Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы (ЖСДП). Өзін оппозициялық партия деп санайды. Партияның төрағалары – Ж.Тұяқбай, Б.Әбілов. Құндылықтары: демократиялық, құқықтық, әлеуметтік мемлекет, инновациялық экономика, азаттық, әділдік, ынтымақтастық. 2016 ж. мәжіліс сайлауында партия 1,18% дауыс жинап, парламентке өте алмады.
«Бірлік» партиясы 2013 ж. «Руханият» пен «Әділет»партияларының бірігуі нәтижесінде құрылды. Төрағасы – С.Сұлтанғали. Партия елдің əлеуметтік негізінің тірегі ретінде орта таптың қалыптасуы мен дамуын мақсат етіп қояды, олар қазақстандықтардың өмір сүру деңгейін көтеру тек орта жəне шағын бизнестің қолдауы арқасында ғана мүмкін деп санайды. Құндылықтары: қуатты экономика, әлеуметтік мәселелердің шешімін табу, жоғары өнегелі, рухани бай қоғамның дамуы. Партия 2016 ж. мәжіліс сайлауында 0,29% дауыс алып, парламентке өте алмады.
Қоғамдық-саяси қозғалыстардеп белгілі бір мақсаттарға жету үшін үкіметке ықпал ету бағытында құрылатын азаматтардың түрлі ерікті ұйымдарын айтады. Қоғамдық саяси ұйымдардың негізгі белгілері: 1) партияларға қарағанда әлеуметтік базасы кең болады; 2) белгілі бір нақты саяси мақсатқа жетуге бағдар ұстайды; 3) ұйымдық құрылымы жағынан әлсіз болады; 4) қоғамдық саяси қозғалыстар билікке жетуді емес, билікке ықпал етуді негізгі міндет деп санайды.
Қазақстанда да қоғамдық қозғалыстар бар. Елімізде алғаш болып құрылған қозғалыстар, ұйымдар экологиялық бағыттағы ұйымдар.Оларға жататындар: «Невада-Семей» антиядролық қозғалысы (1989 ж. құрылған, Алматыда штаб-пәтері, 1991 ж. Семей полигоны жабылды, ядролық қаруды таратпау, ядролық сынақтан зардап шеккендер құқықтарын қорғау), «Арал-Азия-Қазақстан» халықаралық қоғамдық комитеті (1987 ж. М.Шаханов бастамасымен құрылған, мақсаты: Арал теңізі жағдайына, республикадағы экологиялық дағдарысқа қоғамдық пікірді аудару, Арал теңізін қалпына келтіру туралы жобалар, бағдарламалар жасау) т.б.; 2)Ұлт мәселелерін шешуге бағытталған қозғалыс, ұйымдар. Оларға: «Азат» қозғалысы (1990 ж. құрылған, мақсаты - толық саяси-экономикалық тәуелсіздікке қол жеткізу, әлеуметтік әділеттілік жөне демократия принциптерін іске асыру, барлық азаматтардың материалдық және рухани өмірін қамтамасыз ету. Экономика саласында жер, кен байлықтары, су, орман және басқа да байлықтар республиканың меншігі. Жер сатылмауы керек, бірақ қажеттілікке қарай жалға беріледі. Ұлт мәселесінде барлық азаматтар тең құқықты, ұлтына, дініне қарай бөлінбеу керек. Қазақ мектебінің және тәрбиенің ұлттық тұжырымдамасы жасалуы керек. Қазақстан тарихы, қазақ тілі және әдебиеті барлық оқу орындарында дербес пән ретінде оқытылуы қажет. Басқару жүйесінде тоталитарлық үстемдікке, әкімшіл-әміршіл жүйеге қарсы күрес жүргізілуі кажет); славяндардың республикалық «Лад» қозғалысы(1993 ж. құрылды, негізгі мақсаты – ҚР-да тұратын славян халықтарының тілін, мәдениетін, рухани өмірін гүлдендіру, республикада демократияны, азаматтардың саяси, экономикалық, әлеуметтік-мәдени құқықтары мен бостандығын, бейбітшілікті, халықтар достығын дамыту, нығайту), «Русская община» (орыс және басқа да славян халықтарының рухани өркендеуінің, олардың мәдениетін, білімінің барлық дәрежесін дамытуға бағытталған, Қазақстаңда азаматтық қоғам құруға әсер етуі қаралған; 1992 ж. мемлекеттік екі тілділікті жақтап қол жинады, 1993 ж. қаңтарда президентке Орыс университетін ашуды сұрап хат жолдаған), республикадағы казактар қозғалыс;, неміс, ұйғыр, грек, корей және т.б. мәдениет орталықтары; 3) Тарихи-ағартушылық қоғамдар: «Мемориал» (тарихи-ағартушылық, құқық қорғау, қайырымдылық бағыттағы халықаралық қоғам, Ресейде құрылған қоғамның қазақстандық бөлімшесі; КСРО-дағы саяси репрессияларды зерттеу), «Әділет» (1938-138 жж. қуғын-сүргін құрбандарын ақтау), «Ақиқат» (мақсатының бірі - халықтың бұрынғы әдет-ғұрпын қалпына келтіру, туған өлкенің тарихын зерттеу, қазақ және басқа халықтардың ұлттық тілін дамыту. Қуғын-сүргінге ұшырағандар туралы бірнеше мақалалар және кітаптар жариялады) және т.б.; 4)Әлеуметтік талаптар қойған ұйымдар: «Атамекен», «Алтын бесік», «Жерұйық», «Шаңырақ», кәсіподақ қозғалысы. Қазақстан Республикасындағы Кәсіподақ федерациясы кеңесі. Кәсіподақ федерациясы ерікті қоғамдық ұйым, кәсіпдақ мүшелерінің құқығын және мүддесін қорғайды.14 облыста облыстық және 22 салалық кәсіподақ бірлестіктері бар. Федерацияның құрамында Ғылым академиясының, архитектура, Жобалық және Зерттеу институттарының, инновацияық және ұсақ кәсіпкерлер, мұнай, газ, көмір, т.б. кәсіподақтары бар. Федерация жұмысының негізгі бағыты – мүшелік ұйымдардың әлеуметтік-экономикалық, құқықтары мен мүддесін қорғау, еңбек, тұрмыс, мәдениет,спорт мәселелері туралы үкіметпен келісім жасау. Федерация кеңесі Парламенттің заң қабылдау мәселесіне қатысып, заң жобаларын жасайды. Кәсіподақ федерациясы өтпелі кезеңде көмір, түсті металлургия, т.б. шаруашылық салаларындағы еңбекшілердің жұмысқа орналасу, жалақы,әлеуметтік көмек алу ісіне үнемі араласып келеді.
Бұлардың көбі заман талабына сай пайда болып, өз мақсаттарын орындауына байланысты өмір сахнасынан кетті, біразы іс-әрекеттерін әлі де жалғастыруда. Сонымен қатар республикада ардагерлер, әйелдер, жастар одақтары және т.б. көптеген қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстар бар.