Бесінші дәріс Қазақ әдеби тілінің функционалды стильдері
1. Ресми іс қағаздары мен ресми құжаттар стилі, оның лексика-грамматикалық ерекшелігі, қазіргі іс қағаздарының дамуы жөнінде
2. Ғылыми стильдің жалпы сипаттамасы. Оның түрлері, жанрлары, тілдік-стильдік ерекшелігі, ғылыми диалог пен монолог.
1) өткен ғасырдың 20-30 жылдарынан қазақ әдеби тілінің әр стильдік жүйесінің: публицистикалық стильдің, көркем әдебиет стилінің, ресми стильдің, ғылыми стильдің сараланып, жеке-жеке қалыптасып, дами бастағанын әдеби тіл тарихынан білеміз.
Сонау 18 ғасырдың ІІ жартысында негізі қаланған ресми іс қағаздар стилі бүгінде тілі байып, стильдік дәрежесі жетіле түсті.
Стильдің бұл түрінің қолданылу аясы мен практикалық қажеттілігі әр түрлі Мысалы, іс қағаздары – басқару орындарындағы, белгілі бір мекемелердегі кеңселік құжаттар, ал ресми құжаттар басқару, ұйымдастыру, үкім шығару қызметіне қатысты құжаттар. Ресми іс қағаздары стиліне тілдік тұрғыдан қойылатын талаптар:
1. Түйіндеменің дәлдігі немесе мағыналылығы;
2. Айқындылық немесе жүйелілік;
3. Логикалық;
4. Баяндауыштың ықшамдылығы, артық сөздің болмауы. Таза лингвистикалық тұрғыдан да мәтінге қойылатын талаптар болады.
Лексикада - ресми құжаттар мен іс қағаздарына тән сөздер мен сөз тіркестерін орнымен қолдану; синтаксистік құрылымында себеп, мақсат, шартты бағыныңқылы сабақтастарды мазмұнына қарай жұмсау. Ғалым М.Серғалиев ресми стильді үш шағын топқа бөліп қарастырады: кеңсе (іс қағаздары)шағын стилі, дипломатиялық шағын стиль, таза заң шағын стилі (Қазақ энциклопедиясы. А.1998. 326-б.) Кеңселік іс қағаздарына өмірбаян, өтініш, хабардландыру, хаттама, анықтама, жеке іс парағы т.б. жатады. Бұдан басқа азаматтық қатынастарды реттейтін сенімхат, қолхат, келісімшарт, тапсырыс қағаздары т.б. бар. Бұлар белгілі бір үлгіде жазылады, арнайы, тұрақты сөз орамдары болады: өтінемін, хабарлаймын, сұраймын, қаперге алынсын, қатаң ескертілсін т.б.
Қазақ тілі заңдылықтарына сәйкес құрылған, өзіндік лексика-грамматикалық жүйесі бар стиль түрі іс қағаздарын, әр түрлі құжаттарды толтырғандағы басты талап – қазақ тілінің табиғи нормаларын жетік меңгеру. Сонымен қатар бұл стиль түрінде эмоционалды-экспрессивті сөздер мен сөз тіркестері өте сирек қолданылады, ол тек құттықтаулар мен үндеулерде кездеседі. Таза ресми құжаттарға заң, жарғы, жарлық, қаулы-қарарлар, мемлекетаралық шарттар, үндеу т,б, жатады. Ресми құжаттар белгілі қалыпқа түскен үлгі бойынша жазылады да, онда саяси-публицистикалық лексика, әкімшілік терминдер жиі қолданылады. Логикалық жүйелі құрылған ой құрмалас сөйлемдер арқылы беріледі. Мұнда негізгі ойдың мазмұны қысқа әрі тұжырымды түрде жазылады, сөздер тура және нақты мағынада қолданылады, тұрақты сөз орамдары болады.
2) Ғылыми стиль – ғылымның дамуымен, ғылыми әдебиеттердің молаюымен байланысты туған стиль. Оған әр мамандық, әр ғылым саласында жазылған шығармалар тілі жатады. Ғылыми стиль зерттеу нысаны болған зат, құбылыстарды ғылыми сипаттап, дәлелдеп, түсіндіруді қажет етеді.
Бұл стиль түрі – ғылыми негізде жасалатын өзіндік қалыптасу принциптері бар, стильдік өңі ерекше әдеби тілдің бір тармағы. Оның қалыптасып дамуы ғылыми зерттеу жұмыстарының жүргізілуіне және ғылыми әдебиеттердің жазылуына байланысты. Мұнда белгілі бір ұғым, мәселе турасындағы логикалық жағынан тұжырымдалған толық хабарлама десе болады. Ғылыми стильдегі сөздер негізінен тура мағынада жұмсалады, ауыспалы мәндегі сөздер болмайды. Мұнда терминдік лексиканы, термин сөздерді жүйелі пайдаланады. Мысалы, тіл білімінде лингвистика, лексика, фразеология, семасиология т. б. физикада анод, вакуум, атом, атомдық салмақ, шама т.б. Ғылыми стильде халықаралық терминдер жиі кездеседі.
Ғылыми стильде жалпы жазу тіліне тән синтаксистік құрылыс пайдаланылады. Бұл стильдің негізгі ерекшелігі - мұнда ой күрделі баяндалып, анықтама, дәлелдеме және формулаларға негізделуінде. Сонымен бірге, әрбір ғылым саласының өзінің ерекшелігіне қарай баяндау тәсілінде кейбір өзгешеліктері болады. Мысалы, химия оқулығында былай делінген: Газ күйіндегі қандай заттың болса да граммолекулалары бірдей жағдайда, бірдей көлем алады. Физикада: бір инерция моментінен екінші инерция моментіне көшу мына теория бойынша орындалады: кез келген айналыс осіне қатысты инерция моменті сол оське параллель, ауырлық центрінен өтетін оське қатысты инерция моменті мен дене массасының сол дене ауырлық центрінің айналыс осінен қашықтығы квадратының көбейтіндісінің қосындысына тең болады. Қазақ тілінде ғылыми стильдің қалыптасуы негізінен, өткен ғасырдың 20-30 жылдарынан басталады. Оның кӛш басында А.Байтұрсынұлы, Ә.Бөкейханов, Х.Досмұхамедов, М.Жұмабаев, Ж.Аймаутов, М.Дулатов, Қ.Жұбанов т.б. сынды тұлғалар тұрды. Оның ішінде қазақ тілінің ғылым тілі ретінде қалыптасып, дамуына А.Байтұрсынұлы еңбектерінің үлесі зор. Ғылыми стильдің шағын жанрларын да шартты түрде былайша жіктеуге болады: мақала, баяндама, конспект, дәріс, тазис, реферат, пікір т.б. Ал ғылыми стильдің ауызша түрлері: ғылыми диалог пен монолог. Монологке лекция, ал диалогке пікірталас (дискуссия), жиындағы сөздер, сұхбат жатады. Монолог – бір жақтан ғана берілетін ой болса, диалог – екі немесе бірнеше адамның арасындағы ой бөлісу, пікір айту болып табылады.
Әдебиеттер
1. Балақаев М., Жанпейісов Е., Томанов М., Манасбаев Б. Қазақ тілінің стилистикасы. А., 2006.
2. Шалабай Б. Қазақ тілінің стилистикасы. А., 2006.
3. Шалабай Б. Көркем әдебиет стилистикасы. А., 2000.
Сұрақтар мен тапсырмалар
1. Ресми іс қағаздары стиліне тілдік тұрғыдан қандай талаптар қойылады?
2. Ресми құжаттар стилінің лексика-грамматикалық ерекшелігі неде?
3. Қазіргі іс қағаздарының дамуы жөнінде не айтасыз?
4. Ғылыми стильдің түрлерін атаңыз
5. Ғылыми стильдің жанрлары, тілдік-стильдік ерекшелігін мысалдармен дәлелдеңіз
6. Мақала, баяндама, конспект, дәріс, тазис, реферат, пікірдің өзіндік ерекшеліктері неде?