Көркем әдебиет – ерекше күрделі жанр. Бұл жанрдың жазушы шеберлігі, әр жазушының өзіндік стилі, даралығы, дарыны, мазмұн мен форманы берудегі жазушының қабілеті сияқты алуан түрлі мәселелері бар. Көркем әдебиет тілінің өзіне тән ерекшеліктері бар. Біріншіден, көркем шығармаларда қолданылмайтын сөздер мен сөз тіркестері, фразелогизмдер некен-саяқ. Екіншіден, қай жанрда жазылған шығарма болса да, онда тіл арқылы қарым- қатынас құралдарының барлық түрінің қолданылуында, яғни ауызекі сөйлеу тіліне қоса, публицистикалық, ғылыми және ресми стильдердің элементтері осы стильде әртүрлі формада ұшырасып отырады. Үшіншіден, көркем шығармалардың басты міндеті – эстетикалық тәрбие беретіндігінде, яғни көркем шығармада сөздің эстетикалық қуаты, сөздің бейнелілігі маңызды мәнге ие.
Жоғарыда сараланып берілген көркем әдебиет стилінің белгілері аударма әдебиетке де тән.
Көркем аударма – көркем шығармашылықтың түрі. Аудармашы өзінің дүниетанымына, көркемдік-эстетикалық талғамына сай аударуға таңдап алған шығармадағы көркемдік шындықты форма мен мазмұн бірлігін сақтау арқылы жеткізеді. Көркем аудармада түпнұсқаның эстетикалық құндылығы зор. Көркем аударма – психологиялық процеспен жүзеге асатын шығармашылық өнер. Мұнда психологиялық процес шығармашылық процеспен тікелей ұштастырыла жүргізіледі.
Достарыңызбен бөлісу: |