1-дәріс Биология пәні. Маңызы. Биология (грекше bios - "өмір"; және logos, "ғылым") - жаратылыстану ғылымдарының бір саласы. Тірі организмдерді және олардың қоршаған ортамен арақатынасын зерттейтін ғылым. Биология жанды нәрселерде тіршіліктің барлық көріністерімен айналысады. Биология ғылымы тірі организмдердің құрылысын, функциясын, өсіп - жетілуін, шығу - тегін, эволюциясы мен Жер бетінде таралуын қарастырады. Бұл ғылым организмдердің классификациясын жасап оларды суреттейді, олардың функцияларына үңіледі, түрлердің қалай пайда болатынын сипаттаумен қатар организмдердің бір - бірімен қатынасын және табиғи ортасымен арақатынасын зерттейді.
“Биология” терминін ғылымға алғаш 1797 ж. неміс ғалымы Т. Руз енгізген. Биология Оңтүстік - шығыс Азия елдерінде (Қытай, Жапония, Үндістан) 6 — 1 ғасырларда дами бастағанымен, тіршілік құбылыстарына жүйелі түрде сипаттама берген грек және римфилософтары мен дәрігерлері болды. Соның ішінде Гиппократ ( 460 — 370) алғаш адам мен жануарлардың анатомиялық және морфологиялық құрылысына жүйелі түрде сипаттама беріп, оларда болатын түрлі аурулардың қалыптасуындағы сыртқы орта мен тұқым қуалаушылықтың рөлін атап көрсеткен. Аристотель ( 384 — 322) өз еңбектерінде жануарларды құрылысы мен тіршілік әрекеттеріне қарай 4 топқа бөлді. Сонымен қатар адамның анатомиялық - морфологиялық құрылыс ерекшеліктерін, ой - өрісінің дамуын да зерттеді.
Анатомиялық зерттеулер жүргізу арқылы адамның ішкі мүшелерін, көздің тор қабығын сипаттап жазған александриялық ғалымдар: Герофил (300 ж. ш. т.) алғаш рет артерия және вена қан тамырларының арасындағы айырмашылықты ажыратса, ал Эрасистрат ( 300 — 240) мидың құрылысына сипаттама берген. Римдік Гай Плиний ( 24 — 79) құрастырған “Табиғи тарих” атты 37 томдық энциклопедия орта ғасырға дейін табиғат жайлы білімдердің негізгі қайнар көзі болып келді. Көне заманның тағы бір ұлы зерттеушісі К. Гален сүтқоректілерге көптеген тәжірибелер жүргізіп, олардың орталық және шеткі жүйке жүйесі жайлы құнды мәліметтер қалдырып, анатомия мен физиологияның дамуына үлкен ықпалын тигізді.
Қазірде биологияның барлық тармақтарын біріктіретін бес принцип бар.
Жасуша теориясы. Жасушаға қатысы бар нәрсенің бәрін зерттейтін ілім. Барша тірі организмдер ең кемінде бір жасушадан, күллі жандылардағы функциялаудың бірлігінен, тұрады. Сонымен қатар барлық тірі организмдерде жасушаның маңызды механизмдері мен химиясы ұқсас келеді және жаңа жасушалар тек бұрынғы жасушалардың бөлінуінен пайда болады. Жасуша теориясы жасушалардың қалай пайда болатынын, қалай көбейетінін, қоршаған ортасымен қалай араласатынын, олардың қандай заттардан құралатынын, жасушаның құрамдас бөліктерінің қалай жұмыс атқаратынын және жасушаның басқа бөлімдерімен қалай қатынаста болатыны сияқты мәселелерді қамтиды.
Эволюция. Популяциялардың тұқым қуалайтын қасиеттері ұрпақтан - ұрпаққа табиғи сұрыпталу мен генетикалық дрифт нәтижесінде өзгеріске ұшырайды.
Ген теориясы. Тірі организмнің сипаттары мен белгілері геннің түпкі компонентінде - оның ДНҚ - сында генетикалық код түрінде жазылған. Және белгілі бір организмгетән сипаттар осы гендер арқылы бір ұрпақтан келесі ұрпаққа өтіп отырады. Барлық мәлімет генотиптен организмнің көзге байқалатын, яғни көрінетін физикалық немесе химиялық ерекшеліктері - фенотипте көрініс табады. Ген экспрессиясы арқылы пайда болған фенотип организмнің қоршаған ортасына қарай бейімделуі мүмкін. Алайда мұндай жағдайда жаңа мәлімет гендерге қарай кері бармайды. Гендер қоршаған ортаға жауап ретінде тек эволюция процессі арқылы өзгереді.
Гомеостаз. Организмнің қоршаған ортаға қарамастан өзінің ішкі ортасын қалыпты жағдайын ұстап тұруға бағытталған физиологиялық процесс.
Организмнің өзін - өзі ұстауы. Барлық жанды нәрселер стимул - жауап қасиетіне ие.
Көптеген биологиялық ғылымдар өздеріне тән ерекшеліктері бар арнайы ілімдер. Әдеттегідей олар зерттелетін тірі организмдерге байланысты ботаника - өсімдіктер ғылымы, зоология - жануарлар ғылымы және микробиология - микроорганизмдер ғылымы болып жіктеледі.
Биология салалары одан әрі қарай организмдердің зерттелу ауқымдылығы мен зерттеу әдістеріне қарай бөлінеді.
Биохимия - тіршіліктің химиялық негізі ілімі;
Молекуляр биология - биологиялық молекулалар жүйелерінің бір - бірімен күрделі арақатынастарын зерттейді;
Жасуша биологиясы - барлық жанды нәрселердің құрушы бөлігі - жасушаны зерттейді;
Физиология - организмнің ұлпалары мен мүшелерінің химиялық және физикалық функциясын қарастырады;
Экология - әртүрлі организмдердің қоршаған орталарымен байланысын саралайтын ілім.
Зоология - Жануарлар әлемін зерттейтін ғылым.
Орнитология - зоология ғылымының құстарды зерттейтін саласы.