Жоғарыда қарастырғандай, туризм Қазақстан Республикасында жылдан-жылға дамып, қызмет аясын кеңейтіп келеді. Соның арқасында әлемнің көптеген елдері қатысатын Қазақстанның өзіндік туристік нарығы қалыптасуда. Оның ары қарай дамуына әсер етуші негізгі факторлар экономикалық және әлеументтік болып табылады, бұл ең алдымен негізгі қажеттіліктерді қанағаттандыру шектерінен азаматтардың (әлеуетті туристер) жеке табысының асуы.
Субъективті себептерге елден шығу мен оған кірудің, оның территориясында шетелдік азаматтардың ьолуы тәртіптерін реттейтін мемлекеттік органдардың қызметтері жатады. Солардың қызметін нақты арнаға бұру мақсатында Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев туристік индустрия қызметінің мемлекет қазынасына айтарлықтай кіріс әкелуге қабілетті, болашағы зор экономика саласы ретінде көріне алатындығы жайлы өзінің стратегиялық бағдарламасында атап өткен болатын. Сонымен қатар, дәстүрге еніп, қалыптасып, келе жатқан Елбасының жыл сайынғы Жолдауларында еліміздің әлеументтік-экономикалық әлеуетін дамыту мақсатында атқарылатын істер мен алда тұрған міндеттер анықталып отырады. Әрине, халықтың әл-ауқатының артуы мен рухани және гармониялық жағынан дамуы, өмір сүру жағдайларының сапалы түрде жақсаруы мәселелерін шешуге мүмкіндік беретін, халық тұтынатын игіліктердің маңызды бөлігін құрайтын демалыс және ойын-сауықтық бағдарламалармен қамтамасыз ету мен байланысты қызметтердің маңызы сөзсіз.