Жоғарыда айтылғандай, жалпы лингвистика тұрғысынан алғанда буын проблемасы өте күрделі лингвистикалық құбылыс ретінде әлі күнге дейін пікір-талас объектісі болып келеді. Өзге тілдердегі буын мәселесіне көптеген диссертациялар мен монографиялар арналып жатыр
Қазақ тілі жалғамалы (агглютинатив) тіл болғандықтан кез-келген туынды сөз қосымша жалғану арқылы жасалады. Ендеше қазақ тіліндегі түбір сөздің өзі болсын, немесе одан жасалған туынды сөз болсын көп буынды болып келе беретіні заңды. Сөздің көп буынды болып келгеніне қарамай, қазақ тіліндегі буын жігі оңай табылады. Себебі табиғаты бөлек өзге тілдердегідей, мысалы, орыс тіліндегідей бір буын құрамында бірнеше дауыссыз қосақталып жүрмейді, оның үстіне қазақ тілінде бір сөздің құрамында екі дауысты қатар тұрмайды. Сөйтіп қазақ сөздерінің құрамындағы дауысты-дауыссыздардың кезектесіп келіп отыратын жүйелі реті буынға бөлу мен тасымал жасауды жеңілдетеді. Мысалы, ба-ла-ға, бұл-бұл-дар, а-та-ның, үй-де-мін т.б. қазақ сөздеріндегі буындар жіпке өткізген моншақтай тізіліп тұра қалады.