3-Билет 1.Ақорда мемлекеті Ақ Орда – Қазақстан аумағында монғолдардан кейін құрылған алғашқы мемлекет. Ақ Орданың аумағы Жайық өзенінен Батыс Сібір ойпатына дейін, Сырдарияның орта және төменгі ағысы аралығын алып жатты. Орталығы – Сығанақ қаласы. Ақ Орда 14 ғасырдың екінші ширегінен бастап Алтын Ордадан біржолата бөліне бастады.
14 ғасырдың екінші жартысынан бастап Алтын Ордада аласапыран төңкеріс басталды. 60-жылдары Сарай қаласында бір жылдың ішінде 4 хан ауысқан. Осы тартысты пайдаланған Ұрұс хан билікті қолына алып, мемлекетті нығайтты. Әмір Темір Тоқтамысты пайдаланып, Ақ Орда мен Алтын Орданы басып алуға тырысады. Ақ Орданың негізін қалаушы – Жошының үлкен баласы Орда Ежен (1226-1280 жж.). Рашид әд-Диннің жазуына қарағанда (ХІҮ ғ.), Жошы ұлысының шығыс бөлігін (сол қанатын) әкесінің көзі тірісінде Жошының үлкен ұлы Орда Ежен алады. Әбілғазының айтуынша (ХҮІІ ғ.) осынау жерді оған інісі Батухан ХІІІ ғ. орта кезінде бөліп береді. Орданың мирасқорлары іс жүзінде дербес билеушілер болды. ХІҮ ғ. 2-ші жартысында Алтын Орда билігі әлсіреп, Ақ Орда күшейіп, дамудың ең жоғары сатысына жетті. Халқы – түрік тілді тайпалар.
Мемлекетті Орда Ежен тегінен шыққан хандар басқарды. Алғашқы ханы – Сасы Бұға (1309-1315), мұрагері – Ерзен хан (1315-1320). Ақ Орданың Алтын Ордадан оқшаулануы ХІҮ ғ. 2-ші ширегінде Ерзен мен Мүбәракқожа тұсында басталды. Мүбәракқожа хан (1320-1344 жж.) Алтын Ордаға бағынбай дербес саясат жүргізуге тырысты. Орыс хан Алтын Орда тағы жолындағы күреске белсене қатысты. Ол хан болып нығайып алған соң ішкі феодалдық қырқысты жойып, Алтын Орданы өзіне бағындыруға әрекет етті. Бұл мақсатын жүзеге асыру үшін 1368 жылы Еділ бойына жорық жасайды. 1374-1375 жж. Сарай-Беркені, Қажы-Тарханды (Астрахань) алып, Кама бұлғарларын бағындырады. Бірақ Алтын Орданың уақытша билеушісі Мамайды жеңе алмайды және бұл кезде Ақ Орданың өзіне Әмір Темір тарапынан қауіп төнгендіктен Орыс хан Сырдария бойындағы өз иелігіне қайтып оралады. Ол өзінің қайтар жолында Алтын Орданы жаулау кезінде өзіне көмекке келмеген Жошы әулетінің бірі Маңғыстау аймағының билеушісі Түй-Қожаны өлтіреді. Оның баласы Тоқтамыс Әмір Темірге барып паналайды. Темір бұл жағдайды пайдаланып, Тоқтамысты көп әскермен Ақ Ордаға жібереді. Тоқтамыстың алғашқы жорығы (1374-1375) сәтсіз аяқталды, Ақ Орда әскерлері оның әскерлерін талқандады. Бұл соғыста Орыс ханның баласы Құтлық Бұқа қаза болды. Әмір Темірден жаңадан әскер алған Тоқтамыстың екінші жорығы да Орыс ханның ұлы Тоқтақия басқарған Ақ Орда әскерлерінен жеңілді, тек төртінші жорығынан кейін ғана Тоқтамыс Ақ Орда тағына отырды. Темір басқыншылығына қарсы күрестің негізгі ауыр салмағы Орыс ханға түседі. Ұрыс барысында Орыс хан қаза тапты. Тоқтамыс Орыстың баласы Темір-Мәлікті (1376-1379 жж.) 1379 жылы жеңіп, Ақ Орда билеушісі болды.
Ақ Орданың әскери күшіне ие болған Тоқтамыс 1380 жылы Алтын Орданы алды. Сөйтіп, ол бір мезгіл (1380-1395 жж.) Ақ Орда мен Алтын Ордаға хан болды. ХІҮ ғасырдың 80-жылдары Тоқтамыс Ақ Орда мен Алтын Орда жерін түгел бағындырып, Әмір темірге қарсы шықты. Осы кезде Әмір Темір мен Тоқтамыс арасындағы ұзаққа созылған қанды соғыс басталды. 1395 жылы Кавказдағы Терек өзенінің аңғарындағы шешуші шайқаста Әмір Темір Тоқтамысты жеңіп, Алтын Орданы талқандады. ХІҮ ғ. аяғы – ХҮ ғ. басында сыртқы саяси ауыр жағдайлар мен ішкі қырқыстар кезінде Ақ Орда әлсіреп кетті. Ақ Орданың әлсіреу себептері: Әмір Темірдің тонаушылық жорықтары және ішкі тартыстар. Кейін Ақ Орда мемлекеті Қазақ хандығының құрылуына негіз болды.