1 ДӘріс. Дене мәдениеті және спорттың теориялық негіздері мен дене тәрбиесі жүйесі Жоспары


Бастауыш сынып оқушылары дене дамуының морфофункционалдық және психологиялық ерекшеліктері



бет61/71
Дата31.12.2021
өлшемі195,76 Kb.
#22857
1   ...   57   58   59   60   61   62   63   64   ...   71
Байланысты:
физкультура рефераты

Бастауыш сынып оқушылары дене дамуының морфофункционалдық және психологиялық ерекшеліктері.

Бастауыш сынып жасы кездерінде балалардың бойлары, дене мүшелері, әсіресе, аяқтары тез өседі. Бала жылына екі килограмм салмақ қосады.

Осы жаста сүйек тез қатая бастайды. Бірақ сүйек тканьдарында әлі де органикалық заттар көп те, минералды тұздар аз. Сондықтан да сүйек икемді, созылмалы, әлі толық қатаймай, шеміршекті түрде болады. Осы ерекшеліктерін ескеріп, бастауыш сынып оқушыларына қозғалмайтын статикалық жаттығулар жүктемесін аз береміз. Үлкен биіктіктен секіру, қатты жерге секіру жаттығуларын бермеуге тырысуымыз керек.

Омыртқаның байланыстары мен бұлшық еттері әлсіз, омыртқа арасындағы шеміршек қалың болып келеді. 7 жаста барлық омыртқа айқын білініп тұрады. Қыздарда 7-11, ер балаларда 7-13 жас арасында омыртқаның денесі мен эпифиздерінің арасында жұқа болса да шеміршекті қабат сақталады. Омыртқаралық шеміршектер қалың болғандықтан омыртқалар әлі де өседі, олар 14-15 жаста бекіп, қатаяды. Омыртқа өте икемді, бірақ оқыс жағдайларда қисайып кетуі мүмкін. Сондықтан да осы жас кездерінде әр түрлі омыртқа қисаюлары: скалиоз, лордоз, кифоз байқалады. Омыртқа эпифиздерінің сүйектенуі 18-20 жаста аяқталады.

Балалардың бұлшық ет тканьдарында су көп те, белоктық заттар аз болып келеді. 7-8 жастағы балалардың бұлшық ет тканьдары олардың жалпы салмағының 27%-ын алады. Салыстырмалы түрде қарасақ 18 жастағыларда 40% болады. Бұлшық еттер әлсіз болады, әсіресе, арқа және іш бұлшық еттері ұсақ бұлшық еттерге қарағанда жақсы дамыған. Бұл кезде бала бұлшық еттерінің жұмыс қабілеттілігі төмен болады. Осы бұлшық ет жүйесі ерекшеліктеріне байланысты ұзаққа созылатын статикалық-қозғалыссыз жаттығулар, біржақты жүктемелер, қайта-қайта бір түрлі қозғалыстар беруге болады. Жүктемелерді әр бұлшық еттер тобына ауыстырып беріп, денені үйлесімді дамыту қажет. Жаттығуларды үлкен амплитудамен кіші бұлшық ет тобына көбірек беру керек.

Орта сынып оқушылары дене тәрбиесінің міндеттері

Орта сынып оқушылары қатарына 5-8 сыныптарда оқитын 12-15 жастағы оқушылар жатады. Осы жастағы оқушылардың дене тәрбиесі міндеттері төмендегідей:

- денені жан-жақты, үйлесімді дамыту, дұрыс дене түзулігі мен сыртқы ортаның жағымсыз әсеріне қарсылық әдеттерін, жеке бас гигиенасы мен салауатты өмір салтын сақтау әдеттерін қалыптастыру;

- негізгі базалық спорт түрлері жеңіл атлетика, гимнастика, спорттық ойындар, шаңғы спорты, суда жүзу жаттығуларын ары қарай үйрену, жетілдіру;

- дене қасиеттерін, кеңістікте үйлесімді, епті қозғалуды, жылдамдықты, күш-жылдамдығын, күшті, төзімділікті, икемділікті әрі қарай дамыту;

- жеке бас гигиенасы, дене тәрбиесі жаттығуларының ағзаның негізгі жүйелеріне әсері, өнегелік және жігерлілік қасиеттерін дамыту, өзін-өзі бақылаудың тәсілдері туралы білім мағлұматтарын беру;

- негізгі спорт түрлері, жарыстар, снарядтар мен құрал-жабдықтар, сабақ кезіндегі техника қауіпсіздігі және жарақат алған кезде алғашқы көмек көрсету туралы мағлұматтарды тереңдете оқыту, іскерлік дағдысын қалыптастыру;

- таңдап алған спорт түрлерінің жаттығуларымен өз бетімен күнделікті дене тәрбиесі жаттығуларымен тұрақты, жүйелі айналысу әдеттерін тәрбиелеу;

- сабақ бөлімдерін, жарыстар, әр түрлі жаттықтыру жұмыстарын жүргізудегі төрешінің, команда капитанының, спорт нұсқаушысының ұйымдастыру іскерліктерін қалыптастыру;

- өзінің дене мүмкіншіліктерін бағалау біліктілігін қалыптастыру;

- тәртіптілікті, жауапкершілікті, дербестікті, ынталықты тәрбиелеу;

- психикалық үрдістерді дамыту, психикалық өзін-өзі реттеу негіздеріне үйрету.
10.2.Орта сынып оқушыларының дене дамуының ерекшеліктері

Орта мектеп жасындағы оқушылардың бойлары, денелері жылдам өседі. Бойларының ұзаруы негізінен аяқтардың өсуіне байланысты болып, жылына 4-7 см өседі. Салмақтарына жылына 3-6 кг қосылып отырады. Ұл балалардың ең тез өсетін кезі 13-14 жас, ол кезде бойлары жылына 7-9 см өседі. Қыз балалардың бойларының тез өсетін кезі 11-12 жас, ол жастарда қыздар орташа 7 см-ге өседі.

Жасөспірім кезде аяқтың және қолдың ұзын сүйектері, омыртқа сүйектерінің көлемі жылдам өседі. Жасөспірімдердің омыртқалары өте жылжымалы болып келеді. Көп, жоғары жүктемелер сүйектің қатаюын тездетеді де қол, аяқтың сирақ, ортан жілік сүйектерінің өсуін баяулатып жібереді.

Осы жас кезінде бұлшық ет жүйесі де жылдам дамиды. 13 жастан бастап бұлшық еттердің көлемдері үлкейе бастайды. Көлемдерінің үлкеюі олардың бұлшық ет талшықтарының жуандауына байланысты өседі. Бұлшық ет көлемінің дамуы, әсіресе ұлдарда 13-14 жаста, қыздарда 11-12 жастарда көбірек болады.

Жыныстық жетілу ер балаларда 10-11 жаста, қыз балаларда 9-10 жаста басталады. Ер балалардың жыныс мүшелері өсе бастайды, жыныс бездері жетіледі. 12 жаста көмекейі өсіп, дауысы қатаяды. 12-13 жаста ер адамға лайық қаңқа ерекшеліктері пайда болады, баланың сымбаты өзгереді, 15 жаста сақал-мұрты тебіндеп шыға бастайды,сперматогенез басталады.

Қыз баланың жыныстық жетілуі ер балалардан ертерек басталады. 8 жаста - қаңқа ерекшеліктері пайда бола бастайды.Жамбас сүйектері өседі де, жамбас қуысы кеңейеді. 10 жасқа жақындағанда омырауы өседі. 13-15 жастан бастап бойлары жылдам өсіп, қолтығында, қасағасында әйелдерге тән түктері шығады, етеккір келеді. Жыныстық жетілу кезеңдерін, әсіресе қыз балалардың етеккірі келу кездерін, ол келген кезде жүктемені дұрыс беруді дене тәрбиесі мұғалімдері жақсы білуі керек. Біздің қазақ халқының сыпайылығына, менталитетіне байланысты ата-аналар мен мұғалімдердің көбі жыныстық тәрбие мәселерлерінен «аулақ жүруге» тырысады. Балалар мен жасөспірімдердің көпшілігі өзінің жыныстық даму жайындағы «сыпайы» сауалдарына жауапты ересек жолдастары мен достарынан алады, 20%-ы әке-шешесінен, 9%-ы ғана мұғалімдер мен тәрбиешілерінен алады деген зерттеу нәтижелері бар. Сондықтан дене тәрбиесі мұғалімдері жыныстық даму физиологиясы мен дене тәрбиесі жаттығуларының жүктемесі туралы балаларға дұрыс мағлұматтар бере білуі керек.

Жоғары сынып оқушылары дене тәрбиесінің міндеттері

Жоғары сынып оқушылары қатарына 9-11 сыныптарда оқитын 16-18 жастағы оқушылар жатады. Осы жастағы оқушылардың дене тәрбиесі міндеттері төмендегідей:

- денені мақсатты түрде жан-жақты, үйлесімді дамыту; дене тәрбиесі жаттығуларын, гигиеналық және сыртқы орта әсерлерін денсаулықты нығайтуға қолдану іскерлігін, қобалжуға (стресс) қарсылық мүмкіншіліктерін қалыптастыру; жоғары денсаулық деңгейінің, жан-жақты дене дайындығының қазіргі қоғамға да, өзі үшін де қажет екенін саналарында қалыптастыру;

- негізгі базалық спорт түрлері (жеңіл атлетика, гимнастика, спорттық ойындар, шаңғы спорты, суда жүзу) жаттығуларын ары қарай үйрену, жетілдіру, жоғары қимыл ептілігіне дейін меңгеру;

- дене қасиеттерін, күшті, күш-жылдамдығын, төзімділікті, икемділікті, қозғалыс әрекеттерін тез басқара, құра алу ептілігін, ағзаның тез қалпына келе алу қабілеттілігін т.б. қасиет, қабілеттерді ары қарай дамыту;

- қозғалыс белсенділігінің, спорттық жаттығудың заңдылықтары туралы, дене тәрбиесі жаттығуларының келешек өмірлеріндегі еңбек етулеріне, әскер қатарында болатын кездеріндегі, ата-ана қызметтерін орындайтын кездеріндегі маңызы туралы, білім негіздерін қалыптастыру;

- дене тәрбиесі жаттығуларымен, өздерінің айналысып жүрген спорт түрлерімен тұрақты, жүйелі жаттығу әдеттері мен дағдыларын қалыптастыру; бекіту;

- өнегелік, көпшілдік, өмірге дұрыс көзқарас, өзін-өзі бағалай білу қасиеттерін қалыптастыру, алдыға қойған мақсатқа ұмтылушылық, өзіне сенімділік, шыдамдылық, ұстамдылық, сабырлылық қасиеттерін дамыту;

- тұлға ретінде психикалық және өзіндік қасиеттерін ары қарай дамытуға көмектесу, психикалық өзін-өзі реттеу негіздеріне үйрету.

Жоғары сынып оқушылары дене дамуының ерекшеліктері

Жоғары сынып жасындағы оқушылардың денесінің өсуі мен даму үрдісі біртіндеп ары қарай жалғаса береді. Оқушы ағзасының мүшелері мен жүйелері бірқалыпты жағдайда дамиды. Жыныстық жетілу осы кезеңде толық аяқталады. Осы жас кезеңінде бойдың өсуі ақырындап, кеуденің кеңдігі, дене салмағы көбірек өсе бастайды. Жасөспірім ұл балалар қыздарды бой және дене салмағы жағынан қуып жетіп асып кетеді. Олардың бойлары қыздардан 10-12 см биік, салмақтары 5-8 кг артық болады. Олардың жалпы дене көлемімен салыстырғандағы бұлшық ет көлемі қыздардікіне қарағанда 13 % көп, ал тері астындағы май ткані 10% аз болады. Жасөспірім ұлдардың қыздарға қарағанда кеуделері қысқа, ал аяқ-қолдары ұзын болып келеді.

Жоғарғы сынып оқушыларының негізгі сүйектері өздерінің өсіп болу, қатаю кезеңдеріне жете бастайды. Атап айтқанда, жауырын сүйектері жігіттерде 19-20 жаста, қыздарда 18 жаста, тоқпан жілік немесе иық сүйектері 20-25 жаста қатаяды. Кәрі жіліктің қатаюы 20-25 жаста жігіттерде, 17-20 жаста қыздарда аяқталады. Шынтақ сүйегінің өсуі жігіттерде 18-20 жаста аяқталады, бойжеткендерде сәл ерте қатаяды. Білезік сүйектерінің қатаюы 14-16 жаста, саусақ сүйектері 16-18 жаста қатып, аяқталады. Жамбас белдеуінің сүйектері: ортан жілік 18-20 жаста өсуін тоқтатады, асықты жілік пен оның шыбығының сүйектері қыздарда 16-18, жігіттерде 19-20 жасқа дейін өсіп, одан әрі қарай өсуін тоқтатады. Табан сүйектерінің: өкше, бақайшақ және аяқ саусақтарының өсуі бойжеткендерде 16-18, жігіттерде 18-20 жасқа дейін байқалады. Табан күмбезі 13-17 жасқа дейін қалыптасады. Сондықтан да бойжеткендерге 17-18 жасқа дейін биік өкшелі аяқ киімді киюге болмайды. Себебі ондай аяқ киімдер табан күмбезінің дұрыс қалыптаспауына байланысты аяқты тез шаршатады. Балалар мен жастардың аяқ киімдерінің өкшесі 1,5-2 см болғанда табан күмбезі жақсы болып, табан еттері мен сіңірлері жақсы дамиды. Осы кезеңде сүйектері қатайған жастар ағзасы үлкен жүктемелерді төзімді қабылдайды.

Сүйек аппаратының бекуі бұлшық ет, сіңір дамуымен қатар жүреді. Бұлшық еттер тез, біркелкі дамиды. Жастардың бұлшық еттерінің көлемі, күштері өседі. Осы кезең – жастардың бұлшық еттерінің күші мен төзімділігін дамытуға тиімді уақыт.

Жігіттермен салыстырғанда қыздардың иық белдеуі бұлшық еттері аздап, жамбас бұлшық еттері жылдам қарқында дами бастайды. Кеуде клеткасы, жүрек, өкпе, өкпенің ауа сыйымдылығы, тыныс алу бұлшық еттерінің күші, ауаны қабылдау көлемі де қыздарда жігіттерге қарағанда аз болып келеді. Сондықтан да қыздардың қан айналу және тыныс алу органдарының функционалдық мүмкіншіліктері төмен болады.

Жігіттердің жүректерінің көлемі қыздарға қарағанда 10-15 %-ға үлкен, жүрек соғу жиілігі 6-8 соғу/ минут аз, жүректің жиырылу күші күшті болып келеді де, қан тамырларына көп қан мөлшерін жібереді. Сондықтан да жігіттердің қан қысымдары қыздарға қарағанда жоғары болады. Қыздар жігіттерге қарағанда терең дем алмайды, жиі дем алады. Олардың өкпелерінің ауа сыйымдылығы жігіттерге қарағанда 100 см аз болып келеді.

15-17 жас кездерінде оқушылардың сыртқы ортаны танулары толық қалыптасады. Ойлау қызметтері жоғары деңгейге көтеріледі. Олардың қозғалыс құрылымын түсіну қабілеттілігі жоғарылайды. Кеңістіктің, уақыттық қимыл- әрекеттерді жекелей ұғыну, дәл қайталау, бүкіл қозғалысты тұтас орындау мүмкіншілігі қалыптасады.





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   57   58   59   60   61   62   63   64   ...   71




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет