Домалақ ана
Домалақ ана (Шайхы Мизамбекқызы Нұрила) 1378 жылы Түркістан қаласында дүниеге келген. Шын аты – Нұрила. 1456 жылы, яғни 78 жасында қайтыс болған. Өзгені де өз баласындай көріп, төңірегіне аналық мейірін шашқан, барынша кішіпейіл, алдағы күннің жайын ойлап, айтар сөзі ақиқатқа айналған болжампаз, көреген қасиетін құрметтеген ұрпақтары сол заманның өзінде-ақ оның атын атамай, жаратылысынан бойы шағын болғандығына қарай «Домалақ ана», «Домалақ ене» деп атап кетіпті. Домалақ ананың қадір-қасиеті ерте-ақ танылған. Домалақ ана қос Бөгеннің сағасындағы бір жазыққа жерленген. Айналасын көгілдір таулар қоршаған сол жазықта қазір бозарып сәулетті күмбез көрінеді. Ол – Домалақ ана мазары. Әулие ананың қасиетін қастерлеген ұрпақтың ана бейітіне ағылған ізі, салған жолы ескіріп көрген емес.
Тағы бір ел ішіндегі деректерге қарағанда, Домалақ анаға «Диһнат мама» деген атауды түп тегі түрікпен Қара Хайдар деген кісі оның даналығына тәнті болып қойған екен. «Диһнат мама» - парсы сөзі. Қазақ тілінде «Әулие ана» деген мағына береді. «Диһнат мама» сөзі уақыт өте келе тілдің даму заңдылығына орай дыбыстық өзгерістерге ұшырап, «Домалақ анаға» айналған деседі.
Домалақ ана ел арасындағы даулы мәселелерге араласып, бітімгершілікпен шешім табуға өз үлесін қосқан. Домалақ анадан тараған ұрпақтарының бәрі де білімімен, ақылдылығымен ерекшеленіп, ел билеген.
1. Мәтін мазмұнына сай келетін қатар
А) Домалақ ана ұрпақтары туралы дерек жоқ
В) Ана бейітіне ағылған із ескіріп көрмеген
С) Жетім балаларды бауырына салып асырап алған
Д) Домалақ ана қасиеті кеш танылған
Е) Дене бітімі ірі, ерекше болған
2. Мәтінді жазудағы автордың мақсаты неде деп ойлайсыз? Өз ойыңызды 3-4 сөйлеммен жазыңыз.
3. Мәтіннің негізгі ойын ашатын «Әйел- бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді» деген мақалды өз сөзіңізбен түйіндеңіз.(3-4 сөйлем)
4. Мәтіннің негізгі тақырыбы болатын нұсқа. Таңдаған нұсқаңыздың дұрыстығын дәлелдеп жазыңыз.(3-4 сөйлем)
А) Тілдің қасиеті. В) Ананың қадір-қасиеті .С) Бітімгершілік мәселесі .Д) Даулы мәселе Е) Ел билеу
5. «Диһнат мама» деп аталуына себеп болған қасиетін негізге ала отырып, ананың ерекше қасиетін толықтырып, кейіпкер бейнесін ашатындай 4-5 сөйлеммен талдап жазыңыз.
Достарыңызбен бөлісу: |