1. Дәріс тақырыбы: Стилистиканың ғылым және пән ретінде қалыптасуы 2. Дәріс жоспары: 1. Стилистиканың даму тарихы.
2. Стилистиканың негізгі бағыттары мен аспектілері
3. Дәріс мақсаты:Жалпы лингвистикалық стилистика туралы мәлімет беру.
4. Қысқаша теориялық мәлімет: Барлық ғылымдардың зерттеу нысаны өзінің күрделілігімен даму эволюциясының тарихынан сан алуан процесімен ерекше көзге түседі. Стилистика ғылымы да осындай даму тарихын бастан кешірген. Стилистика ғылымының даму бағыты басқа ғылымдармен сабақтас. Қазіргі стилистиканың негізгі кезеңдері ертедегі антикалық риторика және поэтика, шешендік өнер ғылымдарымен өзара байланысып жатыр.
Жалпы тіл ғылымында стилистика белгілі тарихи дәуірді бастан кешіргенмен, ол өзінің алғашқы мағынасын айтарлықтай өзгертілген жоқ. Ресейде стилистиканы ғылыми тұрғыдан зерттеу мәселесі ХҮІІІ ғасырда басталды.
ХХ ғасырдың басында стилистика таза ғылымның нысаны ретінде қарастырыла бастады, тілдің функциональдық қызметін жан-жақты зерттеу нәтижесінде функциональдық стилистиканың негізі қаланды. Оған тілдің әдіс-тәсілдері туралы ХХ ғасырдың аяғында қаланған ғылыми-тұжырымдар негіз болды. Жалпы лингвистикалық ғылымның және жеке ғылымдардың әдіс-тәсілінен стилистикалық талдау әдістері қолдана бастаған болатын.
Стилистикалық талдау әдістерінің (орыс тілі ғылымындағы орны бойынша) негізі-тіл мен ойлау, тіл мен қоғам, тілдің әлеуметтік мәні мен қызметі. Стилистикалық талдау әдістерінің негізі қалануына осыған бйаланысты жазылған В.Гумбольдт, А.А.Потебня, Ф.де Соссюр, Б.Д.Куртэнэ, М.М.Бахтин т.б. еңбектерінің ықпалы болды. Әлемдік тіл білімінде, орыс тіл ғылымындағы стилистикалық зерттеу еңбектері негізінде қазақ тілі стилистикасы ғылыми тұрғыдан зерттелді.
Еліміздің егемендік алуы және тіл заңының шығуы қазақ тілі функциональдық, ресурстар стилистикасын зерттеу бағыттарын жаңа мазмұнда қайта қарауға тікелей ықпал етті.
Стилистика (лингвистикалық стилистика, лингвостилистика, жалпы стилистика)-тіл білімінің бір саласы. Стилистика тілдің көркемдегіш амал тәсілдерін, тілдің жұмсалу аясының түрлі қоғамдық салаларда қолданылуын, қатысымдық әрекетінің функциясын атқарады.
Филология ғылымында стилистика, стиль сөздері ертеден қолданысқа ие. Ресейде 19, тіпті 18 ғасырдан стилистиканың жекелеген аспектілеріне арналған зерттеулер шықты (мысалы, әртүрлі көркем шығармалардың не жазушылардың тілі, стилі туралы), теориялық сипаттағы еңбектер де жарық көрді. Алайда, ғылыми пән ретінде стилистика 20 ғасырдың 20-30 жылдарынан қалыптаса бастайды, ал оның бір тармағы болып саналатын функционалды стилистика 50 жылдардан бастап белсенді түрде зерттеу объектісіне айналады.
Стилистика, стиль ұғымының мәні тілдің коммуникативтік аспектісімен, тілдің қолданысымен, қызмет ету жағдайымен тығыз байланысты. Бұл мәселеге көңіл бөлу 19 ғасырдың аяғы 20 ғасыр басындағы тілші ғалымдардың еңбектерінен бастау алады: В.Гумбольд, Ф. де Соссюр, А.А.Потебня, И.А.Бодуэн де Куртенэ, Е.Д.Поливанов, Л.П.Якубинский, Р.О.Якобсон, В.В.Виноградов, Г.О.Винокур т.б.
Функционалдық-стилистикалық зерттеулер, әсіресе, өткен ғасырдың 60 жылдарынан, тіл ғылымының тілдің құрылымын зерттеуден оның қызметін (тілдің тұрақты күйінен даму жағдайын) зерттеуге ауысуынан бастап белсенді жүргізіледі. Стилистиканың қалыптасуы әдеби тіл нормасы мәселелерін зерттей бастауға да тығыз байланысты (чех ғалымдары: В.Матезиус, В.Гаверенек, Э.Косериу, және орыс ғалымдары В.В.Виноградов, Г.О.Винокур т.б. еңбектері).
Стилистиканың қалыптасуына тіл ғылымының «ұсақ» бірліктерді зерттеуден «ірі» бірліктерге ден қоюы да (дыбыстардан-мәтінге қарай) әсерін тигізді.
Стилистиканың дамуына әдеби тіл, тіл мәдениеті мәселелерін зерттеу де өзіндік үлес қосты.
Бұқаралық ақпарат құралдарының дамуына байланысты стиль, сөз мәдениеті мәселелері одан әрі өзекті бола түседі.
Мәтін лингвистикасы, прагматика стилистикалық зерттеулердің кейбір жаңа бағыттарын туғызды. Ю.С.Степанов: «Қазіргі уақытта ұлттық мәдениетті, тілді және психологияны зерттеу стилистиканың (тіл ғылымының бір саласы ретінде) пайда болуымен одан әрі нақтылана, айқындала түсті»,-дейді [4,21].
Стилистика, сонымен, өзінің сипаты, мәні жағынан-функционалды сипатқа ие (оның даму тарихы соны дәлелдейді). Бұл теориялық ғылым бола тұра, оның қолданбалы, тәжірибелік маңызын жоққа шығармайды. Керісінше стилистиканың дамуы (функционалды стилистиканың) тілді оқыту әдістемесіне, басқа қолданбалы салалардың дамуына ықпалын тигізді. Лингвостилистика тілдік теорияның іргелі мәселелерін зерттейді (мыс., тілдің әлеуметтік табиғаты, оның құрылымдық және функционалдық аспектілерінің байланысы, қызмет ету заңдылықтары, тіл мен ойлаудың байланысы).
Тіл ғылымы тарихындағы ұлы жаңалықтарының бірі-тілдің қос қырлылығының (жүйелілігі мен қызмет ететіндігі, қозғалмалылығы) ашылуы болды. Тіл осы екеуінің бірлігінен тұрады. Мұның бір жағы-құрылымдық-жүйелік жағы, жеткілікті дәрежеде зерттелсе, функционалдық жағы (сөз тудырушылық аспектісі) енді ғана зерттеле бастады.
Стилистика- әдеби тілдер жүйесін талдап, тілдік құралдарды қолдану заңдылықтарын түсіндіретін лингвистикалық пән.
Стилистика "стиль" деген сөзден шыққан. Ал стиль дегеніміздің өзі латынша "Styles - жазу құралы" деген сөз. Латын тілінде кейіннен "жазу мәнері" деген мағынада қолданылған және осы мағынада Европа білімпаздарының арасына көп тараған. Орта ғасырларда Греция мен Римде стиль-сөзге сендіру тәсілі, ал стилистика- риторика (шешендік өнері) делінген.
Стилистика тәрізді сөздің қазіргі мән-мағынасы көпшілікке түсінікті. Ол – «ұшталған таяқша» деген мағынаны білдіреді. Ол кезде балауыз жағылған тақтайша жазу-сызу үшін пайдаланылған. Ойды дәлірек жеткізу үшін таяқша арқылы тақтайдағы жазуды әлденеше өшіріп, қайта жазуға, түзетіп отыруға да тура келген. Таяқшаны (стильді) пайдалана білу өнері кейіннен сөз шеберлігін, тіл мәдениетін арттыра түсу деген мағынада ұғыныла келіп пән атауы ретінде қалыптасқан.
Стилистиканың дамып, қалыптасуы ертеректен бастау алып, қазақ тіл білімінде де ол жан-жақты қарастырылып келеді. Қазіргі кезде арнайы пән ретінде жоғарғы оқу орындарында оқытылып, оның мәні мен мақсаты түсіндіріліп, ол туралы ғылыми еңбектер, оқу құралдары, оқулықтар және кейбір шығарма тілінің стильдік ерекшеліктері жайлы талдау кітаптары мен мақалаларда тіліміздің кейбір стильдік құбылыстары туралы көптеген пікірлерді кездестіруге болады. Қазақ тілінің стилистикасын зерттеуде М. Балақаев,Б.Манасбаев, Томанов, Жанпейісов, Р.Әміров, А. Ысқақов, Ф. Мұсабекова, Р. Сыздықова, М.Серғалиев, Д.Әлкебаева, Ә. Хасеновтің және соңғы жылдары А. Мырзахметқызы, О.Бүркітов, С. Қоянбекова т.б. ғалымдар мен ізденушілерді айтуымызға болады. Орыс тіл білімінде стилистика мәселелерінің зерттелуі көптен бері қолға алынған. Бұл жөніндегі еңбектер де жарияланып келеді. Әсіресе осы салада өнімді еңбек етушілер деп А. М. Пешковский, Л.В. Щерба, В.Виноградов, Г.В Винокур, А.И.Ефимев, В.П.Мурат сияқты ғалымдарды атауға болады.
Тіл білімінде стилистиканың жалпыға бірдей қалыптасқан анықтамасы жоқ. Мұның бір себебі өзінің қалыптасуы барысында тіл білімінің бұл саласы әр түрлі бағыттардың құрамында дамыды. Алғашқы кезде көркем тілді зерттеу аясында дамыса, соңғы кездері оның зерттеу нысаны әлдеқайда кеңейіп, тармақтала түсті.
Жалпы алсақ, стилистика тілдің мәнерлі құралдары туралы, сонымен қоса тілдік құралдарды сөйлеудің мазмұнына, қарым-қатынастың мақсатына, жағдайы мен саласына сәйкес қолдану, яғни тілдің қызмет ету заңдылықтары туралы ілім деп анықтауға болады. Қарым-қатынастың анағұрлым жинақталған, әлеуметтік мәнге ие болған ондай салаларына ғылыми, көркем, публицистикалық, ресми және тұрмыстық салалар жатады. Функционалды стильдер осы салаларға сәйкес ажыратылады.
Кейде стилистиканы тілдің мәнерлегіш құралдары туралы ілім деп те анықтайды. Ондай жағдайда стилистиканың функционалдық жағы ескерілмей, ол тек тілдің стилистикалық боямалы құралдарын зерттейтін болып шығады. Сонымен қатар, стилистиканы функционалды стильдер туралы ғылым деп қана қарау жеткіліксіз, өйткені стилистика ілімі тілдің стилистикалық қорын зерттеуден бестау алады, әрі стилистикалық қор функционалды стильдерді қалыптастыруға да уақыт өте келе белсенді қатысады.
Сонымен, жоғарыдағы анықтаманы жалпы стилистикаға тән анықтама деуге болады. Жалпы стилистика зерттеу бағыттарына қарай іштей былай тармақталады:
1. Контекстен тыс түрде тілдің стилистикалық қорын зерттейтін саласы-құрылымдық стилистика.
2. Тілдің әр түрлі қарым-қатынас саласында қолдану заңдылықтары туралы ілім-функционалды немесе қолданымдық стилистика.
3. Көркем әдебиет стилистикасы.
4. Нормативті, практикалық стилистика.