1. Ақпан революциясы тұсындағы Қазақстан.
Ақпан төңкерісі — 1917 жылғы 27 ақпанда (12 наурыз) Ресей империясында патша үкіметін құлатып, елде буржуазиялық-демократиялық республика орнатқан төңкеріс. Ақпан төңкерісінің жеңісі саяси жүйеніңжоғарғы сатысы — республикалық құрылысқа көшуге жағдай туғызумен қатар отаршыл жүйенің күш-қуатын әлсіретуге де мүмкіндік берді. Ақпан төңкерісі нәтижесінде ресми билікті қолына алған Мемлекеттік Думаныңшешімімен құрылған Уақытша үкімет қазақ халқының 1916 жылы өзін-өзі билеуге құқықты болғандығын мойындады. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске қатысқандарды жазалау экспедицияларының әрекеттері тоқтатылды. Ақпан төңкерісінің жеңісінің ең маңызды нәтижесі бұрынғы Ресей империясы аумағында кең көлемде саяси бостандықтар орын алып, бүкіл қоғамдық өмірдің демократиялануы болды. Бүкіл аймақта буржуазиялық мәндегі бостандықтар (саяси ұйым құру, сөз, баспасөз т.б.) жүзеге асырыла бастады, жасырын түрдегі партиялар жариялық жағдайға шықты, жаңа партиялар мен басқа да саяси ұйымдар құруға рұқсат етілді. Алайда Ақпан төңкерісі жеңісі қоғамдық өмірдің барлық мәселелерін шеше алған жоқ (мысалы, соғыс және жер мәселелерін). Ақпан төңкерісі монархияны құлатқанымен жер-жердегі ескі басқару аппаратын түбегейлі жоя алмады. Жаңа үкімет органдарын құру үшін күрес күрделі болып, ұзаққа созылды. Жер-жерлерде буржуазияшыл Уақытша үкіметтің органдарымен қатар орталықта Петроград кеңесі басқарған жұмысшы, солдат және шаруалар Кеңестері құрылды. Революция жеңісіне жеткеннен кейінгі алғашқы күндерде Кеңестердің қолында айтарлықтай күш болды. Елде қос үкіметтілік (ресми Уақытша үкімет және оның жергілікті жүйесі мен нақтылы күшке ие болған Кеңестер) жүйесі қатар орын алды.
Уақытша үкімет Ресей империясының Қазақстан сияқты отар аймақтарында кадеттерден, эсерлерден және өзінің саяси бағытын жүзеге асыруға сенімді деп табылған қазақтың ұлттық-демократиялық интеллигенциясының жекелеген өкілдерінен өлкелік, облыстық және уездік комиссарларын тағайындады. Мысалы, Ә.Бөкейханов Уақытша үкіметтің Торғай облысындағы, М.Тынышбаев Жетісу облысындағыкомиссарлары болып тағайындалса, М.Шоқай, А.Бірімжанов, А.Кенесарин Түркістан өлкесі мен Торғай өңіріндегі Уақытша үкіметтің жергілікті органдарында жауапты қызметтер атқарды. Қазақстанның облыс, уезд орталықтарында Уақытша үкіметтің жергілікті органдары — атқару катеттер, коалициялық катеттер, азаматтық катеттер жүйесі қалыптасты. Олар негізінен жергілікті орыс буржуазиясының, кәсіпкерлердің, банкирлердің өкілдерінен құрылып, кадеттердің, эсерлердің және соларға жақын саяси партиялар мен қозғалыстардың мүшелері болды. Уақытша үкіметтің өлкедегі ұлттық тірегі 1917 жылғы наурыз айынан құрыла бастаған қазақ және мұсылман катеттері болды. Олар негізінен сол жылғы шілде айында қазақтың ұлттық Алаш партиясынұйымдастырған Ә.Бөкейханов басқарған ұлттық-демократиялық интеллигенцияның жетекшілігімен құрылды.
Ақпан төңкерісі жеңіске жетісімен ұлттық-демократиялық қозғалыс (1917 жылы шілдеден — Алаш қозғалысы) басшыларының халыққа ұсынған саяси бағдарламасы жалпы алғанда түбірлі түрде Уақытша үкіметтің және оның саяси тірегі болған кадеттер партиясының ел басқарудағы бағытына қайшы келген жоқ. Сондықтан да ұлттық-демократиялық интеллигенция басшылары Уақытша үкіметке қайшы келетін жолды ұстаған кеңестерге әуел бастан-ақ оң көзқараста болмады, олардан өз іргесін қашығырақ салды. Кейінірек, Кеңестер жаппай құрылып, Уақытша үкіметке ашық қарсы шыға бастаған кезде қазақтың ұлттық-демократиялық қозғалысы күрделі жағдайға душар болды.
Қосөкіметтілік өзінің дүниеге келуі арқылы 1917 жылы Ақпан төңкерісінің ішкі қайшылықтарын бейнеледі, елдің қоғамдық-саяси өмірінің тұрақсыз екенін көрсетті. Мұндай жағдай ұзаққа созылмайтын еді: ерте ме, кеш пе, қосөкіметтілік жойылып, барлық билік буржуазия мен оның одақтастарының мүддесін қорғайтын Уақытша үкіметтің немесе 1917 жылғы көктемде әлеуметтік және ұлттық езгінің ауыртпалығын көтерген халықтың басым көпшілігі жұмысшылар мен шаруалардың айтарлықтай бөлігінің сеніміне ие болған Кеңестердің қолына көшуге тиіс еді. Ақырында Ақпан төңкерісінен басталған саяси тұрақсыздық Қазан төңкерісіне ұласып, Уақытша үкімет биліктен тайдырылды
2. Саяси партиялар мен ағымдардың пайда болуы.
XX ғасыр басындағы қазақ зиялылары сан жағынан көп болған жоқ. 1917 жылғы Қазан төңкерісіне дейінгі кезеңде қазақ қоғамында жоғары оқу орнын аяқтағандығы туралы дипломды иемденген мамандардың саны жүз отыздан, ал арнайы орта оқу орындарын бітіргендердің саны жеті жүзден асып жығылатын еді. Қазақстанда бірлі-жарым орта білімді мұғалімдер даярланатын курстар мен училищелерді есепке алмағанда, арнайы оқу орындары болған емес. Түрлі мекемелерде, өкімшілік орындарында қызмет жасаған қазақ мамандары, негізінен, ресейлік оқу орындарында білім алды.
Патша үкіметі қазақ халқының жалпы мәдени деңгейінің өсуіне мүдделі болған жоқ, керісінше, қараңғылықта үстау оған тиімдірек көрінді. Ал XIX ғасырдың соңғы ширегінде ашыла бастаған азын-аулақ мектептер мен гимназиялар жергілікті жұртты ислам дінінің «зиянды әсерінен» сақтау және далада орыс ықпалын дамыту үшін керек болды.
Сонымен бірге отаршыл әкімшілік ресейлік оқу орындарынан бірлі-жарым орынды қазақ жастарына бөлуге мәжбүр болды. Мұндай қадамға бара отырып, ол жыл сайын өсе түскен басқару жүйесінің жергілікті ұлттан шыққан мамандарға мұқтаждығын канағаттандыруды көздеді. Осы мақсатта генерал-губернаторлык кеңселері жанынан қазақ студенттеріне жылына 3-4 стипендия белгіленіп отырды. Міне, осы белгіленген стипендияға және қазақ ауқатты топтарының өз еркімен жәрдемге жиған қаржысына сүйеніп қазақ жастары Мәскеу, Санкт-Петербург, Қазан, Орынбор, Омбы, Варшава сияқты қалалардағы оқу орындарында түрлі мамандыктар бойынша білім алды. Мәселен, тек Қазан университеті мен мал дәрігерлік институтын 1917 жылға шейін 35 (20 және 15) қазақ жастары аяктап шыққан.
XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында қазақ жастары үшін ірі білім орталығы міндетін Санкт-Петербург қаласы атқарды. Империяның саяси өмірінің де астанасы болған бұл қалада осы мезгілде Ә. Бөкейханов (Орман шаруашылығы институты), Мұхамеджан Тынышпаев (Темір жол көлігі институты), Х.Досмұхамедов, С.Асфендияров (Дәрігерлік академиясы), Б.Қаратаев, Ж.Досмұхамедов, М.Шоқай (Санкт-Петербург университеті) сиякты ұлт-азаттық қозғалысында өшпес із қалдырған қайраткерлер білім алды. Қазақ жастары, сондай-ақ Стамбұл, Каир университеттерінде де оқыды.
Қазақ зиялыларының үлкен бөлігі гимназия, дәрігерлік училище, мұғалімдер даярлайтын семинария түлектерінен тұрды. Бұл топтың қатарында Ахмет Байтұрсынұлы, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, С. Торайғыров, Ғұмар Қарашев сияқты көптеген ірі тұлғалар бар еді.
Жүсіпбек Аймауытов
Қазақ жастарының белгілі бір бөлігінің ірі орталықтарда оқып, саяси оқиғаларға тікелей араласуы, орыс демократиясының ыкпалында болуы оның қоғамдық көзқарасының кемелденуіне, саяси белсенділігінің артуына әсер етпей коймады.
Саяси қызметке араласу тек ірі қалаларда оқитын студенттерге ғана тиесілі құбылыс емес-тін. Қоғамда болып жатқан саяси оқиғаларға ден қою, түрлі саяси үйірмелер ісіне араласу Омбы, Семей, Орал сияқты жергілікті орталықтарда оқып жүрген жастарға да тән әрекет еді.
XX ғасыр басындағы қазақ зиялылары қоғамдық-саяси қызметке даярлықпен келді, ал олардың дербес саяси күш ретінде белсенді әрекетке көшуі 1905 жылғы революциялық оқиғаларға тұспа-тұс келді. Оған қазақ халкының орыс отаршыл әкімшілігіне тәуелділігі және қоғамдық дамуда ортағасырлық деңгейде қалып қоюы түрткі болған еді. Саяси қызметі тура осы мезгілде басталған Міржақып Дулатұлы 1929 жылы кеңестік абақтыда тергеушілерге берген жауабында жалпы ұлт зиялыларына ортақ мынадай пікір білдірді:
«...Ол жылдардағы қазақ халқының қараңғылығы мен надандығын айтып жеткізу қиын. Қазақ бұқарасы губернаторлар мен уезд бастықтарын айтпағанда, ең төменгі урядниктің алдында діріл қағып, адам төзгісіз қорлыққа шыдады, оның бұл халге жетуіне өз арасынан шыққан надан тілмаш шенеуніктер, болыс басқарушылары және басқалары өз үлестерін қосып, ауыр салық, зорлық, парақорлық, құпия өсектер үйреншікті көрініске айналды; қазақ әйелі күң жағдайында болды, ең құнарлы жерлер ешқандай есепсіз қоныс аударушыларға алынып берілді, ал қазақтар шөлге ығыстырылды; патша үкіметі мектептер аштыруға бас-көз қамқоршы болудың орнына, қазақтарға өздері жиған қаржыға мектеп салуға тыйым салды; мектеп ашуға әрекет жасағандар Якут облысына жер аударылды (мысалы, Қосшығұлов, Науан хазірет, т.б.), дәрігерліккөмек жөнінде халықта түсінік те болған емес... Қазақ елі, міне, осындай түнекте ғұмыр кешті. Патша үкіметінің отаршыл саясаты гүлдеу шегіне жетті. Осының бәрін көре түрып өзімнің азын-аулақ біліміме қарамастан, қолымдағы барыммен ар-намысы аяқ асты болған сорлы халқыма көмектесуді өз борышым санадым».
1905 жылғы жазға қарай Қазақстанның барлык өңіріндегі жәрмеңкелерде қазақ жұртының мұқтаждықтарын талқылаған съездер өте бастады. Бірден жандарм мекемелерінің назарына іліккен бұл жиындарда патшаға, ортақ билік орындарына арналған арыз-тілектер жазылды; Жетісу және Семей облыстары атынан жазылған шағымдарды талқылауға 25 мыңнан астам адам қатысты.
Бұл талап-тілектерде қазақ елінің қоғамдық өмірдегі ең негізгі мұқтаждықтары, яғни жергілікті басқару, сот, халыққа білім беру, ұждан және дін бостандығы, бақылаусыз газет шығару және баспахана ашуға рұксат беру, қазақ елінің жоғарғы заң шығарушы орындарға депутат сайлау кұқын мойындау және басқа сол сияқты аса маңызды мәселелер көтерілді.
Барлык арыз-тілектерде жоғарғы билік алдына қойылған үлкен де өзекті мәселе, әрине, жер мәселесі болды. Арыз-тілек авторлары «әкелер қанының өтеуімен азат етілген атамекенін» орыс үкіметінің ешқандай да дәлел-себепсіз мемлекеттік меншік деп жариялап, соған сүйеніп ең кұнарлы жерлер мен тұщы су кездерінің қоныс аударушыларға өтіп жатқандығына наразылықтарын білдірді.
Арыз-тілек науқаны ұлт-азаттық козғалысында өзара айырмашығы бар екі ағымның қалыптасып келе жатқандығын аңғартты. Оның бір жағында қазақ жұртының болашағын еуропалық өркениеттің жетістіктерімен байланыста қарап, дін ісін екінші кезекке ығыстырған зиялылар тұрса, оған қарсы екінші бетте қоғамдық дамуда ұлттық-діни ерекшеліктерді негізгі құндылық ретінде бағалаған топ тұрды. Ә.Бөкейханов алғашқы ағымдағыларды батысшылдар, ал соңғы ағымдағыларды түрікшілдер деп атады.
1905 жылғы 6 тамызда жарияланған манифест бойынша қазақ еліне де Мемлекеттік Думаға депутат сайлау құқығы берілді. Ұлт зиялылары Дума жұмысына белсене араласу арқылы үкіметтің Қазақстандағы саясатына, әсіресе жер мәселесіне ықпал етуге болады деп түсінді. Бірақ сайлау қарсаңындағы қазақ қоғамында Думаға депутат ұсына алатын өз бағдарламасы бар саяси партия жоқ болатын. Уақыттың тарлығына байланысты және баска даярлыктың жоқтығын түсінген ұлт зиялыларының басым бөлігіресейлік конституциялық демократиялық партияның (кадеттер) бағдарламасын мойындап, қазақ облыстарында осы партияның бөлімшелерін құрып, осы ұйымның атынан депутаттыққа түсті.
I—II Мемлекеттік Дума жанындағы Мұсылман фракциясы жұмысына белсенді араласқан қазақ зиялылары үкіметтен Қазақстанға ішкі Ресейден қоныс аударушыларды жіберуді, жергілікті халықты егіншілікке жарамды жерлерден ығыстыруды тоқтатуды талап етті. Қазақ депутаттарының бұл талабын қазақстандық Т. И. Седельников және сібірлік Н.Л. Скалозубов бастаған демократиялық бағыттағы орыс және баска ұлт депутаттары да қолдады.
3. І Жалпықазақ сьезінің болуы.
Достарыңызбен бөлісу: |