1916 жыл: тарих пен саясат



Дата29.03.2023
өлшемі39,58 Kb.
#77323
Байланысты:
амангелді иманов


1916 ЖЫЛ: ТАРИХ ПЕН САЯСАТ
19 Наурыз 2016
4 492
Қазақ тарихын ұлт-азаттық көтерілістерден бөлек қарау тіпті де мүмкін емес. Қазақ халқының тарихындағы 1590-1916 жылдардағы екі жүзден астам шайқастар мен көтерілістер, 1918-1990 жылдардағы кеңестік империяның асыра сілтеу саясатына қарсы төрт жүзге жуық көтеріліс тәуелсіздік үшін күрестің ешқашан тоқтамағанын көрсетеді.
1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс осы санаулының бірі болды. Себебі, ақ патша мен жергілікті үстем тапқа қарсы шықты, ақпан-қазан төңкерістерін қуана қарсы алды, большевиктерге қосылып кеңестік билікті орнатты, көтеріліс басшысы «ұлтшылдар» қолынан қаза тапты, тағысын тағылар.
1921 жылы көтерілістің бес жылдығы аталып өткеннен бастап тоқсаныншы жылдарға дейін ұлт-азаттық көтерілістің себептері, барысы, нәтижесі, ұйымдастырушы көсемдері, берілген тарихи баға маркстік-лениндік методология тұрғысынан зерделеніп қана қоймай, әрбір бес-он жыл сайын таптық сипатын нығайта түскені байқалады. «Қазақ еңбекшілерінің патша өкіметіне қарсы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі» (Алматы, 1937), «Қазақстандағы 1916 жылғы көтеріліс» (Алматы, 1947), «Орта Азия мен Қазақстандағы 1916 жылғы көтеріліс» (Москва, 1960), «Аманкелді Иманов. Мақалалар, документтер, материалдар» (Алматы, 1974), «Батырдың биік тұлғасы» (Алматы, 1986) сияқты жинақтар көтерілістің, Қазан төңкерісінің, Аманкелді батырдың мерейтойларына байланысты шығарылып отырды. Француз тарихшысы, философ Марк Блоктың «Көңіл жететін жердің бәрі — тарих, көз жететін жердің бәрі — саясат» деген пікірі бар. 1916 жыл оқиғалары, онымен құйрық тістесе келген 1917 жылдың аласапыранына берілген баға саясатқа белшесінен батып қана қоймай, тұңғиығына жол тартты. Еліміз тәуелсіздік алған 1991 жылдан бері академик Манаш Қозыбаев, Кеңес Нұрпейісов, Мәмбет Қойгелдиев, Асылбек Бисенбаев бастаған тарихшылар мәселеге жаңаша ұстаныммен қарауға, ұлт-азаттық көтерілістерді ірі-ұсақ деп бөліп-жармай, таптық көзқарастан арылып, кең ауқымда қарастыруға бағыт түзеді.
Тәуелсіздік алған тұста біздің тарихта сан тарам жол пайда болып, қайсысына түсерімізді білмей дағдарып қалдық. Алашорданы қолдайын десек, Тұрар Рысқұлов, Сәкен Сейфуллин бас­та­ған зиялыларымыздың еңбегі жоққа шығатындай, «Үш жүз» партиясы жайлы зерт­теу жүргізсек, Мұстафа Шоқай бастаған оқығандардың еңбегін ұмыт қалдырғандай, тіпті коммунистік партияны құрған қазақ революционерлерін тарихтан сызып тастайтындай әсерде қалдық. Оны былай қойғанда, Амангелді Иманов пен Мір­жақып Дулатұлы сынды тұлғаларымыздың ара­сындағы тарихи қайшылықтарды ше­шу­дің жолын табудың өзі қиын кө­рін­ді. Бірақ тәуелсіз көзқарастағы жаңа леп біраз жайттың бетін ашқанын да жоққа шығара алмаймыз. Әттеген-айы, осы тұста кеңестік психологиядан құтылғанымызбен, рулық көзқарас бе­лең алып, біртұтас қазақ тарихын үш жүз­ге бөліп қарастырғысы келетін үрдіс пайда болды. Сол себепті, біз тек кеңестік көзқарастағы таптық идея­лармен қоса, рулық санамен жазылған тарихи деректерге де абайлап қарағаны­мыз жөн. Ұлттық тұрғыдан қараймыз деп, бұған дейін асыра мадақталып келген большевик-коммунист ықпалында болған тұлғаларды — «қызыл жендет», алашшыл оқығандарды қолдағандарды «ел үшін еңіреген пәк періште» деп көрсету де абырой әкелмесе керек. Онда тарих диірменін кері бағытта жүргізгені болмаса, таптық көзқарасты ұстанған кеңестік тарихтың сыңар езу қате жолы болады да шығады. Біздің барлық кемшілігімізге уақыт кінәлі дейміз. Ол — қателігімізді жасырып, ақталудың жолы. 1916 жылғы патшаның «Маусым жарлығынан» кейін, жер-жерде басталған толқулар Қазақстан мен Орталық Азияны толық шарпыды. Халық отаршылдық зардабынан әбден күйзеліп отырғанда бұл жарлық оқ-дәрі бөшкесіне ұшқын тастағандай әсер етті. Қазақ жеріндегі ұлт-азаттық көтерілістің ең ірі орталықтары — Торғай, Жетісу, Ырғыз өңірлері еді. Зерттеу материалдары бойынша қарулы қақтығыстар Өскемен, Ақмола, Жаркент, Мерке, Орал, Бөкей Ордасы, Ойыл, Маңғыстау жерінде болған. Айтылған елді мекендердің халқы көтерілгенде, көршілес аймақтардан, жер-жерден халық ағылып, жиналған. Кеңестік тарихта айтылатын «бұл әбден езілген кедей шаруалардың көтерілісі еді» дейтін көзқарас қазір жүрмейді. Себебі, соңғы жылдардағы жарияланған деректерде ишан-молдалар, төрелер, белгілі болыстар мен мыңды айдаған байлардың үрім-бұтағымен көтерілісшілерге қосылып, отаршыл билікке қарсы соғысқа шыққаны жазылып жүр. Хан сайлау, әскери кеңестер құру, әскер құрылымын хандық заманына сәйкес жасақтау сияқты билік жүйесіндегі жасалған өзгерістерді талдай отырып академик Манаш Қозыбаев «бұл — ұлт-азаттық революция» деген баға береді. 1926 жылдан бастап 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің тарихы жазыла бастағанда, «көтерілістің басында коммунист Әліби Жангелдин тұрды» деген жалған қағида тарихқа енгізілді. 1905 жылдан бастап қазақ арасына жер аударылған орыс революционерлері «жұмысшылар мен шаруалардың көзін ашып, патшалық жүйеге қарсы дайындап еді» деген әңгімелер айтыла бастады. Бұл туралы Мұстафа Шоқай 1931 жылы жазылған «1916 жылғы ұлттық қозғалыс туралы большевиктердің өтірігі» мақаласында: «16 жылғы қозғалыс жалпы алғанда ұлттық қозғалыс еді. Онда таптық күрестің елесі де жоқ еді. Шалуа Элиава осыдан үш-ақ жыл бұрын (1928 жылы) Кеңес Одағы Орталық Атқару Комитетінің мінбесінен «Түркістанда пролетариат табы туралы сөз болуы мүмкін емес. Ол жерде ұлттық пролетариатсыз пролетариат диктатурасы құрылды» деп ашық мойындаған еді ғой? Ендеше, Түркістанда Қазан төңкерісінде болмаған, қазір де жоқ болып отырған пролетариат табы 1916 жылы қайдан болсын? 16 жылғы көтеріліс Түркістан ұлттық төңкерісінің әліппесі еді және ол, жалпы алғанда, орыстыққа, Ресейге қарсы еді» — деп оп-оңай әшкерелеп берді.
Қаһарлы 1916 жыл туралы биыл жыл басынан бері республикалық, облыстық газет-журналдар, қазақ және орыс тілді ғаламтор сайттары жаза бастағаны заңды құбылыс. Бірақ, негізінен кеңестік кезеңде әбден жатталып, таптаурын болып қалған қасаң да біржақты баға беруді шолып шығумен шектеліп қалып жүр. Көзі қарақты оқырман біршама елеңдеп қалғанымен, жаңа деректермен байытылған толыққанды мағлұмат жетіспей жатқаны өз алдына, бұрыннан басы ашылған белгілі оқиғалардың өзін сан-саққа жүгіртіп, оқырмандарды әбден шатастырып жіберетін мысалдар көбейді. Осындай жағдайларға байланысты биылғы жылдың аяғына дейін кәсіби тарихшы ғалымдардан не күтеміз? Ең бастысы, тар ауқымды таптық көзқарастан арылған, ұлт-азаттық көтеріліске мейлінше жан-жақты терең баға беретін жинақтар мен монографиялар қажет. 1998 жылы шығарылған «Қаһарлы 1916 жыл (құжаттар мен материалдар жинағы)» екі томдығы бұрын жарық көрмеген біршама деректерді жариялады. Осы бағытта жұмыстар мен зерттеулер жалғаса бергені жөн. Көтеріліске шыққан әрбір тайпалар мен рулардың өздеріне хан сайлап алу дәстүрі кең таралғаны мәлім. Кеңестік билік халық санасына қанша «ревизия» жасауға тырысқанымен қазір есімдері белгілі қыпшақ ханы Әбдіғапар Жанбосынұлы мен арғын ханы Оспан Шолақұлы туралы біраз мәлімет бар. Атақты Нияз бидің ұрпағы Әбдіғапарды халық хан көтерсе де, ол барлық құжаттарға «Торғай өлкесінің әмірі» деп қол қойған. 1928 жылы Әліби Жангелдиннің «1916 жылғы Әбдіғапар қозғалысы» деп жазуы нені білдіреді? Амангелді батыр қазасынан соң әмір Алашқа да, қызылға да қосылмаған. Кең таралған жазба деректерде оны Әліби жұмсаған қызыл әскерлер 1919 жылы ауылынан алдап алып шығып, намаз оқып тұрған сәтінде далада атып кетеді. Торғай өлкесінің ауызекі әңгімесі Әбдіғапар өлімін Амангелді қазасынан соң кек қуған батырдың ағасы Бектепберген қолынан болды дейді. 1930 жылы большевиктердің асыра сілтеуіне қарсы Батпаққарада көтеріліс болған. Аяусыз басылған көтерілістің жазасы да қатты болған. 1930 жылы Әбдiғапардың iнiлері Сад­уақас пен Уәлi, балалары Зейнолла, Назар, Мағзұм атылған.
1930 жылы Әбдiғапардың баласы Қали Карлагқа, iнiсi Ғаббас Сiбiрге айдалған. Әбдiғапар ауылында бас көтерер еркек кiндiк қалмаған. Мәрден, Сапарғали, Хамит, Қамия, Үмия, Төкеш, Рахима, Мәлике, Алиакбар, Әжмедден, Қабден, Зибәгүл, Дина, Есенжол атты кішкентай балалар жетімдер үйіне тапсырылған. Мұның бәрі аз болғандай, 1937 жылы Әбдiғапардың ұлы Рүстем, інісі Хамит Сталиннiң әйгiлi «үш­тi­гiнiң» шешiмiмен ату жазасына кесілген. Әбдiғапардың ұлы Қали 1935 жылы Карлагтан босаған соң Алматыдағы жетiм балалар үйiндегi баласы Қабдендi, Жаңақорған қаласында күнкөрiспен жүрген әйелiн тауып алған. Олардан қыздары Зибәгүл мен Динаның отыз екінші жылы аштан өлгенiн естiген. Қали аман қалған отбасын алып 1939 жылы Ресейге көшiп кетуге мәжбүр болған. Тұтас бір әулетті осылай тозаққа салғанда, кеңестік биліктің оларға бар қойған кінәсі — «Әбдіғапар ханның ұрпақтары» екендігі. Ғаламат қуғын көрген Әбдіғапар хан ұрпақтары 1995 жылы Торғайда аталарының 125 жылдығына арнап ат шаптырып ас берген. Олар: «Кеңес заманы келмеске кетті. Әбдіғапар ханның көтеріліске сіңірген еңбегін қалпына келтіру, бұрмаланған тарихты түзету — заман талабы. Ұрпақтары осы үшін өте ауыр құрбандықтар беріп, қуғын көрді» деген пікірді баспасөз арқылы жариялап жүр.
Ырғыз уезінің өзінде әрқайсысы бес-алты мың сарбаздан тұратын бес бірдей партизан қосындары әрекет еткен. Көтерілісшілер Ырғыз уезі Аманкөл болысынан Әжіке Қаражановты (ол өлген соң Бижан Дағанов), Тәуіп болысынан Әймәмбет Шобановты, Қызылжар болысынан Тайшым Ұрысовты, Кенжеғара болысынан Айжарқын Қанаевты хан көтерген. Патша өкіметі Ырғыз және Торғай уездеріндегі көтерілісті басу үшін генерал Лаврентьев бастаған мұздай қаруланған (зеңбірек, пулемет, винтовка) отыз мың тұрақты әскер ұстағаны көп нәрседен хабар берсе керек. Біз қазір 1916 жылдың қысына қарай Қызылжар және Аманкөл топырағында сарбаздар мен солдаттар арасында болған үш күндік қантөгістен не білеміз? Архив жазбаларында патша ұлықтарына қызметімен жаққан болыс-байлардың әскерге адам бермеген елді қуалап, қарулы солдат ертіп қантөгістер жасағаны жазылған. Өз кезегінде сарбаздар да қолға түскен мұндай сатқындарды аяусыз жазалағаны айтылған. Осындай елге қарсы әрекеті үшін өлімші боп таяқ жеген Қыйсықов, Төртембаев деген болыстар, денсаулығын түзеп алған соң жазалаушы солдаттарды ертіп алып, елге қырғидай тигені айтылған. Ызалы халық 6 болыс басқарушысын ұстап алып, тірідей өртеп жібергені туралы дерек сақталған. Сондай-ақ, Ырғыз уезінде отаршыл билікке жағамын деп халыққа әбден тізесі батқан болыс Жүсіпов толқыған халықтан ең жүйрік атқа мініп қашып құтылмақ болған. Оны қоршап алған 500-600 адам ұрып өлтірген.
Қазақстан Республикасы Президенті архивінде сол бір дүбірлі жылдар туралы жан-жақты ақпар беретін құжаттар сақталған. Солардың бірі — Ойыл көтерілісі туралы құжат (811 қор, 6 тізім, 5 іс). Ішінде жер-су және адам аттары, көтеріліс топтарын басқарған көсемдері туралы біршама дерек бар. Мысалы: «Көтеріліске шыққан қазақтарды мұғалім Исламғали Құрманов басқарды. Ойыл топырағының үш-төрт жерінде сарбаздар шоғырланды. Қайыңды тобында Ойыл, Қиыл, Қайыңды болысының жігіттері жиналды. Жетекшілері Әкімбай (Қарт Қожа), Тұмаш Молданиязов, Өтеген Алтыбаев, Алман Мешелов, Аманияз және басқалары болды. Мұнда мың қаралы адам шоғырланды. Ұсталары ұйымдасқан түрде найза, қылыш, айбалта соқты. Ескі мылтықтарды жөндеп, кәдеге жарата бастады. Ұсталардың есімі Байғара және Білеуов. Осы топ жігіттері 15 тамыз 1916 жылы Бегалы базарын талқандады, болыс әкімшілігін сабап, дайын тұрған жігіттердің тізімін тартып алды. Артынан бұл Бегалы оқиғасы деп аталып кетті.
Бабатай сарбаздары. Мұнда Қоянды-Ойыл және Қайыңды болысының бір бөлігі жігіттері жиналды. Жетекшілері Рысалды Салқынбаев, Көмесбай Қарақұланов, Қасымбай Жаубатыров, Қобылан Екимов және басқалар. Бұл отряд Қайыңды тобының жетекшілігімен әрекет жасады, бұл қазіргі 7-ші ауыл. Бұлар Ойыл қаласын басып алуы, барлық бастықтарды өлтіруі және тізімді тартып алуы керек еді.
Қарағанды тобы. Жетекшілері Еркінжан Қадіров, Ғалым Алтыбаев, Мұқаш Алтаев, Ораз Алтаев, Тайшыбай Алтыбаев және басқалары болды. Топта барлығы 550 адам болды. Бұл топ Қарағанды өзенінің Қайыңдыға құяр жерінде жиналды. Бұл топ өзен бойындағы Жалғызағаш переселендер поселкасына шабуыл жасауы, сонда болыстар мен старшындарды тығып отырған басшыларды өлтіруі және тізімді тартып алуы жоспарланды. Бірақ, бұлар тек қана басқарушы Құрманды өлімші қылып сабады және тізімді тартып алды.
Сағыздағы төртінші топқа Аққұм жерінде Жиделі Сағыз, Қоянды Ойыл болысы жігіттері жиналды. Қазір олар 8, 9, 10, 11, 12, 13, 14, 15 және 16 ауылдар. Бұл топтың алдына қойылған міндеттер Темір қаласына шабуыл жасау, уезд бастығы Петровты және сонда барып тығылған болыс басқарушылары мен старшындарды өлтіру, жасалған тізімді жою болды. Бұл топ 200 жігіттен тұрды.
Бұл топтардың бәріне де патшашыл үгітшілер болыс, старшина, молдалар жіберілді, бірақ көтерілісшілер оларға құлақ аспады. Сондықтан да Орал қаласындағы облыс билік орындарына хабарланып, жазалаушы әскер жіберуі сұралды. Темір уезіндегі көтерілісті ауыздықтау үшін 300 адамдық отряд (салт атты казактар) жіберілді. Одан 200 казак Ойылда қалды да, қалғандары Темірге жол тартты.
Темірден шыққан 100 адамдық Евтушевский бастаған отряд сарбаздармен Сағыз өзені бойында кездесті. Біршама атыстан соң, жетекшілерін тұтқындап, біраз адамды атып өлтірген Евтушевский жендеттері көтерілісшілерді қуып таратып жіберді.
Темір уезінің бастығы Петров пристав Мұзапар Таукинді ертіп 200 адамдық отрядпен Ойыл өзенін бойлап жүріп отырып Қарағанды көтерілісшілерімен кездесті. Еркінжан Қадіров пен Ғалым Алтыбаевты тұтқындап, оларды Орал қаласына жөнелтті.
Қарағанды тобын талқандаған Петров Бегалы ауылына келді. Жағдаймен танысқан соң Ойылдан 15 шақырым жерде Ұрының Қара суы атты мекенде шоғырланған көтерілісшілерді қуып таратып, тізімге сәйкес адам жинамақ болды. 1916 жылы 29 тамызда Ұрының Қара суы жерінде Қайыңды тобы Петров бастаған 200 солдатпен кездесіп, шайқас болды. Солдаттар мылтық пен пулеметтерден оқ жаудырды. Көтерілісшілер жауған оққа қарамай шабуылға шықты. Сарбаздар үлкен шығынға ұшырап, шегінуге мәжбүр болды. Бұл шайқаста топ жетекшілері Әкімбай (Қарт Қожа), Әжмағанбет Жолмағанбетов, Бақыт Тұмашев, Таубасар Сағындықов және Қалиев өлтірілді. Сарбаздар арасында да өлгендер мен жараланғандар көп болды. Патша отрядынан бір офицер және үш солдат өлді, бірнеше солдат тұтқынға түсті…
Сонымен, көтерілісшілердің бұл тобын да талқандаған Петров отрядтың бір бөлігін Ойылда қалдырды да, өзі Темірге кетіп қалды.
Байлар, ишан-молдалар халықтан ақша жинап, Мергенов Жалғожа, Жолдасбаев Орынбасар, Берғалиев Байғазыны патшаға делегат ретінде жіберді…
Тыл жұмысына баратындар тізіміне іліккен жігіттер өз отбасы мен мал-мүлкін алып, көтерілісті тоқтатпаған адайларға, одан әрі түрікмен жеріне көшіп кетті. Олар тек Ақпан төңкерісінен соң ғана қайтып оралды…» — деп жазылған.
Кенесары Қасымұлы әскерінде мыңбасы болған Иман батырдың немересі Амангелді Үдербайұлы туралы бір ғасыр бойы жеткілікті айтылды да, жазылды да. Әсіресе, менің ойымша, бұл тұрғыда біз тарих оқулықтары бетінен көріп, көңілімізге жатталып қалған, көздері ұшқын атып тұратын батырдың керемет бейнесін кескіндеген қазақтың атақты суретшісі Әбілхан Қастеевтің еңбегі ерекше. Ол батырдың портретін салу үшін алты жыл ізденген. Батырдың өмір сүрген өлкесін, көтеріліс болған жерлерді бірнеше қайыра түгел аралап шыққан. Ағайын-туыстары мен үзеңгілес серіктері болған батырдың жүздеген замандастарымен сұхбаттасқан. Әбден жан дүниесінде пісіп жетілген соң суретін салуға кіріскен. Дайын болған портретті кезекпен біріндеп көріп шыққан замандастары бірауыздан мақұлдапты. Сонда ғана өзіне көңілі толған Ә.Қастеев батыр туралы сериал дүниелерін жасауға отырған екен.
Мұстафа Шоқай 1936 жылы «Батыр большевик Амангелді хақындағы ақиқат» мақаласында: «Осы айтылған мақала, өлең-жыр, сахналық қойылым, кинофильм және ескерткіштердің бәрі «әліпті таяқ деп білмеген», Торғай өңірінен басқа жер, өз руынан басқа ел көрмеген қараңғы Амангелдіні дүниеде теңдесі жоқ төңкерісшіл, ұлт пен ұлтшылдықтан жоғары тұратын интернационал большевик, дінге дұшпан, Түркістан түріктігін орыс большевизмі және интернациональдық төңкерісшілдікпен табиғи түрде тығыз жымдастырған ірі тұлға ретінде көрсету идеясына қызмет етіп отыр… Өзінің сарбаздарына «Өлсең шейітсің» деп жүрген Амангелдіні енді атеист деуге келер ме?» — дей келіп, қазақтың беткеұстар азаматтарының саяси көзқарастары бойынша жік-жік болып соғысып жүргенін, Әліби сияқты большевиктің оларды бір-біріне айдап салып жүргенін, мұның бәрі түбінде Түркістанда ұлт-азаттық туын көтерген адам үшін «…арғын, қыпшақты былай қойып, тіпті өзбек, қазақ, түркімен болып бөлінудің өзі Түркістан түріктерін бөлшектеп, өлімге бастайтын жол…» деп қынжыла жазады. Бірақ, әділін айту керек, батыр бір кісідей сауатты болған. Амангелдінің «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналын оқып жүретіні жайлы көзі көрген адамдардың естеліктері бар. Мүмкін, өзіне саяси ұстанымы сәйкес келмеген соң, түрікшіл тұлға Мұстафа Шоқай сынаңқырап та жіберген болар, бірақ кейінгі оқиғалар әр нәрсені өз орнына қойып көрсетті. Бұл туралы профессор Талас Омарбеков: «Саяси көзқарас тұрғысынан Аман­­гелді жол айырығында тұрды. Алаш­орданы қол­дау керек пе әлде қызылдарды қолдау керек пе? Бұл – тек Амангелдінің ғана емес, сол тұстағы Алаш азаматтарының көп­ші­лігінің ба­сын­да болған трагедия, яғни қате жол­ды таңдау трагедиясы. Әри­не, Аман­гел­ді – сардар, Алаштың батыр ұл­дары­ның бірі, халықтың қайсар батыры. Алайда Амангелді қазақтың ардагер азаматы болғанымен, оның таңдаған жолы дұрыс болмай шықты. Кеңес үкіметі қазақ­тың маңдайына қасірет болып жабысты. Аман­гелді осылай болатынын білді ме? Әрине, білген жоқ…» — деп толғанады.
1986 жылы шыққан «Батырдың биік тұлғасы» жинағында Ғабит Мүсірепов 1932-33 жылдары уәкіл болып жүргенде батырдың соңғы әйелі Балыммен кездескенін, ол кісіден батыр туралы тың деректер алуға тырысқанын жазады. Ғабекең 1936 жылдан бастап Бейімбет Майлин екеуі «Аманкелді» фильміне сценарий жазу үшін еңбек еткенде, біраз қиындықтарға кезіккен. Жазушы ол туралы «Бұл кезде он алтыншы жыл мен араға түскен жиырма жыл оқиғалардың ізін көрбілтендіріп кеткен екен. Оның үстіне облыстық көлемде Аманкелді туралы белгілі бір көзқарастар үстемдік тауып, тас болып қатып қалыпты. Аманкелдінің ағасы Бектепберген де, соңғы әйелі Балым да, Кейкі батыр да өлген. Өзгелерінің көбі-ақ Аманкелдінің жолдастығына он-он бес жыл өткен соң жармасқан. «Торғай соғысында мені Аманкелді қасынан жіберген жоқ», —деген төрт адам Аманкелдінің астындағы атын төртеуі төрт түсті атады… Совдеп тұсында Торғай қаласында Аманкелдінің хатшысы болдым деген бір адам оның қай үйде тұрғанын айта алмады» деп шындығын жазады. Дегенмен, пьеса да, сценарий де жазылды. Әбдіғапар ханның немересі Қабден Қалиұлы өз естеліктерінде: «1970 жылы Ғабит маған қарап: «Заман сондай болды ғой. «Амангелдi» пьесасын пар­тияның тапсыруы бойынша, негiзiнен, Бейiмбет Майлин жаз­ды, мен материал жинаушы болдым. Мұны бiр деп қой. Екiншiден, пьесада Әбдiғапар­дың аты аталмайды. Бiз ол кiсiге тиiскен жоқпыз деді» — деп жазады.
Аға буын оқырмандар 1967 жылы шыққан Мақан Жұмағұловтың «Қыран қазасы қияда» романын ұмытпаған болар. Сонда батырдың Рәш есімді әйелінің аты кездеседі. Амангелді қаза болғанда жасқа да толмай қалған Рамазан Амангелдіұлы әкесі туралы «Батырдың балалық шағы» повесіне дерек жинап жүргенде, соғысқа аттанады. Қатардағы автоматшы Рамазан 1941 жылдың қара күзінде Москва түбінде он үш фашистің көзін жойып, ерлікпен қайтыс болған. Қабірі Москвадан 60 шақырым жердегі Серпухов қаласында. Рамазанның әйелі Назира Батыс Қазақстанның тумасы екен. Рамазан шейіт болған жылы екі жасар ұлы Батырлан, 1942 жылы қаңтарда туылған қызы Райханмен 26 жасында жесір қалған. «Қазақ әдебиеті» газетіне шыққан сұхбаттан білгеніміз, батырдың немересі Батырлан Амангелдиев — математик, техника ғылымдарының кандидаты, екі қызы бар екен. Амангелді Имановтың тағы бір ұлы Шәріп Иманов та соғысқа қатысып, 1949 жылы елге оралған. «Атаның асыл мұрасы» естелігін жазған. Шәріп 2000 жылы қайтыс болған. Амангелді Имановтың әкесі Үдербаймен бірге туған жақын туыстарынан да біраз ұрпақ бар.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет