№11 Дәріс тақырыбы: Грамматикалық жаттығулар
Оқу нәтижелері: Грамматикалық жаттығулардың маңызын түсініп, білім берудегі мәнін біледі, жаттығулардың теориялық білімді дамытудағы ролін саралайды. Грамматикалық талдау дағдысын дамытып, тиімді жолдарды қолданады.
Жоспары:
1. Грамматикалық жаттығулар
2. Грамматикалық талдау
Дәріс мәтіні:
Грамматиканы оқытуда жаттығу жұмысының мәні зор. Оқушылар грамматикалық материалды оқулық пен бағдарламаға сай білгендерімен (терминдерді меңгереді, анық тамаларды индуктивтік жолмен есте қалдырады), жаттығу жұмыстары жүргізілмесе, ол ұзаққа бармайды, ұмытылып қалады. Сондықтан да мұғалім оқушыларға грамматикадан саналы да терең, тұрақты да берік білім бергісі келсе, жаттығу, дағдыландыру жұмыстарын жүргізу арқылы олардың дағдыларын қалыптастыратын және қалыптасқан дағдыны тілдің басқа да ұқсас құбылыстарына тасымалдай алатын (ережелерді жаңа фактілерге қолдана алатын) жаттығу әдістерін білуге тиіс. Жаттығу нәтижесінде оқушылар алған теориялық білімдерін практикада тез де дәл қолдана алу дағдысына ие болады. Жаттығу арқылы балалардың алған білімдері нығайтылып, нақтыланып қана қоймайды, сонымен қатар өз беттерімен жұмыс жасауға, ойлау қызметіне дағдыланады. Өйткені оқушылар жаттығу процесінде үздіксіз анализ-синтез жасайды, бір тұлғаны екінші тұлғамен салыстырады, абстракциялайды, жалпылайды, жаттығу арқылы білімін жүйелейді.
Грамматикалық жаттығулар, оқушылардың қандай тілдік материалмен жұмыс жасауына қарай, фонетикалық, морфологиялық, синтаксистік және лексикалық болып бөлінеді. Фонетикалық жаттығулардың міндеті - балалардың айтылған буындар мен дыбыстарды жақсы айыра алуын және оларды балалар дұрыс, анық айтып берулерін қамтамасыз ету.
Фонетикалық жаттығулар арқылы кейбір балалардың, жоғарыда көрсетілгендей, тілін тістеп сөйлеу, сақауланып сөйлеу, қайсыбір дыбысты қалдырып кетіп сөйлеу немесе «с» мен «ш», «р» мен «л», «ж» мен «з» сияқты дыбыстарды шатастырып айту кемшіліктері жойылады. Мұндай кемшіліктер оқуға да, жазуға да зиян келтіретіні сөзсіз.
Бастауыш сыныптарда фонетикадан берілетін мағлұматтар мен фонетикалық жаттығулар тек дұрыс жазу, емле үшін ғана пайдаланылып қоймайды, сонымен қатар балаларды әдеби тіліміздің нормасын сақтап оқуға үйрету үшін де (орфоэпия) пайдаланылады. Оқу сабақтарында, белалардың жауаптарында, әңгімелерінде байқалған орроэпиялық қателер теріс айтылған сөздер түзетіліп, сөз ішіндегі, сөз шекарасындағы дыбыстардың құбылуы ескертіліп отырады. Сонымен қатар тілімізге басқа тілдерден енген термин сөздердің дұрыс айтылуы да практикалық жаттығулар арқылы үйретіледі.
Морфологиялық жаттығулардың мақсаты - ана тілінің орфологиялық құрылысын оқушыларға саналы түрде меңгерту. Мазмұны жағынан морфологиялық жаттығулар екі түрлі болады:
1. Сөз тұлғасын оқу барысындағы жаттығулардың сөздің морфологиялық құрамын, мағыналы бөлшектерін, морфемаларды саналы түрде меңгеріп алу үшін мәні зор. Сөздің морфологиялық құрамын талдау, көбінесе сол сөздің мәнін дұрыс ұғынып алуға жәрдем етеді, сөздің мағыналы әрбір элементі - түбір, жұрнақ, жалғау - бұлардың әрқайсысы өзінше сөзге мән береді, ал осы мәндердің жинағы бірігіп, сөздің жалпы мағынасын тудырады. Морфемаларды, соның ішінде жұрнақты айыра білудің балалардың тілін жетілдіру үшін де зор мәні бар. Өйткені бұл жаңа сөздер
жасауға және сол сөздерді орынды жерінде қолдана білуге мүмкіндік береді. Сөз тұлғасына байланысты жүргізілетін жаттығуларға мынандай талаптар қойылады:
1) алдымен, мүмкіндігіне қарай, негізгі түбірлерді, онан әрі туынды түбірлерді, ең соңында түбірлес сөздерді талдайтындай жағдай жасалады;
2) белгілі бір сөздердің ішінен негізгі түбірді тапқызу үшін, сол негізгі түбірден жасалатын туынды сөздермен салыстыру жұмысы ескеріледі;
3) туынды сөздер мен негізгі түбірді ажырату барысында мағына жағына назар аударылады.
2. Сөз таптарын оқыту барысында жүргізілетін жаттығулар сөздерді белгілі бір топқа біріктіріп, жүйелеуді үйретеді. Бұл жөнінде К.Д.Ушинский: «Баланың тілі шығып, сана-сезімі өсе келе, ол сөйлеуге (сөздерді қолдануға үйренеді; оның ақыл-ойында түрлі грамматикалық формалар, сөздер, күнделікті тәжірибе, үлгі арқасында өздігінен-ақ ақ грамматикалық топтарға бөлініп, қалыптаса бастайды.
Грамматиканың міндеті - сол тәжірибе нәтижесін қорытып тілдегі құбылыс заңдарын жүйемен беру», - болатын. Жаттығу жұмыстарының барысында оқушылар әрбір сөз табының қасиетін, ерекшеліктерін саналы түсінеді, септік, көптік, жіктік, тәуелдік жалғауларын меңгереді, оларды
жазу кезінде, ауызша сөйлегенде дұрыс, орынды қолдана алады. Сөз табы бойынша жүргізілетін жаттығулар:
1) мәтіннен керекті сөздерді тапқызу;
2) керекті сөздерді қосып, өздіктерінен сөйлемдер немесе әңгіме құрастыру;
3) сөздің мағынасын түсініп, сөйлемдегі қызметін байқату;
4) сөздердің лексикалық жағынан болсын, грамматикалық жағынан болсын, қалай өзгеретінін, не арқылы өзгеретінін аңғарту;
5) мағына және тұлға жағынан қандай ұқсастық, айырмашылық барын салыстыру арқылы анықтау;
6) ұқсас сөздерді топтату;
7) байқаған құбылыстары жөнінде жеке-жеке қорытындылар шығару сияқты жұмыстарды қамтиды.
Синтаксистік жаттығуларға әдетте пунктуациялық жаттығулар да қосылады: мәтіндегі қойылған тыныс белгілерін талдау, қойылмаған тыныс белгілерін қою, өздері қарастырған сөйлемдер мен мәтіндерге қажетті тыныс белгілерін қойып, түсіндіру. Қорыта келгенде, оқушылардың алған білімін бекіту мақсатында жүргізілетін жаттығуларға жалпы мына сияқты талаптар қойылады:
1. Белгілі бір жаттығуды орындау үшін оқушылардың сол жаттығуды орындарлық білімі болуы шарт.
2. Оқушылар жаттығуды не үшін орындайтынына, оның андай пайдасы барлығына түсінсе ғана, оны саналы орындайды. Жаттығуларды түсініп орындағанда ғана белгілі бір білік, дағды қалыптасады.
3. Жаттығу оқушының қызығуын, ынтасын, ықыласын арттыруға тиіс. Ол үшін жаттығу түрлендіріліп берілуі шарт, өйткені бір сарынды жаттығу оқушылардың зейінін, қабылдауын, белсенділігін нашарлатады.
4. Жаттығулар кездейсоқ болмай, белгілі бір жүйемен орындалып отырылуы шарт.
5. Жаттығу жұмыстары тек таяуда ғана өтілген материалдарға негізделмей, бұрын өтілген кейбір материалдарды да қамтуы мүмкін.
6. Бір жаттығу ұзақ уақытқа созылмауы тиіс. Әсіресе, балалардың жасы неғұрлым кіші болған сайын жаттығу да қысқа уақытқа мөлшерленеді де, үнемі жиі-жиі қайталауға негізделеді.
7. Творчестволық жаттығулар көбірек болуы қажет.
8. Әр жаттығу оқушы еңбегінің нәтижесін көрсетіп отыруға тиіс.
9. Жаттығулар оқушы ойына әсер етуі жағынан аналитико-синтетикалық болғаны жөн: яғни грамматикалық талдау, сөздер, сөз тіркестері, сөйлемдер мен мәтіндер құрастыру, салыстыру арқылы ұқсастық пен ерекшеліктерді табу, топтау, өз пікірлерін дәлелдей алып, білгендерінен жалпы қорытынды шығара білу т.б.
10. Жаттығу жұмысының барысында оқушылардың оқудан алған білімдері бекіп, өз беттерімен жұмыс жасау дағдылары қалыптасады (яғни зейін қойып тыңдай білу, жатқа жаза білу, белгілі бір жоспар бойынша сөздерді құрамына, сөз табына, сөйлем мүшелеріне талдау, сұрақ қоя білу, қажетті деректерді оқулықтан, сөздіктен қарап таба алу).
Грамматика жаттығуларының ішінде кең тарағаны грамматикалық талдау болып табылады. Грамматикалық талдау сипаты жағынан аналитикалық болады, бірақ оған синтетикалық белгілер де тән. Грамматикалық талдау жалпы түрде де, белгілі бір тақырыпқа байланысты жеке де, сондай-ақ ауызша да жазбаша да жүргізіледі. Ауызша талдауда балалар бұрын оқығандарына тоқталады, сөйлемдегі грамматикалық формаларды көрсетеді, оқытушының сұрауларына жауап береді, өз бетімен мысалдар келтіреді. Жазбаша талдауда балалар жазылған мәтіннен грамматикалық формалардың астын сызады немесе олардың айырып жазады, тиісті формаларын көрсетеді, сұраулар қояды т.б.
Грамматикалық талдау мазмұны жағынан фонетикалық, морфологиялық, синтаксистік немесе аралас талдау болып бөлінеді. Көлемі жағынан толық немесе ішінара талдау болады. Фонетикалық талдауда балалар дауысты, дауыссыз дыбыстарды ажыратады, жазылған сөздердегі дауысты, дауыссыз дыбыс әріптерінің астын сызып қояды, сөздің ауызша және жазбаша буын жігін, дыбыс құрамын ажыратады. Сөздердегі жеке-жеке дыбыстарды мүлтіксіз айыра білу арқылы әріп қалдырмай жазуға төселеді.
Морфологиялық талдауда ауызша сөйлемдердегі затты, заттың белгісін, санын, қимылын көрсететін сөздерді тапқызу, жазбаша мәтіннен сондай сөздердің астын сызғызу, олардың сұрауларын ауызша, жазбаша қойғызу сияқты жұмыстар жүргізіледі. Оқушылар сөйлем мүшелерінің қай сөз табы екендігін және олардың формасын (жекеше, көпше, тәуелдік, септік, жағы, шағы) айырады.
Морфологиялық жазбаша талдату, жұмысын түрліше жургізуге болады:
1. Сөздің бір формасын теріп жазады не астын сызып қояды немесе қандай сөз табы, қай форма екенін әр сөздің үстіне қысқартып жазып қоюға да болады (зат есімнің астын бір, сын есімнің астын ирек сызықпен, етістіктің астын екі сызып көрсетеді). Осындай белгілермен сөйлем мүшелері де көрсетіледі. Оған түсті қарындаш қолданған қолайлы.
2. Берілген мәтіннен ең әуелі зат есімдерді, сонан кейін сын есімдерді, т.с.с. теріп жазады.
3. Белгілі бір грамматикалық категорияға жататын сөздерді дайын кесте бойынша айырып жазады. Мысалы, Балалар өзеннің жағасына келді сөйлемінен зат есімге жататын сөздерді тапқызуға тиіс болса: кесте
Сөз табы
|
Сөйлем мүшесі
|
сұраулары
|
Жекеше көпше
|
септік
|
Балалар өзеннің жағасына келді
|
Бастауыш
Толықтауыш
баяндауыш
|
Кімдер?
Қайда?
Не істеді
|
көпше
Жекеше
Жекеше
|
атау
ілік
барыс
|
4. Талдауды толық жүргізгенде сөздерді бағанаға жазады да әрқайсысының тұсына формасын жазады немесе сөйлемдегі сөздерді схема бойынша жазады. Мысалы, Ол қалаға машинамен тез жетті деген сөйлемді балалар былайша жазады: Ол - жіктеу есімдігі, III жақ, жекеше, бастауыш. Қалаға - зат есім, жалпы есім, жекеше, барыс септік толықтауыш. Машинамен - зат есім, жалпы есім, жекеше, көмектес септік, толықтауыш. Тез - үстеу, пысықтауыш. Жетті - етістік, өткен шақ, III жақ, жекеше, баяндауыш Схема бойынша:
Сөздердің морфологиялық құрамы жай бөлшекпен көрсетілуі де мүмкін Мысалы ол қала-ға т.б немесе схемамен көрсетіледі.
Синтаксистік талдау да балалар оқу-жазуға үйренгеннен кейін-ақ басталады. Белгілі бір мәтінде неше сөйлем бар екені, сөйлемде кім я не жөнінде айтылып тұрғаны, сөйлемдердің түрі (хабарлы, сұраулы, лепті) анықталады. Тиісті сұраулар бойынша бастауыш пен баяндауыш, тұрлаусыз мүшелер ажыратылады.
Жазбаша талдауда оқушылар бастауыштың астын бір, баяндауыштың астын екі сызады. Өзара байланысып тұрған сөздерді теріп жазады, берілген бастауыш я баяндауыш бойынша сөйлемдер құрастырады және дәптерлеріне жазады, мәтіннен хабарлы, сұраулы, лепті сөйлемдерді теріп жазады, сөйлемнің бір түрін басқа түрге айналдырады. Бірыңғай мүшелі сөйлемдерді схемамен көрсетеді. Мыса-
лы: Өрік, алма, жидек пісті. Райхан үйді жинады, сыпырды.
Сызба
Өрік
(баст.) алма (баст.)
жидек (баст.) пісті (баян)
Талдау үнемі тек фонетикалық, морфологиялық, синтаксистік түрде жүргізілмейді. Қажетіне, мақсатына қарай, тақырыптың сипатына сай, талдау аралас та қолданыла береді. Талдау әсіресе балалардың білімін есепке алғанда жиі жүргізіледі. Бастауыш сыныптарда сөздер құрамы жағынан талданғанда әуелі түбір, сонан соң қосымша, оның ішінде жұрнақтары мен жалғаулары анықталады. Ал сөз табы жағынан сөйлемдегі сөздер бірінші сөзден бастап соңғы сөзге дейін ретімен талданады. Сөйлем мүшелеріне қарай талданған әуелі тұрлаулы мүшелер (баяндауыш, бастауыш), олардың сұраулары, сонан кейін бастауышпен байланысатын тұрлаусыз мүшелер ажыратылады. Сөйлемдегі сөздерді топтау барысында бастауыш пен баяндауыштың сөйлем құрайтынын ескертіп отырған жөн, мысалы: құстар жылы жаққа ұшып кетті дегенде, құстар ұшып кетті - сөйлем, ал жылы жаққа - сөз тіркесі болады. Талдауға берілген сөйлемдер, мәтіндер құрылысы жағынан да, мүшелерінің (сөздерінің) формасы жағынан да әр сыныпта бағдарламаға сай болуы қажет.
Достарыңызбен бөлісу: |