3. Кеміргіштерді жою саласындағы нормативтік құжатты көрсетіңіз
"Дезинфекция, дезинсекция мен дератизацияны ұйымдастыруға және жүргізуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2018 жылғы 28 тамыздағы № ҚР ДСМ-8 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 25 қыркүйекте № 17429 болып тіркелді.
5-тарау. Дератизацияны ұйымдастыру және жүргізу
109. Дератизация кеміргіштерді жою және олар орналасқан объектілерді олардан тазарту мақсатында немесе инфекциялық аурулардың кеңінен таралуының және айтарлықтай экономикалық шығынның алдын алуды қамтамасыз ететін олардың санын ең аз деңгейде тұрақты ұстап тұру үшін жүзеге асырылады.
110. Дератизациялау мынадай типтерге бөлінеді:
1) жаппай дератизациялау – елді мекеннің шегінде ашық тіршілік ету орындарын қоса алғанда, барлық елді мекеннің аумағында жылына 2 реттен сиретпей жүргізіледі;
2) ошақтық дератизациялау – инфекциялық аурулардың ошағындағы және оған іргелес аумақтағы дератизациялау. Таралуына кеміргіштер қатысуы мүмкін инфекциялық аурулар тіркелген кезде жүргізіледі;
3) іріктеп дератизациялау – жекелеген учаскелерде немесе құрылыстарда, негізінен эпидемиялық маңызы бар объектілерде: ет- және балық комбинаттарында, тоңазытқыштарда, элеваторларда, азық-түлік қоймаларында, емдеу және балалар мекемелерінде, мал шаруашылығы фермаларында кеміргіштерді жою қажет болған жағдайда жүргізіледі.
111. Дератизациялау улы қармақжемдерді қою, тозаңдату, газдау әдістерімен физикалық, механикалық, химиялық тәсілдермен жүргізіледі. Дератизациялау тәсілі мен әдісін таңдау өңделетін объектінің ерекшеліктерімен, нысаналы кеміргіштердің экологиясымен және дератизациялау құралдарының ерекшеліктерімен айқындалады.
112. Кедергілік дератизациялау кеміргіштер ең жоғары көші-қон белсенділігінің кезеңдерінде, ал ерекше эпидемиологиялық маңызы бар объектілерде – жыл бойы бақылау-жойғыш алаңдарын (БЖА) орналастыру жолымен аумақтың периметрі бойынша (20 метр (бұдан әрі-м) бойымен қоршау), құрылыстар (10 м бойымен қабаттар) және құрылыс салынбаған телімдерде (аптасына 1 БЖА-100 шаршы метр (бұдан әрі – шаршы м) жүргізіледі. БЖА-ны орналастыру адам үшін қауіпсіздігін ескере отырып жүзеге асырылуы тиіс.
113. Денсаулық сақтау ұйымдарының, білім беру ұйымдарында, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында, қоғамдық тамақтану, азық-түлік сауда объектілерінің құрылыстары мен аумақтарының барлық ауданы тоқсанына бір рет кеміргіштердің болуына тексеруге жатады.
114. Профилактикалық дератизациялау жұмыстарының тиімділігін қамтамасыз ету үшін өңдеулердің белгілі бір жиілігін сақтау көзделеді. Егер пайдаланылатын препаратты қолдану жөніндегі нұсқаулықта өзгесі ұсынылмаса, онда үй-жайларды дератизациялау 2-3 айда 1 рет, аумақты дератизациялау жылына 4-6 рет жүргізіледі. Үй-жайларда кеміргіштер ұзақ уақыт болмаған кезде өңдеу жүргізілмейді, ал аумақты өңдеу саны екі есе қысқартылады. Үй-жайларда кеміргіштер саны жоғары болған кезде өңдеу еселігі айына 1 ретке дейін артады.
115. Азық-түлік саудасы, қоғамдық тамақтану объектілерінде, көкөніс сақтау қоймаларында, қоймаларда, тұрғын үй-жайларда және аула ішіндегі құрылыстарда уланған қармақжем дератизациялау құралдарын қолдану жөніндегі нұсқаулықта көзделген қолдану режиміне сәйкес қойылады. Балаларға қолжетімді білім беру ұйымдарында, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарының үй-жайларында улы қармақжемді қоюға жол берілмейді, ал кеміргіштерді жою тек механикалық әдістермен жүргізіледі.
116. Дератизациялау құралдарының сыртқы пішіні тамақ өнімдерінен, мал жемінен, үй заттарынан, дәрілік препараттардан айрықша ерекшеленеді. Қармақжемдердің тағамдық негізі ретінде адамдар қызығатындай ұнтақталмаған күнбағыс дәні және өзге де өнімдер пайдаланбайды. Қайғылы оқиғаларды болдырмау үшін кеміргіштерге арналған родентицидті қармақжемді ашық түске бояу қажет.
117. Ашық аумақтарда улы қармақжем адамдарға, үй жануарлары мен құстарға қолжетімсіз жерлерде жасырын ғана қойылады.
118. Қармақжемдерді дайындау жұмыстары арнайы жабдықталған үй-жайларда (зертханаларда) жүргізіледі және арнайы қоспалауыштарды қолданумен барынша механикаландырылуы тиіс. Улы қармақжемдерді дайындау және өлшеп-орау сорып-шығаратын жүйені қолдану және нақты дератизациялау құралдарына арналған тиісті нұсқаулықтарда көрсетілген қауіпсіздік шараларын сақтай отырып жүргізіледі. Қармақжем дайындайтын жұмыс үй-жайларда родентицидтің әсер ететін құрамына ауаны мерзімді бақылау жүргізіледі.
119. Ыдысқа салынбаған тамақ өнімдері бар үй-жайларда сусымалы (соның ішінде дәнді) улы қармақжемдерді қолдануға және дуст түріндегі дератизациялау құралдарын пайдалануға тыйым салынады.
120. Адамдар үнемі болатын үй-жайларда дератизациялау аяқталғаннан кейін уы бар қармақжемнің барлық қалдықтары кәдеге жарату мақсатында жиналады. Балалардың және үй жануарларының қолжетімсіз орындарында қармақжем қорғалатын объектіде кеміргіштердің қоныстануын болдырмау үшін қалдырылады.
121. Дератизация тиімділігіне мыналар арқылы қол жеткізіледі:
1) кеміргіштер қоныстанған барлық үй-жайларды жаппай өңдеу жүргізу үшін объектіде санитариялық күнді өткізу;
2) қармақжемді қолдану жөніндегі нұсқаулықта көзделген қармақжемді қою технологиясын сақтау;
3) қойма үй-жайларында дератизациялауды жүргізетін адамдар үшін ені кемінде 70 см қабырғалар бойымен өтетін құрылғылар арқылы қабырғаларға, бұрыштарға және техникалық жүйелерге тұрақты түрде кедергісіз жетуді қамтамасыз ету;
4) әртүрлі материалдарды сақтайтын барлық орындарда еденнен кемінде 15 см биіктікте тұратын стеллаждармен жабдықтау;
5) азық-түлікті және су қорын оларға кеміргіштердің кіру мүмкіндігін барынша қиындататын жағдайда сақтау;
6) профилактикалық өңдеу жүргізу үшін қармақжемді қойғанға дейін дератизациялауды жүргізетін адамдардың барлық үй-жайларға кедергісіз кіруін қамтамасыз ету;
7) ғимараттар мен үй-жайларға кеміргіштерді кіргізбеу қағидаларын сақтау;
8) барлық үй-жайлар мен оларға іргелес аумақты тұрақты тазалау және белгіленген мерзімде қоқысты шығару.
122. Елді мекенде жаппай дератизациялау жүргізген кезде бұл туралы оның тұрғындарына дератизацияның басталуына дейін 24 сағат қалғанда бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабарланады.
123. Елді мекенді немесе оның бір бөлігін нөмірленетін және сызба картаға түсірілетін учаскелерге бөледі. Учаскенің көлемін жұмыс көлеміне қарай айқындайды. Әрбір учаске нақты дератизаторға бекітіледі.
124. Кеміргіштермен байланысты инфекциялық ауру пайда болған кезде дератизациялық іс-шаралар шұғыл профилактика типі бойынша жүргізіледі: улы қармақжемнің құрамына жіті әсер ететін ратицидтер қолданылады. Қармақжемдік негіз ретінде аттрактанттары (өсімдік майы, қант) бар дақылдың (бидай немесе жүгері) қоспасы қолданылады. Дақылдың 100 салмақтық бөлігіне аттрактанттардың 3 салмақтық бөлігін қосады.
125. Синантропты кеміргіштерге қарсы күрестің неғұрлым тиімді әдістемесінің негізгі қағидаты кеміргіштер мекендейтін барлық жерде оларға қарсы күрес құралдарды қолдану және осы әсердің үздіксіздігі болып табылады.
126. Күресудің негізгі құралы ретінде антикоагулянттары бар ұзақ сақталатын қармақжемдерді, ал қатты әсер ететін уы бар қармақжемдерді кеміргіштер санының күздік шегіне жетуі және көктемде көбеюі кезінде жылына екі реттен жиі емес, сондай-ақ эпидкөрсеткіштер бойынша қолдану қажет.
127. Қыспаларды, қақпандарды және басқа да тұзақтарды дератизациялаудың қосымша әдісі ретінде жекелеген объектілерде қолдану ұсынылады.
128. Кеміргіштердің індерін және жүретін жолдарын тозаңдауға арналған уларды аз мөлшерде қолдану керек, себебі бұл тәсіл қоршаған ортаның пестицидтермен қатты ластануына әкеп соқтырады және өңдеу жүргізілген үй-жайда үнемі болатын адамдар үшін жүргізілетін жұмыстардың қауіптілігін арттырады.
129. Сапалы дератизация жүргізудің маңызды шарты улы қармақжемдерге кеміргіштерді қарататын түрлі азық-түлік өнімдерін: ұнды, дәнді, жарманы, қантты, өсімдік майын; сирек жағдайда нанды, көкөністі, ет пен балық қалдықтарын пайдалану болып табылады.
130. Дератизация сапасының көрсеткіші осы Санитариялық қағидаларға 10-қосымшаға сәйкес жүргізілетін кеміргіштердің санын есепке алу болып табылады.
131. Елді мекендегі дератизациялау кеміргіштердің кемінде 80 %-ы қырылған кезде тиімді болып танылады.
Достарыңызбен бөлісу: |