134. Айтыста саяси-әлеуметтік, теңсіздіктің, қоғамдық кемшіліктердің сыналуы.
Халық ақындарының айтысында əлеуметтік мəселелер сөз болған. Солардың ең бастыларының бірі — шаруашылықтың жай-күйі. Мұнда екі шаруашылықтың ақындары қарсыласы жағының кемшіліктерін бетіне басып, ашып айтқан. Бұл, бір жағынан, шаруашылықтың олқы жақтарын жойып, өсіп-өркендеуіне үлкен ықпалын тигізіп отырған. Мəселен, Жəкен мен Маясардың сөз жарысынан біз осыны аңғарамыз.
Жəкенім, айтқан сөзің ұнап жатыр,
Үйіңде пеш пен қораң құлап жатыр.
Қолқабыс тигізетін адамың жоқ,
Бір ғана келін байқұс сылап жатыр.
Дүниенің жарығына биыл келген,
Бесікте егіз қызың жылап жатыр, —
деп Маясар Жəкенге колхоз басқармасының көмек бермегенін сынағында, Жəкен:
Маяке, барыспайық бала жаққа,
Жатыр деп пешің құлап жала жаппа.
Көргеміз біз де барып ауылыңызды,
Асықпай əр өлкені аралап та.
Өмірде өткен болмас өтірік пе
, Ағайынға арада жүрмес өкпе.
Кіруге үй түгілі үңгір таппай,
Далада жатты Қасым алты сөтке , — деп бірден жауап қайтарған.
Маясар ақынның мұрасын молайтып, шоқтығын биіктететін оның айтыстары. Ақынның Нұрлыбекпен айтысы 1966 жылы шыққан «Айтыс» кітабының үшінші томына енгізілсе, Болманмен, Жəкенмен, Үкішпен айтыстары газет-журнал беттерінде жарияланған болатын. Маясардың ақындығы, айтыскерлігі жөнінде мақталу сөздер, берілген бағалар баршылық. Б.Ысқақов: «Шаршы топқа түскен халық ақындарын дарындылық қабілетіне қарай суырып салма, ақпа ақындар (Қ.Жүсіпов, Н.Баймұратов, Қ.Жапсарбаев т.б.), əнші ақындар (Қ.Əзірбаев, М.Жапақов, Б.Бектұрғанов), жыршы жыраулар, ауыз əдебиетінен жинаушылар деп əр салаға бөлуге болады» [5; 188] деп айтса, Ғ.Жұмабаев халық ақындарының республикалық мəслихатында Маясар туралы:
«Жалпылама сыпыртпай, бет көбігін лепіртпей, шаруаны білетін, өмір талабын түсінетін, егінші тұрмысының ерлік еңбегін егжей-тегжей саралап ұғынған, қартайса да солардың нақ ортасында болған адамның тілімен сөйлеп отыр. Иə, бұл ғажап нəрсе екен, өз елімен біте қайнасып, оның ең игі қасиетін жанымен ұққан халық ақыны қартайдым деп, отау басында жантайып жата алмайды. Бұл Жамбылдан қалған дəстүр. Маясар сөзінің дəмді, салмақты болуы да осыдан, — деп көптің көңілінен шыққан киелі пікір айтқан.
Достарыңызбен бөлісу: |