Балаларды мектепке қабылдау тәртібі 2018 жылғы 12 қазандағы № 564 бұйрықпен бекітілген Үлгілік қағидаларда айқындалған.
Құжаттарды қабылдау ағымдағы жылғы 1 сәуірден бастап
1 тамызға дейін жүзеге асырылады.
1 сыныпқа 6 жастан бастап балалар ата-анасының немесе заңды өкілінің жеке өтініші (еркін нысанда) негізінде мынадай құжаттарды ұсына отырып қабылданады:
- өтініш;
- денсаулық жағдайы туралы анықтама, №065у нысан;
- баланың денсаулық паспорты 026 / у-3;
- өлшемі 3х4 см баланың суреті (2 дана).
Құжаттарды қабылдау және балаларды мектепке қабылдау электрондық үкіметтің еgov.kz веб-порталы және жергілікті атқарушы органдардың ақпараттық жүйелері арқылы автоматтандырылған. Бұл мемлекеттік қызметті орта білім беру ұйымдары бір жұмыс күні ішінде көрсетеді. Мемлекеттік қызметті көрсету қағидаларына сәйкес көрсетілетін қызметті берушінің жұмыс кестесі - демалыс және мереке күндерін қоспағанда, дүйсенбіден жұмаға дейін. 1-2 сәуір демалыс күндері екенін ескере отырып, мемлекеттік қызмет ағымдағы жылдың 3 сәуірінен бастап көрсетілетін болады (1-2 сәуірге келіп түскен өтінімдер 3 сәуірде өңделетін болады).
1-сынып оқушыларын қабылдаудың болжамды контингенті –
410 мыңнан астам білім алушыны құрайды (қазақ тілінде білім алатын 274,3 мың оқушы (65,9%).
2022-2023 оқу жылында - 405,4 мың 1-сынып оқушысы оқыды, оның ішінде 266,6 мыңы (65,8%) қазақ тілінде оқыды.
1-сыныпқа дайындық деңгейіне қарамастан алты жастағы және күнтізбелік жылда алты жасқа толатын білім беру ұйымының қызмет көрсету аумағында тұратын балалар қабылданады.
Білім беру ұйымына қызмет ету аумағы республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) білім беруді басқару органдарының бұйрығымен бекітіледі.
Гимназия мен лицейге балаларды конкурстық негізде қабылдау қарастырылған.
Балаларды гимназия мен лицейде 1-сыныпқа қабылдау кезінде емтихандар күнтізбелік жылдың 15 маусымына дейін өткізіледі, оның мерзімдері, нысандары мен тапсырмаларын білім беру ұйымы дербес айқындайды.
Мамандандырылған білім беру ұйымдарына қабылдау жеке ақпараттық жүйелер арқылы немесе мектептер базасында жүзеге асырылады.
Бірінші сыныпқа қабылдау туралы бұйрықты орта білім беру ұйымы ағымдағы жылдың 25 тамызынан кейін жариялайды.