Оқыту процесі – білімді, біліктілік пен дағдыны меңгеретін, оқушылардың дүниетанымын, күш қайратын, қабілеттерін тәрбиелеп дамытатын іс–әрекет барысы. Оқу барысында оқушының сана–сезімі, адамгершілік қасиеттері, эстетикалық талғамы, тұлғалық қасиеттері қалыптасып дамиды.
Оқытудың психологиялық, педагогикалық ерекшеліктеріне назар аударайық.
Оқыту – мақсатты процесс. Оқытудың басты мақсаты, әдіс тәсілдері, мазмұны мен міндеттері қоғам талабынан туындап, ұдайы өсіп, жаңарады.
Оқыту – таным процесі. Танымдық ерекшелігі — оқушыда білімге деген қызығушылығы ұдайы өсіп арта түседі.
Оқытудың міндеті – оқушыны айнала ортамен (табиғат, қоғам) және адам дамуының негізгі заңдылықтарымен қаруландыру. Оқушы дүние тануда бұрын ғылымда белгілі болған, зерттеліп, дәлелденген жаңалықтарды, заңдылықтар мен тұжырымдарды әрі қарай дамыта түседі.
Оқытуда ғылым негіздерін оқып үйренудің өзі, ғылым тарихымен, оның әдістерімен танысу, ұлы ғалымдардың өмірі мен қызметі жайлы ақпарат алады.
Оқыту – даму негізі. Педагогикалық процесс өзіне тән негізгі екі белгіні: организмнің өзіндік дамуына жүйелі түрдегі көмек және жеке бастың жан–жақты жетілуін түйістіреді.
Оқыту –екі жақты процесс. Оқыту — оқушы мен мұғалімнің өзара бірлесіп жасайтын әрекетінен тұратын күрделі процесс. Өйткені, оқыту – мұғалімнің білім берудегі негізгі іс–әрекеті болса, оқу – баланың өзінің танымдық, практикалық әрекеті. Сөйтіп, оқушының таным әрекеті мұғалімнің басшылығы арқасында ғана жүзеге асады.
Оқыту – жоспарлы процесс. Мұғалім оқушылардың жалпы рухани дамуын жүйелі қамтамасыз етуі үшін оқыту процесін жоспарланған, ұйымдастырылған түрде жүзеге асырады. Оқушы білімді қысқартылған, педагогикалық тұрғыдан өзгертілген жолмен мұғалімнің және арнайы жазылған оқу құралдарының көмегіне сүйене отыра меңгереді. Оқыту процесі оқушылардың жас ерекшеліктерінің сәйкестігін ескере отырып, таным қызметінің формасы мен әдістерін соған орай өзгертіп отырады.
Оқыту – бұл күрделі процесс. Ол тұлғаға білім беру, тәрбиелеу және ақыл–ойы мен творчестволық қабілетін, демек біліктілігі мен дағдысын дамыту негізінде жүзеге асырылады. Мұның мәнісі, жеке тұлғаға біртұтас (комплексті) ықпал жасауды көздейді. Осы негізде, оқыту процесінің бірінші қызметі – оқушыларға білім беру.
Білім беру, біріншіден, ғылым негіздеріне сай оқушыларды нақты фактілермен, қағида және түсініктермен, заңдылықтармен қаруландыруды қамтамасыз етсе, екіншіден солардың негізінде, айналасындағы әр түрлі құбылыстарға олардың ғылыми көзқарасын қалыптастыру.
Екінші қызметі – тәрбиелеу. Оқыту барысында оқушыларды теориялық білімдер жүйесімен қаруландырып, жеке тұлғалық қасиеттерін қалыптастырып дамыту. Сонымен бірге оқыту барысында тәрбиенің мақсат, міндеттері және мазмұны мен тәсілдері анықталады. Оқытуда тәрбие мен оқытудың байланысы біржақты қарастырылмайды, керісінше біртұтастық принципке негізделіп, бірлікте қолданылады. Демек, тұлғаға білім бере отырып, оны тәрбиелейміз, тәрбиелей отыра білім береміз. Сөйтіп, тәрбие процесі дұрыс ұйымдастырылған жағдайда оқытудың барысына қолайлы ықпал етеді, соның негізінде тұлғаның танымдық қызметі мен оқуға деген қызығушылығы артады.
Үшінші қызметі – дамыту. Оқыту барысында оқушыларға білім беру, оларды тәрбиелеу негізінде тұлғаның ақыл – ойы, сана – сезімі, шығармашылық қабілеті т.б. көптеген тұлғалық қасиеттерінің дамуына, біліктіліктері шыңдалып, қабілеттерінің артуына оң әсер етеді. Демек, тұлға жан –жақты қалыптасып дамиды (байқағыштығы, ойы, есі, қиялы секілді психикалық процестері де қарастырылады).
Даму қызметінің ерекшелігі сол, ол өз алдына жеке өмір сүрмейді, керісінше оқытудың білім беру мен тәрбиелеу қызметінің жалғасы боп есептеледі. Сондықтан, дамудың қарқынды, жан –жақты әрі, терең болуы білім беру мен тәрбиенің қандай дәрежеде іске асырылуына байланысты. Бұдан шығатын қорытынды, оқытудың білім беру мен тәрбиелеу қызметінің негізі болып саналса, даму өз алдына олардың қызметінің нәтижелі болуына қолайлы ықпал етеді.
Дидактикада «Жетілдіре оқыту» процесі 1960 жылдардан бастады. Осы негізде Л.В. Занков, Н.А.Менчинская, Д.Б. Эльконин, В.В.Давыдов, М.А.Данилов, М.Н. Скаткин еңбектерінде, оның жолдарын шешу үшін әртүрлі принциптерді ұсынады. Солардың ішінде Л.В.Занков оқу процесі арқылы білім беруді қарқынды ұйымдастыру, оқушылардың оқуды саналы меңгеруін қамтамасыз ету ережесін ұсынды. Бұл, дамуда тек ойды қалыптастырумен ғана емес, ол тұлғаның дамуына оңтайлы әсер етеді.
Оқыту процесі – тәлім –тәрбиелік қарым–қатынастарды ұйымдастырудың тәсілі. Оқыту процесін ұйымдастыратын педагог. Оқыту процесі –бірнеше элементтен құрылатын жүйе. Педагогикалық процестің үш құрылымы болады: педагогикалық, әдістемелік, психологиялық.
Педагогикалық процесің педагогикалық құрылымы: мақсат – принциптер –мазмұн –әдістер –құралдар– түрлер.
Мақсат – ұстаз бен шәкірт арасындағы педагогикалық қатынастардың нәтижесі. Принциптер мақсатқа жету жолдарын анықтайды. Мазмұн – мақсатқа жету жолында оқушыларға берілетін тұлғалар тәжірибесінің бөлігі. Әдістер–мұғалім мен оқушының мазмұнды жетілдіру –қабылдауға арналған іс–әрекеттері. Құралдар – мазмұнмен жұмыс жасайтын материалдық тәсілдер мен әдістер.
Педагогикалық процестің әдістемелік жүйесін жасау үшін мақсат бірнеше міндеттерге бөлінеді. Әрбір міндет ұстаз бен шәкірт іс-әрекеттерінің кезеңдерін анықтайды. Мысалы, сабақтың әдістемелік құрылымы: сабаққа дайындалу, сабақты өткізу, сабақты талдау; экскурсияның әдістемелік құрылымы: дайындық, керекті жерге бару, бақылау, көргенді бекіту, нәтижелі талдау.
Педагогикалық процестің психологиялық құрылымы: танымдық процестер (қабылдау, ойлау, есте сақату, ақпарат сіңіру), оқуға қызығушылық (оқуға қызығуды, қабілетті, ынтаны айқындау), қуат (көтеріңкі не түсіңкі дене мен жан күш–қуаты, белсенділік, еңбекқорлық не шаршау динамикасы).
Оқытудың мазмұны. Жас ұрпақты ғылымның жетістіктерін меңгеруді, білімдерін дамытуды міндеттейді. Оқыту формалары мен тәсілдері. Оқыту мазмұнын қандай амал–тәсілдермен, нақтылы практикалық жолдармен меңгеруді баяндайды. 4. Оқыту нәтижесін талдау және бағалау. Мұғалімнің және оқушының оқу әрекетінің құрылымын бірлесе отыра сараптама жұмыстарын жүргізуі, оқушылардың оқу әрекетінің сапасына көзқарасын білдіріп, бағалап және білім деңгейін тексеріп отыруы. Оқушылардың өзін–өзі қадағалап, тексеріп отыруы.
Мектеп тарихының бастапқы кезеңінен оқыту, білімдер жүйесін оқушылардың меңгеруі белгілі бір дидактикалық буындардан немесе кезеңдерден тұрады:
Оқушыға берілетін білім мақсаты мен қажетін түсіндіру және оларды әрекетке бағыттайтын мотивтерді туғызу. Осыған орай оқу міндеттерін (тапсырмаларды) анықтау.
Оқушыға жаңа берілетін білімді баяндау және оны қабылдауға жағдай туғызуы.
Оқушының білімді қабылдауы және оның санасында жаңа білімнің қорытылып, ғылыми ұғымдар мен тұжырымдардың қалыптасуына мүмкіндік беру.
Берілген білімді бекітуге басшылық ету.
Білімді практикада қолдануға қаракет ету.
Оқушының білімі мен дағдысының сапасы және деңгейін есепке алу, тексеру және бағалау.