8 Қола дәуіріндегі материалдық мәдениет және оның Қазақстан территориясындағы ерекшеліктері.
Қола дәуірі б.з.б. 2800 жыл – б.з.б. 900 жыл аралығын қамтиды. Қола дәуірінде адамзат металл өңдеуді игерді. Өндіріске металл құралдардың енуі еңбек өнімділігін арттырды, шаруашылықтың жаңа түрлерінің пайда болуына себеп болды. Қола мыс пен қалайының қосындысынан алынған. Қоладан жасалған бұйымдар тас және мыс еңбек құралдарын біртіндеп ығыстырды. Қазақстан жерінде қола дәуірі осыдан 4 мың жыл бұрын, яғни б.з.б. 2 мыңжылдықта басталған. Еуразия даласындағы қола дәуірінің жетістіктері андрон мәдениеті деп аталады. Себебі қола дәуірінің алғашқы ескерткіштері Андроново селосы (Сібір, Ачинск қаласы) маңынан табылған. Андрон тектес қола мәдениеті таралған аумақ: Орал (Жайық) өзені, Енисей өзені, Батыс Сібір, Памир таулары. Қола дәуіріндегі үйлер екі түрлі болды: жартылай жертөле және жер бетіне салынған үй. Жертөленің ішінде тас ошақ орнатылып, жер еденде сүт өнімдері мен ет сақтайтын шұңқыр қазылған. Үйдің жанына мал қамайтын қора салынған. Андрондықтар төрт түлік малдың барлық түрін өсірген. Ғалымдар Cолтүстік және Батыс Қазақстан аймағынан 80-нен астам қоныстарды тапқан. Олардың кейбірін ертедегі алғашқы қалалар деуге болады. Қостанай облысы мен Челябі облысының шекарасынан ескі қала – Арқайым табылды. Мал өсіру отырықшылық, бақташылық түрінде болған. Мал жаюға ыңғайлы болу үшін шөбі шүйгін және желден ықтасын болатын жерлерді таңдап алған. Андрондықтар Есіл, Тобыл, Ертіс, Бұқтырма өзендерін бойлай қоныстанған. Өзен аңғарларындағы тайпалар жерді тесемен өңдеген, жылқы, сиыр, қой, ешкі өсірген. Андрондықтардың қоныстарынан егіншілік құралдары – дән тартатын диірмен, жер өңдеуге арналған тесе, мыс пен қола орақтар табылды. Металл кеніштері Зыряновск, Жезқазған, Қарқаралы, Ақшатаудан табылды. Қаныш Сәтбаевтың мәліметі бойынша, Жезқазғаннан 1 млн тонна кен өндіріліп, одан 100 мың тонна мыс қорытылған. Нарым мен Қалба (Шығыс Қазақстан) кен орнында 1100 тонна қалайы шығарылған. Кенді қорыту үшін құрылысы өте күрделі қазандықтар салынды. Қазандыққа ауа үрлейтін көрік жасалды. Қорытып жасалған еңбек құралдары тастай қатты, әдемі сары түсті болды. Кен өндірушілердің қонысы кенішке жақын жерлерде орналасқан. Мысты өндіру үшін кен орнының алдына от жағып, қызғаннан кейін су құйған. Шытынап, уатылған кенді тас және қола қайланың, ағаш сынаның көмегімен опырады. Кейін тас балғамен ұсақтаған. Еңбек құралдары тас немесе саз балшық қалыптарға құйылып, өңделген. Андрон мәдениетінің ең негізгі сипаты – саз балшықты ыдыс жасауға пайдалану. Қыш ыдыстар арнаулы пештерде күйдіріліп, тарақ тәрізді немесе тегіс қалыппен өрнектелді. Көзе құмыралар түрінің әсемдігімен, өрнекті әшекейлерімен тамаша өнер туындысы болып саналады. Академик В.П.Алексеевтің берген сипаттамасы: "Андрондықтар мұрынды келген, бет сүйегі шығыңқы емес, көздері үлкен. Кескін-кейпі ірі, дене құрылысы мығым, жігерлі, келбетті адамдар болған". Андрондықтардың бойы онша биік емес, беті жалпақ, маңдайлары тайқылау болып келген. Дене құрылысы жағынан еуропеоидтерге ұқсайды. Орталық Қазақстан аумағынан қола дәуіріне жататын 30 қоныс, 150 оба зерттелді. Петровка мен Боголюбов қоныстары (Солтүстік Қазақстан) орлармен, дуалдармен қоршалған. Адамдарды жерлегенде басын батысқа немесе оңтүстік-батысқа қаратқан. Андрондықтар табиғат күштеріне табынған. Қола дәуіріндегі тасқа салынған суреттер Таңбалы, Жасыбай, Хантау жерлерінен табылған. Бұл суреттерде жабайы бұқа, қос өркешті түйелер, билеген адамдар салынған. Чаглинка, Петровка (Солтүстік Қазақстан) қоныстарында үйлердің қабырғалары тік бағандардан тұрғызылып, киіз үйдің торкөз керегелері тәрізді етіп жасалған. Ғалымдар андрондықтардың дөңгелек, жеңіл баспаналары қазақтың киіз үйіне ұқсайды деп есептейді.