Азаматтық құқықты сөз еткенде оны азаматтардың құқығымен араластырмаған жөн. Азаматтардың құқығына мемлекеттің қол астындағы азаматтардың барлық құқықтарының жиынтығы жатады. Азаматтық құқыққа табиғи, адамнан ажыралмайтын, негізінен, негативтік құқыққа жататын адамдардың құқықтары кіреді. Оған өмір сүруге, еркіндікке, жеке адамның дербес құқылығы, ар-намысты және ізгілікті аты мен атағын, қадір-қасиетін сақтауға, айыпталушыны қорғауға бағытталған әділ, тәуелсіз және ашық сотқа жазылған хат және телефон арқылы сөйлескен сөздің құпиялылығына, бір жерден екінші жерге еркін барып келуіне, тұрақты қоныс таңдауына, оның ішінде қандай мемлекеттен болмасын біржолата кетуіне немесе келгің келгенде қайтып оралу бостандығы және т.б. құқықтар жатады.
Саяси құқықтаразаматтардың мемлекетті басқаруға және қоғам өміріне белсенді қатысуын белгілейді. Оған сайлауға және сайлануға құқықтық; одақтар мен ассоцияцияларға, демонстарциялар мен шерулерге, жиналыстар мен жиындарға, митингілер мен пикеттерге еркіндік; ақпарат хабарлар құқы, сөз, пікір, оның ішінде баспасөз, радио, теледидар арқылы айтылатын сөз, дінге сену бостандығы және т.б. жатады. әрине, бұдан ауызға келгенді айта беруге болады деген ұғым тумайды. Ең алдымен, конституциялық заңдылықты, қоғамдық тәртіпті сақтау керек. Елдің прогресті дамуы, жалпыхалықтық гуманистік тұрғыдан әрекет жасау керек. Бірақ бұрыңғы Кеңес Одағы кезінде адамдардың саяси құқықтары езіліп, жаншылды, еркін дамуына мүмкіншілік жасалмады. Коммунистік партия оған мүдделі болмады да. Себебі, адамдар өздерінің саяси құқықтарын білсе, оның өрістеуіне жағдай жасалса, бұрыңғы Одақта орын алған көптеген жауыздыққа жол берілмеген болар еді.
Экономикалық құқыққа жеке адамның тұтыну заттарын, жеке меншігін, жұмыс күшін, іскерлігін, еркін пайдалана алуы жатады. Бұрынғы Одақ кезінде жеке меншікке тыйым салынып, оған капиталистік системаның, буржуазиялық жолмен баюдың, қанаудың белгісі деп қарап, дамуына жол берілмегені мәлім. Бұл адамдардың жұмысқа деген ынтасын, ықыласын түсірді, жауапсыздықты туғызды, материалдық байлық жетіспеді, ақыры, елді аздырып-тоздыруға әкеліп соқтырды.
Әрине, жеке меншікті қалай болса дамытып қоя беруге және болмайды. Демократиялық жолмен дамып келе жатқан елдерде жеке меншік мемлекеттің бақылауына алынады. Мысалы, Германия, Франция, Италия, Швеция және т.б. елдердің заңдарында жеке меншік жалпы қоғамның, халықтың мүддесіне сәйкес пайдалануы керектігі көрсетіле келіп, оны қаншалықты дамытуға болатындығы, яғни шегі белгіленеді. Бұдан жеке меншікті, жер жүзі мойындаған дара адамның жеке меншікке құқықтығын жоққа шығаруға мүлдем болмайды. әсіресе, біз сияқты бұрынғы тоталитарлық жүйенің құрсауынан жаңа босаған шақта жеке меншікті, іскерлікті дамытудың маңызы өте зор.