§ 3. Саяси мәдениеттің жіктелуі
Қоғамдық жағдайға және ондағы қалыптасқан саяси үлгілер мен ережелерге байланысты әр елдің саяси мәдениеті өзгешеленеді, ерекшеленеді. Батыс саясаттануында оны жіктеудің кең тараған түрі Г. Алмонд пен С. Вербаның " Азаматтық мәдениет" (1963) деген кітабында келтірілген. Онда Англия, АҚШ, ГФР, Италия, Мексиканың саяси жүйелерінің негізгі құрамдас бөліктері мен жұмыс істеу түрлері сараланып, салыстырылады. Соның нәтижесінде олар саяси мәдениеттің патриархтық, азаматтық, қоғамшыл деп үш тұрпатын атап көрсетеді. Патриархтық мәдениет азаматтардың саяси өмірге ықылас-ынтасының жоқтығымен сипатталады. Азаматтық тұрпатында адамдар саяси институттардың шешімдерін мойындап, толық орындайды, бірақ олардың жұмысына бел шешіп араласпайды. Саяси мәдениеттің қоғамшыл тұрпатында азаматтар саясатқа зер қойып, оның жұмысына белсене қатысады. Ал өмірде көрсетілген тұрпаттар "таза" күйінде емес, бір-бірімен аралас түрінде кездеседі. Зерттеушілердің айтуынша, солардың ішінде кең тарағаны және қоғамның тұрақтылығын қамтамасыз етуге ыңғайлысы азаматтық мәдениет көрінеді.
Мәдениеттің өзгешелігі болмысты ұғынудың, оны бағалаудың, соған байланысты әрекет ету тәсілінің ерекшеліктеріне әкеледі. Белгілі бір жағдайға сай келетін саяси жүйелер басқа жағдайларда күйзеліс тауып жатады, белгілі бір әрекеттер бір халықты ойдағыдай жетістікке жеткізсе, екіншісін сәтсіздікке ұшыратады. Мұның бәрі көп жағдайда саяси мәдениетке байланысты екен. Егер біз неше түрлі әлеуметтік болмыста өмір сүріп, еңбек етуіміз мәдениеттің әрекеттестігінен десек, артық айтқандық болмайды.
Саяси мәдениеттің жоғарыда айтылған тұрпаттарынан басқа жеке әлеуметтік, этникалық, аймақтық және басқа саясат субъектілеріне тән құрылымдары да қалыптасады. Олардың билікке, саяси өмірді ұйымдастыруға, бақылауға және т. б. өзіндік көзқарастары пайда болады. Мұндай құрылымды субмәдениет дейді. Басқа сөзбен айтқанда, субмәдениет деп қоғамда үстемдік еткен мәдени бағыттан айтарлықтай ерекшеленетін саяси бағдарды айтады.
Сонда субмәдениеттің пайда болу себебі қандай? Ол қоғамдық топтардың экономикалық, әлеуметтік жағдайларын, этникалық, діни, нәсілдік, білімдік, жыныстық, жас ерекшеліктеріне және т. с. с. белгілеріне байланысты. Мысалы, америкалық зерттеушілердің байқауынша, негрлердің субмәдениеттік өзгешелігіне олардың қатардағы адамдардың саяси белсенділігіне сенбеушілігі жатады. Олар саясат ақ нәсілділердің ісі деп есептейді.
Кейбір ерекшеліктер әйелдердің саяси субмәдениетінде де кездеседі. Мәселен, батыстың әйелдері консервативтік бағыттагы партиялар мен ұйымдарды қолдайды (бұл әйелдердің әлеуметтік қатынастарының төмендігінен, ерлерге қарағанда қоғамдық, қозғалыстарға аз араласқандығынан, қалыптасқан әдеттен шықпауға тырысушылықтан болса керек).
Айтарлықтай айырмашылық жастардың саяси субмәдениетінде де кездеседі. Батыстың жастарын алсақ, олар адамдар арасындағы қарым-қатынас пен өмірдің сапалылығы сияқты құндылықтарды алға тартса, қариялар материалдық молшылықпен қамтамасыз етілуді ұнатады.
Ал Қазақстанда болса оқуға түсе алмаған ауыл жастарының көбі жұмысқа орналасып, жұмысшылар жатақханасында жүр. Олардың арасында жартылай ауылдық, жартылай қалалық саяси субмәдениеттің пайда болуын байқаймыз.
Саяси мәдениеттің бірлігі қоғамның тұрақтылығын нығайтады, көптеген саяси процестерді дұрыс болжауға ықпалын тигізеді. Ал әр түрлі саяси субмәдениеттер, керісінше, қоғамдық-саяси өмірді тұрақсыздандырудың көзі болуы мүмкін. Қоғамдағы жағдай көбінде әр түрлі болғандықтан, субмәдениеттің де сан түрлілігі қалыпты құбылыс. Сондықтан олардың мүдделерін үйлестіріп, бастарын қосып, бірлестіре жұмыс істеуге тура келеді. Ол үшін қоғам терең ойластырылған мәдениет саясатын жүргізуі керек. Жұртшылықтың саяси мәдениеті жоғары болуы үшін мемлекет ел ішіндегі және басқа елдердегі болып жатқан өзгерістер, жаңалықтар жөнінде жан-жақты хабардар етіп отырғаны орынды. Сонда ғана елдің азаматтары бұл мәселелер жөнінде жетік біліп, дұрыс баға бере алады. Көлемді және сенімді мәлімет алып тұруы, дамыған хабарламалық жүйенің болуы - қоғамның саяси мәдениетінің, саяси қатынастарының қаншалықты дамығандығын көрсетеді.
Халық арасында мәдениет саясатын жүргізгенде мына мәселелерге ерекше мән берген жөн: сол елдің Конституциясын, өзінің саяси құқығын, бостандығы мен міндеттерін білуі; мемлекеттік құрылыс, саяси жүйе; қоғам мен мемлекетті басқару түрлері мен тәсілдері жөнінде де хабардар болу, саяси мәселелерді шешу; мемлекеттің, халықтың асыл мұратын білу; билік пен саясат жөнінде жалпы білім беру; әлеуметтік процестерді басқарудың негізінде жатқан саясаттың, ережелер, принциптер, идеялардың мәнін түсіну және т. с. с.
Мәдениет саясатын жүргізудің жолдары мен тәсілдері мол. Оған ең алдымен оқу-ағарту жүйесін жетілдіру, халықтың білімін көтеру жатады. Бұл жолда әсіресе қоғамдық ғылымдардың рөлі зор. Олар адамдарға өздерінің саяси қатынастарының қожасы болуына, әлеуметтік тұрмысының зандылықтарын меңгеруге көмектеседі. Бұл ғылымдар халықтарға өмірді жаңа негізде құруға, қоғамдық қатынастарды жетілдіруге, әлеуметтік, экономикалық процестердің болжамын жасауға кең өріс ашады.
Халықтың саяси мәдениетін көтеруге тек белгілі саяси білімді меңгеріп, саяси құбылыстар мен процестерді, заңдылықтар мен принциптерді түсіну ғана емес, сонымен қатар қоғам алдында өз жауапкершілігін сезініп, жалпы адамзаттық қазынаны сақтап, молайтуға тырысу, Отанға қауіп төнсе, оны қорғай білу де жатады.
Енді бүгінгі Қазақстанға келсек, еліміздің саяси мәдениетін тап басып айту қиын. Себебі, республикамыз өтпелі кезеңді басынан кешіріп отыр. Халықтың санасында, іс-әрекетінде өткен дәуірдіңде, бүгінгінің де, болашақтың да мәдениетінің көріністерін байқаймыз. Мәселен, біраз адамдардың санасында жеке тұлғадан гөрі бұрынғыдай мемлекеттің басым тұрғандығы сезіледі. Бірталайы болашақты күтумен күн кешуде. Ал болашақ дегеннің өзі бүгіннен басталады ғой. Сондықтан әркімнің қазіргі саяси өмірге белсене араласып, қоғамымыздың тезірек демократиялануына өз үлесін қосқаны абзал.
Қазір біздің Қазақстан - егеменді ел. Алғашқы Ата Заңымызда демократиялық зиялы мемлекет құру жолында көптеген бостандықтар мен еркіндіктер берілген болатын.
Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясында да адам құқықтары мен бостандықтары танылады және оларға кепілдік беріледі. Әркімнің өмір сүруге, жеке басының бостандығына құқығы бар. Заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең. Адамның қадір-қасиетіне, жеке өміріне қол сұғылмайды. Сөз бен шығармашылық еркіндігіне кепілдік беріледі. Цензураға тыйым салынады. Ата Заңымызда бұдан басқа да құқықтар мен еркіндіктер берілген. Мұның бәрі Қазақстан халкының демократиялық жолмен даму тарапындағы алғашқы қадамдары деп білеміз. Сонымен қатар ол саяси мәдениеттің даму деңгейін де аңғартады.