40) Мұрындық хан тұсындағы Қазақ хандығының Сырдария бойындағы қалалар мен өңірлер үшін күресі және оның барысы, қорытындысы.
Жауабы:
Керей өлген соң, 1474 жылы оның ұлы Мұрындық хан болды (1474-1511). Оның билігі тұсында мемлекеттік билікті орталықтандыру, хандықтың Қазақстанның батыс және оңтүстік аудандарында позициясын нығайту жолында едәуір шаралар жүргізілді.
80 жылдардың басынан Мұхаммед Шайбанимен Сырдария жағалауы қалалары үшін күрестің жаңа кезеңі басталды. Ферғана мен Сырдарияның орта ағысын иемденуге ұмтылған моғол хандарының араласуымен бұл күрес тіпті шиеленісіп кетті. 1482-1485 жылдары Жүніс хан Сайрам мен Ташкентке ие болып, Мұрындық Мұхаммед Шайбани иеліктеріне таяу келді. Соңғыға аз уақытқа Сығанақты иеленудің сәті келді. Қазақтар Отырарды, Түркістанды, Арқұқты қоршап, Шайбаниді бұл жолы Хорезмге қашуға мәжбүр етті. Сайрам мен Ташкентте билік еткен Моғол ханы Сұлтан Махмұд Түркістанда өзінің ықпалын кеңейтуге тырысты және осы мақсатпен 90 жылдардың басында Мұхаммед Шайбаниді одақтасы ретінде қолдап, Отырарды бағындырды. Бұл стратегиялық қатынаста маңызды қаланы иеленген Шайбани Сауран мен Түркістанды басып алды. Сауранда Мұхаммедтің бауыры Махмұд сұлтан отырғызылды.Моғолдардың өзбектермен одақтасуына алаңдаған қазақ сұлтандары әскерлерін Сырдария алқабына тағы қозғады. Екі рет болған шайқаста моғолдар талқандалды, ал Сауран тұрғындары өзбек гарнизонына қарсы көтеріліс жасап, Махмұд сұлтанды серіктерімен қазақтарға ұстап берді. Мұрындық хан Отырарды бағындырғысы келгенімен, оның сәті түспеді, Отырар Түркістан сияқты Шайбанидың қолында қалды. Сонымен XV ғасырдың соңына таман Сырдария алқабы үш мемлекеттің – Өзбек, Қазақ және Моғол арасында бөлінді. Қазақ хандары мен Әбілқайыр ханның немересі Мұхаммед Шайбани хан арасындағы Сыр бойы қалалары үшін күрес XV ғ. 80-90-шы жылдары ымырасыз және тынымсыз соғыс жағдайында өтті. Бұл талас нәтижесіне әмір Темір мұрагерлері мен Мағұлстан хандары да мүдделілік танытып, ауық-ауық араласып отырды. Дегенмен, қазақ ханы Мұрындықтың (1474-1511ж. билік құрған) бұл соғысты XV ғ. соңына қарай жеңіспен аяқтау мүмкіндігі болған жоқ.