Дулатта: Айбарлы ақ ордада (23-б.Өсиетнама);
Махамбетте: Хандар кірген ақ орда; Дулатта: Атадан қалған ақ сауыт,
Арамға әбден былғанды
Басшысы жоқ сорлы елдің
Малы мен басы ылғанды (40-б.).
Махамбетте: Атадан қалған сауыттың Шығыршығын тот басар,
Жыртыла тозса жағасы (М.95).
Қолданысы аз, Махамбет өлеңдерінде ұшырастыратын нәмарт сөзін Шәкәрімнен кездестіру де көңіл аударарлық факт:
Шеберлікке бет қойдым,
Сурет жасап түр ойдым,
Ұқсамас емес бұл ойдың
Түбі олақ нәмартқа (Иманым,62-б.).
Махамбетте: Шаппаған нәмарт оңар ма? - Бұл келтірілген мысалдардағы сөздер екі ақында да тек бір мағынада қолданылып тұр. Жігерсіз, жасық мағынасын білдіретін бұл сөз - жасалуы жағынан бөлек қолданыс.
Махамбет тілі туралы: «Ақын поэзиясының тілі лексикалық ерекшеліктерсіз емес. Мысалы, толағай, марай, керіскендей, шандоз, нәмарт, ереулі, мінкен, кәдіре, еңку, адырна секілді мағынасы көмескі сөздермен қатар морфологиялық ерекшелігі бар біраз сөздер байқалады», - дейді Е.Жанпейісов (Е.Жанпейісов.Қазақ прозасының тілі.-Алматы,1968,42-б.). Сондай сөздердің бірі Махамбеттегі еріскен сөзі де әр басылымда әр түрлі жазылып (кейде еріккен түрінде) жүрген сөз. Бұл сөздің мағынасын ашу үшін Р.Сыздық: «Еріскен сөзін ақын екі-үш жерде қолданады. ...Диалектолог мамандардың айтуына қарағанда, ерісу – Орал, Атырау, Маңғыстау, Орынбор өлкелерінле «ерегісу, керісу» мағынасында қолданылатын диалектизм. Бұл тұлғаны әдеби нормадағы егесу дегеннің бір варианты деуге болады», - деп көрсетеді (Р.Сыздық. Махамбеттің әр сөзін түсініп оқысақ// Махамбет батыр. - Алматы: Арыс, 2004, 258-б.).Мұндай сөздердің қатарына сой, сойлы, кескекті сөздері де қосылады.
Құйқылжыта құла жирен ат мінген, Құйрық, жалын шарт түйген, Мен кескекті ердің сойымын, Кескілеспей бір басылман, - деген жолдағы кескекті ер тіркесінің мағынасы күңгірт, түсініксіз. Кескек, кескекті сөзінің Махамбет контексіне тән мағынаға жуық қолданысын Ә. Жақыповтың «Түйе өсірушінің түсіндірме сөздігінен» (Алматы, Қайнар,1989,192-б.) кездестіруге болады: «Кескек – жас түйелерді, көбіне тайлақ кезінде бас білдіру үшін қолданылатын жұмыр таяқша. Бас білдіру үшін мұрындықталған түйе әрісі екі жетіден соң, қайта ұсталып, мұрындық бүлдіргісіне екі құлаштай мықты таяқша байлап, оны түйе үстіндегі бас білдіруші кісіге ұстатып шөгеріп, тіздеген орнынан барлық жіптен босатады да, түйені тұрғызып жібереді. Үстіндегі адам түйені сол кескек арқылы басқарып, бағыттап отырады. Сөйтіп, ақыры бас білдіреді» (97-б.). Яғни, қолына бас білдіру үшін қару (бұл жерде таяқ) ұстаған, ер үстінен (астына ерттеген, ері бар ат, арғымақ (түйе) мінген) ер азамат, бас білдіруші, қолбасшылық жасаушы мағынасын аңғаруға болады. Ер үстіне орнатылған бас білдіру үшін пайдаланылатын таяқшасы (құрал) ол заттың шыққан тегіне, затына нұсқайтын кескекті ер тіркесі сөз-образ қалпында жұмсалып тұрғаны анық. Басқаларға бас болып, билігін жүргізетін, бағыттап отыратын ер бейнесі (қолында билігі бар, ел басқара алатын, қолбасшылық жасаушы) осылайша сомдалған. Мұндағы сой сөзі «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» (Алматы: Ғылым, 1961, 2-т.,269б.) шығу тегі, заты мағынасын береді деп түсіндіріледі. Бұл пікірді Р. Сыздық та қолдайды. Әрине, бұл қолданысты ақсұңқар құс секілді тектілердің тұқымынанмын деп ұғынуға болады. Сойдың Махамбет қолданысында мықты, берік, нағыздың өзі деген (нағыздың нағызы деген оралым жиі қолданылады, біреуге таң қалғанда, сүйсінгенде айтылады) мағынасы басымырақ. Өйткені, Мен ақ сұңқар құстың сойы едім, Шамырқансам тағы кетермін... - дегенде, кескілеспей басылмау-да айтқанын орындамай қоймайтын, дегенін істеу үшін жанын қиюға баратын дінінің беріктігін, мықтылығын түсінеміз. Р.Сыздық мұны ерекше сөздің қатарына жатқызады. Қазіргі түрік тілінде 6 мағынада жұмсалатын сой сөзі қазақ тілінде тек, нәсіл мағынасында қолданылады деп есептейтінін айта келіп: «Махамбет ...батырлықтың да өзге асыл қасиеттер сияқты негізі, тегі (сойы) болу керек және бұл негізді физиологиядан гөрі, адамның ата тегі қасиетінен, алған тәрбиесінен іздеген болуы керек», - деген ой айтады. Бірақ бұл сойлы сөзінің беретін мағынасына көбірек жуықтайды. Ал сойдың біз айтып кеткендей, контекстегі мағынасының коннотациясы мықты, берік, нағызға жуығырақ. Бұл сөздің таралым аймағының өте кең, Қазақстанның батысы мен шығысының аралығындағы алып кеңістікті алып жатыр, өйткені сойлы-ны Дулат тілінен де ұшыратуға болады.
Махамбетте мағынасы күңгірт дара тұлғалы сөздер көп. ХҮ-ХҮІІІ ғғ. жыраулар тіліндегі қарындас сөзі «ер адамның жасы кіші әйел жынысты туысқаны және жалпы ер адамға байланысты айтылғандағы жасы кіші әйелдің атауы» мағынасында емес, көне мағынасы «ағайын, туысқан адам, бір жұрттың адамы» мәнінде жұмсалғаны белгілі. Сол сияқты мағынасы күңгірт емсеу, жемсеу, алаулау, еп, орнық, т.б. сөздер кездеседі. Дегенмен де Махамбетте, Дулатта мағынасы күңгірттенген сөздермен келетін тіркестер дара тұлғалы сөздерден де көп. Махамбет өлеңдеріндегі мағынасы көмескіленген сөздердің көбінің тұрақты тіркес құрамында келетіні ғалымдар тарапынан айтылып жүр. Мұндай тіркестерге: ереуіл атқа ер салмай, қу толағай бастанбай, кескекті ердің сойы, астана жұрт, аса жұрт, т.б.
Солардың бірі - еңіреу ұлы емшек боз.Емшек боз – бәйгеге түспеген жас сәйгүлік (Ж.Кейкин. Қазақы атаулар мен байламдар. - Алматы:Өлке, 2006, 190-б.). Контекстік мағынасы - әлі жетіле қоймаған, босаң, ерге (батырлыққа) жетпеген. Кәдімгі аузынан ана сүті кетпеген, әлі жетілмеген, шыңдалмаған, бос белбеулеу мағынасындағы боз емшекті біз жиі қолданамыз. Өлең мәтінінде ұйқас үшін боз емшекті емшек боз деп айту заңды құбылыс. Бірақ Ж.Кейкиннің айтуынша, емшек боз деген қазақы атау қолданыста бар.
Ақ сөзі арқылы дәстүрлі тілдік қолданыстардың жасалған: Ақ Жайық, ақ орда, ақ бөпе, ақ сақал, ақ балта, т.б.
Дулат пен батыс өңірінің өкілі Махамбет тілін салыстыру барысында тағы да бірнеше ұқсастықтарды табуға болады:
Дулаттағы: Көл қорыған қызғыштай Сен десе салам байбалам (Өсиетнаме,31-б.)
Махамбеттегі: Ау, қызғыш құс, қызғыш құс, Көл қорыған сен едің, - дегендегі, қызғыш құс қолданысында мазмұндық та, контекстік те, тұлғалық та айырмашылық жоқ. Қызғыш құс Дулат өлеңдерінде бір емес, бірнеше жерде ұшырасады. Барлық жерде де бір мағынада қолданылады. Тек сөз астарына сай бірінде адамның бейнесін қызғыш құс арқылы жасау (кейіптеу) және кәдімгі құс мағынасында жұмсалған. Мұның өзі ертеден белгілі, қалыптасып сіңісті (шаблон) болып кеткен тіркестердің Махамбет пен Дулатта молынан жүруі халықтық тіл элементтерінің өз позициясын жоғалтпай поэзияда ұзақ сақталғанын, жыраулық дәстүрдің жалпыхалықтық сипатын жоймай өміршеңдік білдіргенін көрсетеді.
Дулат өлеңдеріндегі алты қару асыну, алпыс екі айлалы, күпшек сан, т.б. қолданыстардың ауыз әдебиетінен тікелей енгені көрініп тұр. Мұндай қолданыстар поэтикалық тілдің жалпыхалықтығын білдіретін факторға айналған. Осы секілді қолданыстардың кезең-кезеңде кездесуі, әр түрлі өңірден шыққан ақындардың өлеңдерінен табылуы үш түрлі жағдайды анықтауға көмегі тиеді: