Кәсіби өзін – өзі анықтау – адамның өз кәсіби қабілеттерінің даму деңгейі мен бағытын ұғынуы.
Кәсіби өзін – өзі анықтаудың басты ( ізгі ) мақсаты – адамдағы өз даму келешегін өз бетінше саналы түрде жоспарлауға және оны іске асыруға деген іштей дайындықтың бірте-бірте қалыптасуы.
Күнделікті өмірімізде жетістік, жетістікке жеткен адам кім? деген сұрақты өзімізге қоямыз. Жетістікке барлық адамдар болмаса да көпшілігі жеткісі келеді. Жетістікке жету туралы Шығыс және Батыс мәдениетінде әр түрлі түсініктер қалыптасқан.
Батыс мәдениетінде – бұл мақсатқа жету мәдениеті, адам іс-әрекет жасау керек, яғни ертеңгі жаңа асуларды алу үшін сен дәл қазір іс-әрекет жасау керексің дегені. Мақсатқа жету дегеніміз құмарлық, жеңіске жетіп жаңа асуларды алуға деген құлшыныс, оның рахатына бөлену.
Нағыз жетістікке жеткен адамның өмірін құрайтындар осы. «Жетер, күттік – енді қимылдау керек!» деген оның, яғни жетістікке жеткісі келетін адамның ұраны осындай. Бұл жетістіктің басқа да жағы бар екенін біз жақсы біліп алуымыз керек, үнемі жанталасқа түсіп, іс-әрекетіміздің «бітпейтін әрекетке» айналуы адамға көптеген зардап шектіруі мүмкін.
Тұлғаның дамуы барлық салаларда толығымен үйлесімділік табуы қажет. Ішкі бастаулар сыртқы дамуды анықтайды, тартады. Жетістікке жету неден басталады? Әлемдегі ең атақты бизнесмен, миллиардер Уоррен Баффеттің ережелеріне сүйенсек, ең бірінші тұлғаның өзінен басталады. Яғни, өз-өзіңді өзгертуден, жетілдіруден. Нағыз шынайы байлық – бұл біздің талантымыз, осы талантымызды дамытуға деген қабілеттіліктеріміз. Олар біздің ішкі жан дүниемізде жатыр, олар әр уақытта дамиды, көрінеді. Бұл байлығымыз толығымен дамуы және көрінуі үшін ішкі жан дүниеміздегі ұмтылыстар мен ниет, тілегімізбен үйлесімді түрде дамуы керек. Тілек, ниетіміз іштей қарама-қайшылықта, ойымыз басқа, ал ішкі ұмтылыстарымыз тіптен басқа болуына жол бермеу керек. Жетістікке жету – тұлғаның өмірдегі үйлесімді дамуы болып табылады.Тұлғаның потенциалды мүмкіндіктерін оңтайландырудың басты жағдайы – белсенділік белгілі бір іс-әрекет түріне бағыттылық.
Оқу іс-әрекетінің мотивтерін төмендегідей анықтауға болады:
1. білім алуға бағыттылық;
2. мамандық алуға бағыттылық;
3. диплом алуға бағыттылық.
Ерлер арасында мамандық алуға, ал әйелдер арасында – диплом алуға бағыттылық жоғары.
Оқушылардың психологиялық мүмкіндіктері (16-20 жас аралығы):
1. ақыл-ойының, адами қарым-қатынасының жетілуі;
2. көзі ашық, дүниетанымы қалыптасқан;
3. жаңаны сезіну – батылдық, шешімділік;
4. дербестілік, тік мінезділік;
5. сыншылдық, өз-өзіне сын көзбен қарау;
6. таным мен интеллектуалды мүмкіндіктердің шыңырау шегі;
7. мақсаттылық, шешімділік, табандылық, бастамашылдық;
8. жауапты шешімдерді қабылдау: мамандықты таңдау және меңгеру;
9. өмір сүру стилі мен орнын таңдау;
10. өмірлік жарын таңдау, өз жанұясын құру, белсенділік;
11. сәйкестік кризисі: әлеуметтік және индивидуалды тұлғалық таңдаулар мен өзіндік анықтаудың пайда болуы;
12. профессионалды ойлау мен профессионалды құзыреттің қалыптасуының ең тиімді кезеңі;
13. мінез-құлық, интеллект, бағалы бағдарлардың қалыптасуының ортаңғы кезеңі.
Жетістікке жеткен адамға» тән он қасиет:
1. «Жетістікке жеткен адам» барлық мүмкіндіктерді қарастырады, ал жетістікке жеткісі келмейтіндер түрлі сылтаулар ойлап табады.
2. «Жетістікке жеткен адам» іс әрекет жасайды, жетістікке жеткісі келмейтіндер бүгінгі істі ертеңге қалдырады.
3. «Жетістікке жеткен адам» биіктерге ұмтылады, жетістікке жеткісі келмейтіндер барына қанағат етіп отыра береді.
4. «Жетістікке жеткен адам» алған бетінен қайтпайды, жетістікке жеткісі келмейтіндер бір рет жолы болмай қалса, тауы шағылып қалады, қателік жасап қоям ба деп қорқақтайды, қайтадан ұмтылғысы келмейді.
5. «Жетістікке жеткен адам» жеке өзіндік, өмірлік мотивтері бар, жетістікке жеткісі келмейтіндерге мотивацияны ойлап табу керек.
6. «Жетістікке жеткен адам» тәуекелшіл, тәуекелге бара алады, жетістікке жеткісі келмейтіндер тәуекелге баруға қорқады.
7. «Жетістікке жеткен адам» шыдамды, толерантты, өз мақсатына ұзақ уақыт болса да жетуге тырысады, жетістікке жеткісі келмейтіндер ол барлығына бірден және тез арада ие болғысы келеді.
8. «Жетістікке жеткен адам» әйтеуір бір өз дегеніме жетемін, алған бетінен қайтпайтын қайсарлық танытса, жетістікке жеткісі келмейтіндер тез тауы шағылатындар.
9. «Жетістікке жеткен адам» өзіне сенеді, барлық адамдарға сенімділікпен қарайды, жетістікке жеткісі келмейтіндер басқа адамдардың сөзіне сенеді.
10, «Жетістікке жеткен адам» асқақ армандарға, биік мақсаттарға ұмтылады, жетістікке жеткісі келмейтіндер ұсақ-түйек мақсаттармен шектеледі.
Жетістік дегеніміз – рухани әрі дене қуатын бір мақсатқа бағыттау, сол мақсатқа жету. Қандай да бір істі тындырымды да тыңғылықты істеу де өз алдына жетістік. Ойдағыдай істелген іс, жоспарланғандай атқарылған жұмыс, мұрат етілгендей орындалған арман – жетістіктің нақ өзі. Бұл көзді қаншалықты аршыған адам өмірде соншалықты бақыт табады. Адамның шаттыққа оранып, құмарлана өмірден ләззәт алатын, қуанышқа бөленіп, рахаттана шат-шадыман болатын бақытқа жету жолдарының бірі – осынау жетістік.
Жағдайдың болмауы, қаржы тапшылығы жетістікке кері әсерін тигізбей қоймайды. Дегенмен, бұл жетістікке кедергі емес, сылтау ғана. Айталық, Моцарттың дүниеде ең үздік болуына оның кедейшілік өмірі кедергі бола алмаған.
Адамның өзіне деген ішікі сенімі барлық нәрсені жеңе алады. Іші қуыстанып тұрып жетістікке жетем деу бос әурешілік. Басқаға жалтақтау, өзгенің көмегіне сену, әке-шешеге иек арту келешекте басқа үлкен қайғы әкеледі. Өйткені, ер жеткенде жалтақтайтын ешкім болмай қалады, өзіңе, тек өзіңе ғана бағыт бере алмақсың.
Еңбектенбей жетістікке жету мүмкін емес. Кісі еңбегі – оның маңдай тері. Еңбек тынымысыз үнемі болып тұрса ғана табыс үзілмейді. Кім қандай биікке жетсе – ол оның еңбегінің арқасы.
Адам баласы өмірде жемісті ғұмыр кешуді, әрі бақытты болуды армандайтыны шындық. Табысты жұмыс жасасам, аңсаған арманыма жетсем деп тілейді. Алға қойылған мақсаттарының орындалуын көксейді. Ал осы үшін әрекет жасайды, тірлік қылады. Дегенмен, әркім әрқашан діттеген жерінен шыға алмайды, көксегені де орындала бермейді. Содан барып кейбіреулер тағдырға шағынады. Тіпті жолым байланып қалған деушілер де көптеп кездесіп жатады. Осындай көзқарастардың илеуінде кетіп, тағдырдың тәлкегіне ғана көнуді жол тұтып, алға мақсат қоймай ғұмыр кешетіндер де баршылық. Шынымен де адам тағдыр жолымен жүреді, бірақ та тағдырды ағыс бойымен жүзіп жатқан кеме ретінде санасақ, ішіндегі адам кеменің сол жаққа (бұрыс жолға) немесе оң жаққа (дұрыс жолға) бұрылатынын таңдап, қадағалай алады. Сонымен, адам таңдау жасай алады, дегенмен, жетістікке жете алады. Ал жетістікке жету үшін оның не екенін білуі керек және оған қалай жетуге болатынын білуі керек.
Жетістікке жету жолындағы ұстанымдар:
1. Алдына мақсат қою;
2. Сені жетістік күтіп тұрғанына үміттену;
3. Іске дайын болу;
4. Адымыңды анық басу;
5. Алға ұмтылу;
6. Қорықпау, күмәнданбау;
7. Көңіліңді тоқ ұстау;
8. Жаңашыл болу;
9. Басқалармен кеңесу;
10. Тәуелсіз болу;
11. Біртұтасты бөлшектеу;
12. Жетістіктеріңнің қайдан келуін ұмытпа
Жетісітікке жету үшін:
1. Өз потенциалыңды білу;
2. Өзіңе шектеу қоймау;
3. Өзіңді мойындату;
4. Сезіміңді сыйлау;
5. Әдетке айналдыру;
6. Құндылықтарыңды тану.
«Мотивациялық аяның бағыныстылық құрылымы тұлғаның бағыттылығын анықтайды, ал тұлға бағыттылығы өз мазмұны мен құрылысы бойынша қай түрткілер үстем болса, соған байланысты түрлі сипатқа ие». Ал білім дәрежесі оқушылардың үлгерімі арқылы анықталады. Ол көптеген әлеуметтік-психологиялық және әлеуметтік-педагогикалық факторлардан, сонымен қатар жеке оқушылардың тұлғасының психофизикалық мінездемесіне байланысты болады.
Оқушылардың алғаш оқу орнына білім алуға ұмтылуы оның жеке тұлға ретінде қалыптасуына, ішкі позициясын өзгеруіне әкеліп соғады. Ішкі позиция — баланы оқуға ынталандырады. Алғаш оқу орына барған бала, енді өз алдына үлкен міндеттемелердің бар екенін сезіне бастайды. Ол мұғалімнің оқушыларға қоятын талабы ата-ананың қадағалауы және т.б. Еркін ойнап өскен бала бұл талаптарды алып кете алмауы да мүмкін, осындай эмоцияларды сәтсіздікке ұшыраған (өзінің құрдастарымен қарым-қатынасы, педагог, ата-ананың нашар қатынасы) ішкі позициясы үрейлі, қорқыныш тудырады.
Қорқыныш — бала өміріне және сәттіліктеріне төніп тұрған қауіптің мидағы бейнесі.
Мазасыздық – қорқынышты эмоционалды түрде сезіну. Мазасыздану сезіміне алып келетін қорқу мынадай себептерге байланысты болады: өз қатарларымен дұрыс қатынаста болмау, ата-анасының өзара конфликті болуы психикалық травма алуы, ата-ана тарапынан қатал тәртіп т.б. Бұл баланың тіпті ортамен араласпай тұйық болуына немесе ызыланғыш, ашушаң болуына әкеліп соғады. Үрей, қорқыныш сезімдерін жою үшін кейбір психологтарымыз баланы мадақтау жоғары бағалау керек деген пікір айтады. Сонымен катар, мазасыздану типіндегі эмоционалды сәтсіздік өзіндік бағалауы жоғары балаларда бақыланған. Олар «ең жақсы» оқушылардың болуға, немесе ұжымда ең жоғарғы деңгей алуға үміттенді, яғни өз талаптарын жүзеге асыру үшін шындығында мүмкіндігі болмаса да анықталған сапаларда жоғары талаптанулар болған.
Отандық психологтар балалардағы адекватсыз жоғары бағалау бұрыс тәрбие, бала сәттілігін үлкендердің асыра бағалауы, асыра мақтау, оның жетістіктерін асырып айту нәтижесінде қалыптасады деп санайды.
Қоршағандардың жоғары бағасы және соған негізделген өзіндік баға балаға ұнайды. Бірақ, бала бар күшімен өзінің жоғары өзіндік бағасын ақтап қалуға тырысады, өйткені ол оған өзін сыйлауды, өзіне жақсы қатынасын қамтамасыз етеді. Соған қарамастан, бұл балаға әрқашан сәтті бола бермейді. Оқудағы жоғары деңгейдегі жетістікке үміттене отырып, ол дегеніне жету үшін жеткілікті дағды, білімге ие болмауы мүмкін, мінездің кері сапалары және белгілері оқу жағдайы, құрбылар арасындағы керекті жағдайды алуына мүмкіндік бермейді. Осы арқылы жоғарғы талаптанулар және нақты мүмкіндіктер арасында қарама қарсылық ауыр эмоциялық күйге алып келуі мүмкін.
Қажеттілігінің қанағаттанбауын бала санасында сәтсіздікті, сенімсіздікті мойындауды және өзін сыйлауды жоғалтуға мүмкіндік бермейтін қорғаныс механизмдерін өндіреді. Ол басқа адамдардан өз сәтсіздігінің негізін табуға тырысады: ата-анасынан, жолдастарынан. Сәтсіздіктің себебі оның өзінде екенін мойындамауға тырысады, оның жетіспеушілігіне нұсқайтындардың барлығымен қақтығысқа түседі, тітіркендіргіштік, өкпелегіштік, агрессивтілік танытады.
М.С.Неймарк мұны «адекватсыздық аффектісі» — «өзін өз әлсіздігінен қорғауға өткір эмоциялық ұмтылу, кез-келген тәсілмен санада өзіне сенімсіздікке жол бермей, шындықтан қол үзу, баршадан және барлығынан тітіркену және ызалану».
Мұндай күй созылмалы болуы мүмкін және айлар мен жылдарға созылуы мүмкін. Өзін нығайтуға күшті қажеттілік бұл күндердегі қызығушылық тек өзіне бағытталуына алып келеді Көп жылдар зерттеулердің нәтижесінде ғалымдар оқушылардың оқу қызметі және оның табыстылығы туралы айтқанда жеке тұлғаның интелектуалдық дәрежесінің басты рөлде екенін көрсетті. Әрине, бұл фактордың мәнін бағаламауға болмайды.
Бірақ, бүгінгі күні білім алушылардың үлгерімі басқа да факторларға байланысты екенінде күманданудың қажеті жоқ. Жоғары оқу орындары оқушылардың білімдерінің үлгеріміне көптеген факторлар әсер етеді: әл-ауқаты, денсаулық жағдайы, жасы, отбасылық жағдайы, жоғары оқу орнына дейінгі дайындық деңгейі, өзін-өзі ұйымдастыру дағдысы, өз қызметін ұйымдастыру және қадағалауы, жоғары оқу орнын таңдау, білім алу формасы, (күндізгі, сырттай, қашықтықтан және т.б.), жоғары оқу орнының білім алу процесінің ұйымдастырылуы, жоғары оқу орнының материалдық базасы, қызмет көрсетушілер мен оқытушылардың біліктілік деңгейі, жоғары оқу орнының абыройы және де оқушылардың жеке психологиялық ерекшелігі.
Дегенмен тұлғаның кез-келген мотиві оның жас ерекшелігі мен қажеттіліктеріне сәйкес үнемі өзгеріп отырады. А.К. Марков оқушылардың оқу мотивациясының қалыптасуы оқушылардың алдыңғы үнемі өзгеретін және жаңарып отыратын оқуға деген мотивтеріне (білімнің адам үшін мәнділігі, білімнің адамға қажеттілігі, оқуға талпынысы, оқудағы мақсаты) негізделеді деп көрсеткен.
Сондықтан тұлға бойында көрініс табатын мотивтер тек жас ерекшелік қажеттіліктеріне сай құрылады деген қате пікір, ол тұлғаның қарым қатынас жүйесіндегі ерте кезде көрініс тапқан мотивтер иерархиясына да тікелей байланысты. Нақты осы ертеде көрініс тапқан мотивтер негізінде тұлғада оқуға, өмірге қатысты жағымды немесе жағымсыз мотивтер қалыптасады. Қорыта айтқанда, оқушы шақ — өмірлік, болашақ көзқарасының құрылуының шешуші кезеңі. Сондықтан да, дәл осы уақытта эмоционалды жеке адамдық алғышарттары жетіледі, өмірлік көзқарасты іздестіруі жастардың өзіне бағдарлауды, өзінің жекелігін сезінуді, әлеуметтік жалпылықтың элементі, өзінің болашақ әлеуметтік жағдайының талдануы және оған жету тәсілдерін таңдауы кіреді.
Осы ізденіс барысында оқушылардың жеке өзінің бар екенін және адамзаттың даму перспективасының мағынасын жаңғыртады. Оқушы шақтағы жастардың сипаттамасы — өмірлік болашақтың жоспары. Болашақтың жоспары бір жағынан жеке адамның өзінің алдына қойған мақсаттарының жалпылық нәтижесінде, жекелікке ұмтылатын құндылық бағдарланудың тұрақты ядросының құрылуын қарастырады. Екінші жағынан, мақсат пен мотивтердің нақтылануы.
Жеке адам дамуының бас кезінде адамның физикалық тұрғыда жетілуі ғана емес, сонымен қатар тұлғалық белсенділігі мен интеллектуалдық және моральдық көрсеткіштерінің де жан-жақты дамуымен сипатталады. Оқушылар тұлғасының қалыптасуына, өз ортасы, оқу орны, оқытушылар мен ата-аналар қарым-қатынасынан туындайтын ішкі және сыртқы жағдайларда үлкен әсерін тигізеді.