90-бап. Асырап алынған баланың зейнетақы мен жәрдемақы алу құқығының сақталуы Асырап алынар кезінде ата-анасының қайтыс болуына байланысты өзіне тиесілі зейнетақы мен жәрдемақы алуға құқығы бар бала бұл құқықты асырап алынған жағдайда да сақтап қалады.
91-бап. Бала асырап алудың құпиялылығы 1. Бала асырап алудың құпиялылығы заңмен қорғалады.
Бала асырап алу туралы шешім шығарған судьялар немесе бала асырап алуды мемлекеттік тіркеуді жүзеге асырған лауазымды адамдар, сондай-ақ бала асырап алу туралы өзгедей түрде хабардар болған адамдар бала асырап алудың құпиялылығын сақтауға міндетті.
2. Осы баптың 1-тармағында аталған, бала асырап алудың құпиялылығын оны асырап алушылардың еркіне қарамай жария еткен адамдар заңда белгіленген тәртіппен жауапқа тартылады.
92-бап. Бала асырап алуды жарамсыз деп тану 1. Бала асырап алу:
1) асырап алу туралы шешім жалған құжаттар негізінде қабылданған;
2) заң бойынша міндетті болса да (осы Заңның 82-бабы), бала асырап алу ата-аналардың келісімінсіз жасалған;
3) некеде тұрған адам жұбайының келісімінсіз бала асырап алған;
4) осы Заңның 80-бабының 2-тармағында көзделген ережелер бұзылған жағдайларда жарамсыз деп танылады.
2. Бала асырап алуды жарамсыз деп тану сот тәртібімен жүргізіледі.
3. Бала асырап алуды жарамсыз деп тану туралы істі сот қорғаншы және қамқоршы органның қатысуымен қарайды.
93-бап. Бала асырап алуды жарамсыз деп тану туралы талап етуге құқығы бар адамдар Бала асырап алуды жарамсыз деп тану туралы талапты асырап алынушының ата-аналары, асырап алушының жұбайы, бала асырап алуға байланысты құқықтары бұзылған адамдар, прокурор, қорғаншы және қамқоршы орган қоюға құқылы.
94-бап. Бала асырап алуды жарамсыз деп танудың салдары 1. Бала асырап алу туралы сот шешімі шыққан кезден бастап бала асырап алу жарамсыз деп танылады.
2. Бала асырап алу жарамсыз деп танылған жағдайда, асырап алынған баланың және асырап алушылардың (бала асырап алушылар туыстарының) өзара құқықтары мен міндеттері тоқтатылады және егер мұны баланың мүдделері қажет етсе, баланың және оның ата-анасының (оның туыстарының) өзара құқықтары мен міндеттері қалпына келтіріледі.
3. Ата-ананың талап етуі бойынша балаға бұрынғы аты, әкесінің аты және тегі беріледі.
4. Сот бала асырап алуды жарамсыз деп тану туралы соттың шешімі заңды күшіне енген күннен бастап үш күн ішінде осы шешімнің үзіндісін бала асырап алуды мемлекеттік тіркеу орны бойынша азаматтық хал актілерін жазатын орган мен қорғаншы және қамқоршы органдарға жіберуге міндетті.