Теориялық материалдарды оқыту бөлімі Теориялық мағлұматтың көлемі мен мазмұны жалпы педагогикалық қағидалармен (жүйелілік, ұғынықтылық т.с.с.) анықталады, бұлар оқу мақсатына, оқушылар тобының ерекшеліктеріне байланысты төрт топқа бөлінеді:
1. Дене тәрбиесінің әлеуметтік қажеттілігі туралы ( денсаулықты нығайту, жұмысқа біліктілігін арттыру т.б.). Бірінші сабаққа келген күннен бастап жаттығушыларға дене жаттығуларының адам ағзасына әсері, пайдасы, керектігі туралы айту керек. Дене жаттығуларын орындау ең бірінші денсаулықтарын нығайтатынын олар жақсы білуі тиіс. Тек тұрақты, жүйелі дене жаттығуларын орындау ғана адам ағзасының жұмыс қабілеттілігін артыратынын, деңгейін жоғарылататынын олар жақсы білуі, соған ұмтылуы керек. Сонда ғана үйрету үрдісі нәтижелі болады.
2. Дене тәрбиесі жаттығуларын қолдану ережелері туралы мағлұмат (футбол, баскетбол, волейбол ойындарын ойнау ережелері және т.б.). Жаттығу техникасын үйретерден бұрын сол спорт түрінің жарыс ережелері туралы мағлұмат берудің үлкен маңызы бар. Мысалы, волейболдағы шабуыл соққысын үйренер алдында оқушы соққы кезінде торға қолы тимеуі, доп волейбол алаңының ішкі жағына түсуі, тосқауылдан ұшқан доп алаңның сыртына түссе де ұпай санына есептелетіні туралы ережелерді білуі қажет.
3. Медициналық-биологиялық мағлұматтар дене гигиенасы, шынығу, ұйықтау, тамақтану, жаттығу режімдері туралы баяндаулар, әңгімелер түрінде жүргізілуі керек.
4. Үйрететін қимыл-қозғалыс техникасы туралы мағлұмат. Үйренетін жаттығу техникасы, оның қолданылатын жері, жолдары, мақсаты айтылады. Қимыл-әрекетіне үйрену алдында оқушы оның ережелері, адам денесінің қозғалу заңдылықтары, арнайы терминология туралы мағлұматтар алуы керек.
Теориялық мағлұматтарды алу көздері: қимыл тәжірибелігі, арнайы оқулық, сөз және көрнекі қабылдау әдістері, мұғалімнің әрекеті, кино және бейнефильмдер көрсету т.б.
Теориялық мағлұматтарды баяндау кіріспе сабақтар кезінде, сабақтардың кіріспе бөлімінде және оқу материалдарын үйрену кездерінде сабақтың негізгі бөлімінде де жүргізіледі.