14 ДӘріс саяси модернизация саяси даму.Қазiргi саясаттану ғылымында «саяси даму»



Дата03.12.2023
өлшемі21,06 Kb.
#134101
түріСабақ
Байланысты:
14дәріс. САЯСИ МОДЕРНИЗАЦИЯ


14 ДӘРІС САЯСИ МОДЕРНИЗАЦИЯ
Саяси даму.Қазiргi саясаттану ғылымында «саяси даму» ұғымының жалпытаныған анықтамасы жоқ. Көбiнесе саяси әдебиеттерде саяси даму мына мәндерге ие болады: · экономикалық дамудың алғышарты; · өндiрiстiк қоғамға тән саясат; · саяси модернизациялау; · ұлттық-мемлекеттi басқару; · әкiмшiлiк және құқықтық даму; · жаппай жұмылдыру және қатысу; · демократиялық қоғамды құру; · өзгерiстер сабақтастығы мен тұрақтылығы; · әлеуметтiк өзгерiстердiң көпжақты процесiнiң бiр аспектiсi. Саяси iлiмдер тарихында саяси дамудың әр түрлi концепциялары қалыптасқан. Мәселен, саяси дамудың либералдық өкiлдерi, саяси дамудың өлшемi ретiнде адам құқығының жоғарылығын, мемлекеттiң азаматтық қоғам бақылауында болуын, плюрализм мен рухани бостандықты алады. Ал, консерваторлар, саяси дамудың негiзгi құндылықтары ретiнде саяси iс-әрекеттегi моралдық басымдылықты, басқарудың алдыңғы формасымен сабақтастықты, билiктi ұйымдастыруда базалық қалыптары мен қағидаларын сақтауды есептейдi. Марксизм, саяси жүйе дамуының өлшемiн жеке меншiктiң қоғамдық меншiкке ауысуымен, жұмысшы табының гегемондығымен және коммунистiк партияның жетекшiлiк рөлi артуымен байланыстырады. Демек, алдыңғы екi бағыт демократияның тоталитаризмге, ал марксизм болса социализмнiң капитализмге үстемдiгiн қолдайды. Бiрақ, саяси процестер аяқталмаған транзиттi қоғамда бұл өлшемдердi пайдалану қиындық тудырып ғана қоймайды, кейде даму идеясының өзiне қарама-қайшылық тудырады. Мәселен, билiктi демократиялық негiзде институттау, плюрализмдi кеңейту басқарудың деспоттық формасының қалыптасуына, немесе қоғамды басқаруда жағымсыз салдарлардың тууына алып келуi мүмкiн. Саяси даму − саяси құрылымдар, қалыптар, институттардың жаңа әлеуметтiк, экономикалық және т.б. мәселелердi тез арада қабылдау қабiлетi мен сезiну икемдiлiгiне, әрi қоғамдық пiкiрдi қабылдау мүмкiндiгiне тәуелдi. Демек, керi байланыстың тұрақты механизмi қалыптасуы тиiс, бұл дегенiмiз басқарудың тиiмдi буындары тұрғындар пiкiрлерiн есепке алуға қабiлеттi, шешiмдi тиiмдi таратушы, саяси жүйе шиеленiстi реттеудiң икемдi механизмiне айналған және билiктi қолданудың тиiмдi жолдарын таңдаған деген сөз. Мұнда бұл мемлекет қандай нақты ұлттық-мемлекеттiк форманың өзгерiсiн иеленетiндiгi ешқандай мәнге ие болмайды, қандай партия, қандай идеология саясатты анықтайтындығы ешбiр рөл атқармайды. Ең негiзгiсi, саяси институттардың жаңа проблемелерды шеше бiлу қабiлетiнде, оның қоғаммен ашық сипаттағы қатынасы билiк жүйесiнiң жағымды динамикасын, өмiр сүрудiң жаңа сапасына өткендiгiн бейнелейдi. Бұл пiкiрдi Д. Истон, Г. Алмонд және Г. Пауэлдiң саяси жүйедегi ең бастысы оның құрылымында емес, iс-әрекетiнде деген тұжырымдары да растайды. Саяси даму дегенiмiз саяси жүйенiң өзгерушi әлеуметтiк жағдайға икемдi бейiмделу қабiлетiнiң дамуы және талап-қолдау және саяси шешiм-әрекет арасында керi байланыстың тиiмдi механизмiнiң қалыптасуы. Саяси дамудың мақсаты қандай да бiр тиянақты саяси қатынас пен қалыпты қалыптастыру немесе өзгерту емес, саяси институттар мен ашық түрдегi саяси жүйе арқылы бiрте-бiрте күрделенiп келе жатқан әлеуметтiк және экономикалық мәселелердi шешу. Саяси даму процесi саяси жүйенiң iшiнде оның мақсатының мынадай факторлармен − әлеуметтiк-экономикалық даму тұрақтылық, теңдiк, қатысу т.б. өзара байланысы болуын талап етедi. Табысты бөлудегi теңсiздiк пен саяси қатысуды күштеп шектеуге талпынған даму жағдайында әлеуметтiк қиналыс, саяси тұрақсыздық күшейедi, сөйтiп саяси даму процесi бұзылады. Саяси дамудың эволюциялық жолы үшiн қажеттi жағдайлар мыналар: 1 тұрғындардың шешiм қабылдау мүмкiндiгiн кеңейту, қоғамдық сұраныс пен мүдденi есепке алу; 2 билiк үшiн күресте әдiл және еркiн бәсекелестiктi орнату; 3. шиеленiстi шешудiң тиiмдi механизмiн қалыптастыру; 4 саяси жетекшiлердiң бiлiктiлiгi, хабардарлығы, қарсыласымен келiсiмге келе бiлу қабiлетi, күштеуге жол бермеу; Саяси жүйедегi даму процесi: 1 талаптар мен қолдауды артикуляциялау, оны әр түрлi күштеу топтары мен саяси партиялар атқарады. Егер олардың қызметi шектетiлетiн болса, онда саяси жүйенiң бейiмделу мүмкiндiгi әлсiрейдi. Талаптарды електеу, белгiлi бiр каналдарға бөлу. Ол мәдени әрi құрылымдық болып екiге бөлiнедi.
Құрылымдық немесе саяси түрi, оған партия, жоғары қабат, парламентаризм жатады. Мәдени реттеуге саяси қалыптар, құндылықтар, түсiнiктер, көзқарастар жатады. Сондықтан мұнда саяси әлеуметтендiру рөлi басым. Талаптарды қысқарту, топтастыру, баламалық талдауды қалыптастыру. Бұл қызметтi саяси партиялар тиiмдi атқарады. Қазақстан Республикасында саяси партиялардың әлсiздiгi саяси жүйенiң сыртқы және iшкi өзгерiстерге тез арада бейiмдiлуiнiң стратегиялық потенциалын төмендетуде. 2 Керi байланыс қоғамдағы шиеленiстердi шешудiң бiрден-бiр көзi, ол билiктiң саяси жүйеге түскен талап-тiлектердi реттеу қабiлетiне байланысты. Керi байланыс саяси жүйенiң өзiнiң мақсатына қаншалықты жеткендiгiн анықтауға мүмкiндiк бередi. Қазақстан Республикасында саяси жүйе керi байланыс әлсiздiгiнен қиналысқа ұшырауда. Бұл саяси жүйенiң ақпараттар каналдарының қызметi әлсiздiгiне байланысты. К. Дойч саяси жүйе өз мақсатына жетуi үшiн мына төрт факторға тәуелдi деп есептейдi: · жүйенiң ақпараттармен жүктелуi; · саяси жүйе реакциясының жылдамдығы; · саяси жүйенiң жаңа фактiлерге тез, әрi сапалы жауап қайтаруы; · мақсатты нақты белгiлеу. Демек, саяси жүйе қызметiнiң тиiмдiлiгi қамтамасыз ететiн факторларға айналымдағы ақпараттардың жеткiлiктiгi мен сапасы, жүйенiң сыртқы ықпалдарға жауап қайтару жолдары мен формалары, сонымен қатар коллективтiк әрекет арқылы бiлдiру, оның нәтижесiнiң бастапқы мақсатқа сәйкес келуiн жатқызуға болады. Саяси модернизация теориялары мен түрлері. Саяси модернизация дегеніміз саяси жүйенің әлеуметтік мақсаттарға бейімделу қабілетінің үнемі және табысты дамуы, сонымен бірге үкімет пен халық арасында тиімді байланыстың механизмдерін қалыптастыру. Демек, саяси саладағы модернизация әлеуметтік талаптарды қанағаттандыру және мемлекет пен саяси қатысудың ортақ тетігін табуы тиіс. Модернизация мақсаты – белгілі бір жетістік пен табысқа жету. Мұнда нарық пен азаматтық қоғам қағидаларына негізделген әлемдік экономика стандарттарына жету міндеті қойылады. Модернизация теориясының классиктері: О. Конт, К. Маркс, М. Вебер, Г. Зиммел, Ф. Теннис, Э. Дюркгейм, Т. Парсонс болып табылады. Бұл аталған ғалымдардың ұсынған модернизацияның классикалық теориялары мен еңбектері мыналар: 1 О. Конт, «адамзат дамуындағы үш кезең» идеясы; 2 К. Маркс, «тарихи материализм» теориясы ; 3 М. Вебер, «рационализация» (ұтымды ету) теориясы; 4 Г. Зиммел, «абстракция» теориясы; 5 Ф. Теннис, «қауымдастық» және «қоғам» туралы теориялар; 6 Э. Дюркгейм, «механикалықтан органикалық ынтымақтастыққа өту» теориясы; 7 Т. Парсонстың «әлеуметтік жіктеу рөлін талқылау» идеясы. Модернизациялау үдерісін зерттеп, сипаттауға қажетті саяси дамудың әртүрлі тұжырымдамалары бар. Олар: 1 «модернизация»; 2 «даму»; 3 «артқа қалу»; 4 «тәуелділік». Демократиялық модернизациялану процесін американдық зерттеуші К. Менгес сатыларға бөліп көрсетті; Біріншісі, дағдарыс пен бұрынғы режимнің моральды-саяси төзуі; Екіншісі, әр түрлі коалициялардың жеңісі немесе жартылай жеңісі; Үшінші, бұрынғы режіммен қалған кейбір жетекшілер мен ұйымдардың билікке қайта оралуы. Демократиялық мордернизацияның өзіндік, қазақстандық жолын Н.Ә. Назарбаев ұсынды: «Халықтың көпшілігі қолдаған қазақстандық жол – сызбаны көз жұма көшіре салу емес, өзіндік жолды іздеуге ұмтылу. Мұнда біз басшылыққа алатын басты қағида – қан мен хаосқа толы демократия бізге керек емес. Біздің демократиямыздың негізі – саяси, әлеуметтік және халықаралық тұрақтылық». Модернизацияның түрлері: 1 Классикалық спонтанды үлгісі, (Батыс Еуропа елдері, АҚШ, Австралия) феодалдық қоғамның әртүрлі құрылымының модернизациясының жүйелілігі қазіргі қоғамның негізгі құрылымдарының пайда болуына түрткі болды. 2 Модернизацияның екінші үлгісі, кешіккен және негізгі емес үлгі (Жапония, Бразилия, Аргентина, Пиреней түбегі). 3 Кешігу модернизациясы үлгісі (Испания, Португалия). Қазақстан Республикасындағы саяси модернизация. Еліміздегі саяси жаңғырту мен даму стратегиясының негізгі бағыттары «Қазақстанның егемен мемлекет ретінде қалыптасу және даму стратегиясы» (1992 ж.), «Қазақстан-2030. Барлық қазақстандықтар-дың өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы» стратегиялық бағдарламасы (1997 ж.), «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты»(2012 ж.) сияқты бағдарламаларда айқындалған. Сонымен бірге, еліміздің саяси даму бағыттары ҚР Президентінің жыл сайынғы Қазақстан халқына арналған жолдауларында және Қазақстан халқы Ассамблеясының отырыстарында сөйлеген сөздерінде жан-жақты талданып, одан әрі дамыту жолдары ұсынылып отырылады. Президенттің «Ғасырлар тоғысында» (1996 ж.), «Тарих толқынында» (1997 ж.), «Сындарлы он жыл» (2002 ж.), «Тәуелсіздік белестері» (2003 ж.), «Қазақстан жолы» (2007 ж.) атты кітаптары еліміздегі саяси жаңғыртудың ауқымы мен бағытын ұғынуға, сондай-ақ мемлекеттік саясат пен еліміз дамуының стратегиялық жоспарындағы негізгі басымдылықтарды анықтауға мүмкіндік береді. Саясаттану оқулықтарында саяси жаңғыртудың түрлерін атап көрсетіледі, олар: 1. классикалық спонтанды үлгі, (Батыс Еуропа елдері, АҚШ, Австралия) феодалдық қоғамның әртүрлі құрылымының жүйелі жаңғыруы негізінде қазіргі қоғамның басты құрылымдарының пайда болуы; 2. жаңғыртудың кешіккен және негізгі емес үлгісі, (Жапония, Бразилия, Аргентина, Пиреней түбегі) жаңғыртудың кейбір алғышарттарының (нарықтық қатынас, азаматтық қоғам, құқықтық мемлекет т.б.) болмауымен ерекшеленді, өзгерістер синхронды емес, авторитарлы сипатқа негізделінеді; 3. кешігу жаңғырту үлгісінде (Испания, Португалия) бірінші саясат екінші экономика деген қағида ұсталынады. Дамыған қоғамға өту саяси мәселелерді шешуден, мемлекеттік институттарды құрудан, конституция даярлаудан, ұлттық-мемлекеттік құрылымның жалпы қағидаларын анықтаудан басталды. Ал, экономикалық жаңғырту кейінге қалдырылып, оған тек саяси мәселелер шешімін тапқан соң қайта келеді. Қазақстанның егеменді мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының стратегиясында (1992 ж.) саяси жаңғыртудың стратегиялық жоспары мен тактикалық әрекеттері белгіленген болатын. Бұл стратегиялық бағдарламада күшті президенттік республиканы қалыптастыру, көппартиялық жүйені құру, тұрақтылықты қалыптастыру, әрбiр азаматтың құқығы мен еркiндiгiн қорғауға бет бұру, қолайлы геосаяси жағдайға ие болу міндеттері қойылды. Сонымен бірге, стратегия негізінде тәуелсіз Қазақстан тарихын­дағы тұңғыш рет қарулы күштер, дипло­матиялық және кедендік қызметтер секілді мемлекеттік институттар қалыптастырылды. Мемлекеттік шекараны айқындап, нығайту жөнінде шаралар қабылданды. «Қазақстан - 2030» Президенттік стратегиясы ұлттық бірлік пен әлеуметтік әділеттілік орнаған, халқының экономикалық әл-ауқаты жетілген, тәуелсіз, гүлденген және саяси тұрақты Қазақстан мемлекетін орнатудың теориялық-әдіснамалық базасын және оған жетудiң жолдары мен әдiстерiн айқындаған құжат. «Қазақстан-2030» стратегиясы еліміздің саяси жүйесінің дамуына, саяси жүйенiң өзгерушi әлеуметтiк жағдайға икемдi бейiмделу қабiлетiнiң жетілуіне және талап-қолдау мен саяси шешiм-әрекет арасында керi байланыстың тиiмдi механизмiнiң қалыптасуына алып келді. Еліміздегі саяси дамудың мақсаты саяси институттар және ашық түрдегi саяси жүйе арқылы бiрте-бiрте күрделенiп келе жатқан экономикалық және әлеуметтiк мәселелердi шешу болып табылады. «Қазақстан-2030» стратегиясы жалпы ұзақмерзімдік мақсат пен ірі көлемді міндеттерге бағытталынған, мемлекет, партия және т.б. саяси институттардың саяси қызметті атқару бағыттары мен тәсілдерін анықтайтын басты құжат болып табылады. 2007 жылы 16-мамырда Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының «Қазақстанды демократияландырудың жаңа кезеңі – еркін демократиялық қоғамның жеделдетілген дамуы» атты бірлескен мәжілісінде Президент Н.Ә. Назарбаев мемлекеттік басқару органдары мен қоғамдық ұйымдар назарын қазақстандық қоғамды әрі қарай саяси дамыту мен жаңғырту міндеттеріне аударды. Стратегиялық маңызды «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңында билік өкілеттіктері мен жауапкершіліктерін қайта бөлу, саяси партиялардың рөлін нығайту, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту, сот жүйесін жетілдіру, ұлтаралық келісімді қамтамасыз ету, азаматтық қоғам институттарын одан әрі дамыту, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау жүйесін нығайту сияқты жеті негізгі бағыт бекітілген болатын. Н.Ә. Назарбаев елімізде алдымен экономика содан соң саясат деген принципті ұстану міндетін ұсынды, дегенмен, қоғам өмірінің барлық саласында жүргізілетін реформалар тиімділігі саяси тұрақтылық пен демократиялық қағидалардың қоғам өмірінің барлық саласы мен саяси санаға саяси құндылық ретінде енуіне тәуелді. Мәселен, Қазақстан-2050» Стратегиясында жаңа елдің іргесін қалау міндеттін үш бірдей жаңғырту негізінде шешілді деп атап көрсетілген болатын, олар: · мемлекеттің іргесін қалау мен нарықтық экономикада серпіліс жасау; · әлеуметтік мемлекеттің негіздерін қалау; · қоғамдық сананы қайта өзгерту. Қазақстанда саяси тұрақтылықтың сақталынуы, бұл мемлекеттіміздің даму кезеңдерінде саяси реформаларға басымдық мән беруінің нәтижесі деп санаймыз. Қазақстан - 2050 Стратегиясында қалыптасқан мемлекеттің жетістіктері атап көрсетілді, олар мыналар: 1. қуатты да табысты мемлекет; 2. демократияландыру мен ырықтандырудың орнықты процесі; 3. түрлі әлеуметтік, этникалық және діни топтардың келісімі мен татулығы; 4. ұлттық экономика. Халықаралық еңбек бөлінісіндегі біздің рөліміз; 5. қоғамдық тұрақтылық пен келісімді қамтамасыз еткен әлеуметтік саясат; 6. әлемдік қауымдастық таныған ел; 7. ядролық қаруды таратпау режімін ілгерілетудегі біздің белсенді рөліміз. Президентіміз Н.Ә. Назарбаев бұл жетістіктеріміз қазақстандық дамудың үлгісі Жаңа саяси бағыттың негізі болуға тиіс деп атап көрсетті. Біздің басты мақсатымыз – 2050 жылға қарай мықты мемлекеттің, дамыған экономиканың және жалпыға ортақ еңбектің негізінде берекелі қоғам құру, ол үшін мемлекеттік басқарудың жаңа түрін қалыптастыру міндеті ұсынылды. Мемлекеттік басқарудың жаңа түрін қалыптастырудың негізгі саяси бағыты мыналар: 1. мемлекеттік жоспарлау және болжау жүйесін одан әрі жетілдіре түсу; 2. басқаруды орталықсыздандыруды сауатты жүргізу, 3. кәсіпқой мемлекеттік аппаратты қалыптастыру; 4. мемлекеттік аппарат пен бизнес- қауымдастықтың жаңа өзара іс-қимыл жүйесін құру; 5. мемлекет тәртіпсіздікке мүлдем төзбеушілік принципін ұстануы тиіс; 6. мемлекет пен қоғам жемқорлыққа қарсы күресетін бір күш болуға тиіс; 7. құқық қорғау органдары мен арнайы қызметтердің реформасын жалғастыру [2]. ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың биылғы «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты ЖолдауыҚазақстан – 2050» Стратегиясын әрі қарай тарата түсетін Жолдау болып табылады. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына кіру тұжырымдамасы негізінде ұсынған ұзақмерзімді басымдылықтың жетіншісі – мемлекеттік институттар жұмысын жетілдіру, мына міндеттерді ұсынды: 1. адал бәсекелестік, әділеттілік, заңның үстемдігі, жоғары құқықтық мәдениет ахуалын қалыптастыру; 2. мемлекеттің үкіметтік емес сектормен және бизнеспен өзара іс-қимылының жаңартылған тәсілдерін қалыптастыру; 3. сот жүйесі ашық және қолжетімді, қарапайым және барлық дауды тез шеше алатындай болуға тиіс; 4. мемлекеттік кәсіпорындардың, ұлттық компаниялар мен бюджеттік мекемелердің кадр саясатына меритократия қағидаттарын енгізуі; 5. сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа стратегияны қалыптастыру; 6. жергілікті жерлердегі басқару органдарына көбірек дербестік беру . «Қазақстан-2050» Стратегиясы еліміздің мемлекеттік институттарының саяси дамуына, мемлекеттің өзгерушi әлеуметтiк жағдайға икемдi бейiмделу қабiлетiнiң жетілуіне және талап-қолдау мен саяси шешiм-әрекет арасында керi байланыстың тиiмдi механизмiнiң қалыптасуына алып келеді. Еліміздегі саяси жаңғыртудың мақсаты мемлекеттік институттар және ашық түрдегi саяси билік арқылы бiрте-бiрте күрделенiп келе жатқан экономикалық және әлеуметтiк мәселелердi шешу болып табылады. Американдық ғалым Г. Алмонд саяси даму саяси жүйенің тұрақтылықты қолданып қоғамды жаңғыртуды жүзеге асыруға қабілеттілігі, ал екінші жағынан, элементтердің өзара байланысының жиынтығы деп сипаттаған болатын. Демек, қоғамдағы саяси даму бүкіл қоғам өмірінің барлық саласындағы сапалық өзгерістерге тәуелді болады. Мұнда шешуші рөлді мемлекеттік институттардың дамуы мен сапалық өзгерістері атқарады. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей саяси жүйені жаңғыртудағы маңыздысы құрылымын өзгертуде емес, оның іс-әрекеті мен қызметін жетілдіруде. Сондықтан, саяси жүйені жаңғырту мыналарға: - саяси институттардың жаңа проблемаларды шеше бiлу қабiлетiн арттыруға; - қоғаммен ашық сипаттағы қатынасын жетілдіруге; - саяси жүйенiң өзгерушi әлеуметтiк жағдайға икемдi бейiмделу қабiлетiн көтеруге; - талап-қолдау және саяси шешiм-әрекет арасында керi байланыстың тиiмдi механизмiн жетілдіруге бағытталуы тиіс. Жоғарыда айтылғандарды қорытындылай келе, ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауы мемлекеттің болашақ даму міндеттері мен саяси бағытын айқындайтын кешендік және жүйелілік сипатқа ие тарихи құнды құжат. Қоғамдық-саяси тұрақтылық уақыт бойынша тұрақты және өзгеріссіз болмайды. Бұл объективті және субъективті факторлар ықпал ететін қолдан жасалған процесс. Қазақстанның 22 жылдан аса әлеуметтік күйзеліссіз және этноконфессиялық шиеленіссіз болуы – бұл сөзсіз ел Президенті Н.Ә. Назарбаев пен оның командасының зор еңбегінің, өздерінің саяси шешімдерінде саясатта маңызы зор саяси көрегендік қабілеттеріне ғана емес, сондай-ақ саяси дамудың болжамдық нұсқаларын құрастыру мен жағымды және жағымсыз сәттерді қатал есептеуге негізделген салауатты прагматизмге де сүйенулері болып табылады.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет