Гигиеналық факторлар. Бұл себептерге жататындар: ұйықтау және тамақтану, қозғалыс белсенділігі мен тынығу, дене гигиенасы, массаж т.с.с. Гигиеналық факторлар дене тәрбиесі жаттығуларының бала ағзасына тиімді әсерлерін толықтырады. Дене мүмкіншіліктерін арттыруға жағдай жасайды. Мысалы, дұрыс тамақтану мен ұйқы толық болған кезде ғана дене тәрбиесі жаттығулары ағзаға тиімді әсер береді. Жаттығатын жердің, әр түрлі спорттық жабдықтардың тазалығы әр түрлі микробтар, ағзаға жат жұқпалы таяқшалардың болуына кедергі жасайды, бала ағзасын кездейсоқ аурулардан қорғайды.
Сәби және мектеп жасына дейінгі балалардың дене тәрбиесі міндеттерін дұрыс орындау үшін дене тәрбиесі амалдары дене жаттығуларын, табиғаттың сауықтыру күшін және гигиеналық факторларды кешенді бір-бірлеріне ұштастыра, байланыстыра қолдану қажет.
Сәби және мектеп жасына дейінгі балалардене тәрбиесі сабақтарының, жаттығуларының түрлері Сәби және мектеп жасына дейінгі балалардың дене тәрбиесін дұрыс бағытта қолдану, оның міндеттерін тиімді түрде орындау үшін әр түрлі қозғалыс әрекет түрлерін мақсатты ретте ұйымдастыра білу қажет. Қозғалыс-әрекет түрлерінің негізгілері – мектепке дейінгі мекемелердегі тәрбиешінің, үйдегі ата-аналардың басшылығымен орындалатын күнделікті дене тәрбиесі жаттығулары сабақтары, әр түрлі ойындар және өз бетімен орындалатын балалардың қозғалыс әрекеттері.
Дене тәрбиесі сабақтарының, жаттығуларының негізгі түрлері: таңертеңгілік гимнастика, дене тәрбиесі сабақтары, қозғалмалы ойындар, сергектік сәттері, дене тәрбиесі мерекелері, өз бетімен дене жаттығуларын орындау.
Таңертеңгілік гимнастика. Таңертеңгілік гимнастика бала ағзасын белсенді етуге, жұмыс қабілеттілігін жоғарылатуға, тұлғаның дұрыс түзулігін қалыптастыруға бағытталады. Оның амалдары: қарапайым түрдегі жаттығулар, су процедурасы, шынығу, массаж. Таңертеңгілік гимнастиканың ұзақтығы 2-ден 4 жасқа дейінгі балаларға 5 минөт, 4-тен 5 жасқа дейінгі балаларға 6-8 минөт, 6 жастағы балаларға 8-10 минөтқа созылады. Таңертеңгілік гимнастиканың құрылымы мынандай болуы мүмкін: жүру, жүгіру жаттығулары – қол және иық жаттығулары, кеуде, арқа, іш еттеріне арналған жаттығулар, қысқа жүгіру және ағзаны қалпына келтіретін жүру жаттығулары. Таңертеңгілік гимнастика жаттығулары балаларды жалықтырып жібермеуі үшін 7-10 күнде жаттығулар кешеніне 2-3 жаңа жаттығулар кіргізіп отырған дұрыс болады.
Дене тәрбиесі сабақтары. Дене тәрбиесі сабақтары бала бақшадағы 3-6 жастағы балалармен дене тәрбиесі жұмыстарын жүргізудің негізгі түріне жатады. Сабақтың мақсаттары – жаңа қозғалыстарға үйрету, алдыңғы сабақтарда меңгерген әрекеттерді жетілдіру, дене қасиеттерін тәрбиелеу. Дене тәрбиесі сабағы тәрбиешінің басшылығымен жетісіне 2-3 рет жүргізіледі.
Сабақтың ұзақтығы 3-4 жастағы балаларға 15-20 мин, 4-5 жасқа дейінгі балаларға 20-25 мин, 5-6 жастағы балаларға 25-30 мин созылады. Сабақ үш бөлімге бөлінеді: кіріспе, негізгі, қорытынды. Кіріспе бөлімінің міндеттері - балаларды ұйымдастыру, олардың зейіндерін орындалатын жаттығуларға шоғырландыру, бала ағзасын негізгі бөлімде орындайтын жаттығуларға дайындау, денелерін қыздыру. Кіріспе бөлімде негізінен қозғалыс түріндегі жаттығулар орындалады. Олар: жүру, аяқтың ұшымен, өкшемен жүру, жүгіру, бағытын өзгертіп жүру, жүгіру, ирелеңдеп жүру, заттардың арасымен жүру және т.б.
Сабақтың негізгі бөлімінде балаларға жаңа жаттығулар үйрету, қайталау, алдыңғы сабақтарда өтілген жаттығуларды жетілдіру және дене қасиеттерін тәрбиелеу міндеттері орындалады. Негізгі бөлімде ең алдымен жалпы дене дамыту жаттығулары, жоғарыдан төмен кезектесетін, алдымен қол, иық деңгейі жаттығулары, сонан соң кеуде, аяқ бұлшық ет жаттығулары орындалады. Жалпы дене дамыту жаттығуларынан кейін спорт түрлерінің негізгі қозғалыс түріндегі жаттығулары: жүру, жүгіру, секіру, өрмелеу, лақтыру және тепе-теңдік жаттығулары орындалады. Міндетті түрде негізгі бөлімге балаға физиологиялық және эмоциялық әсер беретін қозғалмалы ойын түрлері кіргізіледі.
Қорытынды бөлімде бала ағзасын қалпына келтіру, босаңсыту жаттығулары беріледі. Берілген жүктемелерді төмендету үшін жүру жаттығулары, тыныс алу жаттығулары, қозғалысы аз қозғалмалы ойындар, ықылас-ынтасы бойынша жаттығулар орындалады.
Бөлімдердің уақыттары мүмкіндігінше мынандай болуы қажет: кіріспе бөлім – 2-6 минөт, негізгі бөлім -15-25 минөт, қорытынды бөлім -2-3 минөт. Әрбір бөлімдердің ұзақтығын қойылған міндеттерге, жаттығушылардың жастарына, дене дайындығына байланысты өзгертуге болады.
Кіріспе бөлім аяқталған кездегі балалардың жүрек соғу жиіліктері 20-25%, негізгі бөлімнен кейін 50%, ал қозғалмалы ойындардан кейін 70-80% немесе 100%-дан аспауы керек. Сабақ аяқталғаннан кейін 2-3 мин кейін баланың жүрек соғу жиілігі бастапқы деңгейге келуге тиісті. 3-4 жастағы балалардың жүктеме тиімділігі, жүрек соғу жиілігі 130-140 соғу/мин, 5-7 жастағы балалардікі 140-150 соғу\мин болады.