Байланысты: 1. азіргі заман тарихы курсыны п ні, ма саты мен міндеттері, де
37.1920-1930 жылдары Қазақстандағы қоғамдық-саяси, әлеуметтік- экономикалық және мәдени-рухани ахуал.
Бұл жылдары Қазақстанның барлық аймағында Кеңес өкіметі кең қанат жайып, өзінің өктемдігін толық жүзеге асыра бастады. Қосшылар одағы, шаруалардың өзара көмек комиттері сияқты басқа да қоғамдық ұйымдар маңызды жұмыстар атқарды. Ауылдық-селолық жердегі 20-жылдары жүргізілген басқа да бұқаралық іс-шаралардың бәріне шаруалар ұйымдары қатысқан. Шаруалардың бұқаралық ұйымдарының жасампаздық қызметі 30-жылдардың басына қарай тоқтатылды. Сталиндік, голощекиндік ұжымдастыру басталып, демократияның шектелуіне байланысты жоғарыда аталған бұқаралық ұйымдар, алдымен, Қосшы одағын таратып, мүліктер мен оларға қарасты кәсіпорындарды ұжымшарлардың бөлінбес қорына берді. 20-жылдардағы қоғамдық-саяси өмірді сөз еткенде төмендегі мәселеге ерекше назар аудару қажет. Осы кезден бастап сталинизмнің идеологиялық аппараты халықтардың тарихи зердесін жоюға кірісті. Бұл зерденің иелері ұлттық зиялы топтың көрнекті өкілдері болатын. Соларға қысым көрсетуге бағытталған кең көлемді шаралар жүргізіле бастады. Кеңестік Шығыс халықтары мен ішінара Еділ бойының халықтары жүздеген жылдар бойы араб әліпбиін пайдаланып келгені мәлім. Араб әліпбиі жоғарыдан берілген бұйрық бойынша 1929 жылы латын әліпбиіне, ал 1940 жылы кириллицаға көшірілді. Осының салдарынан қазақтар бір ұрпақтың өмірінде ғасырлар бойы ұлттық мәдениеттің інжу-маржандары саналып келген кітаптар, газет-журналдар, ғылыми еңбектер, бағалы тарихи материалдарынан айырылды.
20-жылдардың соңы мен 30-жылдардың басында КСРО-ның әлеуметтік-экономикалық дамуындағы дағдарыстың асқына бастауына сай әр түрлі зиянкестерді, кінәлі «халық жауларын», жасырын ұйымдар мен арандатушы антикеңестік элементтерді іздестіру кең өрістеді. Қазақстанда жауларды «әшкерелеуді» ұлттық нұсқада жүргізу басталып, осындай жағдайда КСРО-ның Жаңа Конституциясының жобасын талқылау болып өтті. Конституция1936 жылы 5 желтоқсанда Кеңестердің VIII Бүкілодақтық төтенше съезінде қабылданды. Жаңа Конституция бойынша 1937 жылы 26 наурызда Қазақ АКСР-і одақтас республика болып қайта құрылды. Қазақстан Кеңесінің төтенше X съезі Қазақ КСР-інің Конституциясын бекітті. Конституцияда қазақ халқы дамудың капиталистік сатысына соқпай, бірден социализмге қадам басқаны бекітілді. Негізгі заң бойынша қазақ халқы саяси теңдік, аумақтық автономия құқығын алды. Елдің индустриясы қарқынды дамыды, халықтың әлеуметтік-таптық құрылымы өзгеріске ұшырады, мәдениет пен білім беру саласында да айтарлықтай жетістіктерге кол жеткізілді. Алайда республиканың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы табыстармен қатар, елде тоталитарлық қатаң әкімшілік-казармалық жүйе де берік орнықты. Қазақстан индустриялық дамыды деп қанша айтқанымызбен, оның экономикасы отарлық сипатта қала берді.