58. Қазақстан және Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ-ШОС). Қазақстан аймақтық ұйымдар қызметіне белсене араласады. Ондағы басты мақсат – аймақтағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету.
Шанхай ынтымақтастық ұйымы 1996 жылы Қытайдың Шанхай қаласында «Шанхай бестігі» деп атаумен құрылған халықаралық ұйым. Оны бұрынғы кеңес-қытай шекарасындағы даулы мәселелерді шешу, шекарадағы әскери күшті қысқарту және сенім шараларын күшейту мақсатында Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Қытай құрған болатын. Шекара туралы келісімшарт бекітілгеннен кейін «бестікті» ШЫҰ құрамындағы елдердің ынтымақтастығын кеңейтіп, қауіпсіздігін нығайту ұйымына айналдыру туралы шешім қабылданды. 2001 ж. «Шанхай бестігіне» Өзбекстан кіргеннен кейін ұйым «Шанхай ынтымақтастық ұйымы» деп аталды, 2017 ж. 9 маусымда ұйымға Үндістан мен Пәкістан кірді. Штаб-пәтері Пекинде орналасқан. Ұйымның негізгі мақсаттары: 1) мүше-мемлекеттер арасында өзара сенім, достық, татулық қарым-қатынастарды нығайту; 2) саяси, сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, білім беру, қуат көзі, көлік, экологиялық және өзге де салаларда тиімді әріптестік шараларын дамыту; 3) ортақ күш жұмсап аймақтық бейбіт өмірді, қауіпсіздікті және тұрақтылықты қамтамасыз ету, демократиялық, әділ және ұтымды саяси, экономикалық халықаралық тәртіп орнатуға жағдай жасау.
ШЫҰ-ы БҰҰ-ның мақсаттары мен принциптерін ұстанады. Ұйымның басты міндеттері үлкен кеңістікте тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту, терроризммен, сепаратизммен, экстремизммен, наркотрафикпен күрес, стихиялық апаттардың салдарларын жою, экономикалық ынтымақтастық, энергетикалық әріптестік, ғылыми және мәдени өзрара әрекеттестік. Ресми тілдері: орыс және қытай. ШЫҰ – қызметі басқа мемлекеттерге немесе халықаралық ұйымдарға қарсы бағытталған әскери блок болып табылмайды.
Достарыңызбен бөлісу: |