Қазақ оюы, қазақтың ою-өрнегі — үй-жиһаздарын, сәндік, тұрмыстық бұйымдар мен киімдерді нақыштап безендіруге қолданылатын өрнектер. Жаппай дамыған кезеңінде (19 ғасырдан кейін) қазақтардың үй жиһаздарын әшекейлеуге кең көлемде қолданған ою-өрнектерді, негізінен: зооморфтық, өсімдік сипатты, геометриялық, космогониялық түрлерге жіктеуге болады. Олардың ішінде жануарлардың сыртқы пішініне, мүйізіне, тырнағына, мойнына, табанына, т.б. мүшесіне ұқсас ою-өрнектер халық арасына (зооморфтық түр) кең тараған. Зооморфтық ою-өрнек кебеже, жүкаяқ, әбдіре, асадал сияқты тұрмыстық бұйымдар әшекейінде жиі кездеседі. Аталған ою-өрнектер кебеже бүйірінде, көбінесе, тігінен бедерленіп, бос жерлерін толықтырған, ал төсектің жан ағашы белгілі бір ырғақпен түгел дерлік өрнектелген. Кейде оларды өсімдік сипатты өрнектермен сабақтастырып, жарасымды тұтас композиция құраған.
Ұсақ аңдардың табандарының іздері жүкаяқ, кебеже, асадалдың көрнекті жерлеріне салынған. Сонымен қатар бұл өрнек түрін үй жиһаздарының жиектерінен, бұрыштарынан кездестіруге болады. Зооморфтық өрнекте төрт түлік малдың абстракциялық пішіні ерекше орын алады. Оған мысал ретінде қошқармүйіз, төртқұлақ, түйетабан, ботамойын, түлкібас, құсқанат және тағы басқа оюларын атауға болады. Қошқармүйіз оюы қазақ халқының бүкіл тыныс-тіршілігін танытады. Кей қолданыста ол қырықмүйіз, сыңармүйіз, арқармүйіз болып түрленіп отырады. Қошқармүйіз төрт тармақтан құралып, ортасы айқыш тәрізді болып келеді. Төртқұлақ өрнегі кебеже, жүкаяқтарды безендіруде кеңінен қолданылады. Ол ағаш бұйымдар бетінің кейде дәл ортасына, кейде бұрышына бедерленген. Ағаш бұйымдарда түлкібас, иттабақ, итемшек, қарақұс, құстұмсық, көбелек, ботамойын, түйетабан, шыбынның қанаты деп аталатын зооморфтық өрнектер ұшырасады. Олар, әсіресе, жүкаяқтарды, төсектерді өрнектеуге кеңінен қолданылады.
Үй жиһаздарында кең пайдаланылатын Қазақ оюының келесі бір түрі – өсімдік сипатты ою-өрнектер. Олар тұрмыстағы ағаш бұйымдарда жиі кездеседі.
30.Қоғамдық - пайдалы және тұрмыстық еңбек
Достарыңызбен бөлісу: |