1 Қазіргі қазақ тілі лексикасының лексика-семантикалық табиғаты мен сөздік құрамы



бет9/53
Дата18.10.2022
өлшемі0,62 Mb.
#43816
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   53
Байланысты:
лекция (1)

Сөз мағынасының тарылуы – тарихи, әлеуметтік, қоғамдық жағдайларға байланысты сөздің кейбір мағынасының қолданыстан шығып қалуын білдіреді. Мысалы: тон – ертеректе жалпы киімнің атауын, тары – жалпы астық атауын білдірсе, қол – «әскер, жасақ»; қарындас – «бір қарыннан шыққан, бірге туған» мағынасын білдіреді. Олай болса, ұғымның дәлденіп жіктелуіне байланысты мағынаның дерексіздіктен нақтылыққа, жалпылықтан жалқылыққа ауысуы сөз мағынасының тарылуы дейміз (1, 31). Р.Барлыбаев сөз мағынасы тарылуының мынадай жолдарын көрсетеді:
1. Сөз мағынасының дәстүрлі тілдік жолдармен тарылуы.Мысалы: Киік – «барлық жабайы аң» мағынасында қолданылып, қазір бұл сөздің мағынасы нақтыланып «айыр тұяқты, ешкі тұқымдас жабайы аң» деген мағынада жұмсалады. Осы сөздің негізінде туған киікоты (киік жейтін, иісті шөп), кісікиік (жалғыз жүретін адам), киіктің асығындай (кішкентай да сүйкімді,пысық, ширақ), киіктің лағындай, киіктің матауындай т.б. қазіргі тілдік қолданыста бар сөздер.
Б.Қалиев қарындас сөзінің жалпылықтан нақтылыққа қарай өту себебін былайша түсіндіреді: «Қарындас сөзінің әуелгі мағынасының өзгеруіне – тіліміздегі бауыр сөзі мағынасының өзгеруі түрткі болған сияқты. Олай дейтін себебіміз: бұрын ішкі ағзалардың ішіндегі – адам өміріне ең қажетті басты мүше ретінде – «адам мен жан-жануарлардың қан жасау, қан алмасу қызметін атқаратын мүшесі» мағынасында қолданылып келген бауыр сөзі кейіннен әркімнің жанына жақын, әрі ең жақын жанашыры – «бірге туған қандас, туыс адамы» деген мағынаны қосып алды да, бауыр сөзі осы мағынадағы қарындас сөзінің алғашқы мағынасын ығыстырып шығарған секілді (2, 64). Қарындас сөзінің алғашқы мағынасы «бір қарыннан шыққан, бір туған» болса; екінші мағынасы «қыздың жасы үлкен ер ағайындарына туыстық қатынасы; үшінші мағынасы жасы үлкен ер адамдардың жасы кіші әйел балаға айтатын қаратпа сөз есебінде жұмсалуы. Бір жалпылаушы мағынаның орнына нақтылаушы екі мағына пайда болған.
2. Сөз мағынасының тарыла келе, көмекшіге айналуы. Қазақ тілінде алды, арты, асты, үсті, қасы, маңы, арасы, тұсы, іші, бойы сияқты көмекші есімдер бар. Бұлардың барлығы зерттеушілердің пікіріне қарағанда, ілгері заманда толық мағыналы сөздер болған. Мағыналары бірте-бірте тарылып, көмекші элементке айналған.
3. Сөз мағынасының тарыла келе, шылауға айналуы. Тілімізде тағы, да, та, мен, болмаса, кейін, сайын, арқылы, туралы, соң, және, бірақ, өйткені, сөйткені, таман, сияқты шылау сөздер бар. Дербес мағыналы сөздердің шылауында тұрып қана, сол сөздерді грамматикалық мағынасын айқындай түседі. Көмекші есімдер сияқты о баста дербес мағыналы сөз болып, қолданыла келе мағынасын, қызметін тарылтып, шылау сөздерге айналған.
4. Мағынаның толық тарылу нәтижесінде сөздің қосымшаға айналуы. Жұрнақтар мен жалғаулар тарихи жағынан алып қарағанда, ертерек кезде дербес мағыналы сөздер болған. Кейбір қосымшалардың төркінін табу қиын, өйткені олардың алғашқы негізі туралы ешқандай із қалмаған. Дегенмен –мен (-бен, -пен) көмектес септігінің бирлан шылауынан, -тын (-тін) жұрнағының тұрған есімшесінен, -ша жұрнағының шақ сөзінен шыққандығын түркологтар дәлелдеп берді. Бұлар мағынаның толық тарылғанына мысал бола алады (4, 38-64).
Сөздің сапа жағынан дамығандығын көрсететін бірден–бір белгі – сөздің көп мағыналығы.Сөздің екі я одан да көп мағынаға ие болуын сөздің көп мағыналығы дейміз. Сөздің көп мағыналығы – сөздік қордағы сөздерге тән қасиет. Мәселен, қанат сөзі алғашында «құстар мен шыбын-шіркейдің ұшып-қонатын дене мүшесін» білдірген. Әрбір жаңа мағына әр сөздің білдіретін мағынасының айрықша қасиетінен, түрліше сыр-сипатынан келіп шығады. Адам бір затты алғаш көргенде оның сыртқы қасиеттерімен танысады. Сол қасиеттер сезім мүшелеріне әсер етіп өзінің ізін қалдырады. Адамның санасындағы белгілі бір зат туралы түсінік басқа бір затпен де ұқсасып, байланысып тұрады. Соның нәтижесінде екі заттың не сапасында я болмаса атқаратын қызметінде жалпы ұқсастық пайда болады. Сол ұқсастық нәтижесінде адамдар ұқсас келген екі я бірнеше затты бір атаумен атайтын болған. Сонымен «қанат» деген сөздің жоғарыда аталған ұқсастықтарына қарай бірнеше үстеме мағына қосылған. Олар: 2. Балықтың жүзу мүшесі. 3. Арба-шананың үстін кеңейту үшін жасалған шарбақ ағаш (қанаты жоқ арбаға шөп аз сияды). 4. Киіз үй керегелерінің жеке көктелген әрбір бөлігі (сегіз қанат ақ орда). 5. Ұшақтың ұшып-қонуына қажетті негізгі бөлшегі. 6. Шепте тұрған әскердің немесе аяқдоп (футбол) ойыншыларының оң жақ және сол жақ бөлігі оң жақ және сол жақ бөлігі (оң қанаттын шабуыл жасады). 7. Ауыс. Таяныш, тірек (екі балам – екі қанатым ғой).
Тағы бір мысал келтірсек, жал – 1. Жылқының, құланның желкесіне қалың әрі ұзын болып өскен қыл; 2. Ауыс. Жалдың астына біткен май (жегені жал мен жая); 3. Тау салаларының үстіңгі жақ қыры (аты жалда жайылып жүр); 4. Шөп шабылған кезде шабылмай қалған ұзынша жер (жал қалдырмай шап); 5. Жер жыртқанда жыртылмай қалмай ұзынша жер ( жыртқан жеріңде жал қалып қойыпты). 6. Термин. Гидротехникалық құрылыстардың (су қоймасының қазаншұңқырын, электр станцияларын) топырақпен қоршап жасалатын үйінді. Сөздің негізгі мағынасының негізінде метафора тәсілі арқылы ауыс (2) мағына жасалса, туынды мағыналар да негізгі мағынаға ұқсату негізінде жасалған қосымша мағыналар.
Сөздің негізгі мағынасы белгілі бір шындыққа байланысты тарихи практиканың негізінде жасалады. Сөздің туынды қосымша мағыналары тілдік фактілердің негізінде ойлау қабілетіне сүйеніп қолданудан кейін шығады. Өмірде танылған әрбір ұғым жаңа атауға ие болуы тиіс. Алғашында бұл ұғым бір сөзбен аталған болса, кейіннен әлденеше ұғымды білдіру үшін жұмсалады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   53




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет