Қазақстан – ШЫҰ-ның 2 негізгі ойыншылары – Ресей мен Қытайдың арасында орналасқан, өңірлік ынтымақтастықты қолдайтын Ұйымның маңызды буыны.
1996 жылы Шанхай үдерісі басталғалы бері Қазақстан бұл ұйымның белсенді қатысушысы болып табылады. Қазақстан Ұйымның аясында өтетін лаңкестікке қарсы әскери жаттығуларға, ғылыми конференциялар, форумдарға тұрақты қатысып отырады, ШЫҰ құқықтық базасының нығаюына үлкен үлес қосып келеді. 2006 ж. Қазақстан Бейжіңдегі Хатшылықтың жанындағы және Ташкенттегі Өңірлік лаңкестікке қарсы комитетте өзінің тұрақты өкілдігі аппаратын алғашқы құрғандардың бірі болды.
ШЫҰ-ның әрбір жұмыс органында Қазақстанның атынан 6 адам қызмет атқаруда.
2006 жылғы маусымның 15-інде Шанхайда өткен саммитте Қазақстан ШЫҰ Азия энергетикалық стратегиясын жасауға бастама көтерді. Бұл ШЫҰ-да сауда-экономикалық салада тәжірибелік ынтымақтастықтың басталуына түрткі болды. Сондай-ақ ҚР Президенті ШЫҰ аясында заңсыз көші-қонмен күрес жөнінде келісім жасасуды ұсынды.
Бүгінде ШЫҰ Орталық Азиядағы өңірлік ынтымақтастықтың барынша табысты модельдерінің бірі болып табылады. ҚР Президенті Н.Назарбаевтың айтуынша, «Қазақстанның ұсынысымен жүзеге асырылған Еуразия идеясының 3 киті – ЕурАзЭҚ, АӨІСШК және ШЫҰ».
Ұйымға мүше мемлекеттердің арасында қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету саласында өзара іс-қимылдың зор оң тәжірибесі жиналған, мүше мемлекеттердің арнайы қызметтері мен құқықтық органдары лаңкестік және экстремистік күштермен күресу үшін тиімді байланыстар орнатты.
2006 ж. Қазақстан Қытаймен бірлесіп, шекаралас аудандарда «Тянь-Шань – 2006» лаңкестікке қарсы жаттығуларын өткізді. 2007 ж. жазда Ресейде «Бейбітшілік миссиясы – 2007» ШЫҰ-ның кең ауқымды әскери жаттығулары өтті.
2006 – 2007 жылдары ШЫҰ-нда қауіпсіздік, сауда-экономикалық, энергетика мәселелері ғана емес, сондай-ақ саяси (мүше-мемлекеттер парламенттері, жоғарғы соттары басшыларының алғашқы кездесулері), білім (білім министрлерінің кездесуі) салаларындағы ынтымақтастық артуда. Бұл фактілер Шанхай ынтымақтастық ұйымының көп жақты өңірлік құрылымға айналып келе жатқандығын көрсетеді. 2007 ж. Бішкек саммитінде мемлекеттер басшылары ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің ұзақ мерзімге тату көршілігі, достығы және ынтымақтастығы жөніндегі шартқа қол қойды. Ұйымға мүше-мемлекеттердің халықаралық ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі іс-қимылдар жоспарын бекітті. 2005 және 2011 жылдары Қазақстан ШЫҰ жұмысына 2 рет төрағалық етті.
2011 ж. 15 маусымда Астанада өткізілген ШЫҰ-ның 10 жылдық мерейтойлық саммитінде ұйым басшылары ШЫҰ-ның бірден-бір халықаралық институтқа айналғандығын атап өтті. Соңғы жылдары ШЫҰ ішіндегі тауар айналымы 7 есеге өскен. Қытай мен Ресейдің Еуразиялық экономикалық одақ пен Жібек жолының экономикалық белдігінің (ЭПШП) транспорттық инфрақұрылымдарды модернизациялау, құрылыс, энергетика, ресурстарды өндіру, жоғары технологиялар саласындағы ынтымақтастығы туралы 2015 ж. айтылған ой-ниеттері осы аймақтың барлық елдері үшін экономикалық өсудің кең мүмкіндігін ашады деп саналады. 2016 ж. Ташкентте өткен ШЫҰ саммитінде ҚР Президенті Н.Назарбаев ұйым мүшелері мен бақылаушы-мемлекеттерді біріктіретін Еуразиялық транзиттік-транспорттық хаб (орталық) қалыптастыруды ұсынды. Қазақстанда жүріп жатырған инфрақұрылымды дамытудың «Нұрлы жол» бағдарламасы ЕАЭО пен ЭПШП аясындағы ынтымақтасты толықтырады. ШЫҰ-ның мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін Қазақстан мәдениет, білім беру, денсаулық сақтау, қоршаған ортаны қорғау, ғылым мен техника, жастар саясаты, туризм, спорт саласындағы өзара әрекеттестікті тереңдетуге ықпал етпекші.
2017 ж. 8-9 маусымда ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің ашылу қарсаңында ШЫҰ саммиті Қазақстанда өтті. Дөңгелек үстел барысында ғылыми және сарапшылар қауымдастығының өкілдері «ШЫҰ - ЕАЭО» форматындағы ынтымақтастық, «ШЫҰ – ЕАЭО - ЭПШП» біріккен ынтымақтастығы мәселелері бойынша пікір алмасты.
Достарыңызбен бөлісу: |