2 дәріс. Монғол кезеңіне дейінгі Орталық Азиядағы түркі тілдес этностардың этномәдени интеграциясы кезеңдері 1.Түрік және Батыс Түрік қағанаттарының құрылуы, этникалық құрамы және саяси тарихы.
2.Түргештер мен Қарлұқтар мемлекеті, көрші мемлекеттер мен тайпалармен қарым-қатынастары.
3.Исламның енуі және түркілердің мұсылман әлемімен байланысы. Түркілер арасында қожалардың этностық топтарының пайда болуы.
«Түрік» этнонимінің алғаш рет аталуы қытай жылнамаларында кездеседі және ол 542 жылға жатады. Қытайлар түріктерді ғұндардың ұрпақтары деп санаған. Ертедегі аңыздарға жүгінсек, түркілер өздерін бөріден тарағанбыз дейді. Түркілердің Алтай өңірінен шыққаны туралы жырланған “Көк бөрі“ дастанындағы көне аңыздың қысқаша мазмұны мынандай: Көне заманда “Со” елінің көсемі Қапан-пу аса қайырымды әрі асқан батыр болыпты. Оның өзіне жақын он алты бауырының біреуінің анасы бөрі екен. Анасы бөрі бала ер жетіп үйленеді. Оның екі әйелі болады. Сол екі әйелдің біреуі – қыс Тәңірісінің қызы, ал екіншісі жаз Тәңірісінің қызы екен. Екі әйелдің әрқайсысы екі-екіден ұл табады. Тұңғыш ұл аса күшті, қайсар, болып өседі. Оған бұл елде ешкім тең келмейді. Сол үшін оған халық “Түркі”, яғни күшті, мықты, ержүрек деп ат қойыпты. Бүкіл түркі халқы сол “Түркінің” ұрпағы екен.
Түркі қағанатының саяси-әскери бірлестік ретінде қалыптасқан мекені - Жетісу деп пайымдалады. Жетісу мен Шығыс Қазақстан жужан мемлекетінің шет аймақтары болатын. Осы аймақтарда орналысқан тайпалар - теле - 492 ж. жужандарға қарсы шығып, тәуелсіз мемлекет құрады. Дегенмен де, 516 ж. жужандар жаңа құрылған мемлекетті тағы да өздеріне бағындырады. 545 ж. теле тайпасының Ашина руы жужандарға қарсы күресті басқарады. 551 ж. батыр Бумын Қытайдағы Батыс Вэй патшалығымен бірігіп, жужан мемлекетін талқандайды.
Ү ғ. Түркілер деп Ашина ордасына қараған тайпалар аталды. Ал көршілес тайпалар түркілер қатарына саналған жоқ.. Түркілердің шығу тегін зерттеу ғылымда ХІХ ғ. соңына дейін көршілес қытай, парсы, грек, Византия елдерінің деректері арқылы белгілі болды. 568 ж. Земарх басқарған Византия елшілері әрқандай деректер жазып қалдырды. Жекелеген түркі халықтары мен олардың тіршілік еткен мекені туралы толығырақ мәліметті ІХ-Х ғғ. Араб географиясынан кездестіреміз. Онда «түркі» сөзі халықтар тобы және олардың тілінің ортақ иесі ретінде көрсетілген. Қытай жазбаларында түркілерді хундар тұқымы деп, қытайша «жин, жуань-жуань, жужань» деп атаған, бірақ бұл атау халықтың атауымен ешбір сәйкеспейді.
Н.А. Аристов «түркілердің бастапқы шығу тегі мен олардың ата жұрты туралы» деген мәселеде: «Түркілердің негізгі басты үлкен тайпалары алғашында Алтайды мекендеген. Алтайдағы жер-су аттары көне түркі халық аңыздарына енуі бұған дәлел бола алады. Ежелгі түркі мемлекеті хундар империясы болып есептеледі», — дейді. Орхон жазбалары бұған дәлел.
Ескерткіште хан өз халқын түркілер, ал басқаларды оғыздар деп атады. Орхон жазбаларын оқуға жол ашылғанға дейін В.В. Радлов ҮІ-ҮІІІ ғғ. Түркілер оғыз халқына жатты деген қорытындыға келіп, кейін оны жазбаларымен дәлелдеді.
Оғыздар немесе түркілер бірнеше халықтарға бөлінеді: телестер, шығыста тардуштар, батыста түркештер және т.б. Қарлұқ, қырғыз, ұйғырларды сенімді түрде түркілер деп есептейміз, бірақ сол кезде бұл халықтар өздерін түркіміз деп есептеген дәлелді дерек жоқ.. Печенектер мен қыпшақтарды орыстар да, еуропалықтар да түркілер деп атаған жоқ, «түрік» сөзі еуропада оғыз халықтарынан шыққан осман империясын білдіру үшін кеңінен қолданылды.
Соңғы жылдары лингвистикалық зерттеулер негізінде түркілердің шығу тегі, көне тарихы туралы мәселе қарастырылу үстінде. Ол туралы мәліметтердің басым бөлігі грек, парсы, мұсылман, қытай қолжазбаларында кездеседі. Грек деректерінен біз, түркілер ҮІ ғ. өзінде-ақ Шығыс Европаға келіп, Боспор мен Керч бұғазын жаулап алғанын білеміз. Парсы деректері бойынша түркілер парсылардан Каспий теңізінің оңтүстік-шығыс жағалауын тартып алғаны белгілі. Ең батыс түркі халқы печенектер еді. Алғашында Еділден шығысқа қарай мекендеген олар ІХ ғ. Оңтүстік Ресейге қоныс аударған. Еділдің орта және төменгі ағысын мекендейтін бұлғарлар мен хазарлар бір тілде сөйлейтін, тілдері түркі тілі тобындағы чуваш тіліне ұқсайтын.
Ерте Түркі мемлекеті - Түркі қағанаты 552 жылы құрылды. Оның негізін салған - Бумын қаған 553 жылы қайтыс болады. Бумын өлгеннен кейін таққа оның інісі Қара-Еске отырады, оның бастауымен түріктер жоғары жағында бір жердегі Бұкрат (Мула) тауларында аварларды екінші рет жеңеді. Қара-Ескенің мұрагері деп шежіреші оның інісі Иркинді (Ицзинь) атайды, ол кағандық тағына Мұқан қаған деген атпен отырады, оның лақап аты Йанту болды. Мұқан қаған (553-572) билік құрған жылдарда Түркі қағанаты Орта Азияда саяси үстемдікке ие болады. Олар Маньчжуриядағы қидандарды, Енисейдегі қырғыздарды бағындырады, Солтүстік Қытайды алым-салық төлеп тұруға мәжбүр етеді. 563-567жж. эфталит патшалығын басып алады. Міне, осыдан кейін олардың жері Каспий теңізінен Солтүстік Индияға дейін және Шығыс Түркістанға дейін созылып жатқан.
Бұл жылдары түріктердің батыста жасаған соғыс жорықтары бұлардан да күшті бола түседі. Бұларды Бумынның басқа бір інісі Иштеми бастайды. 552 не 553 жылы батысқа жасалған жорықтардың бірінде Иштеми Бумыньмен бірге болып, «он ұлы жетекшіні (немесе қауым бастығын) басқарды, он түмен әскері болды; ху елін (соғдылықтарды) жуасытуға аттанды және «Он тайпалық» деп атап өзін қағанмын деп жариялады».
Түркілер Орта Азияны жаулап алғаннан кейін Жерорта теңізіне дейін баратын Жібек жолына иелік етті. Олар өздерінің жаулап алу жорықтарын жүргізуде Иранға қарсы Византиямен одақтасты, 571 жылы түріктердің әскери қолбасшысы ИЕштеми Солтүстік Кавказды басып алады, сөйтіп Керчь түбегіне (Боспорға) шықты. Оның баласы Түріксанф Керчьті басып алып, 576 жылы Қырымға шабуыл жасады. Бірақ Иштеми өлгеннен кейін 582-593 жылдары билік үшін қырқыс басталды. Өзара қырқыс пен әлеуметтік қайшылықтар қағанатты қатты әлсіретті. Күшейіп алған Иран 588 ж. Герат түбінде түріктерді жеңіп шығады. Византия 590 жылы Боспорды қайтадан жаулап алады. Өзара қырқыстар, әлеуметтік қарама-қайшылықтар қағанатты әлсіретіп, оның 603 жылы Шығыс және Батыс түркі қағанаттарына бөлінуіне әкелді. Шығыс Түркістаннан Амударияға, Еділ өңірі мен Терістік Кавказ далаларына дейінгі жер Қағанат қарауына көшеді.
Түркі мемлекетінің басында - қаған тұратын, оның оң қолы (көмекшісі) - "яғбу" титулымен аталатын. 568 ж. бастап Түркі қағанаты 4 аймаққа бөлінетін. Қағанның ордасы - Алтайда болған. Халық 3 әлеуметтік топқа бөлінген - бектер, қара будундар (жалпы халық), таттар (құлдар). Түріктерге бағынатын тайпалырдың барлығы - оғыз деп аталатын.
581 ж. Қытайда Чжоу династияның орнына Суй династия келгеннен кейін, жаңа патша түріктермен барлық сауда қарым-қаныстарды үзді. Енді Қытайдан жібек маталары Орта Азияға келмейтің болғандықтан, түрік қағандарының Ұлы Жибек жолындағы рөлі азаюға бастады. Тобо хан қайтыс болғаннан кейін, түркі қағанатта өзара қырқыс басталады. Суй династияның патшалары осы ішкі өзгерістерді сезіп, түркі қағанатты ыдыратуға, әлсіретуге тырысады. Осы саясаттың нәтижесінде, 602-603 жж. қарай, түркі қағанаты екіге бөлініп кетеді.
604 ж. Батыс Түркі қағанатының қағаны болып Тардуш (Дато) сайланды. Ал Шығыс Түркі қағанатының қағаны болып сайланды.