10 ТАПСЫРМА
1. Тәтіқараның Абылай ханға байланысты туған жырларындағы заман көрінісі.
Тәтіқара ақын – 18-ғасырдағы қазақ ақын-жырауларының көрнектілерінің бірі. Абылай бастаған сарбаздардың айтулы жырауы. Жалаң қылыштай өткір мінезімен, табан астында суырып салма шапшаң айтқыштығымен жорықтастары алдында үлкен беделге ие болған. Аспаннан бұрқаған қара дауылдай, жерден шыққан қара пәледей жау төнгенде, яғни жасақтардың барар жер, басар тауы қалмай тығырыққа тірелгенде көптің көш бастайтын серкесі іспеттес. Жырау - халықтың қорғаны, ол ең алдымен өзін емес, өзгені ойлаған. Ел аузындағы деректерге сүйенсек, Тәтіқара Сарыкөл маңайындағы Уақ руынан шыққан. Уақ ішінде қалмақ деген атадан, Ақынның туып өскен жері – қазіргі Қостанай облысының Урицкий ауданы. Тәтіқараның саналы өмірінің бәрі дерліктей Абылай ханның төңірегінде өткен. Оның себебі, жұрттың бәріне билігін мол жүргізу үшін Абылай өз маңына ақын, жырау, шешен, батырларды топ-топ ұстаған. Тәтіқара жыраудың «Қамыстың басы майда» атты толғауымен Ер Шобан жыраудың толғауы сырттай бір-біріне ұқсас. Екеуінде де көптеген батырлардың аттары аталып дәріптелінеді.Оқиғаның шығу төркіні екеуінде бір негіздес. Екеуіде жан қысылғанда айтылған мадақ. Тәтіқара жырында аталатын батырлардың өмірде болған адамдар екені тарихтан белгілі. Айталық:
Қамыстың басы майда, түбі сайда,
Жәнібек Шақшақұлы болат найза,
-дегендегі Арғын ішіндегі Шақшақ деген кіші атадан шыққан Жәнібек батыр Абылай ханға асқан ержүректілігімен,қара қылды қақ жарып кесіп айтатын әділдігімен, ұсақ-түйекке мән бермейтін еркек мінезді тәкәппарлығымен ұнаған. Тәтіқара толғауындағы бір топ сарбазды өз басшылығына алған Жәнібек батыр тек ерлігімен ғана емес,өзінің үлкен адамдығымен, зор бедеріменде ірі тұлға. Бөгенбай батыр - қазақ тарихындағы өте ірі тұлға. Ол бар өмірін елі - жұрты үшін сарп қылған аяулы азамат, 18 ғасырдың 20-30 жылдарында болған жоңғар мен қазақ жасақтарының арасындағы шапқыншылықта қазақ сарбаздарын басқарушы қолбасшы. Бөгенбайдың өз тұсында халқына қандай игілікті еңбек еткені, жұртына қандай қадірменді адам болғаны жөнінде мәліметтер көп. Ел ішінде ол жайында дастан, аңыздар мол тараған, ал ерлігі жайындағы әңгімелер өз алдына қыруар. Тәттіқара жыраудың тағы бір өлеңі Қытай мен Абылай сарбаздарының арасында болған шабуылды сипаттайды. Бұл жырды кезінде Ш.Уәлиханов орысшаға қара сөзбен аударған. Осы толғаудан бізге жеткен шағын үзінді Шоқан аудармасының дәлдігін көрсетумен бірге, екеуінің негізінде шындық оқиға болғанын анықтай, айқындай түседі. Тәтіқара Абылаймен бірге жаугершілікте жүріп, оның әрі ақыны, әрі батыры болған. Бұл турасында М.Мағауин: «18 ғасыр әдебиеті жайында сөз болса, Тәтіқара ақынның аты аталмай қалмайды. Жұртшылық санасындағы Тәтіқара қазақ халқының тарихындағы қиын кезендердің біріндегі сырт жауларға қарсы күрестің ұраншысы, өз отандастарын қайтпай ұрысуға шақырушы жауынгер ақын жортуыл көрнейшісі», - деп Тәтіқараның тарихы рөлін байыпты бағалаған.
Сарыкөл ауданында туып-өскен уақ Тәтіқара ақын (1705–1780) Абылай ханның жорық жыршысы болғаны белгілі. Тәтіқара Сатай деген кісінің баласы екен. Сатай да атақты батыр болған. Ақсақалдардың айтуына қарағанда, оның атамекені Қостанай облысының Ұзынкөл ауданына қарайды. Шежіреде Сатайдың әкесі Тоғайбай деген кісі деп көрсетілген. Оның тұрған жері сол Ұзынкөл ауданындағы бұрынғы Суворов кеңшары маңайы.
Жәлел Сұлтанғазыұлының шежіресіне сүйенсек, Уақтан қара қасқа атты Қамбар батыр туады.
«Арқада бір өзенді дер Обаған, сол жерді батыр Баян қоңыс қылған» деген Мағжан ақынның сөзіне қарағанда, атақты Батыр Баян да уақ руынан. Яғни, Тәтіқараның тегі де осал емес, жаужүрек, жаудан қаймықпаған, жүрегі шайлықпаған текті тұқым.
Қостанай өңіріндегі дәстүрлі ақындық өз бастауын ауыз әдебиетінен алып, жыраулар поэзиясын жалғастырып отырғаны жорық жыршысы Тәтіқара (XVIІІ ғасыр) шығармаларын айқын көрінеді. М. Мағауин және М. Байділдаевтың құрастыруымен жарық көрген «Бес ғасыр жырлайды» антологиясында Тәтіқара туралы деректер бар. Мұхтар Мағауин «Ғасырлар бедері» атты кітабында XVIII ғасырда жасаған қазақ ақындарының ең мәшһүрінің бірі Тәтіқара ақын шығармашылығына жан-жақты тоқталады. М.Мағауин:«Импровизатор ақын туғызған жырлардың дені сақталмаған. Бұл жалғыз Тәтіқараның емес, қазақтың өткендегі талай талантты ақынының трагедиясы», – деп атап көрсеткен. Мұхтар Мағауин «Қобыз сарыны» кітабында Тәтіқара уақ ішінде қалмақ тайпасына жатады деп көрсеткен. (орыс тілінде «Кобыз и копье». Алматы: «Жазушы», 1970 г.) Жазушы Ілияс Есенберлин ақын шығармаларын «Көшпенділер» трилогиясында пайдаланған.
Достарыңызбен бөлісу: |