3-дәріс. Сауат ашу әдістемесінің негізгі мәселелері Негізгі мәселелер: 1. Сауат ашудың мектептегі оқу-тәрбие жұмысы жүйесіндегі маңызы
2. Сауат ашу оқу-әдістемелік кешендерінің мазмұны мен құрылымы
3. Сауат ашуға қажетті құрал-жабдықтар
Сауат ашудың мектептегі оқу-тәрбие жұмысы жүйесіндегі маңызы
Қазіргі мектеп жан-жақты дамыған, зиялылық (интеллекті) деңгейі мен практикалық машығы заман талабына сай жеке тұлғаларды оқытып, тәрбиелеуі тиіс.
Бұл орайда, алғашқы сөйлеу дағдысын меңгергеннен бастап, мектеп есігін ашқанға дейін сөздік қоры біршама молыққан, ана тіліндегі сөз тіркестіру, жіктеу, септеу сияқты заңдылықтарды әзірше табиғи тұрғыдан түйсігімен ғана сезінген 6-7 жастағы баланың сол білгендерін жүйелеп, ана тілінің әлгі заңдылықтарын саналы түрде меңгерте бастайтын, әріп танытып, өздігінен оқуға, жазуға үйрететін бастауыш сыныптағы сауат ашу әдістемесінің рөлі аса зор.
Бастауыш сыныптағы сауат ашу барысында жүргізілетін оқу-тәрбие жұмыстарының әдістемесі психологиялық, физиологиялық және педагогикалық аспектілер тұрғысынан жалпы әдістеме ғылымының ең күрделі де қиын саласы болып табылады. Бұл кезеңде мектеп табалдырығын жаңа аттаған оқушы оқу мен жазуды үйреніп, ана тілінің заңдылықтарын, ондағы ой мен сезімді бейнелеу мүмкіндіктерін саналы түрде меңгеруге кірісіп қана қоймай, оның қабылдау, есте сақтау, ойлау, сөйлеу дағдылары қауырт дамып, психологиялық және физиологиялық тұрғыдан өзгеше «секірісті» басынан өткізеді. Басқаша айтқанда, бала психикасындағы жоғарыдағы аталған қабілеттердің дамуынсыз сауат ашу кезеңінің міндеттерін орындау мүмкін емес.
«Әліппе» пәнінің оқыту аясы. ҚР жалпы бастауыш білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартында «Әліппе» пәнін оқытудың басты мақсаты – оқу және жазу дағдыларын қалыптастыру, байланыстырып сөйлеуге үйрету, алғашқы грамматикалық мағлұматтарды меңгерту; ана тіліне сүйіспеншілікке, адамгершілікке, отансүйгіштікке тәрбиелеу; оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамыту», – деп көрсетілген.
«Әліппе» пәнінің оқыту аясы:
– қазақ тілінің дыбыстық және әріптік (графикалық) жүйесі,
– қазақ тілінен алғашқы грамматикалық мағлұматтар;
– балалар көркем әдебиет шығармалары.
«Әліппе» пәні білім берудің негізгі бағдарламасы негізінде жүзеге асырылады.
«Әліппе» оқулығы оқу материалдарының негізіне тілдік білім және сөйлеу алынып, оқулықта негізгі тілдік бірліктер (мәтін, сөйлем, сөз, буын, дыбыс) мен орфоэпиялық, орфографиялық, пунктуациялық нормалар туралы қарапайым түсініктер, қазақ тілінің дыбыстық және әріптік жүйесінен берілетін білім, қазақ тілі бойынша грамматикалық дағдылар қалыптастыру материалдары, ауыз әдебиеті және көркем әдебиет шығармалары оқушылардың жас ерекшеліктері мен күтілетін нәтижелерге сәйкес берілген. «Әліппе» оқулығы оқу материалдарын сұрыптау мен орналастыруда Ахмет Байтұрсынұлының сөздегі дыбыспен жаттығу; әрбір дыбыстың сөз жасаудағы қызметін есепке алу; оңайдан қиынға, жеңілден күрделіге өту; білімді тәжірибе арқылы өздігінен алу ұстанымдары басшылыққа алынған. «Әліппе» оқулығының әліппеге дейінгі кезең оқу материалдары сөйлеу барысында тілдік бірліктер (мәтін (сөйлеу), сөйлем, сөз, буын, дыбыс) туралы қарапайым түсінік беруді қамтиды. Сызба-модель арқылы сөз, сөйлем құрауға және оларды сызбаның көмегімен «оқып», сөздің әр буынындағы дыбыстарды ажыратуға үйренеді. Бұл тілдік түсініктерді сөйлеу барысында меңгертуде Ахмет Байтұрсынұлының «оңайдан қиынға, жеңілден күрделіге өту» ұстанымы басшылыққа алынады. Бала мектепке келгенде «сөйлей білсе де», сөйлеуінің сөйлемдерден, сөйлемнің сөздерден, сөздің дыбыстардан түзілетінін біле бермейді. Алғашқы берілетін білімді баланың қарапайым сөйлеуінен, яғни «оңайдан» бастап, әрі қарай бала үшін жаңа ұғым, түсініктерді (сөйлем, сөз, буын, дыбыс) меңгерту – бұл ұстанымның дұрыс таңдалғанын көрсетеді.
Қазіргі технология дамыған заманда 6–7 жастағы балалар үшін оқулықты сандық технология элементтерімен жабдықтау – өзекті мәселе. Бұл жастағы балалар техниканың құлағында ойнайды. Өз кезінде А. Байтұрсынұлы әдістеме үнемі жаңарып, қоғамның дамуынан қалмай, толығып отыру қажеттігін әдістемелік еңбектерінде атап өткен. «Әліппе» оқулығын құрастыруда оның «жаңашылдығы, өзгеріс және толықтырудың қажет етілуі» ұстанымы негізге алынып, оқушының «Сөз тану» айдарында берілген жұмбақ, жаңылтпаш, мақал-мәтел, өлеңдерді QR арқылы тыңдауына мүмкіндік жасалды.
«Әліппе» 1-жартыжылдықта аптасына 6 сағаттан оқытылып, барлығы 96 сағатты құрайды. Оның 12 сағаты әліппеге дейінгі кезең материалдарын меңгеруіне, қалған 84 сағаты әліппе кезеңінде дыбыс пен әріпті танытуға арналады.
Оқулықта 1 сағаттық оқу материалы бір бетте қамтылған. Әр сабақ сюжетті суретпен жұмыстан басталған. Сюжетті сурет мазмұны бойынша мұғалім сұрақ қояды, оқушылардың жауабынан сөйлеу, яғни мәтін түзіледі.
«Әліппе» оқулығының әліппеге дейінгі кезең оқу материалдары сөйлеу барысында тілдік бірліктер (мәтін (сөйлеу), сөйлем, сөз, буын, дыбыс) туралы қарапайым түсінік беруді қамтиды. Сызба-модель арқылы сөз, сөйлем құрауға және оларды сызбаның көмегімен «оқып», сөздің әр буынындағы дыбыстарды ажыратуға үйренеді. Бұл тілдік түсініктерді сөйлеу барысында меңгертуде Ахмет Байтұрсынұлының «оңайдан қиынға, жеңілден күрделіге өту» ұстанымы басшылыққа алынады. Бала мектепке келгенде «сөйлей білсе де», сөйлеуінің сөйлемдерден, сөйлемнің сөздерден, сөздің дыбыстардан түзілетінін біле бермейді. Алғашқы берілетін білімді баланың қарапайым сөйлеуінен, яғни «оңайдан» бастап, әрі қарай бала үшін жаңа ұғым, түсініктерді (сөйлем, сөз, буын, дыбыс) меңгерту – бұл ұстанымның дұрыс таңдалғанын көрсетеді. Мұғалімнің қолдауымен тапсырмаларды орындау арқылы сөйлеу, сөйлем, сөз, буын, дыбыс туралы мәліметті тұжырымдауға үйренеді. Мұғалім оқушыларды жаңа өтілетін фактіні байқауға, аңғаруға бағыттауда, өзіндік қорытынды жасауға дағдыландыруда «Сұрақтарға жауап бер», «Бала кімді шақырды? Ол ата сөзін қалай айтты?» және т.б. сұрақ қою-жауап алу тәсілін қолданады. Бұл ұстаным әліппе кезеңі материалдарымен жұмыста да басшылыққа алынады. Әр жаңа әріп пен дыбыстың бірінші сабағына «Айт, құрастыр» шартты белгісімен берілген сюжетті суретпен жұмыста сұрақ-жауап тәсілі арқылы әңгіме құрату, әңгімеден сөйлемдерді, сөйлемнен дыбысты танытуға арналған сөзді бөліп алу үдерісі бала үшін «жеңілден» бірте-бірте күрделіге қарай өтеді