2.2. Мал шаруашылығының қалыптасуы Қазақ жері — мал шаруашылығы қалыптасқан ең көне аймақтардың бірі. Жабайы жануарларды қолға үйрету. Жабайы жануарларды қолға үйрету неолит дәуірінен басталды. Ең алғаш қолға үйретілген үй жануарлары — қой мен ешкі болды. Қойдың арғы тегі — арқар (муфлон), ал ешкінікі — таутеке. Қой мен ешкі мөлшермен б.з.д. 8—7-мыңжылдықтарда қолға үйретілген деп есептеледі. Осы кезге жататын Жерорта теңізі маңайындағы тұрақтарда қой мен ешкінің сүйегі табылған. Сиыр тұқымының дәл қай жерден шыққаны әлі анықталмаған. Дегенмен де қолға үйретілген сиырдың да ең көне заманғы сүйегі б.з.д. 7-мыңжылдыққа жатады, ол Оңтүстік Анадолы жерінде (Түркия) табылған. Б.з.д. 6—5-мыңжылдықта Месопотамия жерінде мал шаруашылығы болғандығы бүгінде дәлелденген.
Жылқы алғаш қолға үйретілген аймақ деп Шығыс Еуропа мен Еділ бойы есептеледі. Жылқыны қолға үйрету мөлшермен б.з.д. 4-мыңжылдықта болған сияқты. Қазақстан жерінде ең көне мал сүйегі энеолит дәуірі ескерткіштерінде кездеседі. Бұл — Терісек, Сексеуілді, Орталық Қазақстандағы Қарағайлы (Қарағанды маңы) тұрақтары, Шығыс Қазақстандағы Усть-Нарым қонысы. Бұлардың мөлшерлі жасы б.з.д. 3-мыңжылдықтың орта шені. Бұл тұрақтардан қойдың, ешкінің, сиырдың, жылқының сүйектері табылған. Қазақстан жерінде қола дәуірінің кезінде-ақ үй маңындағы мал шаруашылығы қалыптасты. Б.з.д. 2-мыңжылдықтың орта кезіне жататын жерлеу орындарында, кейінірек қоныстарда қой, жылқы сүйектері көптеп кездеседі. Кейбір шөбі қалың, өзен-көлді аймақтарда орналасқан қоныстарда, мысалы, Шағалалы, Сарғары қоныстарында сиырдың сүйегі басым, ал Трушниково қонысында ұсақ мал мен мүйізді ірі қараның сүйегі табылған.
Бұдан 3 мың жыл бұрын Қазақстан жерінде құрғақшылық күшейді. Далалы, жартылай шөлейт, таулы аудандарда мал өсіру шаруашылықтың негізгі түріне айнала бастады. Алдымен жартылай көшпелілік, содан соң көшпелі мал шаруашылығы қалыптаса бастады.
Көшпелі шаруашылық түрлері. Археологиялық және этнографиялық материалдар Қазақстан жерінде ежелден бастап XX ғасырдың басына дейін мал шаруашылығының үш түрі қалыптасқанын көрсетеді. Көшпелі мал шаруашылығы Маңғыстау, Батыс, Орталық Қазақстан аймағында басым болған. Бұл аймақтарда қыстаусыз көшпелілермен қатар қыстауы бар көшпелілер де болған. XIX ғасыр мен XX ғасырдың басындағы деректерге қарағанда, көшпелілік Маңғыстау, Темір уездеріндегі адайларда, Атбасар уезін жайлаған бағаналыларда, Қазалы, Ырғыз, Торғай, Қапал уездерін мекендеген кейбір руларда жақсы сақталған. Батыс, Орталық Қазақстанның кейбір жерлерінде тастан, балшықтан, ағаштан салынған қыстауы болмаса да, қыста ұзақ уақыт көшпей, бір жерді паналап отыратын көшпеліліктің түрі болған.
Б.з.д. 1-мыңжылдықтың орта шеніне жататын, бір жерде шоғырланған Қараоба, Тасмола, Сыпыраоба, Қарабие деп аталатын рулық қауымдық зираттар осындай ұзақ қыстап отыратын жерлерге салынған сияқты. Бұл тайпалардың негізгі түліктері қой, жылқы, түйе болған. Қазақстанның кейбір жерінде ерте заманнан-ақ жартылай көшпелі мал шаруашылығы да қалыптасқан. Жартылай көшпелі деп көктем, жаз, күз мезгілінде жайылымның ыңғайына қарай жылжып көшіп отырып, қыста дайын қора-жайы бар қыстауларда қыстайтын мал шаруашылығын айтады. Мал шаруашылығының бұл түрі сақ-үйсін заманында-ақ дала мен таулы аймақтарда қалыптаса бастады. Мұндай аудандарға Жетісудың, Шығыс Қазақстанның тау етектеріндегі аймақтар жатады. Бұл аймақты мекендеген халық малды жазда биік таулы жайлауда бағып, қыста тау етегінде, тау қойнауындағы қыстауларда қыстатып күн кешкен. Кейде олардың қыстаулары Алтай, Тарбағатай сияқты биік таулармен сілемдесіп жатқан аса биік емес, қары аз Қаратауда болатын. Жартылай көшпелілікпен айналысқан көшпелілер қыстау маңындағы ұсақ өзен, бұлақтардың жағасына егін салатын. Олардың негізгі дақылдары: тары, арпа, бидай. Жартылай көшпелі мал шаруашылығымен айналысқан тайпаларда қой, жылқымен қатар сиыр малы да өсірілді.
Орта ғасырларда Ертіс бойы мен Жетісудағы отырықшы қоныстарда, кішігірім қалаларда суармалы егіншілік болған. Жартылай көшпелілерде егіншілік, отырықшылықтың белгілі бір нышаны болғанымен, негізгі шаруашылығы — мал бағу, ал тұрмысы көшпелілікке бейім болды. Отырықшы мал шаруашылығы Оңтүстік Қазақстандағы, Сыр, Шу, Талас, Арыс өзендері бойында, Қаратаудың оңтүстік беткейінде қалыптасып, таралды. Оларда мал шаруашылығымен қатар суармалы егіс, жауын суымен шығатын егіншілік жақсы дамыды. Соғды мен Ферғананың отырықшы мәдениетіне бұл елдердің көршілес жатуы оларда ертеде-ақ отырықшы мәдениеттің пайда болуына әсерін тигізді. Сақ заманының өзінде Оңтүстікте Шырық-Рабат, Бәбіш-Молда, Баланды сияқты бекіністі қалашықтар қалыптасты.
Отырықшы мал шаруашылығының қалыптасуы, әсіресе б.з.д. 1-мыңжылдықтың бас кезіне дәл келеді, осы кезде бұрынғы көшпелі, жартылай көшпелі мал бағушы қауымдастық біртіндеп отырықшылыққа көшуге айналды. Осы кезден бастап, бұдан кейінгі ерте орта ғасырлар дәуірінде бұл аймақтарда үлкен отырықшы қоныстар мен қалалар қалыптаса бастады. Дегенмен осы қоныстар мен қалалардың сыртында, маңайында жартылай көшпелі, отырықшы малшы қауымдар аз болған жоқ.
Орта ғасырларда Оңтүстік Қазақстанда қала мәдениеті жақсы дамып, халықтың көпшілігі отырықшылыққа айналды. Бұл жағдай Жетісудың да біраз аумағына таралды. Моңғол шапқыншылығынан кейін Оңтүстік Қазақстанда қола мәдениеті, отырықшы егіншілер экономикасы күйреген кезде, бұл өңірде де жартылай көшпелі мал шаруашылығы қайтадан жаңа қарқынмен дамыды. XVII—XVIII ғасырлардағы шығыста жоңғарлармен, батыста қалмақтармен соғыс қазақ халқының шаруашылығына өз әсерін тигізді. Көші-қон жолдары, бағыттары өзгерді, жайылым бірде тарылып, бірде кеңіді, мал басы азайды. Жоғарыда келтірілген екі мысал этносаяси жағдайлар халықтың шаруашылық құрылымының, бағытының өзгеруіне әкелетіндігін көрсетеді.
Көшпелілердің өсірген түліктері. Қола дәуірінің ортаңғы, соңғы кездерінде Қазақстан жерін мекендеген тайпалар шаруашылығында қой түлігі сан жағынан басым болды. Сақ дәуірінде жерімізде осы күнгі құйрықты қазақы қой сияқты қой тұқымы тараған екен. Ерте темір дәуірі заманында кәдімгі қойлармен қатар биязы жүнді қой, ешкі де өсірілген екен. Алтайдан, Жетісудан табылған ерте темір дәуіріне жататын киіздер осындай биязы жүннен басылған. Ерте заманнан-ақ көшпелілерде қойдан кейінгі саны жағынан екінші түлік — жылқы. Жылқы мөлшермен б. з. д. 2-мыңжылдықтан бастап мінуге, жүк артуға, жегуге үйретілген. Арпаөзен, Қойбағар, Берікбай, Хантаудағы тасқа салынған суреттерде жеңіл күймелерге, ауыр арбаларға жегілген аттар бейнеленген. Сақ дәуірінде Қазақстан жерінде басы үлкен, аяғы қысқалау, тұрқы ұзын, түгі қалың жылқы тұқымы кең таралған. Бұл жылқылар тебіндеп жайылуға үйренген қазақтың қазіргі жабы жылқысы тұқымына жақын. Сонымен қатар сол заманның ақсүйектері, қолбасшы батырлары жерленген үлкен қорымдардан (Пазырық, Берел) тұрқы биік аттардың да сүйегі табылған. Сақ дәуірінде жабы сияқты төзімді, жекпе-жекке, үлкен ұрыстарға мінетін қазанаттармен қатар осы екі тұқымның араласуынан шыққан тұрқы орташа жылқы тұқымдары да болған. Олардың сүйектері Шығыс Қазақстан жеріндегі Кіші Красноярка қонысынан, Орталық Қазақстандағы Тасмола зиратынан табылған. Бұл деректер сақтардың жылқының әр түрлі тұқымдарын өздері сұрыптап шығара алғандығының белгісі. Сақ дәуірінде қалыптаса бастаған осы жылқылардың тұқымы ғұн, сармат, үйсін дәуірінде, одан соң көне түркілер заманында кең таралып, өз жалғасын тапты. Ұзақ жорықтарға төзімді, аса күй талғамайтын осындай жылқыларды қыпшақтар да өсірген. Қыпшақ жерін аралаған ибн Баттута деген араб саяхатшысының пікірінше, Үнді жерінде жорыққа мінуге арналған қыпшақ жылқыларына сұраныс өте күшті болған.
Қазақстан жерінде қола дәуірінен бері ірі қара мал өсірілген. Қола, ерте темір дәуірі ескерткіштерінен табылған сиыр сүйектері де ірі, орташа, ұсақ сиыр тұқымдарының болғандығын көрсетеді. Көшпелілер малының құрамында ірі қара аз болды. Қола дәуіріне қарағанда көшпелілік пайда болған ерте темір дәуірінде сиыр малы азайды. Тек қана үлкен өзен-көлдердің (Сыр, Ертіс, Жетісу аймақтары) маңын мекендеген жартылай көшпелі тайпалар сиыр өсірген.
Ортағасырлық моңғол көшпелілерінде қысы-жазы өз аяғымен жайылуға бейімделген, жүні қалыңдау сиыр тұқымы өсірілген. Далалы, шөлейтті аймақтарды мекендеген көшпелілерде сиырдың осындай тұқымы кеңірек таралған болуы керек.
Қазақтың ежелден қолға үйреткен төрт түлігінің бірі — түйе. Қазақстан, Орталық Азия жері қосөркешті түйенің қолға үйретілген аймағы болып есептеледі. Түйені қолға үйрету Арал, Маңғыстау өңірінде мөлшермен бұдан үш жарым мың жыл бұрын, яғни б.з.д. 2-мыңжылдықтың ортасында іске асқан. Үй түйесі Қазақстанның көптеген аймақтарында жабайы түйе — қаптағайды қолға үйретуден пайда болған.
Туыстық қатынастар. Көшпелі қоғамдағы саяси, әлеуметтік, экономикалық қатынастар туыстық жүйеге негізделді. Қазақ қауымындағы қоғамдық-әлеуметтік қатынастар көп жағдайда туыстық қатынастармен астасып жатыр. "Туыстық жүйені ылғи да қандас туыстық" деп түсінуге болмайды. Көшпелілерде шынайы қандас, ортақ ататектен тараған жүйе бар да, жалпы генеалогиялық туыстық жүйе бар.