2-сурет. Қосжақтаулы былқылдақденелі жәндік – айқұлақ және оның құрылысы. Қорытынды. Сонымен құрлық ұлуларында тынысалу жүйесі тыныс саңылауларынан және шапанша қуысынан және шапанша қалтасы мен қантамырларынан, ал судағы былқылдақденелілерде желбезек тақташалары мен сифондардан тұрады. Қан екі жағдайда да газалмасуға қатысады.
Шаршылы өрмекші денесінің баскөкірек пен құрсақ арасында орналасқан қос өкпе – ауа қапшығы арқылы тыныс алады. Қапшықтардың арасы көптеген жапырақ тәрізді қатпардан тұрады. Бұл жапырақшаларда қанайналымы үздіксіз жүреді де, оттегімен қанығып, денеге тасымалданады. Сонымен бірге құрсақтарында тыныс саңылауына ашылатын екі шумақ демтүтікшелері бар.
Қоңыздар (қиқоңыз, зауза, сүңгуір қоңыз, т.б.) хитинді демтүтіктері арқылы тыныс алады (3-сурет). Қоңыз көкірегі мен құрсағының екі қапталын бойлай ұсақ саңылаулар (тыныс саңылаулары) орналасқан. Осы саңылаулардан дененің ішіне қарай хитинді демтүтікшелері жалғасады. Олар тармақталып, бүкіл ішкі мүшелерді торлайды. Тіпті аяқтардың, мұртша сезім талшықтарының ұшына дейін жетеді. Құрсақ бұлшықеті жиырылғанда ауа демтүтіктен сығылып, сыртқа шығады. Бұлшықет босаңсығанда, сырттан ауа сорылып, оның бүкіл тармақтары ауаға толады.
3-сурет. Зауза қоңыздың ішкі құрылысы. 1. Өңеш. 2. Қарын. 3. Ішек. 4. Мальпигий түтікшелері. 5. Аналық без. 6. Демтүтік. 7. Құрсақ жүйке тізбегі. 8. Жұтқыншақ жанындағы жүйке сақина.
Жануарлар ағзасы айналадағы ортадан қорек, газ және суды үздіксіз денеге жеткізіп, оларды өңдеп, одан өз тіршілігін қамтамасыз ететін қажетті заттарды алады. Сырттан келген және өңдеуден түзілген қажетсіз заттарды денесінен шығару да тіршілік үшін өте қажетті процесс. Ағзада түзілетін әр түрлі зиянды заттар қатты, сұйық және газ күйінде болады.
Құрттарда (ақ сұлама, шұбалшаң) зәршығару мүшесінің дене ішіндегі ұшы кеңірек кірпікшелі жұлдызша тәрізді болып жіңішке түтікке айналады да, оның ұшы тері жабыны арқылы сыртқа ашылады (1-сурет).
Ұлуда зәршығару қызметін шапанша қуысына ашылатын бүйрек атқарады. Оның құрылысы күрделірек болғанымен, ол шұбалшаңның жұлдызша түтіктеріне ұқсас.
Шұбалшаңның зәршығару жолдары Жұлдызша тәрізді түтік