Суда еритін витаминдер
В1 витамині (тиамин, аневрин, антиполиневриттік)
Химиялық тұрғыдан В1 витамині гетероциклдік пиримидин мен тиазол сақиналарынан тұратын құрамында азот пен күкірті бар, кристалды түссіз зат. Формуласы төмендегідей:
Бұл витаминді поляк ғалымы К. Функ 1912 жылы ашады, 1913 жылы кристалды түрде бөлініп алынады, ал 1936 жылы синтезделген.
Тиамин жоғары температураға, қышқылдар әсеріне төзімді, бейтарап, әсіресе сілтілік ортада тез бұзылады.
В1 витамині ірі тартылған ұнда, қауызынан тазаланбаған күріште, бұршақта, жаңғақта, ашытқыда, сүтте, бауырда, бүйректе, майда, жұмыртқа сарысында көп болады.
В1 витаминін жануар организмінде ішек микрофлора бактериялары синтездейді.
Биомедициналық қызметі
Қазіргі кезде тиаминнің организмде атқаратын қызметі жақсы зерттелген. В1 витаминінің тірі организмдерде атқаратын қызметі оның биологиялық әрекетшіл түрі тиаминпирофосфатқа (ТПФ) байланысты. Оның формуласы төмендегідей:
Тиаминнің тиаминпирофосфатқа айналуына АТФ, магний ионы және тиаминкиназа ферменті қатысады.
Декарбоксилаза ферментінің құрамына тиаминпирофосфат кофермент ретінде енеді. Бұл фермент жануарлар мен адамдар ұлпаларында көмірсулар ыдырағанда пайда болатын пирожүзім қышқылының тотыға декарбоксилдену реакциясына қатысады. Сондай-ақ, ТПФ кетоглутар, глиоксил және g – окси – α кетоглутар қышқылдарын декарбоксилдеу реакцияларына араласады. Транскетолаза ферментіне тиаминпирофосфат кофермент ретінде еніп, көмірсулардың пентозалық жолмен ыдырау реакцияларын қамтамасыз етеді.
Қорыта айтқанда, тиаминпирофосфат организмде көмірсулардың алмасуына, α-кетоглутар қышқылының трансаминдену реакциясы арқылы белоктардың алмасуына, нуклеин қышқылдарының азоттық негіздерін синтездеуге қатысады. Жоғарғылардан басқа, организмде тиаминпирофосфат энергияға бай фосфор эфирлерін тасымалдайды, тотығу-тотықсыздандыру реакцияларына, катехоламиндердің алмасуына, жоғарғы қанықпаған май қышқылдарының биосинтезіне қатысады.
В1 витаминінің биомедициналық маңызы жоғарыда келтірілген мәліметтермен шектелмейді.
В1 витамині авитаминозының белгілері
В1 авитаминозының алғашқы белгілеріне тәбеттің төмендеуі ішек-қарын қабырғаларының толқын тәрізді жиырылу қасиетінің кемуі, мінез-құлықтың өзгеріп, еске сақтау қабілетінің төмендеуі, көзге елес пайда болуы жатады.
Тиамин авитаминозында пирожүзім қышқылының мөлшері қанда, бұлшық ет ұлпаларында бірсыпыра көбейеді, нерв жүйесі зақымданып, полиневрит «бери-бери» ауруы пайда болады. «Бери-бери» ауруының белгісі бірнеше түрлі, құрғақ «бери-бери» шеткі нерв жүйесін зақымдағанда, бұлшық еттер тартылып, солып қалады, ауырған жердің сезіну қабілеті нашарлайды, сал ауруы пайда болады. «Бери-беридің» істіктік түрінде полиневрит пен қатар жүрек және қан тамырлары зақымданып, ақыры өлімге дейін әкеледі. Бұл аурумен адамдардан басқа құстар, иттер, егеу- құйрықтар және т.б. жануарлар да аурады.
В2 (рибофлавин, өсу витамині)
В2 витамині ең алғаш рет сүттен бөлініп алынады, сондықтан лактофлавин деп те аталады.
Рибофлавинді 1935 жылы Р. Кун химиялық синтездеу жолымен алады.
Химиялық тұрғыдан В2 витамині 5 атомды спирт рибитолмен байланысқан метилденген гетероциклдік изоаллоксазиннен тұратын, кристалды, қызғылт-сары түсті, табиғи пигменттер-флавиндерге жатады.
Рибофлавиннің изоаллоксазин сақинасындағы қос байланыстар үзіліп сутек қосылған кезде сары түсті рибофлавин түссіз лейкоқосылысқа, ал, лейкоқосылыс керекті жағдайда, керісінше, сутегіні бөле отырып сары түсті рибофлавинге айналады:
Рибофлавин суда, спиртте жақсы ериді, қышқыл ортаға берік, қыздыруға төзімді болса да ультракүлгін сәулесінің әсерінен тез бұзылады.
В2 витаминін кейбір микроорганизмдер мен өсімдіктер синтездейді, ал жануарлар мен адамдар организмдерінде синтезделмейді, сондықтан рибофлавин организмге ас арқылы түседі.
Рибофлавин табиғатта өте кең тараған, жануарлар организмінің барлық ұлпаларында және өсімдіктерде кездеседі.
В2 витамині етте, бауырда, жұмыртқада, сүтте, ірімшікте, сары майда, балықтан жасалған тағамдарда, ұнда, әсіресе ірі тартылған ұнда, бидай тұқымдастардың дәндерінде, жас көкөністе көп болады.
Биомедициналық қызметі
Рибофлавин флавопротеид ферменттерінің коферменттері (ФМН; ФАД) құрамына енеді. Бұл ферменттер екі типті реакцияларды катализдейді. Біріншіден – флавопротеидтер оттегінің қатынасуымен тура тотығу, яғни электрондар мен протондарды субстраттан, немесе аралық метоболиттерден тасымалдау процесін катализдейді. Бұл топқа L- және Д-аминқышқылдарының оксидазасы, глициноксидаза, альдегидоксидаза, моноаминоксидаза, т.б. ферменттер жатады.
Екіншіден – флавопротеидтердің биологиялық тотығу процесіндегі маңызы ерекше орын алады. Олар сутегіні тікелей субстраттан ажыратпай, тотыққан пиридинкоферменттерден тасымалдайды. Кофермент ретінде флавинмононуклеотид (ФМН), флавинадениндинуклеотид (ФАД) енетін флавопротеидтер өте кең тараған.
Рибофлавиннің тотығу және тотықсыздану реакцияларына қатысуы, бұл витаминнің зат алмасудағы өте үлкен маңызын көрсетеді. Рибофлавин жетіспеуінен организмдегі органикалық заттардың тотығуы бұзылады. В2 витамині организмнің, клетканың өсіп өнуіне, көздің көру процесіне әсерін тигізеді.
В2 авитаминозының белгілері
Рибофлавиннің ас арқылы жеткіліксіз түсуі организмдегі органикалық заттардың тотығуын нашарлатып, зат алмасу процесін, әсіресе белоктар мен амин қышқылдарының алмасуын төмендетеді.
В2 витамині авитаминозында адам шаршағыш келеді, бұлшық еттерден әл кетеді, жүрек еті әлсірейді, балалардың бойының өсуі тежеледі, салмақ қосуы төмендейді, шашы түсіп (алопеция), бас терісі қабыршақтанады (дерматит).
Адам организмінде рибофлавин жетпегенде көздің мөлдір қабығы мен бұршағында кератит, катаракта сияқты аурулар пайда болады, көз қызарып, жас ағып, көру процесі нашарлайды. Тілдің кілегей қабаты қабынады (глоссит), ауызы уылады, екі езудің терісі жарылып, қабынады (ауыздық ауруы).
В3 витамині (пантотен қышқылы, антидерматиттік)
Бұл витамин 1933 жылы белгілі болды, кристалды түрде тек 1939 жылы алынады, 1940 жылы химиялық құрылымы анықталып жасанды түрде синтезделеді. Пантотен қышқылы химиялық құрылымы жағынан пантой қышқылы мен β-аланиннен түзілген дипептид: Д(+) α, g– диокси – β, β – диметилбутирил – β- аланин:
Пантотен қышқылы барлық жан-жануар, өсімдіктер клеткалары мен микробтар құрамында кездеседі (грек. пантотен – барлық жерде) және биологиялық активтілігі тек оң жаққа бұрушы Д(+) оптикалық изомеріне тән.
В3 витамині май тәрізді қоймалжың, ашық сары түсті, су мен сірке қышқылында еритін, жылдам тотығатын, сілтілер мен қышқылдардың әсерінен пептидтік (-СО-NH-) байланысы гидролизге түсетін зат.
Пантотен қышқылы жұмыртқа сарысында, бауырда, өсімдіктердің жасыл желектерінде, ашытқыларда, бұршақ тұқымдас өсімдіктерде, пішен ұнында өте көп болады және аз мөлшерде түрлі тағамдарда кездеседі, сондай-ақ, организмде ішек микрофлорасы синтездейтіндіктен авитаминозы сирек кездеседі.
Биомедициналық қызметі
Пантотен қышқылы организм үшін өте қажет күрделі органикалық зат коэнзим – А-ның (HSKоA) құрамына енеді:
Коэнзим – А организмдегі негізгі зат алмасу процестеріне қатысады: май қышқылдарының катаболизмі мен анаболизміне, көмірсулар мен майлардың бір-біріне алмасуына өте қажет зат. Егер коэнзим – А организмде жектіліксіз түзілсе, онда зат алмасу процесі бұзылады.
В3 авитаминозының белгілері
Пантотен қышқылы авитаминозында адамдар мен жануарлар әр түрлі ауруларға шалдығады: денедегі түктер мен шаш түсіп, түсі өзгереді, терісі зақымданып, ішкі органдардың кілегей қабаты қабынады, жүйке жүйесі, ішкі секреция бездері зардап шегеді.
В3 витаминінің организмде жетіспеуінің ең алғаш белгілері мынадай: адамдардың аяғының саусақтары жансызданып, шанши бастайды, кейінірек саусақтары мен табаны өте қатты ауырып, ол тізеге дейін көтеріледі.
В5 (РР) витамині (никотин қышқылы, никотинамид)
Никотин қышқылы және оның амиді – никотинамид – ертеден белгілі. Бұл витаминді ниацин немесе РР деп те атайды. Никотин қышқылының витаминдік қасиеті 1937 жылы анықталады.
Никотин қышқылының РР деп аталу себебі пеллаграға қарсы деген атаудың басты әріптерінен тұрады (итал. preventіve pellagra).
Химиялық тұрғыдан В5 витамині – β-пиридинкарбон қышқылы, ал никотинамид – β-пиридинкарбон қышқылының амиді:
В5 витамині ақ түсті, қышқылдау, суда жақсы еритін, эфирде ерімейтін, жоғары температураға, күн сәулесіне, ауаға, сілтілік ерітінділерге тұрақты кристалдар.
Никотин қышқылы табиғатта өте кең тараған. Оған өсімдіктер де, жануарлар да бай.
Никотин қышқылының негізгі көздері: бауыр, бүйрек, ет, балық, ашытқы, қара құмық, бұршақ тұқымдастар, қара нан, т.б.
Биомедициналық қызметі
Никотинамид дегидрогеназа ферменттерінің (алкоголь дегидрогеназа, альдегиддегидрогеназа, глутаматдегидрогеназа, фосфоглицеринальдегиддегидрогеназа, лактатдегидрогеназа, малатдегидрогеназа, т.б.) коферменттері – никотинамидадениндинуклеотид (НАД), никотинамидадениндинуклеотидфосфат (НАДФ) құрамына енеді.
НАД және НАДФ протондар мен электрондарды субстраттардан флавопротеидтерге тасымалдап, организмдегі биологиялық тотығу процесіне қатысады.
В5 авитаминозының белгілері
В5 авитаминозында адамдар пеллагра ауруына шалдығады. Пеллаграның алғашқы белгілері төмендегідей: ішек-қарынның кілегей қабаты қабынады, іш өтеді (диаррея), кейіннен тері қабынып, кедір-бұдырланады (дерматит), асқынған түрінде ми зақымданып, ойлау қабілеті төмендейді (деменция). Бұл дертке балалар шалдыққанда бойларының өсуі баяулап, салмағын жоғалтады, анемияның жеңіл түрі пайда болады. Организмде никотин қышқылының 5% В6 витаминінің қатысуымен триптофаннан синтезделетіні анықталды, сондықтан пеллагра В5 витаминінің ғана авитаминозы емес, бірнеше витаминдердің жетіспеуінен болатын поливитаминоз.
Егер никотин қышқылы мен никотинамид организмге шамадан көп түссе, адам уланады, іші өтіп, бұлшық еттері ретсіз жиырылып, аллергия, астения аурулары пайда болады. Никотин қышқылының метаболиттері метил тобын өзіне қосып алып, холин сияқты липотропты факторларды азайтудың нәтижесінде бауырда май жиналып, семіреді.
В6 (пиридоксин, антидерматиттік)
В6 витамині міндетті түрде ас құрамында болу керектігін 1934 жылы Дьерди, егеуқұйрықтылардың аяқ жағында болатын акродиния деп аталатын ерекше дерматитті, сол кезде белгілі болған суда еритін В1, В2 және РР витаминдері жаза алмағаннан кейін ашты. Бұл витамин1938 жылы ашытқылар мен бауырдан бөлініп алынады, 1939 жылы синтезделеді.
В6 витамині химиялық құрылымы жағынан 3 – оксипиридин туындысы: 2 – метил – 3 – окси – 4,5 – диоксиметил – пиридин екендігі анықталады.
В6 деген атауды 1970 жылы биологиялық химия номенклатурасы бойынша халықаралық комиссия витаминдік активтілігі бар үш затқа береді. Олар: пиридоксин (пиридоксол), пиридоксаль және пиридоксамин:
В6 витаминінің үш түрінде де витаминдік активтілік болғанымен, зат алмасу процесіне тек қана пиридоксаль мен пиридоксаминнің фосфорлы эфирлері – пиридоксальфосфат және пиридоксаминфосфат түрінде қатысады:
Пиридоксаль мен пиридоксаминнің фосфорлануы ферментативтік процесс, оларды спецификалық киназалар катализдейді.
В6 витамині су мен спиртте жақсы еритін түссіз, жоғарғы температураға тұрақты кристалдар (tпл=160°C). Судағы ерітінділері қышқыл мен сілтілік ортада қыздыруға тұрақты, бірақ күн сәулесі әсерінен және бейтарап ортада тез бұзылады.
Бұл витамин тағамның барлық түрінде кездеседі, өсімдіктерде аз мөлшерде, ал жануар тектес азықтарда, (бауырда, бүйректе, етте, ірімшікте, балықта), ашытқыда өте көп мөлшерде болады. Өсімдік тектес азықтардың ішінде дәнді дақылдардың дәндерінде, бұршақ тектестерде, өсімдіктердің көгінде мол болады. Адам организмінде В6 витаминін ішек микроорганизмдері синтездейді.
Биомедициналық қызметі
Кейінгі кезде В6 витаминінің азот метаболизмінде атқаратын маңызы өте зор екендігі анықталып отыр. Организмдегі азот алмасуының басты реакцияларын катализдейтін 20-дан астам ферменттердің құрамына В6 витамині кофермент ретінде енеді. Осы ферменттердің ішінде: трансаминаза – амин тобын (-NH2) аминқышқылдарынан α-кетоқышқылдарына қайтымды тасымалдауын, ал, декарбоксилаза – карбоксил тобын (-СО2) аминқышқылдарынан қайтымсыз бөліп, биогенді аминдер түзілуін катализдейді.
Пиридоксальфосфат кофермент ретінде серин мен треониннің декарбоксилденуіне, триптофанның, кинурениннің тотығуына, күкіртті амин қышқылдарының алмасуына, серин мен глициннің бір-біріне айналуына және гемоглобин гемінің алғы заты δ- аминолевулин қышқылының синтезіне, т.б. көптеген реакцияларды катализдейтін ферменттердің құрамына енеді.
В6 авитаминозының белгілері
Пиридоксин авитаминозында амин қышқылдары мен белоктардың алмасуы бұзылады, қанның түзілуі нашарлайды, жалпы мөлшері азайып, анемия ауруы пайда болады. Жас балалар мен мал төлінің бойларының өсуі баяулап, салмақтарын жоғалтады. Жас сәби балалар пиридоксині аз жасанды тамақпен тамақтанғандықтан, В6 авитаминозымен жиі ауырады, ондайда балалардың терісі қабынып, нерв жүйесі зақымданады.
Адамдар РР витаминімен емдегенде жазылмайтын, ал пиридоксинді қабылдағанда тез жазылатын, пеллаграға ұқсас, тері қабынатын аурумен ауырады.
Туберкулезге шалдыққан адамдар пиридоксин авитаминозымен жиі ауырады, себебі, науқастарға пиридоксиннің антагонисі – изоникотинилгидразид (изониазид) дәрісі беріледі.
В12 витамині (цианкобаламин, антианемиялық)
В12 витамині басқа витаминдерден тек химиялық құрылымының күрделігімен ғана емес, құрамында организмге өте қажет кобальт микроэлементінің болуымен ерекше, сондықтан кобаламин деп аталады. В12 витаминінде кобальт циан тобымен және координациялық байланыспен коориндік циклдік жүйесімен байланысқан. Бұл жүйе гемопротеиндердің және гемнің порфирин тобына ұқсас және рибоза мен фосфор қышқылының қалдығы бар 5,6 – диметилбензимидазолдың азотымен байланысқан:
В12 витамині (цианкобаламин)
Адам организмінде коферменттік қызмет атқаратын В12 витаминінің екі түрі бар, олар: метилкобаламин – цитоплазмада, дезоксиаденозилкобаламин – митохондрияда шоғырланған. Американдық ғалымдар Джордж Мино мен Уильям Мэрфи 1926 жылы шала піскен бауырды ас құрамына енгізгенде қатерлі анемияны жазатындығын анықтаған. 1948 жылы Эдвард Рикс пен Ролкерс кристалды түрде В12 витаминін жас бауырдан бөліп шығарды. Тек 1955 жылы Ходжкин химиялық құрылымын және кеңістіктегі конфигурациясын физикалық әдіспен (рентгеноструктуралық зерттеу) анықтады. Ал қолдан 1961-1971 жылдары Р.Б. Вудворд синтездейді. В12 витамині суда, спиртте, төменгі органикалық қышқылдарда, фенолдарда жақсы ериді, ал бензолда, хлороформда, ацетонда ерімейді. Жоғары температура әсеріне тұрақты, кристалдары t≈210-220°С қараяды, t≈300°С жұмсарады.
В12 витамині жарықта активтілігін жояды, ал қараңғыда өте ұзақ сақтауға болады. Цианкобаламинді микроорганизмдер ғана синтездейді, өсімдіктер мен жануарлар организмдері синтездей алмайды. Күйіс қайыратын малдың қарнында микроорганизмдер әрекетінің әсерімен түзіледі. В12 витамині оптикалық активті зат. Бұл витамин адам организміне ас арқылы түседі. В12 витамині бауырда, етте, сүтте, жұмыртқада, жануардан алынатын азықтарда болады.
Биомедициналық қызметі
В12 витамині кофермент ретінде кобамид ферменттер тобы құрамында азоттың, көмірсулардың, нуклеин қышқылдары мен майлардың алмасуына қатысады. Метилкобаламин кофермент ретінде енетін ферменттер метиониннің биосинтезін жеделдетеді. 5’ – Дезоксиаденозилкобаламин коферменті бар ферменттер сутегі атомдарын және әр түрлі химиялық топтарды (гидроксилдік, амин, карбонил тиоэфир т.б.) тасымалдауға қатысады.
В12 витамині жануарлардың өсіп өнуіне, орталық жүйке жүйесінің қызметіне, қан түзілуіне қажет. Әсіресе, қанның қызыл түйіршіктерінің жетілуіне өте үлкен әсер етеді, гемоглобин құрамына кіретін порфириндер түзілуіне қажет. В12 витамині организмде липотроптық қызмет атқарып, бауырды майланудан сақтайды, метионинмен қамтамасыз етеді. В12 витаминін байлап, ішек қабырғаларынан өткізетін белоктан тұратын ішкі фактор бар (Касл факторы). Егер бұл фактордың синтезі бұзылса, ас арқылы организмге витамин мол түссе де, авитаминоз ауруы пайда болады.
В12 авитаминозының белгілері
В12 витамині авитаминозында организм қатерлі анемия (пернициоздық анемия) Аддисон-Бирмер ауруына шалдығады. Пернициоздық анемияда қанда мегалоциттер – көлемі үлкен жетілмеген қызыл түйіршіктер көбейіп, олардың қан айналымындағы жалпы саны азаяды. Ауру адам күніне 100-200 мкг В12 витаминін қабылдаса, екі жұмадан соң сауығады.
В12 витамині организмде гомоцистеиннен метиониннің синтезделу процесін тездетеді, авитаминозында зәрде гомоцистеин көбейеді де, метионин азаяды. Бұл витамин метилмалонил-КОА-ның сукцинил-КОА-ға айналуын тездетеді. Авитаминозында метилмалон қышқылы организмде жиналып, нерв ұлпаларына улы әсер етеді, жұлында дегенерациялық өзгерістер байқалады, асқазан сөлінің қышқылдығы төмендейді.
В15 витамині (пангам қышқылы, антианоксикалық)
В15 витамині алғаш рет 1950 жылы ірі қара малдың бауырынан, кейіннен көптеген өсімдіктердің тұқымдарынан бөлініп алынады, сондықтан бұл витаминді пангам (грек. пан – барлық жерде, gamі – тұқым) қышқылы деп атайды. Пангам қышқылы табиғатта өте кең таралған. Химиялық құрылымы, құрамы синтездік жолмен дәлелденген.
Химиялық тұрғыдан пангам қышқылы глюкон қышқылы мен диметилглициннің эфирі:
В15 витамині суда жақсы еритін, эфирде, хлороформда, бен–золда ерімейтін кристалды ақ түсті борпылдақ зат. Осы уақытқа дейін бұл витамин адам организмінде синтезделетіндігі, немесе ас арқылы түсетіндігі белгісіз.
В15 витаминінің тағам көздері: бауыр, әр түрлі өсімдік дәнде–рі, ашытқы т.б.
Биомедициналық қызметі
В15 витаминінің биомедициналық маңызы толық зерттелмеген. Пангам қышқылы организмді оттегінің жетіспеушілігінен (аноксия) сақтайды, ұлпалардағы тотығу процесінін энергетикалық мүмкіншілігін арттырады. Витамин құрамындағы глюконат қалдығы бұлшық ет пен бауырдағы гликоген синтезіне ықпал етеді, ал метил топтары оның метил топтарын тасымалдауға қатысатынын байқатады. Пангам қышқылы гуанидилсірке қышқылының метилденуіне, одан креатин мен холиннің пайда болуына әсер етеді. Бұл витаминді организмге енгізгенде креатин мен креатинфосфаттың мөлшері бұлшық етте көбейеді, бауырда холинфосфатидтердің синтезі жеделдейді. Пангам қышқылы майлардың алмасуына ықпал жасап, олардың бауырда жиналуына кедергі келтіреді (липотроптық қасиеті). Қазіргі кезде В15 витамині клиникалық, авиациялық, спорттық медицинада қолданылып жүр. Кальций пангаматы инфаркттың алдын алу және инфаркттан кейінгі емдеу кезінде қолданылады. Пангам қышқылы организмге шамадан тыс функциялық ауыртпалық түскен кезде, жүректің бұлшық еттерінде креатин мен креатинфосфаттың азаюына кедергі келтіреді.
Вс витамині (фоль қышқылы,
птероилглютамин, антианемиялық)
Вс витамині ең алғаш 1945 жылдары өсімдік жапырақтарынан бөлінген (лат. folіum – жапырақ). Бұл витамин туралы алғашқы мағлұмат 1940 жылдары балапандарға жасалған тәжірибе нәтижесінде алынып, олардың қалыпты өсуіне қажеттілігі анықталды («с» индексі – ағылшынша chіcken – балапан). Фоль қышқылының химиялық құрылымы анықталмай тұрып кейбір бактериялардың коректік ортада парааминобензой қышқылын керек ететіндігі белгілі болады, керісінше, бұл қышқылға ұқсас сульфаниламидті қосқанда бактериялардың өсуі тежелген. Қазіргі кезде парааминобензой қышқылының өсу процесін тездететіндігі, оның фоль қышқылының құрамына енетіндігі анықталды. Фоль қышқылы үш құрамнан тұрады: птеридин қалдығы (І), парааминобензой (ІІ) және L-глютамин (ІІІ) қышқылдары:
Фоль қышқылының бірнеше түрлері белгілі, олар бір-бірінен химиялық құрылымы, құрамы жағынан өзгешеліктері бар, соған байланысты атаулары да өзгеріп отырады.
Фоль қышқылы ұсақ кристалды, сары түсті, дәмсіз, иіссіз, суда орташа еритін (25 мг/л), спирт ерітінділерінде жақсы еритін, эфирде, ацетонда, хлороформда ерімейтін зат. Жарықта көп тұрса бұзылады, ауада сақталады, 250°С балқиды.
Вс витаминінің тағам көздері: бауыр, нан, түсті қырыққабат, саумалдық, сыра, нан ашытқылары және т.б.
Биомедициналық қызметі
Фоль қышқылы көптеген ферменттердің коферменті ретінде бір көміртегі бар қалдықтарды тасымалдауға қатынасады. Мысалы: метил тобын (-СН3) – метионин мен тимин, оксиметил
(-СН2ОН) тобын – серин, формил () тобын – пуриндік негіздер биосинтездерінде тасымалдайды. Жоғарыда аталған заттар мен нуклеин қышқылдарының алмасуында фоль қышқылы негізгі қызмет атқарады. Метионин мен серин – белок, тимин – ДНК, пурин негіздері – ДНК және РНК-ның барлық түрінің биосинтездерінде маңызды қызмет атқарады. Сондықтан, фоль қышқылы жетіспесе организмде зат алмасу процесі өте терең өзгерістерге ұшырайды.
Фоль қышқылы жоғарыда айтылған фрагменттерді 5, 6, 7, 8 – тетрагидрофоль қышқылы (ТГФК) түрінде тасымалдайды:
Тетрагидрофоль қышқылына бір көміртегі бар фрагменттер 5-ші және 10-шы азот атомдарымен коваленттік байланыспен байланысады (немесе екі атоммен бірдей). Бұған мысал ретінде рибосомада белок биосинтезі басталатын формилметионил – т - РНК биосинтезінде формил тобын тасымалдауын келтіруге болады:
Вс авитаминозының белгілері
Адамдар мен жануарлар ішек микрофлорасы фоль қышқылын организмге керекті мөлшерде синтездейді. Оларда Вс витамині авитаминозы ішек микрофлорасын антибиотиктермен және сульфаниламидтік препараттармен емдегенде және аш ішектің өткізгіштік функциясы нашарлағанда пайда болады.
Вс витамині авитаминозында асқазанның сөл бөлу функциясы төмендейді, соның әсерінен тәбет жоғалады, тері, жүйке жүйесі, көбею органдарының жұмысы нашарлайды. Бұл витамин адам организмінде жетіспегенде аса қауіпті мегалобластикалық анемия ауруы пайда болады. Малдардың өсуі нашарлайды.
Егер фоль қышқылын шамадан тыс (100 мг жоғары) пайдаланса, онда организм уланады, аллергиялық, вегетативтік реакциялар пайда болады.
В12 витаминінің организмде жетіспеуі Вс витаминінің жетіспеуімен қатар өтеді. Фоль қышқылы жетіспегенде тауық балапандарының өсуі нашарлайды, қаны азайып, жүннің өсуі мен бояуы бұзылады, күрке тауық балапандарының мойны жансызданып, аяқтары әлсізденеді, тұмсығына ақау түсіп, асық жілігі қисаяды, үйректердің қаны азайып, бауыры майланып, үлкейеді, қаздардың балапандары алғашқы екі апта ішінде өліп қалады.
Вт витамині (карнитин)
Карнитин 1948 жылдары белгілі болды. Бұл ерекше витамин бунақденелілердің түлеуіне және түлегеннен кейін қалыпты дамуына әсер етеді.
Вт витаминінің физиологиялық әсері алғаш рет ұндағы хрущактан (қоңыздан) (лат. tenebrіo molіtor) анықталған, сондықтан осы сөздегі бірінші әріп t (Т) Вт витаминінде индекс ретінде қолданылады.
Химиялық құрамы жағынан β-окси-γ-триметиламиномай қышқылы:
Вт витамині – ақ түсті, суда жақсы еритін кристалды зат.
Биомедициналық маңызы
Вт витаминінің физиологиялық әсерінің механизмі әлі белгісіз болса да, ол бунақденелілерде метил тобын тасымалдауға қатынасады деп есептеледі, сондай-ақ, жануарлардада ацил радикалдарын клетка қабырғаларынан өткізуші ретінде қаралады. Карнитин жоғарғы май қышқылдарының түзілуі мен тотығуына қатынасады. Бауырды майланудан қорғайды. Бунақденелілердің түлеу процесін қадағалайды.
Вт авитаминозының белгілері
Вт витамині авитаминозында малдардың бауыры майланады. Бунақденелілердің өсуі тоқтап түлеу кезінде өліп қалады.
Н витамині (биотин, антисеборреялық)
Биотиннің витаминдік қасиеті 1920 жылдары белгілі болды, тек 1936 жылдары ғана 250 кг жұмыртқа сарысынан 1,1 мг биотин кристалды түрде бөлініп алынады. Биотиннің құрылымы 1942 жылы ашылып, бір жылдан кейін химиялық синтездік жолмен жасанды түрде алынады.
Химиялық құрылымы жағынан биотин гетероциклді монокарбон қышқылы:
Н витамині (А және В) екі сақинадан тұрады.
А сақинасы имидазол, ал В сақинасы бүйірінде валериан қышқылы бар тиофен.
Биотиннің ине тәріздес кристалдары (tпл=220°С) суда жақсы, спиртте орташа ериді.
Н витаминінің тағам көздері: бауыр, бүйрек, тауық жұмыртқасы, сүт, сәбіз, бұршақ, картоп, қытайбұршақ т.б.
Биомедициналық қызметі
Биотин (грек. bіos – өмір) деп аталуы Н витаминінің организмдердің өмір сүруі үшін маңыздылығын көрсетеді. Биотиннің организмде атқаратын қызметі алуан түрлі. Бұл витамин пируваткарбоксилаза ферментінің коферменті ретінде карбоксилдеу реакцияларына қатынасып, көмірсулар мен белоктардың бір-біріне алмасуын қамтамасыз етеді.
Биотиннің карбоксилдену және транскарбоксилдену реакцияларына қатысуы май қышқылдарының биосинтезінде де өте маңызды. Қазіргі кезде биотиннің белок, пуриндік негіздер, РНК және басқа да бірқатар өте маңызды қосылыстардың биосинтезіне қатынасатындығы белгілі болды.
Н авитаминозының белгілері
Биотин авитаминозында адамдар әр түрлі ауруға шалдығады: тері қабынады, шаш түседі, май бездері шектен тыс май бөледі (себоррея).
Биотин авитаминозында себоррея (лат. sebum – май және rheo – ағу) ауыруы пайда болады, сондықтан бұл витамин антисеборреялық деп аталады. Себоррея шикі жұмыртқаны көп жегеннен де пайда болады.
U витамині (S–метилметионин)
жылы Г. Чиней балапандарды жара түсіретін цинкофен алкалоидымен тамақтандырған. Жара түскен балапандарға жас шөп, қайнатылмаған сүт, шикі бауыр бергенде тез жазатын белгісіз бір фактор барын анықтайды да, оны жара (лат. ulcus – жара) витамині деп атайды. 1954 жылы Р. Макрори басқалармен бірге қырыққабаттың сөлінен бөлінген кристалды табиғи U витамині бромидін жасанды синтетикалық метилметионинсульфоний бромидімен салыстырып, оның. U витамині, яғни S–метилметионин екендігін анықтайды:
В.Н. Букин басқалармен бірге 1969 жылы жара жазатын метилметионинсульфоний хлоридін синтездейді. Ол ақ түсті, аздаған қырыққабаттың иісі бар, суда, спирттің судағы ерітінділерінде жақсы еритін, этанол мен глицеринде нашар еритін кристалды ұнтақ зат.
U витаминінің тағам көздері: қырыққабат, спаржа, көк балдыр, көк шай, қызанақ т.б.
Биомедициналық қызметі
U витамині жара түскен ұлпаларды емдейді, ішкі органдардың кілегей қабаты регенерациясында метил тобын беруші зат.
С витамині
(аскорбин қышқылы, антискорбуттық)
С витамині орта ғасырда кең тарап, эпидемиялық орын алған құрқұлақ – «цинга» ауруынан сақтайтын болғандықтан антицингалық, антискорбуттық (голланд. Скорбут – ауыздағы жаралар) деген физиологиялық атаулар берілген.
Құрқұлақ ауруының себебі көп уақытқа дейін белгісіз болып, тек 1907-1912 жылдары тәжірибелі түрде құрқұлақ ауруы мен тағамда С витамині жетіспеуінің арасында тікелей байланыс бар екендігі анықталды.
Антицингалық фактор 1920 жылы С витамині деп аталады. Ол тек екі жылдан кейін ғана таза түрінде бөлініп алынады. 1927 жылы химиялық құрылымы анықталып, оған аскорбин қышқылы деген атау беріледі. С витамині 1932 жылы синтезделді. Химиялық тұрғыдан аскорбин қышқылы L – гулозаның туындысы, сондықтан оның химиялық атауы γ – лактон-2,3-дегидро – L – гулон қышқылы:
С витамині су мен метил спиртінде жақсы, этил спиртінде нашар еритін, бензол, ацетон, эфирде, хлороформда ерімейтін ақ кристалды ұнтақ.
Аскорбин қышқылының организмде атқаратын физиологиялық қызметі сутек атомдарын бөліп шығарып L – дегидроаскорбин қышқылына дейін тотығуына және оларды қосып алып, қайта тотықсыздануына байланысты:
Аскорбин қышқылы мен дегидроаскорбин қышқылдарының аралық туындылары – монодегидроаскорбин қышқылы мен дегидроаскорбин қышқылының анионы өте әрекетшіл заттар, олар глютатион, НАДФ, ФАД, цитохромдар т.б. көптеген оксидоредуктазалардың коферменттерімен тез әрекеттеседі.
Аскорбин қышқылы жануарлар мен өсімдіктердің барлық ұлпалары мен органдарында тотыққан немесе аскорбиноген (байланысқан) түрінде кездеседі. Аскорбиногеннің организмге физиологиялық әсері азырақ болса да, ол әр түрлі физика-химиялық әсерге өте төзімді.
С витаминінің тағам көздері: қара қарақат, итмұрын, қызыл бұрыш, қырыққабат, шетен, лимон т.б.
Биомедициналық қызметі
С витаминінің ең басты биологиялық ролі оның организмде тотығу-тотықсыздану процесіне қатысатындығында. Аскорбин қышқылының организмге әсер ету механизмінде, оның биологиялық активті белоктар және жалпы белоктардың әрекетшіл HS – тобын тотығудан сақтау мүмкіншілігіне өте үлкен мән беріледі. Бұл функцияны аскорбин қышқылының тотыққан түрі атқарады. С витамині коллаген синтезінде пролин мен лизиннің, бүйрек үсті безінің гормондары кортикостероидтардың, триптофанның және басқа да көптеген заттардың гидроксилдену реакцияларына қатысады. Аскорбин қышқылының ұлпаларда тирозин мен гемоглобиннің тотыға ыдырауына, қанның қызыл түйіршіктері мен гемоглобин синтезіне үлкен әсер ететіндігі белгілі. С – витамині белоктар, көмірсулар, нуклеин қышқылдарының алмасуына қатысады. Сонымен қатар, аскорбин қышқылы дәнекер ұлпаның коллаген мен хондромукоид белоктарының, бауырдағы гликогеннің түзілуіне, қарын шырынының бөлінуіне әсері бар. Норадреналин мен серотонин нерв импульстерін өткізуге қатынасады, ал аскорбин қышқылы норадреналиннің дофаминнен синтезделуіне қатысып, біріншіні тотығудан сақтайды.
С авитаминозының белгілері
Аскорбин қышқылы адамдар, маймылдар, теңіз шошқалары, кейбір жоғары сатыдағы құстар организмінде синтезделмейді, сондықтан адам организміне ол тағаммен ғана түседі.
С витамині авитаминозының басты белгісі – ол клетка аралық бекітуші, дәнекер заттардың жиналуының нашарлауы. Бұл жағдай қан тамырлары қабырғаларының беріктігін және дәнекер ұлпаның синтезін төмендетеді. Витамин организмде жетіспегенде құрқұлақ ауруы пайда болады, қан азаяды, ішек зақымданады, ет пен теріге қан кетеді, бауыр мен сүйектер де өзгеріске ұшырайды.
Құрқұлақ ауруында қызыл иек қанталап, тіс ұнтақталып, босап, түсе бастайды, асқазан қызметі нашарлап, қарында бөлінетін шырынның шамасы азайып, қарын мен ішектің функциясы нашарлайды, сондай-ақ, кейбір гормондардың қызметі төмендейді.
Р витамині (рутин, биофлавоноидтар,
капилляр қабырға нығайтушысы)
А. Сцент-Дьердьи тағы басқалар 1936 жылы лимон қабығынан капиллярдың өткізгіштік қабілетін жақсартатын бір зат бар екендігін анықтап, оны Р витамині (лат. permeo – өткізу) деп атайды.
Қазіргі кезде ортақ аты биофлавоноидтар деп аталатын ондаған заттар белгілі, олардың химиялық құрылымының негізінде флавон деп аталатын дифенилпропаны бар көміртек тізбегі жатады.
Биофлавоноидтардың бір-бірінен айырмашылығы флавон ядросына кіретін бензол сақинасының гидроксилденуіне және пиран сақинасындағы 3-ші көміртегі атомына қосылатын гликозидтік топтарға байланысты. Мысал ретінде рутиннің құрылымдық формуласын келтіруге болады, оның құрамындағы 3-ші көміртек атомына дисахарид рутиноза (С12Н12О9) қосылады:
Р витамині сары немесе қызғылт түсті, суда нашар, ал сірке қышқылында, спиртте, сілтілік ерітінділерде жақсы еритін кристалды заттар.
Р витаминінің тағам көздері: биофлавоноидтар аскорбин қышқылы бар барлық тағамдарда кездеседі және осы витаминмен қатар жүреді. Олар қара қарақатта, итмұрында, шай жапырақтарында, барлық цитрустардың жемісінде, қарақұмықта, бауырда және т.б. тағамдарда көп болады.
Биомедициналық қызметі
Қазіргі кезде биофлавоноидтар гиалуронидаза ферментінің активтілігін тежеп, дәнекер ұлпалардың негізгі заттары қалыпты жағдайда болуына әсер ететіндігі белгілі. Р витамині аскорбин қышқылы сияқты құрқұлақтың, буын ауруларының тағы басқа дерттердің алдын алуында және емдеуінде қолданылады. Бұл екі витамин бір-бірімен функционалды байланыста. Организмдегі тотығу-тотықсыздану реакцияларына қатысып, биологиялық тотығу процесінің дұрыс жүруіне әсер етеді. Рутин қан тамырларының қабырға ұлпаларын нығайтып, серпімділігін арттырады.
Р авитаминозының белгілері
Биофлавоноидтар авитаминозында қан тамырлары қабырға ұлпаларының өткізгіштігі жоғарылайды, ет пен теріге, ішкі құрылыстарға қауіпті қан кетіп, қанның мөлшері азаяды. Адамдарда әлсіздік, тез шаршағыштық пайда болып, аяқ-қолдары, буындары ауырады.