Отбасы мүшесі жұмысқа орналасудан бас тартса АӘК төленбейді
Еңбекке қабілетті азамат жұмысқа орналасудан бас тартқан жағдайда бүкіл отбасы мүшелеріне атаулы әлеуметтік көмек төлемі тоқтатылады. Атаулы әлеуметтік көмек алу үшін ең басты шарт – отбасының жұмыс істеуге қабілетті мүшесі жұмыс істеуі тиіс және өз отбасы үшін жауапкершілігі бар. Оларға шартты ақшалай көмек түрінде қол ұшын беріліп, ол ауласында қандай да бір жеке шаруашылығымен айналыса бастауы үшін бірнеше ай бірреттік АӘК төленеді. Аз қамтылған отбасылардың жұмыссыз азаматтарға бағытталған жұмыспен қамту бағдарламасы пайдаға асуы тиіс. АӘК алушыларға бос жұмыс орындары, жеңілдетілген шағын несие, қайтарымсыз грант және жаңа кәсіпті үйрену ұсынылады. Бұл ретте «Еңбек» бағдарламасына өзгертулер енгізіледі. Яғни, шағын несие бұрынғыдай 5 жыл емес, 7 жылға жылдық 4 пайызбен ұсынылады. Шағын несие сомасы да «ауыл», «қала» деп бөлінбейді. Ал көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды жұмыспен қамту бойынша мақсатты индикаторға жергілікті атқарушы орган жауапты.