1.Қазақстан аумағындағы тас ғасырына қатысты археологиялық ескерткіштердің ашылуы. Ежелгі адамгың шаруашылығы мен тұрмысы


Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы басқарған Кіші жүз қазақтарының көтерлісі (1836-1838 жж.)



бет47/86
Дата20.12.2022
өлшемі379,46 Kb.
#58524
1   ...   43   44   45   46   47   48   49   50   ...   86
Байланысты:
1. аза стан аума ында ы тас асырына атысты археологиялы ескер

51 Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы басқарған Кіші жүз қазақтарының көтерлісі (1836-1838 жж.)

Көтерілістің басталу себептері


1836—1838 жылдары Бөкей хандығында аса ірі халық-азаттық көтерілістерінің бірі болып өтті. Ол көтерілістің басты себебі жердің жетіспеушілігі еді. Мәселен, Ішкі Ордадағы 20 мыңға жуық отбасы шаруашылығы жер тапшылығынан зардап шекті. Ең жақын шұрайлы жерлердің бәрін де ірі помещиктер мен байлар өзара бөлісіп алып қойған болатын. Қатардағы қарапайым қазақтар жерді солардан жалға алып пайдаланды. Қазақ ақсүйектері орыс помещиктерінен жалға алған жерлерді өздерінің жеке қалауы бойынша қазақ ауылдарына көтеріңкі қымбат бағаға тағы да қайыра жалға беріп отырды. Сөйтіп қазақтардан әр түрлі айыппұлдар мен алым-салықты еселеп алып тұрды.
Ресей помещиктері Юсупов пен Безбородконың Каспий теңізі жағасында көлемі орасан зор жер телімдері болды. Жайық әскери кеңесі Үлкен және Кіші Өзен бойындағы және Қамыс-Самара көлдерінің төңірегіндегі жерлерді өз пайдасына басып алды. Жайық бойындағы жерлерді Жайық қазақ әскерлері иемденді. Қазақтардың кесіп өтіп, жағалаудағы жайылымдарды пайдалануына қатаң тыйым салынды. Далалық қазақтар ішкі жақ бетке, ішкі жақ қазақтары далалық сыртқы жақ бетке өте алмады. Жердің жеткіліксіздігі салдарынан қазақтар жерді Астрахан губерниясының шаруаларынан, Жайық қазақтарынан, жер иеленуші ірі помещиктер мен қазақ байларынан қымбат бағамен жалға алып пайдалануға мәжбүр болды. Жәңгір хан тарапынан салынатын алым-салық түрлері де еңсені езіп жіберді. Ол өз жеке басының пайдасына жинап алынатын бірыңғай салық түрін енгізді. Патша үкіметі ханның өзі жасап алған фискальдық қаржы жүйесіне араласпады.
1836 жылы халық көтерілісі басталды. Оның қозғаушы күші қатардағы бақташы қазақтар болды. Көтеріліс туының астына бірқатар старшындар да жиналды. Сұлтандар мұның ақыры не болар екен деп, әліптің артын бағып, бейтарап қалды немесе көтерілісшілерге қарсы шықты.
Көтерілістің сипаты: Антифеодалдық және отаршылдыққа қарсы.
Көтерілістің барысы. Көтеріліс үш кезеңге бөлінді.
Бірінші кезең – 1833-1836 жылдар аралығы қарулы көтеріліске даярлық ретінде сипатталса, екінші кезең – 1837 жылдың басында көтерілісшілердің ханға қарсы аттануынан бастап, олардың осы жылдың күз айларында жеңіліске ұшырауына дейінгі аралық. Үшінші кезең 1837 жылдың желтоқсанында Исатай мен Махамбет бастаған көтерілісшілердің шағын тобының Жайықтың сол жағалауына өтіп, күш жинап көтеріліске қайта шығуынан бастап, 1838 жылдың шілде айының ортасында Ақбұлақ өзенінің маңында болған шайқаста біржола жеңіліске ұшырауына дейінгі уақытты қамтиды.
1836 жылдың күзінде Исатай Тайманұлы әр түрлі рулардың ауылдарын аралап жүріп, Жайық қазақ әскерлерінің иемденіп отырған жерлерін өз беттерінше тартып алуға шақырды. Көтеріліс көсемінің халық арасындағы беделі мен абыройы күн санап арта берді. Көтерілісшілер хан жасағына есеңгірете тойтарыс берді. Ханның төңіресіндегі жандайшаптардың бірі би Б. Құдайбергенұлы серкеш руының қазақтарына шабуыл жасады. Серкештер көтерілісшілердің жағында еді. Исатай серкештерге шабуыл жасағандарды жазалау үшін құрамында 270 сарбазы бар қарулы жасақты жұмсады. Олар әлгі бидің ауылын шауып, толық күйзелтіп кетті.

1837 жылдың бас кезінде көтерілісшілерге байбақты руының бе- делді старшыны Жүніс Жантеліүлының қолы келіп қосылды. Енді көтеріліс аумағының шекарасы кеңейе түсті. Көтерілісшілердің қатары да ұдайы арта берді. Көтеріліс ауқымынан қауіптенген Орынбор шекара комиссиясы Исатай Таймановты ұстап алып, ісін сотта карауға тапсырма береді. Бұған қарсы көтерілісшілердің басшысы генерал-губернатор В.А. Перовскийге шағым жасады. Өлке басшысының қазақтарға деген көзқарасы жаман емес еді. Бірде үйлену тойын өткізіп жатқан қазақтарға шабуыл жасап, тонап кеткені үшін Перовскийдің жүзбасы Бухматов пен бір топ қазақты мың адамдық саптың ортасынан өткізе дүре соққызып, оларды әскери қызметтен біржола қуып жібергені белгілі болатын. Бірақ ол өлке билеушісі ретінде патша үкіметінің отаршылдық саясатын жүргізді.


Исатай батыр оған жолданған өтініш-шағымында былай деп жазды: «Біздің өтініштеріміз бен шағымдарымызга ешкім де құлақ аспайды. Біздің мал-мүлкімізді талан-таражға салып, тонап кетеді. Сөйтіп біз император тақсырдың қол астына адал ниетпен берілгендігіміз жөнінде ант қабылдаған бола тұрсақ та, күн сайын қорқынышты үрей кешеміз».
1837 жылдың жазы мен күзінде көтерілісшілер ірі байлардың ауылдарына шабуылды күшейтті. Сол жылы күзде құрамында 200 сарбазы бар жасақ Қарауылқожа Бабажанұлының ауылын шауып, құл-талқан етіп кетті. 50 адам, соның ішінде 2 сұлтан тұтқынға алынды. Көтерілісшілердің елеулі күші бірте-бірте Хан ордасына жақындап келе жатты. Көтерілісшілер Жәңгір ханды жақтаушылардың мал-мүлкі мен шұрайлы жайылымдарын басып алумен болды.
Көтерілісшілер Астрахан губерниясы Чернояр уезінің аумағын да басып өтті. Онда қалмақтар мен қарақалпақтардың және татарлардың ауылдарына шабуыл жасап, талқандап кетті.
Көтерілісшілердің келесі бір шағын жасағы Балшықты қамалы маңында сұлтан Медетқали Шоқаұлының ауылын шауып кетті. Сұлтанның дүние-мүлкі мен малын олжалады.
Исатай Тайманұлы бастаған көтерілісшілер 1837 жылғы қазанның аяқ кезінде Хан ордасына он шақырымдай жақын келді. Жәңгір хан да, оның төңірегіндегілер де қоршауда қалды. Көтерілісшілердің жалпы саны екі мың адамнан асатын еді. Алайда Исатайдың Хан ордасын күшпен басып алғысы келмеді. Көтерілісшілер Жәңгір ханнан Балқы және Қарауылқожа билерді өз төңірегінен қуып жіберуді, билікті ру старшындарының қолына беруді талап етті.
Жәңгір ханда үрей қалмады. Ол көтерілісшілермен келіссөз жүргізуге көшті. Ханның қолына жаңа талап-петиция табыс етілді. Онда, егер ханға қойылып отырған талаптар орындалмайтын болса, көтерілісшілердің бүкіл ауыл-аймағымен Ішкі Орданы тастап, көтеріле көшіп кететіні ескертілді. Оған халық арасында ықпалды 300 рубасы мен старшын және батырлар қол қойды. Бұл жағдай Жәңгір ханның жағдайын күрт нашарлатып жіберді.
Патша үкіметінің әкімшілігі де қатты алаңдады. Көтерілісшілер Жайықтан бұзып-жарып сыртқы бетке көшетіндей күн туа қалса, оған қарсы алдын ала шұғыл шаралар қабылдауға кірісті. Шекара бекінісі күшейтіле бастады.
Исатай Тайманұлы ханмен екі арадағы шиеленісті жағдайды бейбіт келіссөздер арқылы шешуге болатынына патша әкімшілігін сендіруге тырысты. Батыр уақыттан ұтуды ойластырды. Қыс түсіп Жайықтың мұзы қатқан бойда оның сол жақ бетіне көшіп кетпек болды. Ал бұл екі арада Орынбор әкімшілігі мен Жәңгір хан қазақтардың әскери күштерін шұғыл түрде топтастырып үлгерді. Жазалау шараларын жүзеге асыратын Жәңгір хан жасақтары да әзір болды. Сөйтіп қысқа мерзімнің ішінде көтерілісшілерге қарсы 1000-нан астам адам шоғырландырылды.
Шиеленістің қан майданда шешілетін уақыты таяп келді. 1837 жылғы 15 қарашада Тастөбе деген жерде көтерілісшілер мен жазалаушы отрядтар арасында кескілескен қанды шайқас болып өтті. Көк сүңгіні шебер пайдалана білудің, жарамды жақсы аттарды тандап мінудің, шайқас өткен жер жағдайымен бес саусақтай жақсы таныс болуының нәтижесінде көтерілісшілер ұрыстың алғашқы жартысында басымдық танытып, едәуір жеңіске жетті. Алайда көтерілісшілерді жазалаушылар зеңбірекпен толассыз атқылай бастады. Көтерілісшілер бұған шыдай алмай, кейін шегінуге мәжбүр болды. Олардың соңынан бірнеше шақырымға дейін қуғын жасалды. Ондаған адам қаза тапты. Қуғын кезінде көтерілісшілердің біраз малы жау қолында қалды.
Жазалаушы отрядтың әскери-техникалық тұрғыдан басымдығы бірден байқалды. 1838 жылғы 2 шілде күні Қиыл және Ақбұлақ өзендерінің бойында көтерілісшілер мен жазалаушылар арасында шешуші шайқас өтті. Оның барысында көтерілістің басшысы Исатай Тайманұлы қаза тапты. Көтерілісшілердің қалған тобы кейін шегініп, дала қойнауына сіңіп кетті. Жазалаушы әскер олардың соңынан қуғын ұйымдастырды. Шайқаста көтерілісшілерден 80-ге жуық адам қаза тапты.
Исатай Тайманұлының қазасынан кейін көтеріліс бәсең тарта бастады. Жекелеген жасақтар Төменгі Жайық шекара шебіне таяу жерлерде, Ойыл өзенінің бойында ғана іс-қимыл көрсетіп жүрді.
Махамбет Өтемісұлы біраз уақыт бой тасалап, жасырынып жүруге мәжбүр болды. Кейінірек қазақтарды Жәңгір ханға және патша үкіметіне қарсы көтерілуге үгіттеді. 1845 жылы билеуші-сүлтан Баймағамбет Айшуақұлының адамдарымен қақтығыс кезінде қапылыста қазаға ұшырады. Көтеріліс басып-жаншылғаннан кейін оған қатысқандарды қуғындау басталды. Көптеген адамдарға өлімші етіп дүре соғылды. Көтерілісшілердің бірқатары каторгаға айдалды, мал-мүлкі тәркіленді. Көтеріліске неғұрлым белсене қатысқандар Шығыс Сібірге біржолата жер аударылды.
Көтерілістің жеңіліске ұшырауының негізгі себептері мынада еді: ең алдымен, қозғалыс алдын ала мұқият ұйымдастырылмады, оның айқын бағдарламасы болмады, көтеріліс жергілікті шашыраңқы сипат алды. Көтерілістің басшылары Кенесары Қасымұлы мен Жоламан Тіленшіұлы бастаған жасақтарымен байланыс жасай алмады. Патша үкіметінің әскерлері мылтық, зеңбіректермен жарақтандырылған еді. Кейде зеңбіректен үсті-үстіне бірнеше оқ атудың өзі көтерілісшілерді кейін шегінуге мәжбүр етті. Қазақтардың қолында ондай қару болған жоқ. Көтерілістің жеңіліп қалуының басты себептерінің бірі бұл жолы да, Сырым Датұлының жасақтары сияқты, екі бағытта — әрі патша үкіметіне, әрі хан билігіне қарсы күрес жүргізілді. Мұның өзі көтеріліске қатысушылардың жағдайын әлде- қайда қиындата түсті. Оның үстіне, көтерілісшілерді казак жасақтары мен тұрақты орыс армиясы бөлімшелері жан-жағынан түгелдей дерлік қоршауда ұстады. Кіші жүздің далалық бөлігіндегі қазақтардан көмек күту де мүмкін болмады. Өйткені Жайықтың сырт жағындағы қандастармен байланыс жасауға шекара шебіндегі орыс әскерлері жол берген жоқ.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   43   44   45   46   47   48   49   50   ...   86




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет