20.Түркілер өркениеті және Ұлы жібек жолы. Ұлы Жібек жолы сан алуан халықтар мемлекеттер және мәдениеттер арасындағы тарихи байланыстардың көп бағдарлы желісін тудырғаны соншалық үнемі осы негізде оны қайта қалпына келтіру, одан да тамаша
коммуникациялық қызмет деңгейіне жеткізу қажеттілігі әрдайым туындап отырған. Қазіргі таңда мұның түркі әлемі үшін үлкен маңыз тудырып отырған жағы мынада: Ұлы Жібек жолының қажеттілігі мен пайдалану шарттары қаншалықты өзгеріп отырса да, оның қызметін қайта қалпына келтіріп, ұдайы қолданыста болуын қамтамасыз еткендер - ең алдымен түркі халықтары, олар құрған мемлекеттер мен империялар болатын. Қысқартып айтқанда, әлем тарихы мен өркениеті үшін Ұлы Жібек жолының маңызы қаншалықты үлкен болса, түркі халықтары да оның осы күнге дейін келіп жетуінде, жұмысын жалғастыруында соншалықты үлкен рөл атқарған.
«Жібек жолы» ұғымын алғаш рет ғылыми айналымға 1877 жылы неміс географы Фердинанд Рихтгофен ендірген болатын. Атынан да көрініп тұрғандай, Шығыс Азиядан, нақты айтқанда, Қытайдан Жерорта теңізі елдеріне негізінен жібек саудасының жолы ретінде қызмет атқарса да, уақыт өте келе ежелгі дүниенің одан да кең мәдени-сауда байланыстарын қамтамасыз еткен аса қажетті коммуникация кұралына айналған. Алайда Ұлы Жібек жолының әртүрлі қауіп-қатерге толы болғанын, сондай-ақ тағдырының да әр түрлі кезеңдерде белгілі бір әскери-саяси күштердің, мәдени-экономикалық орталықтардың орын алмастыруына, геосаяси жағдайларға тікелей тәуелді болғанын да ескеру керек. Әр түрлі деңгейде өзгеріп отырса да, негізгі бағыттарын сақтап қалған Ұлы Жібек жолы негізінен түркі мемлекеттері мен мәдениеттері орналасқан аймақтардан өткендіктен, түркі әлемі түрлендіруші саяси өркениет жүйесі ретінде Еуразиядағы барлық геосаяси өзгеріс жағдайларында аталмыш сауда жолының үнемі қолданыста болуын қамтамасыз еткен басты фактор ретінде қызмет атқарған.
21. Орхон-Енисей (руникалық) жазуы ежелгі түркі өркениетінің өркениеттік белгісі ретінде. Көне түркі жазбалары немесе Орхон-Енисей жазбалары — б.з. V ғ. — X ғғ аралығындағы түркі тайпаларының тасқа қашап жазған жазбалары.Орхон-Енисей ескерткіштері алғаш Орхон өзені бойынан (Екінші түркі қағандығы кезі) табылды, кейін Енисей өзенінің жоғарғы ағысында (Қырғыз қағандығы). Кейде руник жазбасы дейді, алман руналарынынан жанасым тауып (кейбір нышандар кескіні дәл келіп тұр, дауысты мағынасы да жақын). Азиялық түркі руналары соғды жазуының негізінде VIII ғ. бұрын жасалған деп есептеледі. Оның әліпбиінде 40-қа жуық графема бар. Көне түркі руника жазуы ерекшелігі - онда негізгі велярлық және палаталдық дауыссыздарға арналған бірнеше жұп дербес әріптер бар. Көне түркі руника жазуы жұмбағын 1893 жылы В. Томсен шешкен. Орхон ескерткіштерінің тұңғыш тәржімаларын 1894 жылы В.В. Радлов жасаған.
Сібір және Моңғолия далаларына таралған жұмбақ жазулардың бар екендігі туралы ғылыми орта ертеден-ақ білетін еді. Оларды «Руна жазулары», яғни скандинавия тілдерінен алғанда «құпия, сыры ашылмаған» таңбалар деп атайтын. Ол кезде әлем ғалымдары сондықтан, бұл жазуларды көне Угор тайпаларының (Орал халықтарының ата-бабалары) мұрасы деп есептеді. Жазуларды зерттеуге арнайы ұйымдастырылған Ресей Ғылым Академиясының экспедициясы Минусинск ойпатында іздестіру жұмыстарын жүргізіп, Д.Г. Мессершмидт және Ф.И. фон Стралленберг 1721-1722 жылдар аралығында көптеген материалдар жинақтады. Жиналған деректер ғылыми тұрғыдан екшеліп, 1729 ж. З. Байердің "Санкт-Петербургтегі Императорлық ғылым Академиясының жазбаларында" жарық көріп, Еуропадағы барлық Шығыстанушылардың қатты қызығу нысанына айналды. 1730 жылы Ф.И. фон Страленбергтің өзі де зерттеулерінің қорытындысын және жазулардың көшірмелерін жариялады.