39. Соғыстан кейінгі бейбіт құрылысқа көшудің ауыртпалықтары. Республика өңіріндегі ядролық сынақтар және олардың зардаптары. Ұлы Отан соғысы жеңіспен аяқталғаннан кейін Қазақстан еңбекшілері бейбіт құрылысқа қайта оралды. Экономиканы бейбітшілік жағдайға бейімдеп қайта құру еңбекшілердің қоғамдық-саяси белсенділігі жағдайында жүргізілді. 1945 жылы қазан айында Алматыда Республиканың 25 жылдығына арналған Қазақстан Жоғары Кеңесінің мерекелік сессиясы болып, оған туысқан республикалардың, Мәскеу мен Ленинградтың делегациялары, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығының озаттары, ғылым мен мәдениет қайраткерлері қатысты. Осы мерекеге орай 5304 адам ордендермен және медальдармен наградталды.
1946 жылы 18 наурызда қабылданған төртінші бесжылдыққа арналған жоспар бойынша соғыстан бүлінген аудандарды қалпына келтіру, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығының соғыстан бұрынғы дәрежесіне жетіп, одан едәуір асып түсу міндеті белгіленді. Сонымен бірге онда Қазақстан экономикасын өрге бастауға үлкен мән берілді.
Республикада ауыр индустрияны жедел дамыту, сондай-ақ, жеңіл және тоқыма өнеркәсібін одан әрі өркендету көзделді. Тұрғын үй құрылысын және қалалар мен жұмысшылардың тұрақты аудандарында мәдени-тұрмыстық орындар жүйесін кеңейтуге ерекше көңіл бөлінді. Өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын өркендету негізінде республика еңбекшілерінің материалдық және мәдени тұрмыс дәрежесін одан әрі көтеру көзделді. Қазақстанға бөлінген күрделі қаржы көлемі одақ бойынша үшiншi орынға шықты. Мұнда күрделі қаржы кәсіпорындарды қалпына келтіруден гөрі бұрынғыларын кеңейтіп, жаңа кәсіпорындар салуға бағытталды. Төртінші бесжылдықта бүкіл елде өнеркәсіп өнімі 1940 жылмен салыстырғанда 40 пайызға өсетін болып белгіленсе, Қазақстанда ол 2,2 есеге арту көзделді. Бесжылдық қорытындысында Қазақстан өнеркәсібінің жалпы өнімі 1940 жылмен салыстырғанда 2,3 есе, оның ішінде көмір шығару 2,5, мүнай-1,5, газ-1,9, электр қуатын өндіру 4,1 есе артты.
Соғыстан кейінгі кезеңде ауыл шаруашылығы артелінің жарғысын бұзушыларға қарсы күрес күшейді. 1946-1947 жылдары колхоздарға қарыздар болып келген мекемелер мен ұйымдардан 214 млн. сом ақша, 540 мың гектаржер қайтарылды. Осы жылдарда ұсақ колхоздарды iрiлендiру шаралары iске асырылып, республикада соғысқа дейiнгi 6400 колхоздан 1950 жылғы қаңтарда 3670 колхоз қалды, олардың жалпы саны 2 есеге жуық қысқарды.
Ауыл шаруашылығының материалдық-техникалык базасы нығайтылды. Төртінші бесжылдықтың аяғына қарай Қазақстан шаруашылықтарында 50 683 трактор, 16 мыңнан астам комбайн, ондаған мың автомашина, шөп шабатын және басқа машиналар істеді. Бұлардың басым көпшілігі ескі, моральдық жағынан да тозып, ескірген техника болатын. Ауыл-селода механизаторлар қатары өсіп, МТС қызметкерлерінің жыл сайынғы орташа саны 10 мың адамға көбейді.
1948 жылы республикада ауылдар мен селоларды жаппай электрлендіру жорығы басталды. Сөйтіп, төртінші бесжылдық тұсында 752 колхоз, 317 МТС, 164 совхоз және 193 селолық аудан орталықтары электрленді. Селолық электр станцияларының қуаты 1945 жылмен салыстырғанда 2,8 есе өсті.
1946 жылы қуаңшылық болып, астық шықпай, халық азық-түлік тапшылығының зардабын шекті. Колхоз, совхоз, МТС-тардағы техника ескірген, еңбек өнімділігі төмен еді. Ауыл шаруашылығының әртүрлі жарғысын бұзушылық етек алды. Колхоздардың меншігі талан-таражға түсті. Колхозшыларға еңбек күнге өнім бөлінбеді. Олардың еңбекке ынталылығы төмен болды. Осыған байланысты әкімшіл-әміршіл жүйе қатал саясат жүргізіп, село түрғындарын мәжбүрлікте ұстады. Олардың саяси құқықтары аяқ асты етіліп, туған жерлерінен кетуіне тыйым салынды. Еңбек ақы төлеуде теңгермешілік орын алды. Колхоздарда, совхоздарда өндірілген астықтың тұқымдық қордан басқасы мемлекетке дайындық қорына алынды. Колхозшылардың, совхоз жұмысшыларының жеке шаруашылықтарынан ет, сүт, жүн дайындау жүргізілді. Ауыл-селодағы мұндай ауыр жағдайды өзгерту мәселесіне 50-жылдардың орта шеніне дейін көңіл бөлінген жоқ. Сайып келгенде, өнеркәсіпті қалпына келтіру, оны жаңа деңгейге көтеру ауыл-селоны қанау есебінен іске асты.
1946 жылы республикада Ғылым академиясы құрылып, оның президенттігіне көрнекті ғалым, академик Қ. И. Сәтбаев сайланды. Осы жылдарда Ақтөбе, Гурьев, Қарағанды, Қостанай, Петропавл, Шымкент екi жылдық мұғалімдер институттары жоғары бiлiм беретiн педагогикалық институттар болып қайта құрылды.
Жалпыға бірдей жетіжылдық білім беру туралы Заң одан әрі жүзеге асырылды. 1952 жылдың аяғында Қазақстанда жалпыға білім беретін 9 мыңдай мектеп, 125 техникум мен арнаулы оқу орны жұмыс істеді, бұларда 1,5 млн. адам оқыды. Алайда, мектептердiң материалдық жағдайы онша болған жоқ. Олардың көпшiлігiнiң ғимараты болмады. Сондықтан оларға ғимарат салу, мектептердің ескірген, тозған үйлерін жөндеуге халықтың, село мен қала еңбекшілерінің тарапынан үлкен көмек көрсетілді. Сонымен бірге олар клуб, кітапханаларға да жәрдемдесті. Кітап қорларын толықтыру үшін кітап, радиоқабылдағыш, т.б. мәдени құралдарды жинап берді.
Алайда, бұл кезде Казақстанның мәдениеті, әдебиеті, ғылымның одан әрі дамуына ХХ ғ. 50-ші жылдардың басында өзінің шырқауына жеткен тоталитарлық социализм идеологиясы кері әсерін тигізді. Әсіресе БК/б/П Орталық Комитетінің "Звезда" және "Ленинград" журналдары туралы /1946 ж. 14 тамыз/ қаулысы басқаша ойлайтын адамдарды қудалаудың жаңа науқанын ашып берді. Қазақстан партия комитеттері де өз жұмысын осы қаулының ағымына құрды. Республика Компартиясы Орталық Комитетінің 1947 ж. наурызда өткен пленумы төменгi партия ұйымдарынан Қазақстан тарихын жазудағы, әдебиет пен өнердегі саяси қателер мен ұлтшылдық бұрмалауға қарсы большевиктік сынды кеңінен өрістетіп, БК/б/П Орталық Комитетінің идеологиялық мәселелер жөніндегі қаулыларын сөзсіз орындауды талап етті.