А.Эйнштейннің тартылыс теориясы бойынша мұндай күштер массасы көп денелер
үдемелі қозғалғанда тууға тиіс. Осыған байланысты екі эффектіге тоқтала кетейік.
Бірінші эффект
: бірқалыпты үдеумен ілгерілемелі қозғалған массасы көп денелер
жақын маңындағы денелерге өз қозғалысымен бағыттас үдеу беріп, индукциялық әсер
етеді.
Екінші эффект
: айналып тұрған қуыс дене ішінде қозғалған денеге центрден тепкіш
және Кориолис инерция күштері, ал тыныштықтағы денеге тек центрден тепкіш инерция
күші әрекет етеді. Өкінішке орай, барлық аспан денелерінің массасы белгісіз
болғандықтан, айтылған эффектілерді сандық түрде тексеру мүмкін емес, ал шектелген
массалармен жүргізілген лабораториялық тәжірибелер сенім тудыратын нәтижелер
бермейді.
Дегенмен, А.Эйнштейн тартылыс теориясының инерция күштері табиғаты туралы
сұраққа сенімді жауаптар беретініне келіспеуге болмайды. Инерция күштерінің пайда болу
себептеріне берілген түсініктемені қозғалыс салыстырмалылығы принципі де қолдайды.
Жоғарыда, 11.3 дәрісте, Фуко тәжірибесі баяндалып еді. Бұл тәжірибеге қарағанда Жермен
байланысқан айналушы санақ жүйесінде инерция күштерінің әсерінен маятник тербелетін
жазықтық Жер бетіне қарағанда бұрылатынын, ал Коперник санақ жүйесінде тербелістер
жазықтығы бұрылмайтынын, яғни, бұл жүйеде инерция күштері әсер етпейтінін
байқағанбыз. Осы құбылысты қалай түсіндіруге болады? Жоғарыда келтірілген
түсіндірмелерді қолдана отырып, бұл сұраққа жауап беру қиын емес. Жерге бекітілген
айналушы санақ жүйесі аспан сферасына қарағанда айналмалы қозғалыста болғандықтан,
немесе соған пара-пар, бүкіл аспан денелерінің сферасы Жерге салыстырмалы
айналғандықтан, Жер бетінде инерция күштерінің әсері байқалуға тиіс. Керісінше, гелио-
центрлік санақ жүйесінде аспан денелерінің барлық массасы тыныштықта болады, аспан
денелері сферасы айналмайды, ендеше сфера ішінде инерция күштері тумайды.
Сонымен, біз инерция күштері қай кезде болатынын білеміз және осы күштер бола
тұрып, әсер етпеген ешбір жағдайлар бізге мәлім емес, яғни инерция күштері жалған емес,
олар шын мәнісінде реал күштердей сипатталады.
Достарыңызбен бөлісу: