлекет атынан ғана сот үкімі шығарылады және заңдар қабылданады, — тек заңдарға сәйкес қабылданған және соның негізінде қызмет атқарып отырған актілер ғана күшке ие болады.
Демократиялық қоғамда халық биліктің жоғарғы көзі болып саналады. Сондықтан, конституцияларында басым көпшілігінде мемлекетке билікті халықтың беретіні көрініс табады. Алайда, азаматтар өз құқықтарының бір бөлігін және өз бостандықтарының бір бөлігін мемлекетке өздерін шектеу цшін емес, керісінше осы құқықтар мен бостандықтарды одан сайын жақсы қорғау үшін береді. Тіпті диктатура жағдайының өзінде осы ереже қандай да бір дәрежеде өмір сүруге құқы бар. Өйткені азаматтар ешқандай бақылауға түспейтін режимнің өмір сүруіне төзіп отырған болса, олар билік тарапынан орын алып отырған әділетсіздіктерге қатысты жауапкершілікті өз мойындарына алуы тиіс.
Қоғамдық келісімшарт идеясының орныға бастауымен, билік мемлекетті құрған халықтың қалауына сүйенетін болса, оның заңды екендігі туралы түсінік кең етек ала бастады. Қоғамның сословиелік қатынастардан тыс екендігі идеясының орныға бастауымен, билік тұрғындардың барлығының қолдауын алуға ұмтыла бастады. Сондықтан, заманауи демократиялық мемлекеттер халықты биліктің бірден-бір көзі ретінде санайды. Мұның ең жақсы дәлелі — мемлекеттің маңызды институттарының жалпы дауыс беру жолымен сайланатындығы. Әрине, диктатура жағдайында билік басындағы адамдар өз биліктерінің өкілеттілігі халық қалауына сүйенетіндігін айтуды ұнататын болса да, ондай мемлекеттерде халық еркі мен қалауының демократиялық рәсімдеріне жол берілмейді, ал сайлаулар мен референдумдар өте қалған жағдайда олар көзалдау түріндегі шараларға айналып кетеді. Үкімет мұндай жағдайда үгіт-насихат немесе қорқытып-үркіту жолымен адамдарды өз құзыреттілігіне сендіруге тырысады.
Мемлекет функциялары. Қазіргі күнде мемлекеттің атқаратын функциялары айтарлықтай ауқымды деп айтуға болады. Ол тұрақты азаматтық қоғамның қалыптасуы үшін жағдай тудырады, әлеуметтік топтардың арасындағы қатынастарды реттейді, орын алуы мүмкін қақтығыстардың алдын алады. Экономика саласы мемлекет орнатқан заңнамалық тетіктермен реттеліп отырады. Билік органдары сонымен қатар білім беру, денсаулық сақтау, ғылым, мәдениет және тағы басқа салалардың қызмет атқаруын іске асырады. Еңбек дауынан туындайтын ірі ереуілдер орын алған жағдайда биліктегі ресми тұлғалар көбінесе жұмысшылар мен қызметкерлердің және жұмыс беруші кәсіпкерлердің арасында делдалдық рөлді өз мойындарына алады. Мұндай жағдайлар экономикасы нарықтық тетіктермен реттелетін кез келген мемлекет үшін үйреншікті көрініс деп айтуға болады. Үкімет одан бөлек қоғамдағы этникалық, нәсілдік немесе конфессияаралық қатынастардан туындайтын қақтығыстарды шешуге де тікелей араласуға мәжбүр болады. Жалпы, мемлекет әрекетінің пәрменділігі орын алған қақтығыстардың шешімін табумен емес, сол мәселелер пайда болып келе жатқан кезде туындайтын себептерді жоя алуымен анықталады. Дегенмен, жекелеген мемлекеттерде қоғамда орын алуы мүмкін немесе орын алған әртүрлі қақтығыстарды шешу мақсатында күш қолдану түріндегі немесе басқа да қатаң шаралар жиі қолданылады.
Мемлекеттің сыртқы саясаттағы функцияларында сыртқы қауіп-қатерден қорғау, басқа мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен екі жақты және көпжақты байланыстарды лайықты деңгейде ұстап отыру ерекше мәнге ие. Мемлекеттер арасында орын алатын қақтығыстар әлемнің жекелеген аймақтары мен бүкіл жер шарының тыныштығы мен қауіпсіздігіне үлкен қатер төндіреді. Сондықтан демократиялық мемлекеттердің халықаралық саясаттағы негізгі мақсаты — елдердің арасындағы экономикалық, саяси, мәдени, және басқа да салалардағы ынтымақтастықтарының пәрменділігін арттыру және тереңдете түсуге негізделеді.
Мемлекеттің функциялары, оның қоғамдық үдерістерге ықпал ету нысаны үнемі өзгеріп отырады. Қоғамның дамуымен азаматтардың мемлекетке қатынасы өзгеріп отырады. Саяси биліктің сипаты мен функцияларына әртүрлі тарихи жағдайлар, дәстүрлер, әдет-ғұрыптар, менталитет, саяси мәдениеттің деңгейі ықпал етіп отырады. Менталитет — индивидуумдар мен қоғамның тарихи қалыптасқан пайымдаулары мен жүріс-тұрыстарындағы ерекшеліктер.
Кейде мемлекет өз бодандарының барлық мәселелерін шешуді өз мойнына алады. Мәселен, орта ғасырларда бірқатар қалалардың биліктері азаматтардың қалай киініп, өз өмірлері мен тұрмыстарын қалай ұйымдастыруы керектігіне дейін көрсетіп беретін және оны бүзуды қылмыс ретінде қарастыратын. Ал қазіргі күндегі заманауи мемлекет қоғамның лайықты деңгейде қызмет атқаруына қажетті маңызды функцияларды өзіне қалдырып, қалғандарын азаматтардың өз еркіне қалдырады.