2тапсырма Әмір Темірдің Моғолстанға жорықтары – Әмір Темірдің 14-ғасырдың соңғы ширегінде Моғолстанға жасаған жаулаушылық жорықтары.
Әмір Темір өзінің Шағатай ұрпағының бұрынғы иеліктерінде бір орталыққа бағынған қуатты мемлекет құрмақшы болған мақсаттарына кедергі жасай алатын Моғолстанды әлсіретуді міндет етіп қойды. Ол жиырма жыл бойы Шу мен Талас өңіріне және Жетісуға үздіксіз шапқыншылықтар ұйымдастырып, оны Дешті Қыпшаққа, Хорезмге, Таяу және Орта Шығыс елдеріне жасаған жорықтармен кезектестіріп отырды. 1371 – 72 ж. Әмір Темір Моғолстанға әскер аттандырды. Бұл жорық кезінде Әмір Темір әскері Ыстықкөл өңіріндегі Сегізағашқа дейін жетіп, көп тұтқын мен мол олжа түсіріп қайтты. 1375 ж. жасалған жорық кезінде Әмір Темір әскері Талас алабы арқылы жүріп, Ілеге дейін жетті. Шарын өзені шатқалында Әмір Темір әскерінің Жаhангер бастаған алдыңғы қосынының Қамар Ад-Динмен шайқасы болды. Қамар Ад-Дин әскері осы шайқаста жеңіліс тауып, қашып құтылуға мәжбүр болды.
1376 жылдың көктемінде Әмір Темір Моғолстанға Қамар Ад-Динге қарсы 30 мың әскермен әмір Сасы Бұқа ханды, Әділ-шахты және басқа әмірлерін аттандырды. Бірақ әмірлері Моғолстанға жорық жасамай, Әмір Темірдің Хорезмге кеткенін пайдаланып, бүлік шығарады. Олар Моғолстанға Қамар Ад-Динге барып, оны Әмір Темірдің Мауераннахрда жоқтығын пайдалануға, сөйтіп Әмір Темірге қарсы қимылдарында өздерін қолдау үшін әскер жіберуге шақырды. Алайда, Мауераннахрға қайтып келген Әмір Темір Қамар Ад-Динді Нарын алқабында жеңіліске ұшыратты. Әмір Темір Қамар Ад-Динді 1377 ж. екі рет: біріншісінде – Қаратау етегінде, екіншісінде Шу алқабынан Ыстықкөлге баратын жолдағы Бұғым шатқалында талқандады. Әмір Темірдің 1383 ж. жасаған жорығы кезінде де Моғолстан әскері ойсырай жеңілді. Қамар Ад-Дин болса осы кезде Жетісудың солтүстігіне кетіп үлгерген еді. Ол кейіннен Дешті Қыпшақтағы Тоқтамыс ханға барып, онымен Әмір Темірге қарсы бірлесе күресуге келіседі.
1389 ж. Әмір Темір Моғолстанға жаңа жорық ұйымдастырды. Оның бұл кезде Моғолстандағы басты қарсыластары Енге төре мен Қызыр Қожа хан еді. Әмір Темір әскері Моғолстанға Қаратауды теріскей бетінен айналып, содан соң Шу өзенін бойлай жүріп өтті. Іле өзенінен өткеннен кейін Аягөзге жетіп, онда Әмір Темір өз әскерін екі бөлікке бөлді. Әмір Темірдің өзі Тарбағатайдың батыс жағына бет алды. Омар-Шайх әскердің екінші тобымен Көбік өзеніне дейін жетіп, онда үлкен шайқаста Енге төренің әскерін талқандады. Қызыр Қожа хан Шығыс Түркістанға барып паналап, көп ұзамай ол жерден де қашуға мәжбүр болды. 1390 ж. Әмір Темір Самарқанға оралуға бет алды.
Әмір Темірдің Моғолстанға жасаған жорықтары сол тарихи кезеңде Оңт.-Шығыс Қазақстанның экон. және демогр. жағдайына теріс әсер етті. Әмір Темірдің қайтыс болуы Моғолстанды түпкілікті бағыну қатерінен сақтап қалды.
Достарыңызбен бөлісу: |