Одағай - сөз табы. Одағай сөздер көбінесе адам сезімінің алуан түрлі күйін білдіретін дыбыстар сияқты болып келеді. Олар жұртшылыққа әбден түсінікті болып қалыптасқандықтан, жай ғана дыбыстардың қатарынан шығып, белгілі сөзге айналған. Мысалы: Уау, жігіттер-ау, бұл қалай? (Ғ. Сланов); Па, сабаз, мал болғаныңа! (бұ да); Түу, қандай тымырсық түн (бұ да); Е, жолдас, жақсы жатып, жай тұрдыңыз ба? (С. Мұқанов) дегендердегі уау, па, түу, е деген одағайлар үйреншікті сөздерге айналып, жұрттың бәріне түсінікті болып кеткен.
Одағайлар — өз алдына ерекшеліктері бар сөздер. Ал ол ерекшеліктері мыналар:
1. Одағай сөздердің мағыналары адамның әр түрлі сезімімен байланысты шығатын дыбыстық ишараттарды білдіреді. Мысалы: Мұны бастап жүрген кім екен, ә? (Ә. Әбішев); Япырмау,жастық деген қандай қызық? (Ғ.Сланов) дегендердердегі ә, япырмау сөздер — одағайлар.
2. Адамның көңіл күйі құбылмалы болатындықтан, одағай сөздердің көпшілігінің мағыналары да құбылмалы, ауыспалы демек, көп мағыналы болып келеді.
3. Одағай сөздер сөйлемнің басқа мүшелерімен грамматикалық жағынан байланыспайды, олай болса, өзі жарыса айтылған сөйлемнің мүшесі болмайды.
Одағайлар негізгі және туынды болып екіге бөлінеді.Негізігі одағайларға: ау, па, ей, әй, е, уа, уау, уай, я, пай, ә, о, оһо, ой, ие, аһа, ау, беу дегендер жатады. Бұл одағайлар қайталанып қолданылмайды. Туынды одағайларға: мәссаған, бәрекелді, әттегенай, жаракімалла, масқарай, о тоба, астапыралла, япырмай, ойпырмай, о дариға ... сияқтағандар жатады.
Бұйрық, сұрау мәнді сөздер (кәне, кәнеки, ал, әйда). Мысалы: Кәне, коллектив боламыз дегендерің қол көтеріңдер (Б.Майлин).
Жануарға арнап айтылатын одағайлар төрт түлік мал, ит, мысық сияқтанған үй айуандарын жемге шақыру, айдау, үркіту т. б. мақсатымен қолданылған сөздер мен тіркестер жатады. Мысалы: түйеге: көс, көс! сорап, сорап!'қош-қош!" қой мен ешкіге: пфша (пішә), құрау-құрау! шәйт! шек! шеге, шеге! жылқыға: моһ, моһ! тәк, тәк! құрау, құрау! құр, құр! ит пен мысыққа: кә, кәһ! күшім, күшім! мышы-мышы! пырс!
Достарыңызбен бөлісу: |