Дәріс 15 Қазақстандағы туризм Жоспар 1. Қазақстандағы туризм 2. Туристік нысандар Ұлы Жібек Жолы бойында орналасқандықтан Қазақстан аумағындағы қалалар мен табиғаты ғажайып қорықты жерлер ежелден саяхат және туризм нысандары болып табылған. Қазақстандағы алғашқы туристік ұйымдар 20 ғасырдың 20 – 30-жылдары пайда болды. 1929 жылы Алматы қаласында тұңғыш туристік жорық ұйымдастырыды. Оған Г.И. Белоглазов пен Ф.Л. Савин басқарған 17 мектеп мұғалімдері қатысты. Жорық Алматы төңірегінен басталып Есік көлінде (62 км) аяқталды. 1930 жылы Алматы өлкетану мұражайы жанында Пролетарлық туризм және экскурсия қоғамының өлкелік бөлімшесі жұмыс істей бастады. Оның алғашқы төрағасы болып В.Г. Горбунов сайланды. Осы жылы Алматы қалалық телеграф пен пошта қызметкерлерінен (16 адам) құралған топ (Ф.Л. Савин басқарған) Медеу – Көкжайлау – Үлкен Алматы көлі жағалауына дейін барды. Туризмнің бұл түріне В.Зимин, А.Бергрин, Д.Литвинов, Х.Рахимов, Г.Белоглазов, т.б. көп үлес қосты. 1931 жылы қаңтарда Алматыдан Зиминнің бастауымен алғаш рет шаңғышылар жорығы ұйымдастырылды. “Еңбек және қорғаныс” эстафетасын алған бұл жорыққа қатысқан 8 шаңғышыға ұлттық атты әскер полкінің сегіз шабандозы қосылды. Олар Алматыдан шығып, Ұзынағаштан өтіп Қордай асуы арқылы эстафетаны Қырғызстан командасына табыс етті. Сол жылы Алматыдағы Жетісу губерниясының мұражайдың жанынан Бүкілодақтық пролетарлық туризм мен экскурсия ерікті қоғамының 10 мүшесі бар алғашқы ұясы ұйымдастырылды.
Бурабай көлі
Әуесқой туристердің бастауымен Алатау қойнауындағы Күйгенсай (Горельник) шатқалында туристер үшін шағын үй салынды. 1936 жылы бұл жерде республикадағы ең алғашқы 50 кісілік “Горельник” турбазасының шаңырағы көтерілді. 1938 жылы Көкжайлау шатқалында (Алматы маңында) алғаш қазақстандық туристер слеті өтті. Оған 200-дей туристер қатысты. 1943 жылдың басынан “Горельник” турбазасында Кеңес армиясының тау атқыштарын даярлайтын Бүкілодақтық нұсқаушылар мектебі орналасты. Соғыстан кейін “Горельник” тау шаңғышылары мен альпинистер кадрларын даярлайтын базаға айналды. Адамдардың белсенді демалысы мақсатында 1952 жылы Қазақстанда Туристік-экскурсиялық басқарма (ТЭУ) құрылды. 1961 жылы Алматыда Республикалық жас туристер станциясы ашылды. 1960 жылы кәсіподақтардың Қазақ республикасының кеңесі жанынан туризм жөніндегі республика басқарма ұйымдастырылды. 1962 жылы Туристік-экскурсиялық басқарма Туризм жөніндегі кеңес болып қайта құрылды. 1965 жылы Қазақстанда республикалық және 5 облысық (Алматы, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Орал, Шымкент) туристік кеңес және әр облыста экскурсиялық бюро ашылды.
Шарын шатқалы
1950 – 60 жылдары Алматы жоғары оқу орындарында тау туризмі, альпинизм (шыңға шығу), спорттық туризм дами бастады. Мұның нәтижесінде туристік нұсқаушылар тобы қалыптасты. Осы жылдары С.Күдерин, Ү.Үсенов, Н.Дубицкий, В.Г. Хомулло, т.б. мамандар оқушылар мен студенттер арасында туризмді дамытуда үлкен үлес қосты.
1958 жылы Зиминге тұңғыш рет туризм бойынша КСРО-ның спорт шебері атағы берілді.
1970 жылы құрылған Туризм және саяхатшылықтың республикалық кеңесі туризмнің одан әрі дамуына әсер етті.
1971 – 75 жылдары Қазақстанда туризмнің материалдық базасын нығайып, саяхаттық-туристік ұйымдар көбейді, жаңа туристік базалар мен мейманханалар пайдалануға берілді.
1978 жылы Қазақстанда экскурсия мен туризмнің респ. кеңесі және 14 облыстық кеңес, 17 туристік база мен мейманханалар, 26 саяхат, экскурсия бюролары және шет ел туристеріне қызмет көрсететін 3 бюро, Алматы, Орал, Шымкент қалаларында туристік автомобиль базалары құрылды. Туристік базалар мен мейманханалардағы орын саны 7 мыңға жетті.
1988 жылы туризм құрылымында біршама өзгерістер болды. Жаңадан туристік экскурсия қауымдастықтары құрылды. Осы жылдары Қазақстан туризмінің дамуына Н.И. Самойленко, С.Әбденбаев, Т.Жездібаев, А.Чукреев, О.Мазбаев, С.Р. Ердәулетов, т.б. үлкен үлес қосты. Тәуелсіздік алған Қазақстанда 1991 жылдан туризм саласы дамудың жаңа сатысына көшті. 1993 жылы Қазақстан Дүниежүзілік туризм ұйымына мүше болды. Осы жылы туризм индустриясын дамытуға арналған ұлттық бағдарлама қабылданды.
1997 жылы Қазақстан Республикасының Ұлы Жібек жолының тарихи орталықтарын қайта өрлету, түркі тілдес мемлекеттердің мәдени мұралар сабақтастығын дамыту тұжырымдамасы, жалпы туризм дамуының стратегиясы жасалды. 2001 жылы 13 маусымда “Қазақстан Республикасындағы туристік қызмет туралы” заң қабылданды. Онда республикадағы туристік саланы дамытудың бірінші кезектегі шаралары, туристік қызметті лицензиялау, т.б. мәселелер тұжырымдалды. Қазақстанның табиғи, тарихи, геосаяси орны туристік нысандарды ұтымды пайдалануға мүмкіншілік береді, сонымен қатар экономиканың басты тармақтарының бірі ретінде дамытуды қажет етеді.
2002 жылы республикада 430 туристік ұйымдар, фирмалар мен әр түрлі бюролар жұмыс істеді. Оларда 6 мың адам, оның ішінде 1500 кәсіптік экскурсия жүргізушілер (гидтер) қызмет көрсетеді. Қазақстанның туристік фирмалары дүние жүзінің 80-ге жуық елімен қарым-қатынас жасайды. Алматы қаласының 25 фирмасы және 5 облыс орталығы Үндістанға, Түркияға, Біріккен Араб Әмірлігіне, Пәкстанға, Корея Республикасына, Грекияға, Польшаға, т.б. елдерге чартерлік әуе рейстерін жолға қойған.
Қазақстанда туризмнің барлық түрлері (танымдық, ойын-сауық, этника, экология, денсаулық сауықтыру, балалар, спорттық, аң аулау, балық аулау, атпен серуендеу), т.б. бойынша жүргізіледі. Бұл үшін Қазақстан аумағы бойынша 700-ден астам саяхаттық маршруттар белгіленген. Оларға Қазақстанда жиынтық сыйымдылығы 33 мың орынды 372 әр түрлі категориялы қонақ үйлер қызмет көрсетеді. Мысалы, Алматы қаласында қонақтарға “Алатау”, “Қазақстан”, “Достық”, “Есік”, “Отырар”, “Астана”, “Анкара”, “Hyatt Regency Almaty”, “Интурист”, т.б. қонақ үйлер сервистік қызмет көрсетеді. Астанада 30 туристік фирма және 25 қонақ үй орналасқан. Олардың ірілері: “Окан – Интерконтиненталь Астана”; “Комформ – Отель Астана”, “Турист”, “Есіл”, “Жібек жолы”, “Алтын дала”, т.б.
Туризм мамандары Туризм және спорт академиясында, Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде, Алматы мемлекеттік университетінде, Қазақ Ұлттық университетінде, “Тұран” университетінде, т.б. жоғары оқу орындарында дайындалады.
Туристік нысандар
Қазақстандағы туристік ресурстарға – туристік қызмет көрсету нысандарын қамтитын табиғи-климаттық, тарихи, әлеуметтік-мәдени, сауықтыру нысандары, сондай-ақ туристердің рухани қажеттерін қанағаттандыра алатын, олардың күш-жігерін қалпына келтіріп сергітуге жәрдемдесетін өзге де нысандар жатады. Олар мәдени-танымдық, экологиялық, спорттық, әлеуметтік, діни, т.б. туризм түрлеріне бөлінеді.
Қазақстандағы туристік нысандар бірнеше топтарға бөлінеді
табиғи-рекреациялық
тарихи-археологиялық
тәуеп ету
Алтынемел тау жоталары
Табиғи-рекреациялық нысандарға Солтүстік Қазақстан аймағындағы Көкшетау, Бурабай, Баянауыл, Ерейментау, Шығыс Қазақстан аумағындағы Зайсан, Марқакөл, қазақстандық Алтай, Оңтүстік Қазақстан жеріндегі Батыс, Солтүстік Тянь-Шань, Алтынемел таулары, Жетісу алабы, Батыс Қазақстандағы Үстірт, Мұғалжар, Каспий ойысы, Жайық өңірі, Орталық Қазақстандағы Қарқаралы, Қызыларай, Бектауата, Ұлытау, т.б. табиғи нысандар жатады. Сонымен бірге Алматы облысындағы ұлттық саябақтар мен қорықтардың туризмді дамытуда маңызы зор. Оларға Іле-Алатауы ұлттық саябағы, Түрген-Шамалған өзендері аралығындағы шатқалдар, Түрген, Есік, Талғар, Алматы, Қаскелең, Шамалған елді мекендері жатады. Алтынемел, Көкшетау, Бурабай ұлттық саябақтарында туризмді дамыту мемлекет тарапынан қолдау тауып, дамып келеді. Қазақстан аумағындағы 9 мемлекеттік қорықта да ғылыми-экологиялық туризмді дамытудың алғы шарттары қалыптасқан.
Қарқаралы ұлттық паркі
Тарихи-археологиялық ескерткіштердің туристік-экскурсиялық сапарлардағы орны ерекше. Археологиялық ескерткіштердің кез-келген нысандары туристік-экскурсия жұмыстарында маңызды орын алады. Соның ішінде Жетісудағы Сақ қорғандары, Талхиз қалашығы, Оңтүстік Қазақстандағы Отырар, Сайрам, Батыс Қазақстандағы Сарайшық, т.б. көне қалалардың орнына туристердің қызығушылығы мол. Археологиялық-тарихи ескерткіштердің қазірге дейін жеткен нысандарының ішінде қорғандар мен мазарлардың маңызы зор. Қола дәуір ескерткіштеріне жартастағы петроглифтерді атауға болады. Оларға әйгілі бірегей ғибадатханалар: Аңырақай тауының Таңбалы сайындағы, Көксу өзеніндегі Ешкіөлмес ғибадатханасы, сондай-ақ Шолақ, Кіндіктас, Баянжүрек тауларындағы тастағы суреттер жатады. Біздің дәуірімізге дейінгі 6 – 3 ғасырлардан қалған сақ қорғандары, Бесшатыр қорымындағы жерлеу камерасы және сақ әскері киімін киген “Алтын адам”, 2001 – 2002 жылдары Шығыс Қазақстан облысы Қатонқарағай ауданының Бергіел (Берел) қорғанында табылған “Сақ патшайымы” археол туристік нысандарға жатады. Ортағасырлық Түркістан, Отырар, Тұрбай, Құлан, Мерке, Талхиз, Жаркент қалалары, т.б. елді мекендер қазіргі туристік нысандар болып табылады.
Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі
Түркістан – қазақ хандығының алғашқы астанасы. Онда Қожа Ахмет Иасауи кесенесі салынған, кесене іші мен айналасына қазақ мемлекетінің негізін қалаған Тәуке, Тәуекел, Жәңгір, Есім, Абылай, Қазыбек би жерленген.
Қазақстанда Отырар, Сарайшық, Сайрам, т.б. ортағасырлық көне қалалар туристер үшін тартымды нысандар.
Арыстан баб кесенесі
Айша бибі кесенесі
Шымбұлақ тауы
Тәуеп ету (діни) туризм нысандары республика аумағында көптеп кездеседі. Оларға түркі әлеміндегі қасиетті Түркістан қаласы, Қожа Ахмет Иасауи кесенесі, Абаб-Араб мешіті, Гауһар-ана зираты, Әли-Қожа бейіті, т.б. жатады. Адамдар бұл қасиетті жерлерге тәуеп етіп, Аллаға сиыну үшін келеді. Одан басқа Қоғам а. маңында (Отырар ауданы) Арыстан баб кесенесі, Ибраһим-ата бейіті, Қарашаш ана кесенесі, Тұраба ауданыннда – Ысмайыл-ата мазары орналасқан. Жамбыл облысында – Айша бибі кесенесі мен Қарахан кесенесі, Қызылорда облысында – Артық, Айтман кесенелері, Балқаш көлі маңында – Тектау ата, Әуез бақсы, т.б. киелі орындар бар. Қазақ халқының азаттық күресі жолындағы батырларға, қолбасшыларға деген құрмет белгісі мемориалдар мен ескерткіштерде көрсетілді. Бұларға Райымбек пен Қарасай батыр ескерткіштері (Алматы облысы) Қордайдағы (Жамбыл облысы) Өтеген батыр, Ақтөбедегі Есет батыр, Солтүстік Қазақстандағы Ағынтай мен Қарасай ескерткіштері, Астанадағы Қаракерей Қабанбай ескерткіштері, т.б. жатады. Ордабасы мен Аңырақай сағасының жазығы, Ұлытаудағы үш жүздің басын қосқан жер, тарихи орындар ретінде Жошы және Алаша хан кесенелері, Алматыдағы тәуелсіздік монументі, Астанадағы үш би ескерткіштері қастерлі орындар санатында туристік нысандарға қосылады. Қазақ тарихындағы құнды мәдени ескерткіштер қатарына: Қозы Көрпеш - Баян Сұлу, Еңлік-Кебек кесенелері, Ш.Уәлиханов, Қ.Мұңайтпасұлы мемориалдары, Сұлтан Бейбарыс, Құрманғазы және Д.Нұрпейісова, Абай, Абылайхан, Әлия мен Мәншүк, А.Иманов, І.Жансүгіров, С.Сейфуллин, М.Әуезов, т.б. көптеген естелік орындар жатады.
Республиканың әсем де әдемі жерлерінде бірнеше туристік базалар орналасқан. Оларға Іле Алатауындағы “Шымбұлақ” шаңғы базасы, Павлодар облысы Жасыбай көлі жағасындағы “Баянауыл”, Қарағанды облысындағы таулы-орманды “Қарқаралы”, Шығыс Қазақстан облысындағы Бұқтырма бөгені жағасындағы “Алтай мүйісі”, Орал қаласы Жайық өзені маңындағы “Орал”, Қостанай облысындағы орманды-тоғайлы Наурызым алқабы, Оңтүстік Қазақстан облысы Бадам жазығындағы “Оңтүстік”, Көкшетау таулы аймағындағы “Золотой бор” базалары жатады. Қазақстанда белгілі туристік маңызы бар зоологиялық, ботаникалық қорықтар да жеткілікті. Оларға Алматы қорығы (кешенді), Іле атырауы (зоологиялық), Тарбағатай (зоологиялық), Жалтыркөл (зоологиялық), Ұлытау (зоологиялық), Бетпақдала (зоологиялық), Қарақия-Қаракөл (зоологиялық), Зеренді (зоологиялық) қорықшалары, Шарын каньоны (ландшафты – палеонтолық) және Шарын өзеніндегі “Шетен тоғайы” (ботаникалық), Күміс қылқанды орман (ботаникалық), Жаманшық тауы (геморфологиялық), Айғайқұм, Әншіқұм (геоморфологиялық), Жаңғақ тоғайы (ботаникалық), Бүркіттау шоқысы және Тұма бастаулар (гидрологиялық), т.б.[1]